Көңіл

Менің көңлім үй еді жапандағы,
Кірді оған мейірімді де, қаталдары.
Кірлеген соң есігін жауып алған,
Содан бері ашуға ешкім бата алмады.

Анық еді оны ешкім елемесі,
Қатардағы үйлерге теңемесі.
Айналаға зер салып қарамайтын,
Жуылмаған өйткені терезесі.



Ал ішінде қамалған қорқынышы,
Және күдік, орынсыз толқынысы.
Есік қақса әлдекім ашпайтын ол,
Деп «Мен үшін осыдан жоқ тынышы!»

Көңіл — үйге алыстан қарағаны,
Үңіліп бір көруге жарағаны,
Аңғаратын жылт еткен бір сәулені,
Ол — Үміт ед(і), есік ашу — қалағаны.

Бітпейтұғын Үміт, Күдік ұрысы,
Тарылтты үйдің біржолата тынысын.
Есік қағып әлдебіреу тосыннан,
Күдік айтты: «Ашпа, қазір түн іші!»

Үміт айтты: «Дегеніме жетемін,
Мына қапас көптен бері мекенім.
Көңіл — үйдің ашылмаса есігі,
Кім айтады тыста күн, түн екенін?!»

Көрінетін шығар бәлкім күлкілі,
Келіпті үйге қонақтардың түр-түрі.
Сенім шапшаң терезені тазалап,
Үйден шығып кетті Үрей жұлқынып.

Мақсат келіп іргетасын жөндеді,
Асқақ арман қалған жерін әрледі.
Терезесі таза көңіл дауыстап,
Деді "Өмір… Өмір неткен мәнді еді!"

*** *** ***
Арайланып әрбір атқан таңдарда,
Ойға батып оңашада қалғанда.
Ашық болсын қайран көңіл есігі,
Үміт, Сенім, Мақсаттар мен Арманға!

Зарина Долатай
Бөлісу:

9 пікір

Korkem
 барып үйді тағы бір қайтара жинап келдім)))
Aigolek
Меним уиимде отырып тагы бир рет окышы ос оленди
Tyulpan
жақсы ма, жаман ба — кім білсін, көп ойланасыз екен, ademi_alem
VKM
Заринка, керрремет ұнады!
salta
өштім… кімнің көңілі туралы айттыңыз?.. мен сізді танымайтын сияқты едім ғой?..
laka
ол тек сіздің ғана емес, бар адамның ішкі дүниесі осындай… тек әркім әр түрлі сезінед
ademi_alem
әрине )) Көңіл-үйімізді тазалап тұруды ұмытпайық…