Құдірет
Сенбі күні жұбайым Руслан Нұрбай "Ғаламның рахман нұры" атты ақындар мүшайрасынан Умра қажылықты ұтып алды. Талай мүшайраға қатысты, жүлдесі де жетерлік. Бірге барамыз. Үйде мүлдем бөлек Руслан сахнаға шыққанда қырандай түлеп, дүр сілкініп, өлең оқиды. Марапат қағаздарын папкаға тігемін. Туған-туыстары Руслан қатысқан бәйгелердің бірін білсе-бірін білмейтін. Осы мүшайраны Руслан ерекше қабылдады. Бірінші рет ауылдан анасын шақырды. «Тоғыз ұлым бір бөлек, Тоңқылдағым бір бөлек»,-демекші, анасының Руслан үшін көңілі алаң. Дегенмен Руслан бүгін анасының көңілін көке көтеріп тастады. Биыл пайғамбар жасына келетін анасына өз жүлдесін — Умра қажылыққа берілген жолдаманы тарту етті. Жүлделердің төресі — Умра қажылық әулетіміз үшін де үлкен сый. Жақсылыққа жорып отырмын… Алланың құдіретінде шек бар ма?
НӘБИ-НҰРЫ
Расулуллаһ!
Сан сұрақтар сенделтті санамды ұрып,
Сенім-сырдан сейілді надан-күдік.
Иман жолы жанымның досы болмақ,
Қашық болса, қанымнан қараңғылық.
Нәби-нұрым!
Мінберіне мүдіріп кіл мансаптың…
Құрбаны боп, құр сайран құрған шақтың.
Байлық іздеп былғанып, сәби-күнім,
Құмырадан жарылқар жынды аңсаппын.
Расулуллаһ!
Өлермендік өлшеммен өртенді көз,
Бесенеден бақталас белсенді кез.
Жүрек қалай жоспарын жасыра алмақ,
Куәлігің көрдегі көркем мінез.
Нәби-нұрым!
Жалғандықтың жалауын жарға жығып,
Алла! Деумен келеміз алға жүріп.
Шүкір-тәуба шырқаймыз фәни-жырын,
Тағаланың тағдырын талғажу ғып.
Расулуллаһ!
Жұмадағы жүрегім күлсін күнмен,
Мәулітте де мән бар-ау бір тылсыммен.
Қара жерде қағбаның тасы қалмақ,
Дүйсенбіде дүние дүр сілкінген.
Расулуллаһ! Нәр берген Нәби-нұр кеп,
Үмметіңнің үміттен күйді мұңы…
Сиротол-сын соқпақтың сыйлығы ірі.
Болсын сізге Хақ берген Хабибім деп,
Алланың сәлемі мен игілігі,
Салаллаһу ғалей һи уәс-салам!
9 пікір