Менің атым -Бақытты адам

Адамға сипат бергенде, оның сырт пішінін, одан кейін мінезі сипатталады. Ауызша, жазбаша сипаты бәрібір адамды ашпайды. Сипаты жақсы, ұнамды деп тапқанның өзінде жақын танысқанда немесе бір көргенде өзінен теуіп тұратын адам болуы мүмкін.
Әріптесім Сергей жайлы әңгіме етпекпін. Қай кезде болмасын көзі бір нүктеге қарап, қасындағы адамды байқамағандай көреді, менсінбей жаратпай отырған секілді. Студент кезінен сырттай білетінмін, жалғыз өзі сабақ соңында компьютер алдында қалып қоятын. Ап-арық, бойшаң, мүгедек арбасының орындығының дәл ортасында отыратын, екі жағына енді екі Сергей сыятындай орын қалатын. Содан бері жиырма жыл өтті. Мінекей, енді кабинет есіктеріміз бір-біріне қарама-қарсы орналасты.
Түскі аспен Сергейдің кабинетінде тамақтанамыз. Асты төмеңгі қабаттағы асханадан аламыз. Бірде түскі асқа төленетін ақшаның Сергейге қатысты бөлігін алып, байқаусыздан:
-Серега, асты сәл кешіктіріп әкелем, сосын тамақтандырамын, -деппін. Сергей жан қалтасынан ақшаны алып үлгергенше ішімнен «тамақтандырамын дегенім не, ас ішеміз деп айтпаппын ба, кемдігін есіне салып», ішімнен «өкін-өкін бе» дегенше, созған қолыма ақша тиді. Сергей келіскенін білдіріп, басын изеді.
Әрқашан біреудің көмегіне зәру болған қандай? Сергейді құлдай көрген әріптестерім де болды. Қашып кетпейді, мүгедекке жұмыс оңай табыла бермейді дегендей, есептері күшті. Күнделікті Сергейдің өзінің дербестігіне, өзінің алатын орнына күресетінін көріп, азаматтығына риза боламын.
Түскі аспен тамақтанып аяқтап қалдық:
-Сергей бүгінгі әкелген ас дәмдірек, кешегі палау емес.
-Иә, бүгінгі дайындаған палаулары палауға ұқсайды.
Шайдың соңғы жұтымын жұтып, ыдыстарымызды табақ үстіне жинастырғаннан кейін орындық арқаларына сүйеніп, жайланып отырдық.
Түске дейін жұмыс барысында жиналған жағымсыз жүктен айырылғандай болып сергіп қалдық.
Сергейге қарап:
-Жақсы сергіп қалдық, -дедім. Сергей алдындағы компьютер мониторының бетін алып тұрған фотосуретке қарап отырып:
-Осыдан кейін қалай өмірді жаман деп айтасың, -деді. Фотосуретте Сергей мен әйелі, екі жасар баласы бейнеленген. Әрі қарай ойын жалғап:
-Өмір сүруге тұрарлық.
-Иә, өмір осымен тәтті ғой.
Сергей жанұясымен түскен басқа фотосуреттерді кезек-кезегімен монитор бетіне шығара берді, ауызша сипатын қосқанды ұмытпайды. Фотосуреттегі әр сәттің ыстығы сезіліп тұр. Қазір Сергейге «өмірге ризасың ба?» деп сұрақ қоюға да батылың бармайды. Жауабы белгілі.
Кеудеңе деміңді кең алып, жаныңа салмақ түсірер сырқат, ұятыңнан қашар қылық болмаса, Сергейдің қасында отырып өзіңе «бақытсызбын» дегенге де тілін бармақ тұр ғой, тіпті ондай ойдан қашасың.
Бөлісу:

2 пікір

bizbike
расында да ондай адамдардың өмір сүруге деген құлшынысы, өмірінің әр сәтін бағалауы қол-аяғы балғадай сап-сау адамдардан әлдеқайда күшті, әлдеқайда жоғары болады.
bizbike
тағы да оқып шықтым, рахмет жазбаңызға