Нұрмахан МҰҚАНҰЛЫ: Шығармашылық адамы креативті болуға міндетті

НурмаханБылтыр интернетте «WiFi 25» атты шоу пайда болған-ды. Тұңғыш рет ҚазНетте жарық көрген интернет-шоу жастардың қызығып көретін бағдарламасына айналып үлгерді. «WiFi 25»-тің құрамы небәрі төрт адам ғана: Нұрмахан Мұқанұлы, Нұржан Еркінұлы, Әбіл Есентай, Махамбет Бейбітшілік. Солардың бірі, бұрынғы «Сөз тимесін» КВН командасының мүшесі Нұрмақанды әңгімеге тартқан едік. 


–Нұрмахан, сенің  шымкенттік екеніңді білгеніміз-бен, нақты туған жеріңнен хабарымыз аздау екен...
– Туған ауылым – Оңтүстік Қазақстан облысындағы Тұрбат ауылы.  Шымкенттік, қазығұрттықпын дегеннен гөрі Тұрбаттанмын деген ұнайды. Өйткені, Тұрбат атауы құлаққа өзгеше естіледі. Көпшілік қыстыгүні әлеуметтік желідегі «статусына» «Дубайда, Гоадамын» деп жазып қояды ғой. Мен «Тұрбаттамын» деймін. Көбісі «Ол қай жақта? Пәкістанда ма?» деп қызығады.
– Мамандығың аудармашы екен. Медиа саласына қалай келдің?
–Ясауи атындағы халықаралық университетке түсуіме КВН әсер етті. Ол кезде «Көз тимесін» командасы премьер-лигада дүрілдеп тұрған еді. Сол жігіттермен бір университетте оқысам, көріп, араласып тұрсам деп армандадым. Тек үшінші курста мамандығыма қызығушылығым оянды.
–КВН ойнайтындар көбіне медиадан гөр «той-бизнеске» бейім тұрады. Сондай тәжірибе бар ма?
–Тойға ең аз шыққан және ең аз концерт берген – «Сөз тимесін» командасы. Өйткені, жауапкершілікті сезіндік. Тойға тәжірибеміз аз болғандықтан, шықпай-ақ қойғанды жөн санадық. Алдымызға тек мықты болуға тиіспіз деген мақсат қойдық. Ортаңқол болғымыз келмеді.
wi-fi
– «WiFi 25» интернет жобасын үйлестірместен бұрын шетелде осыған ұқсас жоба бар-жоғын тексердіңдер ме?
–Бұл жоба туралы идея 2011 жылдың жазында келді. Өзіміздің авторлық тележобамызды ашсақ деп «ауырдық». Алайда, телеарналар қабылдамай, олар ұсынған шарт көңілімізден шықпағандықтан бас тарттық. Бір күні «өзіміз түсіріп, неге интернетке сала бермеске» деген ой келді. Алайда алғашқы эпизодты түсіру ұзаққа созылып кетті. Әуелі шетелдік бағдарламаларды көріп шықтық. Өзімізден түсіргендерді де таппадық. Тек Қырғызстанда осындай жоба бар екен. Тездетіп түсірілімге кірісуімізге осы қатты әсер етті. Қырғыздарда бар, бізде неге жоқ деп намыстандық.
–Алғашқы видеода бейәдеп сөздер болды. Бұның себебі неде?
– Шетелдік кез келген интернет-шоуларды қарасаңыз, бәрінде ондай жағдай бар. Біз де айтайық деп келістік. Алайда бәріміз аузымызға келгенді айтып, әрбір сөзден кейін қолданған жоқпыз. Назар салып қарасаңыз, мен осы уақытқа дейін бірде-бір рет бейәдеп сөз айтқаным жоқ. Өйткені өмірде де ондайдан аулақпын.
– Дегенмен қол қимылдары болды ғой?
– Ол түсірілім кезінде туындады. Бір рет Әбілді тоқтатып қалған соң, оны жалғастыру керек еді. Жалпы біздің басты мақсатымыз өтірік пен пафостан қашу болды.
– Кейінгі видеода бұны азайтқан тәріздісіңдер?
– Шынынымызды айтсақ, басында бізге қандай болса да аудитория жинау керек болды. Содан кейін барып, сол аудиторияны өзімізбен бірге алып жүргіміз келді. Бүгінде өз аудиториямыз бар, біздің әр эпизодты асыға күтеді.
–Көрермен алғашқы эпизодты қалай қабылдады?
– Басында қатты қызығушылық туады деп ойлаған жоқпыз. Алғашқы эпизод наурыз айында жазылып дайын тұрған. Соны түсіруге уақыт тапшы болды. Қалай, қашан, қай жерде түсіреміз деген секілді мәселелер әлі шешілмеген-ді. Басында жасыл фонға түсіріп, артына әдемі графика қоя саламыз деп ойлаған едік. Алайда монтаждаудан хабарымыз аз болғандықтан, барынша оңай етіп жасауға тырыстық. Ашық түсті кілемше іліп, оның үстіне мақтамен «wifi 25» деп жазып қою туралы ой туды.

tusirilim

– Интернетпен жақсы доссыңдар ма?
– Бәріміз интернетте отырамыз. Дегенмен, әркімнің қызығушылығы әртүрлі. Мысалы, Нұржан футбол, спорт тақырыбына қызығады. Туиттерде оқитыны – комментаторлар, футболшылардың ресми аккаунттары. Мен көбіне фильм, тележобалар туралы қараймын. Әбіл сериал көру үшін пайдаланады. Махамбет жұмысына керектілерді қарайды.
– Әлеуметтік желіде көп отырасыңдар ма?
– Тек Әбіл қатты қызықпайды әлеуметтік желіге. Қолы пернетақтада зырылдамайтын болғандықтан, жазып отырғанша көре салғанды дұрыс көреді.
– Өздерің туралы қандай пікірлер бар? Біздің байқағанымыз актерлік шеберлігі жағынан көбісі Әбілге ырза.
– Төртеуміздің арамызда менің негізгі міндетім – камераны дұрыс қою, жарықты реттеу, монтаждау және сценарий дайындау. Әбіл өмірде де сондай болғандықтан, берілген рөлді оңай ойнап шығады. Оның айтатын әзілдерінің көбі түсірілім кезінде туады. Нұржанның образы – күлмей әзіл айту. Махамбет әдемі сөйлеуге тырысатындардың рөлін сомдайды. Жалпы бәріміздің образымыз өмірдегі бейнемізге жақын.
–Алғашқы видеодан кейін әртүрлі пікір қалыптасты ғой. Ал сендердің жеке өздеріңе хабарласып, пікір айтқандар болды ма?
–Шынымды айтсам, тікелей өзімізге хабарласқандардың 99  пайызынан тек мақтау естідік. Жалпы видео басталғанда 60 секунд бойы бейәдеп сөздің бар екені туралы ескерту тұрады. Ал ескертуді оқысаң да видеоны көру, содан кейін «бұларың қалай» деген тәрізді пікір қалдыру, меніңше дұрыс емес. Бізді қатты қызықтырғаны үлкен кісілердің пікірі еді. Олар қабылдай алмайтын шығар дегенбіз. Алайда бізге хабарласып, нақты ұсыныс айтып, бағыт көрсеткен ағаларымыз болды.
– Жақында телеарналардың бірінен сендер жариялап қойған видеоны қайталап, басқаша көрсетіп жатыр екен. Бұған қалай қарайсыңдар?
– Бұл тамыз айында басталған. Бір арна біздің видеоны ғана емес, біз айтқан әзілге дейін қайталап орысша айтып бере салыпты. Аудиториямыз екі түрлі болғасын, аса ауыр мәселе туындаған жоқ. Көңілімізге келеді, әрине. Егер рұқсат сұрайтын болса, ешкім қарсы болмайды ғой.
– Интернетте видеолар аз емес пе?
–Басында видео таба алмай қиналамыз деп ойлап едік. Бірақ видеолар жетерлік екен. Көрілу саны аз болғандықтан, іздеп табу қиындау. YouTube-та видео көргесін, соған ұқсастарын көрсетеді ғой. Ол жерде тек рейтингі жоғарылары ғана болады. Ал ерінбей іздеу жүйелері арқылы қарасаң ғана табуға болады. Көбінің көрілім саны ары кетсе 100-150 ғана. Одан кейін YouTube-ке салатындар видеоның атын, ілмегін дұрыс жазбайды. Бірінен біріне өтіп, іздеп отырамыз.


Әбіл

– Видеоны тек өздерің қарайсыңдар ма, әлде басқалар көмектесе ме?
– Бізге видеоның сілтемесін жіберетіндер көп. Бірақ, көңілдеріне келмесін, көбісінің жібергендері қызықсыз. Жіберілгендердің ішінде ең сәтті шыққаны «ДиАнар» тобының клипі. «Агент» деген эпизодтың шығуына дәл осы «ДиАнар» тобының клипі әсер етті. Басында әлгі клипті көріп отырып, баяғыда түсірілген деп ойлағанбыз. Сөйтсек, аз ғана уақыт бұрын жарыққа шыққан екен. Бұл бізге екі есе әсер етті. XXI ғасыр, 2012 жылы сондай клип түсіру ұят қой.
– Содан кейін әлгі топ сендерге хабарласты ма?
 – «Агент» жарыққа шыққасын, видеоның астына пікірін коммент қылып қалдырыпты. Осы уақытқа дейін біздің видеоға шыққандардардың ешқайсы жаман нәрсе айтқан жоқ. Динара Сәтжан бізге хабарласып, ырзашылығын білдірді. Әнуар Нұрпейісов ұнағанын айтты. Кейіннен  бізді жарнамалауға өзі кірісіп кетті. Сон Паскаль басында дұрыс түсінбей қалған екен. Маған хабарласып, ойын білдірді. Сосын түсінісіп кеттік. Баян апай да ұнағанын айтты. Әзірге бізге хабарласпаған Қайрат Нұртас пен Құдайберген Бекіш ғана.
–Қазіргі біздің елдегі әзілдің деңгейін қалай бағалайсың?
– Кейінгі кездері «Жайдарман»-ның деңгейі жоғары. «КВН бұрынғыдай емес» деген пікір шындыққа келмейді. «Жайдарман»-ның 2012 жылғы маусымы ең мықты болды. Керісінше, біздің әзіл-сықақ театрларында шығармашылық тоқырау бар. Олардың алғашқы 10-15 минутын көргеннен кейін, ары-қарай қарай алмайсың. Әлі күнге бір тақырыпты езе береді. Әйел мен еркектің арасындағы жанжал, орысша сөйлей алмайтын қазаққа күлу, шалбардың сыртына шұлығын шығарып кию тәрізді әзілдер 90-жылдары қызықты болған шығар. Бүгінде ол әзілдер ескірген. Фантазияны іске қосып, жаңа идеялар іздеуі тиіс. Шығармашылық адамы креативті болуға міндетті.
Менің ойымша, әзіл қойғасын халықтың бір сәттік күлкісі үшін емес, ертең соны қайталап көргенде өзің ұялмайтындай болуға тиіс. Әзілдің ғұмыры өміршең болуы керек.
– Әзіл арқылы көрерменге ой жеткізуді көздейсіңдер ме?
– Біздің әзілдеріміздің 90 пайызы видеоны алғаш көргенде туындайды. Диктофонды қосып қойып, ойымызды айта береміз. Соңында қайта тыңдап, сәтті шыққандарын жазып қоямыз.
Әр эпизодтан кейін кішкене болса да, жақсы ой қалдырғымыз келеді. «Сон Пакаль» дейтін эпизодта «аташка, апашка» дейтіндерге сәл де болса тиістік. Қазіргі кезде кім көрінген әнші болғысы келеді ғой. «Баян апайда» осыны астарлап жеткіздік.
–Алдағы уақытта команда жинақтауға қалай қарайсыңдар?
– Бізге қосылғысы келгендер болса, әрдайым есігіміз ашық. Дегенмен, камераға тек төртеуміз ғана шығамыз. Сценарий әзірлеу, видеоға түсіру секілді жұмысты істеймін дейтіндерге қарсылығымыз жоқ.
– Әңгімеңе рахмет!
Әңгімелескен Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ
Аршат ОРАЗОВ
Бөлісу:

6 пікір

asaubota
бұл интервьюге біраз болған еді негізі. газетке енді ғана шыққасын сайтқа да енді шығып жатыр
Aya
екеуіңіз бірге сұхбаттасқансыздар ма сонда? ммм, жақсы әңгіме болыпты
omarbirat
Фейсбукты шулатты бұл сұхбат
asaubota
дисс жазылды авторитеттер тарапынан
Nurgisa
Нұрмақан мен оқыған университетте, факультетте және мамандықта оқыпты. Өткенде әңгімелесіп едік, бізге дәріс оқыған апайлар бұларға да беріпті.