Күзгі көңіл-күй

Күздің қоңыр салқыны мен ызғары
Тоңазытып соққан желі ызғарлы.
Жаздан қалған жадыраған көңілді
Құлазытты таңғы қырау, мұздары.

Қою бұлты торлап алып қас-қағым,
Жаңбыры да көз жасындай аспанның.
«Бар ма екен — деп қарап тұрам ойланып,-
Күзден артық табиғатта асқан мұң?!»

Өткен шақтың кей тұстарын сағынып,
Бақ ішінде отырмын мен жабығып.
Сыбдырлаған жапырақтың мұңлы әні,
Жүрегімді жұбатардай жалынып.

Жасыл желек қурап жатыр, жер түлеп,
Жылы жаққа құстар ұшты тентіреп.
Арманымды ала ұшқан құстарға,
Отыр екем сәтті сапар мен тілеп.

Күн сәулесі әлсіз түсіп жүзіме,
Жетпегендей жол ортадан үзіле.
Өтіп жатыр күзгі бақпен сырласып,
Біраз жайттар ой електен сүзіле.

Өткен күзбен осы күздің арасы,
Қас-қағымда көрген түстей қарашы.
Сынаптайын сырғып өткен уақытқа,
Бағынышты екен адам баласы…

Марат Нигметжанов
Бөлісу:

10 пікір

SUN
Өткен шақтың кей тұстарын сағынып,
Бақ ішінде отырмын мен жабығып.
Сыбдырлаған жапырақтың мұңлы әні,
Жүрегімді жұбатардай жалынып.
осы жері әсерлі екен.нағыз ақынсыз ғой!
NursultanSS
Мұқағалида бұлай жаза алмайды, керемет, тәнтімін!
Aldeken
Мұқағалида бұлай жаза алмайды
не ғо, өртейсің, негізі…
«Мұқағали да бұлай жаза алмаған» десең комплимент деуге келер шамамен, бірақ, «жаза алмайды» деп, өліп қалған адам туралы осы шақта жазғаның, енді… берісі авторды қорлау, әрісі өлі аруақты мазалау болатын секілді…
Ренжіме, ия?
NursultanSS
Ренжігем жоқ, өте орынды. Бұл жерде әруақты қорлағым келмеген еді, тек мынандай ақиық ақынның (жазба иесі) арқасынан қағып, қолпаштағаным. Конкуренттік ортаң жоқ дегенді айтайын деп, тірілерді қозғамай өліге шауып кеткенім. Тірілерден айтсам, жазарма еді асырып кім білсін. Осы деңгейде қала берсін біздің ақындарымыз. Мысық тілеулігім шығар мүмкін.
Abilakim
Төлеген жаза алады ма?
NursultanSS
Таныс емес екенмін, ол кім еді?
Abilakim
өлең жақсы, мен бұлай жаза алмас едім мысалы
Aldeken
Өзім өлең жазбағасын, өлеңге сын айтуды артық көріп тұрмын, дегенмен, сұрқай келсе де, жон арқаңды жіпсітпесе де жылытатын күндері болады күздің соны естен шығармаса екен, автор. Позитивке ұмтылған дұрыс.
АЛ, жеке пікірім, поэзиядағы депрессивтік пессимизм тек, Мағжан Жұмабаев пен Анна Ахматоваға әбдіраш, тойыс жарасқан секілді…