Қамкөңіл трагикомедия.
Жаңаөзен оқиғасының бір жылдығын қалай атап өтеміз? Әлеуметтік желілерде осындай сауалды сіз де көрген шығарсыз. Атап өтушілер не істемек? Тағы да Өзенде митинг ұйымдастырып, сахнадан «жалынды» сөздер жолдамақ па? Тұтануы жеңіл халық тағы да лап ете қалса ше? Мұны мен саясаткерсымақтар мен халыққамынойлаушылардың арандатушылығы деп бағалаймын. Трагедияны трагикомедиялық фарс қылмақ. Бәрін жылы жауып қоя салуға тағы болмайды. Бірақ «атап өту» емес «еске алу» өткізген абзал. Біреуді кінәлап, күйе жағып емес, мұндай оқиғаны болдырмаудың жолдарын іздеген жөн. Жаңаөзеннің атын өзгерту керек деген сасық қадамның орнына күйзелген көңілді сабырға шақыратын ізгі пиғыл білдірсе ғой шіркін. Мейлі, кім болса да, оппозиция, билік немесе Жаңаөзендіктердің өзі. Оқиғаның шын бағасын беріп, ағы мен қарасын анықтайтын күн келген жоқ. Ол бұйырмаған іс те шығар. Бәрібір әркім өзінің дұрысын көріп, бұрысын байқамай қалады. Сонымен қайтпек керек? Қаза болғандардың әруағына бағыштап құран оқы, сауап болсын деп садақаңды тарат, еліңнің амандығын тіле. Шоу жасаудың қажеті жоқ. Бұл әсіресе осы сауалды пиарлап жүргендерге кеңес.
Тәуелсіздік күнін атамай тұрып, қала (өңір) инфроқұрылымын өзгертетін жобалар ұсынып, тез арада іске кірісуі керек еді билік өкілдерінің. Адами қарым-қатынас пен мем.қолдау арқасында ғана халық сенімін қайтаруға болады. Әйтпесе отандарын орденге айырбастағандар арандатуын қояр емес.