Жаңа мүфти сайланды
Құрылтайда Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының жаңа бас мүфтиі сайланды. Енді еліміздің Бас Мүфтиі, Дінбасы – Шығыс Қазақстан облысы, Семей өңір имамы Ержан Маямеров.
Талап бойынша Бас мүфти болу үшін қырық жастан асқан, жоғары білімі болуы керек. Барлық ел имамдары бірауыздан қолдаған Ержан Малғажыұлы сол жерде өзінің найб мүфтилерін сайлады. Мүфтидің орынбасарлары болып «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы мен Қостанай Марал ишан мешітінің Хатиб-имамы Серікбай Ораз тағайындалды.
Маямеров Ержан Малғажыұлы 1972 жылы 16 желтоқсан күні дүниеге келген. 1990 жылы Мақаншы ауылындағы Ғани Мұратбаев атындағы орта мектепті тәмамдаған. 1991-1993 жылдары Отан алдындағы әскери борышын өтеп келген соң, Сол жылы Мысырдағы Әл-Азһар Ислам университетінің шариғат және заң факультетіне оқуға қабылданып, 2006 тамамдады. 2006-2008 жылдары аралығында Мысыр елі муфтиятының пәтуа шығару бөлімінде білімін жалғастырды. 2011 жылы 10 қазан күні Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі хазіреттің ұйғарымымен, Маямеров Ержан Малғажыұлы ҚМДБ-ның Семей өңіріндегі өкіл имамы болып тағайындалды. Үйленген 3 баласы бар.
Сурет muftyat.kz-тікі
Бойыңды биіктерден көрсеткенің.
Өзіңді буырқанған билікпенен,
Бұқара арасына елші еткенің.
Тілеймін несібеңнің мол болғанын,
Жаһанның бәрі даңғыл жол болғанын.
Жасасын сен көтерген бастамалар,
Асасын бір мешіттің қолға алғаның.
Иманмен таразылап әр ісіңді,
Ұмытпай мұсылмандық борышыңды,
Жолы ұзын, тоны жыртық бауырларға
Бере біл қажет кезде қол ұшыңды.
Болған соң бір қаланың бас имамы,
Көңілің көк теңіздей тасиды әлі.
Жарады жарға соқпай басқара алсаң,
Нәпсі деген рульсіз машинаны.
Кірпіш болып қалансаң кетігіне,
Есігін ашар саған екі дүние.
Биліктің арбаңдаған арбасының,
Айналып кетпе жәй бір тетігіне.
Көрсетер ішіндегі кім аласын,
Аз болмас саған, бауырым, сірә да сын.
Билігің қанша биік болған сайын,
Соншалық ақыретте сұраласың.
Мансаптың құлы болсаң – былғанарсың,
Абайлап алды-артыңды мың қарарсың.
Саясаттың ұстансаң сайқалдығын,
Саясынан Алланың құр қаларсың.
Іске сәт, бел буылып, жең түрілген.
Ел ығар енді, әрине, ентігіңнен.
Әсте есіңнен шығарма – Имам ағзам,
Бұл мансаптан бас тартып өлтірілген.
Қалтарысы көбірек қалаға кеп,
Арам аспен жұқтырып жаман әдет,
Қызыл-жасыл Ібіліс торларынан,
Мен қорқамын өте алмай қала ма деп.
Құрмет пен қошеметке бөленген күн,
Қанағат табар екен неден көңілің?
Жүрерсің арасында алшаң басып,
«Құдайдан былай емен!» дегендердің.
Мүшірік пен дінсізге тарқап өкпең,
Маңыңдағы маңғаздар «мархабат!» дер,
Киерсің қымбат киім сәніменен,
Мінерсің тәуір көлік салтанатпен.
Сенген соң Ақыреттің хақтығына,
Тура жол Пайғамбардан бопты мұра.
Әкімдерге ұнайтын пәтуәнің,
Айналып кетіп жүрме авторына.
Атжалмандар ізіңді иректетер.
Иің жұмсақ боп шықсаң, илеп кетер.
Сен оларды дініңе тарта алмасаң,
Олар сені ініне сүйреп кетер.
Алдында шонжарлардың тік тұрарсың,
Бойыңдағы иманды бұқтырарсың.
Жемін жеп алтындатқан аттақырдың,
Жұқалық, жұқсыздықты жұқтырарсың.
Алла үшін желбіреп желде байрақ,
Көрсеткенің келісер ерге қайрат.
Сынабы көп еденде сырғанарсың,
Қынабы жоқ қылышты белге байлап.
Бауырына тартып жақын бай-батшалар,
Көңілің солар десе жайдақ шабар.
Дін үшін шырылдаған бауырларға,
Шайтандар бір күн сені айдап салар.
Бәлкім сен бауырлардан бұрыларсың,
Еріксіз екі сөйлеп, құбыларсың.
Адамдар ырзалығын аламын деп,
Алланың ашуына ұрынарсың.
Шайтан айтса: «шырқап қал, ұш, деп, қалқып!»
Білім жинай алмассың үстеп те артық.
Сонан соң кәрі айғырдай кәрленерсің,
Озған аттың құйрығын тістеп тартып.
Имамдық емес мансап, шаттық ерек,
Есепте әр дәмді ас, тәттірек ет.
Пайғамбар мінберінің мұрагері
Болған соң, тақуалық қатты керек!
Біл бірақ бағытымыз бір екенін.
Белгілі ізеті мол іні екенің.
Алладан сені қорғап, қолдасын деп,
Екі рәкәт намазбен дұға етемін.
Серік Қалиев
Діни басқарма жанындағы арнайы Ғұламалар кеңесі «Алла» деп айтып, «Алла» деп жазу керек деген пәтуа шығарды.