Қазақстандық кинопрокатта осы апта жарық көретін премьераларға шолу

Оқырман айып етпес, керісінше көпшілікке бір пайдамыз тиер деген үмітпен осы аптадан бастап жеті сайын қазақстандық прокатқа шығатын отандық және әлемдік жаңа туындыларға шолу жасап отыруды жоспарладық. Тілек, талап, ұсыныстарыңыз қуана-қуана, басты шұлғыта-шұлғыта қабылданады.

Үлкен экрандарға алды бүгін шығып кеткен бір топ фильм ертеңнен, яғни қарашаның 22-сінен бастап жер-жерде жаппай көрсетіледі. Рет-ретімен соларға тоқталсақ.

Ғаламтордағы махаббат/Виртуальная любовь


Режиссер Әмір Қарақұлов түсірген қазақстандық комедия һәм мелодрама. Жиырма бірінші ғасырда жаппай жер-жаһанды басып қалған виртуалды сөз алмасу жайлы туынды бір қарағанда бәріне белгілі, бірақ өзекті өмір желісімен түсірілген. Қызметтес жігітті көзге ілмейтін, есіл-дерті Интернеттегі танысындағы тәкаппар сұлу қыздың шынайы, боямасыз күнделікті тіршіліктен ғаламторға қашуын суреттейді.

Отандық кино саласының ыстығы мен суығына күйіп-тоңып жүргендерден бастап Интернет-таныстықтың шет жағасын білетін көрермендерге дейін «Ғаламтордағы махаббатты» көруді ұсынамыз.



Кампания/Грязная кампания за честные выборы


Әу баста жұмыс атауы «Ит қырқылжың» және «Бәсекелестер» болған «Кампанияны» біз жылдың үздік комедияларының бірі атанады деп болжап отырмыз. Күлкі жанрының кәрі қасқыры Уилл Феррелл («Остин Пауэрс: мені еліктірген тыңшы», «Мегами») мен соңғы жылдардың нағыз көксоққан комигі атанған Зак Галифианакистың («Бас жазу 1,2», «Маппеттер», «Етікті мысық») ансамблі қума комедияны ұнататындар үшін май жаққанмен бірдей болмақ.

Кішкентай ғана Солтүстік Каролинаның атынан АҚШ-тың Өкілдер палатасына мүше болу үшін сайлауға қатысқан екі қайғы-саясаткердің басынан кешкендері уақыттарыңызды қызықты өткізуге өз үлесін қосатыны сөзсіз.



Үміт оттары/Мой парень – псих


Мэттью Куиктің трагикомедиялық романы желісімен түсірілген «Үміт оттары» 8 ай бойы психатриялық емханада болып, ата-анасына қайта оралған, әйелімен табысқысы келген, алайда бейтаныс қызды жолықтырып қалған бұрынғы мұғалімнің өмірін суреттейді.

Пэт Солитано (Брэдли Купер) мен Тиффанидың (Дженнифер Лоуренс) қандай қиындықтарға тап болғанын осы комедиялық драмадан көре аласыздар. Фильмге сонымен қатар Роберт Де Ниро, Крис Такер, Джеки Уивер секілді танымал актерлар түскен.



Жабайылар/Особо опасны


Әлемдік премьерасы маусымда болып кеткен, Қазақстанға кешігіп жеткен триллер. Тейлор Китч, Блейк Лайвли, Аарон Тейлор-Джонсон, Джон Траволта, Бенисио Дель Торо, Сальма Хайек секілді бір топ жас-кәрісі аралас, атақ-шатағы жетерлік актерлар тобын жинап алған туынды Бен және Чон атты жас миллионерлердің басына түскен қатер туралы болмақ. Бұлардың өсіріп, пайда түсіріп отырған шөбіне көзі түскен әлдебір мексикандық картель қысым көрсете бастайды. Екі жігіттің де бір қызға ғашық болуы картельдың бастығы сұлу Еленаға құйтырқы әрекеттерге баруға жол ашады.



Пьета


Бір өзі режиссер, сценарист, монтаждаушы болған Ким Ки Дуктың «Пьетасы» киносүйер қауым үшін жақсы жаңалық болып отыр. Батыстық туындылардан жалыққан ел де азиялық ерекше сипаты бар фильмді жаңа дүние ретінде қабылдайтын сияқты.

Өте қатал қарыз берушінің қол астында жұмыс істейтін Кан Доның міндеті – елден қаққанда қанын, сыққанда сөлін алып отырып ақшаны қайтару. Алайда, күндердің-күнінде әлдебір әйелден қарызды талап етуге келген Кан До оның өз анасы екенін біледі. Не істерін білмей дағдарған бас кейіпкердің жан қиналыстары киносыншылардың айтуынша «Пьетада» шынайы берілген. Кәрістердің мұндайда шебер екені «Олдбойдың» кезінен-ақ белгілі.



Соловей-Разбойник


Жалпы көрерменге қайталанбас харизмасымен және «Интерндар» сериалындағы Быков дәрігер секілді кейіпкерлерімен таныс Иван Охлобыстин басты рөлді сомдайды.

Қызық оқиғалы экшн, комедия бағытында түсірілген туынды Соловьев Севастьян Григорьевич атты қарақшының өмірін суреттейді. Құпия агент Н7 бастаған арнайы қызмет тобынан қашып-пысып жүріп әділеттілік орнатуға тырысқан бас кейпкерге де бір күні тықыр таянады.



Жебеушілердің көтерілісі / Хранители снов 3D


Жалпақ елге аса танымал емес режиссер Питер Рэмсидің фильмі. Крис Пайн, Алек Болдуин, Хью Джекман, Айла Фишер, Джуд Лоу, Дакота Гойо, Хамани Гриффин, Доминик Грунд секілді актерлар кейіпкерлерді дыбыстаған.

Сюжет бойынша балалық шақтың қаһармандары: қыс періштесі — Джек Фрост, ғажайыптар әлемінің атасы — Санта-Клаус, Пасха Қояны — Банниманд, Тіс перісі — Туоф және Топырақ адам — Сэнди қорқыныш пен үрей әкелетін Бугименге қарсы тұру үшін күш біріктіреді. Біз бейкүнә санап жүрген батырлар шын мәнінде бір қарағандағыдай әлсіз емес екен.



Құрметті киносүйерлер!

Киностан алдын-ала хабарланған, бірақ дер кезінде прокатқа шықпай қалған туындылар үшін жауап бермейді.

Сіздерге тек қызықты фильмдер тілейміз!

Шолу Киностан сайтында жарияланған мәліметтер негізінде дайындалды.

Дінмұхамед Зиядин
Бөлісу:

21 пікір

patick
Шолуды әрине шолу ретінде елестеткенмін, бірақ осындай мазмұнды, әрі қызықты болады деп ойламаппын. Осы бағытыңнан таймауыңа тілектеспін, әрі мүдделімін
Aldeken
Шолудың бәрі осындай болса ғо, шіркін…
Ұсыныс: осындай сапалы шолу, һәм, нервіні құртпайтын, бірақ, сендіретін жарнамасы үшін, кино өндірушілері, Қисыққа прокаттан істеген тиындарынан шотал беруге міндетті…
Пы.сы. басқаларыңды қайдам, мен ана киноның бәрін көрейін девотырм, бұйырса…
Мадис, Қисық
qisyq
Рахмет, Алдеке. Тиын-тебен түсіп жатса өзіңе «поляна» жасап беремін)
bizbike
иә, шолу сондай қызық, соқыр көшірме емес. Мен «Пьетаны» көргім келіп отыр
bizbike
Ғаламтордағы махаббат. Орыс жігіт+қазақ қыз — бұл нағыз өзге ұлтпен өз ұлтымызды насихаттап, өз ұлтымызды жоғалту деп ойлаймын. «Ирония любви» секілді, дым мағынасы жоқ сияқты меніңше.
Aldeken
Не ғо, Аршаттың құдасының қызы, киноның бәрінде мағына болуы міндетті емес… мағына болған күннің өзінде оны қай мағынада қабылдау өз еркіңізде, енді белгілі бір дәрежедегі сананың иесісіз ғой… )))))))
bizbike
не ғо, Алдан, әрине сананың иесіміз, сосын солай айтып отырмыз. Мағынасыз фильм деген кейін мағынасыз сөздерге, мағынасыз қатынасқа, тіптіжалпы бәрінің мағынасыз болуына әкеледі соңында. Әкелген де сияқты меніңше. Сосын неге қазақтар орыстан алады, неге қазақтар орысқа шығады деп жатамыз. Осындай фильмдер көрген өскелең ұрпақ енді қайтсін. Сосын қазақ деген ұлт жер бетінде болмайды. Финита ля комедия!
Aldeken
көп ойландыңыз-ау… )))))))))))
не ғо, былайша айтқанда, сананың иесісіз, қалай қабылдау өз еркіңізде дегенде, әрбір киноны қарау-қарамау туралы таңдау құқығы берілген. Бірақ, көрмеген фильмге сценариін жазуға атсалысқан адамдай пікір айтуыңыз — кермедегі етке жете алмай тұрған мысықтың «жер едім, ет сасық қой» дегеніндей болды. Күмілжітті опшым… А так, «Астанаға көктем кеш келеді», «Ханталапай», сосын ел жұртты дүрліктіріп, жеме-жемге келгенде бастапқы идеясынан мүлдем тайқып шыққан түсініксіз«Жаужүрек мың баладан» мағына іздей беріңіз, тілектеспін.
Пы.сы. Халықтың сұранысын сіз айтпақшы «мағыналы фильмдер» жеткілікті түрде қанағаттандыра алмай тұрған кезде, сіздің ұйғарымыңызша «мағынасыз» деп танылған фильмдерде прокатқа жол тартып, көрермендерін жинай бермек… Демек… ақырзаман болғаны ма?
Жоқ, жай ғана өмірге қарапайым көзқараспен қарап, әр нәрседен позитиы алуға тырысыңыз. Денсаулығыңызға септігін тигізетініне кәміл сенімдімін…
Сау боп тұрыңыз…
bizbike
көп ойланғанда кешірек көрдім пікіріңізді. Жөке, сіз осы менің сөзіме неге байлана кетесіз? Сіз атаған фильмдерді мен керім мағыналы деп айтқан емес едім, тек Қазақфильмнің шетелден актер шақыртып (өзімізде жоқтай), оған қырғын ақша төлеп, жарнамасымен даурықтырып, ақыр аяғында сондай нашарлау фильмдердің тууына себеп болатыны қынжылтады да.
Сіз білесіз бе, ақыр аяғында қызыңызды шетелдің қиясына қондырып не ұлыңызды шетелдің ұясына қондырып қалсаңыз, одан да позитив іздейсіз бе қалай?
Aldeken
иә, кез-келген жағдайдан позитив іздеймін, өйткені, онсыз да аттап бассам негативке сүрініп жүрмін.
АЛ, қызым шетелдің қиясына, ұлым шетелдің ұясына қонып жатса, ол кезде жер сабалап, қайғыруға кеш, себебі, ол балаларымның сәби кезінде тәрбиелеуде жіберген менің кінәларымның салдары болар еді. Сондықтан тап сол жерде одан қандай негатив іздейін?
Сіз білесіз бе, кезінде қазақтың хандары балаларын басқа мемлекеттің хандарының балаларымен мейлі династиялық болсын, мейлі, саяси болсын некелестіргенде негатив іздемеген болар, ия?
bizbike
тек қана сіздің қатеңіз болмайды, ол бүкіл қоғамның қатесі деп есептеймін, соның ішінде осындай кино түсірушелердің. Ал бағзы заманның хандарына келетін болсақ. Олар ондай некеден бір пайда тапқандықтан немесе ол неке тығырықтан шығатын жол болғандықтан (тіпті хандығын арашалар алып қалуға дейін) соған жол берген шығар, әсте еріккеннен емес меніңше. Шынымен негатив көп келісемін, қайғыра берудің де пайдасы шамалы, бірақ өзімізге қауіп болатын кейбір нәрселерге жол бермеуге қауқарымыз бар ғой, қалай ойлайсыз?
Aldeken
Не ғо, Аршаттың құдасының қызы, шынымды айтсам, әрине хан тұқымдарының династиялық некелері белгілі бір дәрежеде саяси ойын болған шығар. бірақ, арасында еларалық сапарларда жүріп танысқан хан тұқымдары өзара екіжақты симпатияның негізінде де үйленген фактілері бар. Уооот, жарайд, оны қазбалап не істейміз, әркімнің басында өз тарақандары бар ғо. ))))))))))))
А так, қауіп екенін сезінсем, өзімді де, ұрпағымдыд да қорғайтыным сөзсіз, бірақ, басқаға қауіп болды деген, маған қауіп дегенді білдіре бермейтінін ескеріп жүремін.
Айтқым келгені, «мағынасыз» фильмдерді бәрібір қарай берем, оның үстіне Димаш рекомендегесін, қарамауға лаж жоқ болып қалады. Өмір тым қарабайыр деп айттым ғо, сондықтан кейде жеңіл-желпі «мағынасыздықтарға» бой алдырып тұрған да сөлекет емес дер едім. ең болмаса, тәубеңе келу үшін…
bi2
бірінші киноны көрі керек екен… Бүгін басталады депті ғо.
qisyq
Бәрі бүгін басталады.
askerbek
Жабайылар/Особо опасны көрдім керемет кино.бірақ 1қызға 2жігіт,… тусінбедім. Жақында осындай қылықты насихаттайтын киноны тағы көрдим.Қызық… Секс ангелов........http://kinomir.net/load/novinki/seks_angelov_2012_onlajn/45-1-0-13517
Karakyz
Приоритет бойынша «Жебеушілердің көтерілісі». Дримуоркстың айдың үстінде отырған баласынан бастап бәрі ұнайды)

Охлобыстин мырза сол баяғы Быковтың амплуасында қалып қойыпты ғой. Басқаша рольдері бар ма өзінің?

Пьета (неге бұлай аталған?) көруге тұрарлық кино сияқты.

Роберт де Ниро үшін ғана "Үміт оттарын" көрер едім.
edige
Шолуға 1000 да 1 алғыс Димаш!!! Жабайылар мен Соловей-Разбойникті көргім келді…
Gastarbaiter
Шолуға 1000 да 1 алғыс Димаш!!! Жабайылар мен Соловей-Разбойникті көргім келді… )))
Бадюк менің фаворитім ғой, орыстың Доктор Хаузы Охлобыстинмен бірге ебаа-а-а-а… Міндетті түрде көрем.
ruben
Соловей-Разбойникке барып қайттым. Алкота жынды ойнайды. Рахмет! Мына шолу болмағанда, орыс киносын іздеп барып көрмес едім.