Нәпсі мен нәсіп

Руслан НұрбайЖарықтық ғаламтор арқылы ағайын-туыс, дос-жаранды насихаттайтын сыбайластық ниетім қайта қалам алдырды. Осы жолы басқаны емес, күйеуімнің жаңа өлеңдерін жариялауға бел байладым. Керекинфода бұған дейін де Руслан Нұрбайдың өлеңдері қызу пікірталасқа өзек болған. Дау тудырған «Әріп пен ұғым» атты өлеңін Руслан 19 жасында шығарыпты. Албырттығына қарамастан жаңа форматта туған бұл өлең Русланның поэзиядағы «паспортына» айналды. Жыр жинағы жарық көрмесе де, 25 жасында осы «Әріп пен ұғым» және «Fe-темір» (бұл өлеңнің шығуына менің де үлесім бар, мақтанып қалайын) атты екі өлеңімен Жазушылар Одағына мүшелікке қабылданды. 9 жылдан кейін Жазушылар Одағы мемлекеттік тапсырыспен «Жалын» баспасынан Русланның «Ыстыбұлақ» атты тұңғыш жыр жинағын басып шығарды. Әкесінің жер бетінен жойылып кеткен туған ауылы Русланның кітабының мұқабасында қалды.

«Мен ауыз әдебиеті арқылы танылған ақынмын»,-дейді Руслан. Онысы рас. Русланның жыр жинағы жарық көрместен бұрын, оның өлеңдерін жатқа оқитын оқырманы пайда болды. Өлеңдері әлі күнге ел аузында. Алғаш шыққан жылдары Қарағанды үшін Русланның әр өлеңі құбылыс еді. «Руслан «Тық тық тірлікті» жазыпты», «Руслан «Көк бөріні» шығарыпты», Руслан «Солақай өлеңді» жазыпты» деп өнерсүйер жастар іздеп жүріп тыңдайтын. Қазір бір өлеңі есте қалмайтын ақындарды көрем.

Руслан аз жазады. Сондықтан ба, бұрқыратып жаза беретін ақындарға таң қаламын. Әуелі ой келеді. Сосын оны ұзақ уақыт миында пісіреді. Содан болар, бар өлеңін жатқа біледі. Өлеңдері қағазға түскеннен кейін, біразға дейін оқымай суытады.

Русланның бір ерекшелігі өлеңдерін жан-тәнімен беріліп оқиды. Жүректен шыққанды жүрекке жеткізеді. Қасым Аманжоловқа арналған облыстық мүшайрада Руслан Сәкен театрының сахнасында тұрып «Алтын адам табылды, ауылынан Қасымның!»-деп күркіреп оқығанда бүкіл зал күңіренді. «Мені Қасымның аруағы қолдады, сезіп тұрдым»,-дейді. Шынымен де сол сәтте дауысы ерекше шықты. Сол өлеңді оқығандағы бейнежазба Қаршыға Игенов деген жігітте сақтаулы.

Ал енді Абайша айтқанда, «Көп сөйлеп созбайын». Қасиетті Құрбан айт мерекесінің құрметіне Русланның бір топ өлеңдерін ұсынып отырмын. 19 жыл бұрынғы Руслан мен қазіргі Русланға баға беріңіз.

ТРАНСПЛАНТАЦИЯ

Уа Алла!
Құбыжықты көп көреміз құлдардан.
Жаңылысып бара жатыр бұл жалған.
Ұлылық пен жылылықтан жұлынып,
Құздан төмен құлдырайды құнды арман.

Жуындыға тойып алған «жырынды»,
Жоқ оларда иман, ынсап бұрынғы.
Тілек біреу, тірек сынып кетпесе…
Жүрек те жоқ! Қан айдайтын құрылғы.

Паркте жүр парик киген пәтшағар,
Мәз болады мото мінген «атшабар»
Айырбастауға болады оған барлығын.
Ақша да бар, маска да бар, «каска» бар.

Суреттерден көрсеткендей қыр гүлін.
Пұшық қызға керек боп тұр бір мұрын…
Бағдарлама барлығына бас көз боп,
Тағдырда емес, таблода тірлігің.

Тілім, тілім таңдайыма жабысып,
Өзге тілде ой өзектен жарысып.
Бүйрегім тұр хлор судан тас жиып,
Бауырым жүр у-арақпен алысып.

Орган қорған бола ала ма ұзаққа,
Ажал тағдыр іліндірсе тұзаққа.
Бүйрегімді бұрам жиі басқаға,
Бауырымды бере алмаймын бірақ та…

Өркениет көкке ұшырды-ау күлімді,
Иман іште, шығармаспын үнімді…
Өзге тілде сөйлеп жүрген бейбаққа,
Мен тегінге берейінші тілімді!

«Уа Алла кешіре гөр құлыңды!»
-деп қана үнсіз жаза берем жырымды.

ҚАДЫР ТҮНІ НЕМЕСЕ ОНДЫҚ

Бір дегенім білім, Екі дегенім егеу.
Қадыр Мырзаәлі


Бір дегенім – бисмиллаһ, бір Алладан бастағам,
Екі дегенім – ес-ақыл, ешкім сырын ашпаған.
Үш дегенім – үмітім, өлімнен де қашпаған.
Төрт дегенім – таспихым, жаратқаннан жаттағам.

Бес дегенім – бес парыз, қай кезде һақ панам.
Алты дегенім – аманат, арттағыға сақтағам.
Жеті дегенім – жүрегім, шерленем де шаттанам…
Сегіз дегенім – сезімім, онсыз жүрек соқпаған.

Тоғыз дегенім – топырақ, ар-иманмен аттағам.
Он дегенім – орыным, қоршап қойған қорымым.
Пейіліммен пейіште – бақ табам да,
жоқ болам!

СҮНДЕТ ТОЙ

«Тағала!» деп күн мен түнді өткеру,
Бес парызды пейілмен міндет көру.
Бес кірген соң, бекиді сүннет сенім,
Ес кірген соң керегі сүндеттелу.

Тіл мен жүрек сүйексіз, бірлескенде от.
Ұрпақ өрбіп кіндіктен кірлетпек жоқ.
«Жүрекке әмір жүрмейді» дейміз біздер,
Тілекке өмір гүлдейді «тіл кеспек жоқ…»

Құлшылыққа құлшынып құрметті ойдан,
Нәсібің мен нәпсіңде жүрмек майдан.
Кім көп көрді?! Алғашқы құрбандығың,
Үмметтердің үміті сүндет тойдан.

Сүндеттел де, тәңірмен тілдесе біл.
Бәрзақ пенен бержақтың іргесі өмір.
Жан шыққанда бір уыс топырақ деп,
Қан шыққанда тоқтатар бір кесе күл…

ҚҰЛЫНЫМ

Құлыным,
Жүрекке байланып жұлыным,
Құдыққа қадалып құрығым.
Дей көрем сен әке, құрыдың….
Мен дағы бұл жердің жырымын,
Құлыным, құлыным, құлыным.
АЛЛАНЫҢ Кұлымын!

Кім мендік көңілді ап қашпақ.
Кім маған тағдырда жақтаспақ?!
Жылқыны қойғанмын жақтауға,,,
Әкемнің суретін ап тастап.

АЛЛАНЫҢ ҚҰЛЫМЫН!
Аман жүр Құлыным!

НӘПСІ МЕН НӘСІП

Нәсібі болса,
Ұлылығынан жерінің ұлты маздаған.
Аманатынан Алланың бір құлы озбаған.
Құдайдан кейін қонағын Қыдыр деп санап,
Ертегі болды естісең, бұл күні қоғам.
Қазақпыз!

Нәпсісі қозса,
Балақтан басқа жеткенше битін алмаған,
Иесін силап, сүйекпен итін алдаған.
Құлқынға құл боп, құдайға құлшылық етпей,
Қарыны тойса, қасынып, ұйқы қанбаған.
Мазақпыз!

Нәсібі болса,
Қамыстан қабан атуға құлқы болмаған.
Аты доңыз деп, ас үшін мылтық алмаған.
Тасаттық жасап, тағалаға құрбандық шалса,
Еңсесі үшін елімнің бұлты боздаған,
Азақпыз!

Нәпсісі қозса,
Иманы кетсе, имуниттетің исі бармаған.
Нашақорлықпен шараптан шайтан күлкі жолдаған.
Делебең қозса, дерт болып дене-денеге
Ауру таратқан айналаң түрпі-қандалаң.
Кәззәппыз!

Нәсібі болса,
Шаңырақтың шуынан шалы ши шығармаған.
Қайғы-сынға да шыланса кірпігі аздаған,
Сабыр сақтаса санаға бәрі сауап боларын,
Сезетін және келерін әлі шылқыған заман.
Ғажаппыз!

Нәпсісі қозса,
Елшілікке жүретін әлгі «түлкі қолбалаң».
Сатқан байлықтың сұрауы қайда, мүлкің – ол далаң.
Қарекет үшін қапқан байлықты қасиет санап,
Өз ұлтынан ұрлайтын әлі, мүмкін өз балаң.
Азаппыз!

Нәсібі болса,
Иманың қайтып, иланып Алла, құлпырар азан.
Базарым дедім, қазағым менің – нұр тұнар қазан,
Ықылымнан бері «Ырыстың алды ынтымақ» деп ең,
Тәубе, басыңда байрақ бабамның Рухы қоздаған.
Азатпыз!

СЕПТІК СЫРЫ

Атау септік сұрақ қойса атың кім?
Адаммын мен иесі ой мен ақылдың.
Ұрыс-ылаң мен ырыс ұланның айранын
Ұйытамын деген Руслан ақынмын.

Ілік септік-кімнің? Ненің?!
Ал ұқтыр.
Үмбетімін Мұхаммедтей алыптың.
Тағала деп тапжылмаған тұғырдан,
Ұлымын мен Қазақ деген халықтың.

Барыс септік-кімге? Неге? Барасың…
Топтайтын кім, тозақ-жұмақ арасын?!
Таңғы азанмен тәубе деген пендемін,
Дауысынан дірілдейтін дара шың.

Табыс септік- кімді? Нені?
Тапты өрен.
Тағдырымды тар маңдайға бақ көрем.
Тоба! -десең татқаның да тәтті ерен.
Бар табысым, арқа күшім жақсы өлең.

Жатыс септік-мазалайды кімде?- деп.
Туған жерім, онда ән мен жыр бөлек.
Жатып-тұру, қайта жату сәжде-сыр,
Серілікті сезім қайтып үндемек.

Шығыс септік-кімнен?- дейді осы бақ,
Періштелер сұраққа алар тосып ап.
Сәби иісі сейілгелі қай заман,
Ерте-кеш пе күтер шыққан топырақ.

Кіммен!-дейді соңғы септік көмектес.
СҮБХАН АЛЛА! Сауабын кім дәметпес,
Жалған лезде бітсе жәрдем иманың.
Болған кезде бақилыққа бөлек көш.

Жеті қат көк, жер бетіне жетті ме үн!
Жеті қабат жерге қанша кетті мұң?
Жеті қазына, жеті жоқтың шеті жоқ.
Жетелейтін осы жеті септігім.
Көмектес, көне көк пірім!

ТАСПИХ

Күдік, күмән,
Кемсеңдетер, күлдіріп…
Үрейменен кісенделген күллі үміт,
Бір танысым жігерімді жынды ғып,
«…кей адамдар құран ұстап құбылып,
Алла! Дейді бәрін әбден бүлдіріп… »
Қайдан келді бұл күдік?!

Солай дейді,
Солақай сыр танысым.
Мүмкін рас, мұңаямыз жан үшін.
Ар дегенің арман үшін алысу,
Ал арманды ажал ғана анықтар,
Ақ-қарасын, бәрі шын.

Сонда қалай?..
Мешіттегі мұсылман.
Қай мақсаттың мәсхәбіна ұсынған.
Оның бәрін дей алмайсың ұшынған.
Иман үшін жан иланса айып па?
Ерте кеш пе ісің-ЗАҢ…

Ми шатқалға шатыр тіксе шайтаның.
Орындаймыз пенделіктің айтағын.
Оны мен де, оны сен де байқадың,
Жүрек қана жалған елес біткен соң…
Белгілі ғой қайтарың.

Сонда бәрін білерміз ау қайта өлшеп,
Қалай болар хақ жолына ойша енсек.
Таң қалмайсың, тазармайсың қайшы ерсек,
Тойдағы «торт» тоқтығыңның түрі ме?!
Әлде әне мешіттегі майшелпек.

Шындық қайда?!
Сұмдық пайда, сандырақ,
Қайда әлгі, қайда қалды мәңгі бақ…
Құбыламен кеудеңдегі шамды жақ.
…Бас бармақ пен сұқ саусағы сүйел боп,
Бір шал отыр таспих тартып қалжырап.

АЛЛАНЫ ШЕБЕР ДЕСЕЙШІ!

Жасаған ием,
Жаратқан!
Пейілге пенде сұранған,
«Тәңір!» деп, көкке қаратқан,
Танысаң бәрі бір Аллам.

Бес күндік жалған…
Тұнады ой.
Бірдей де емес бес саусақ.
Бесінші күнің – жұма ғой,
Бес уақытты еске алсақ.

Жалған-ай дейміз бес күндік.
Жете ме жанның ішкі үні?!
Шаттық пен мұң бар,
Кеш білдік…
Үміттен қалған үш күні.

Айдағанымыз бес ешкі.
Айқайың жерді жарады.
Өмір дегенің – өсекші,
Өлім дегенің – таразы.

Он екі сағат – күндізің,
Он екі сағат – түнгі шер.
Он екі айың – бір жылың,
Он екі жылың – бір мүшел.

Он екі мүшең тұр тағы,
Жүрекпен кімге ырзасың,
Рамазан – айдың сұлтаны,
Жұма ғой күннің мырзасы.

Күнгейің қайда?
Көлеңке…
Уақыттың бәрі есепші,
Шеберді – шебер дегенше,
Алланы шебер десекші!
Бөлісу:

15 пікір

Daniar-Alan
Руслан «Көк бөріні» шығарыпты

осы өлеңді жазыңызшы осында…
Jansarai
ЗООБАҚТАҒЫ МҰҢДАСУ

Кеше сенің бабаларың көк бөрі,
Көк түріктің киесі еді көп-көрім.
Азығы оның арқар еді аймүйіз.
Иесі оның тәңір еді көктегі.

Кеше сен де абадан ең, арлан ең.
Көк шуланнан бөлтірік боп қалған ең.
Көкжал болып көпке қиқу салған ең,
Көп мергенге мызғу бермес арман ең.

Кеше сенің мекенің ед қу далам.
Ұлуыңнан ұйыған ел шулаған.
Табын көрсең көзіңді қан талаған,
Тырп еткізбей тайды бассаң тулаған.

Бүгін сенің келешегің көмескі,
Тордағы түр – тоқал туған көк ешкі,
Көрмеп едің қорек етіп көк етті,
Қара қанден сырттан үріп қор етті.

Амал нешік, қазір ғаріп, тордасың,
Азық етіп атала мен жармасын.
Сенің жауың — әлі де адам айлакер,
Сенің кегің – қазір қақпан, қорғасын.

От бастың да ойран салған отармен,
Қоштастың ба қорған таулар, жотаңмен?
О, Көк бөрі!
Неткен ұқсас тағдырың
«Азаттық!» — деп түрмеде өлген атаммен.
Daniar-Alan
рахмет. осы өлеңді 10-сыныпта бір оқып, жоғалтып алып ем…
Daniar-Alan
по моему осы… ұқсайд…
Jansarai
Көкбөрі туралы өлеңдердің идеясы бір, бәлкім ұқсайтын шығар.
Abilakim
Руслан ағамыз құбылыс, расы керек. Ол кісінің әлі берері алда, бірақ(Алла олай ете көрмесін) ол кісі енді өлең жазбай кетсе де поэзияда өз атын қалдыратынына сенімдімін!
aza
Септігі ұнады, әсіресе! Алланы жырға осылай қосар еді біздің жақтың Тау Шалдары да… Қазіргідей діни жыр жазам деп алып, ислами терминдерді шұбыртып, белгілі бір топқа ғана түсінікті өлең жазғанша, осылай тәп-тәтті, түсінікті етіп жазу керек қой. Әдемі!
aza
www.masa.kz/article/view/id/3913
міні, тағы бір кереммет өлең!
Jansarai
Осыған дейін айтылмай келе жатқан ойды қозғапты, тамаша!
Jansarai
«Септігін» өзі де сүйсініп оқиды, ал соңғы жазған "Қадыр түні немесе ондық" деген өлеңін мешітте Қадыр түнін қарсы алып отырғанда шығарған. Сағат тілінің айналып, зырылдап бара жатқанына қарап отырып ойға келді дейді. Бала кезімізде Қадырдың санамағын жаттап өсіп ек.
Aigolek
олендеринизди кунде бир бирден койганда окитын едим. Коварип
Jansarai
Құрбан айт мейрамының құрметіне топтастырып бергенім ед, тақырыбы ортақ қой деп
Marco
Тық-тық тірлікті менің группамның қыздары жақсы көретін… Ұмытып қалыппын, болса жаза салыңызшы
Jansarai
ТЫҚ- ТЫҚ ТІРЛІК

Іздейтін кезде жаным махаббат,
Мұңлы ойдан кетем құтылып.
Жүйкемді жеді-ау қабырға сағат,
Тынымсыз осы тықылы.

Көшеге шықсам тым аппақ өңді,
Бір жан жүр билеп бөксесі.
Тықылы тағы құлаққа келді,
Тас жолға тиіп өкшесі.
Шегі жоқ ойлар шырмалып ақыр.
Кірсем де сонау жасыл бақ,
Тірлігі үшін тырбанып жатыр,
Теректі тесіп тоқылдақ.

Жанымды мұңнан аршып алып бір
Көктемнен келген жыр күттім.
Тықылдап жерге тамшы тамып тұр,
Тамырын соғып тірліктің.

Үтірсіз уақыт, үркемін анық,
Тық-тықтан мынау жалықтым.
Бөлмемде жатсам бүркеніп алып,
Сол үнмен кеудем қағып тұр…
Тық-тық.