Стереотип сынған күн
Соңғы жылдары шыққан саны аз, сапасы да қуанта қоймайтын селдір-селдір болып сирек біткен қазақ фильмдерінің әсері болар, алғаш рет Саяси шешімдер институтына «Шалды» көруге барғанда екіұшты ой болды. Тұрсынов таң қалдырмаса да тұқырта қоймас деген үміт отандық актерлар ойынына, дыбыстық монтаждалуына, әуен-өлеңіне, сценарий-қойылымына деген қалған көңілге жол беріп, тасада қалып бара жатқан-ды.
Бірақ бізге бұл қазақ киносының басына біткен негіздісі бар, негізсізі бар сынның сағы сынған күнді көру бақыты бұйырыпты. Алғашқы кадрлар мен ә деп басталғанда-ақ айтылған сөздер алдымызда төрт аяғын тең басқан (аздап ақсаңдауы бар, ол туралы кейінірек) туындының жүріп жатқанынан хабар берді.
Өзгені білмедім, өзім «Тұрсыновтың «Шалы» деген тіркестің көптің көкейінде қатталып, жатталып қалатынына сенімдімін.
Аздап аңғалдау, ақкөңіл, шарт мінезді, нанотехнологияңа, Хиггс бозоныңа, әлемдік конспирациялық құпияларыңа түкіргені бар шал бейнесінің Ерболат Тоғызқовқа бұйырғаны сәтті болған секілді. Себебі, бұған дейін үлкенді-кішілі рөлдердің біразын бұтарлаған көзтаныс актердың бас кейіпкерді ойнауы қазір қолда бар әсерді сыйлай алмас еді деген пікірдемін. Біреу аула сыпырады екен, біреу әкімшілік қызметте істейді екен деп сан-саққа жүгіртетін Тоғызақов қанша дегенмен көрермен үшін белгісіз тұлға. Ал ана фильмде дүнгеннің, мына фильмде өзбектің эпизодтық рөлдеріне ие болғаны негізгі кейіпкер аурасына қосқан экзотикалық үлесіне зиянын тигізе қойған жоқ.
«Шал» — қарама-қайшылыққа толы фильм. Әр адам оны өзінің қалыптасқан тұлғасына, формасына, таным-түйсігіне сай бағалайды. Әрине, туындыны жақтағандар ақиқат шындықты айтып, жақтырмағандар хақ жолдан тура тайды (немесе керісінше) деген сөз жоқ. Режиссер түсірді, ал өзгесі талғам мәселесіне келіп тіреледі.
Жеке өзім тек визуалдық ғана емес, рухани да қорек алып шықтым. Ұрпақ арасындағы күрделі қарым-қатынастың қиын-қыстау күнде қандай жағдайда боларына көз жүгіртуге тырысқан Тұрсынов көрерменді ұйқыға жатқызып, ішін пыстырар туынды түсірмеген екен. Содан болар абстрактілі, моральдік, адами сигналдарды қабылдауды ұнататындар да, көз алдында қандай да бір оқиғаның жүріп жатқанын қалайтындар да фильмге бей-жай қарамады.
Ендігіден былай басқа бәкене туындыларды арасында шоғыры биік болып көрінетін «Шал» қазақ киносына жаңа өрнек, сипат бере алады деп ойлаймын. Аздаған эпизодтық актерларға тән жасандылық пен дыбыстық монтаждың тамаққа кес-кестей тұрғаны болмаса (мұндай кедір-бұдырға үйренгеніміз сонша, мән де бермейміз), айтпағы әжептеуір, айбары да бар, көлденең жұртқа ұялмай көрсететін фильм отандық киноның ошағы сөнбесін дегендердің картотекасында тұруы тиіс-ау…
«Шалды» көру керек. Фильм тек соны қажет етеді. Ал сеанстан шығып алып немесе компьютерімізды/теледидарымызды сөндіріп ұзақ-ұзақ ойларға берілуімізде Тұрсынов туындысының шатағы жоқ.
Режиссер баспасөз мәслихатында «мен «Шалды» қараған адамның кинодан шығысымен әкесіне хабарласқысы келгенін қалаймын» деген болатын. Тұрсынов жеке маған қатысты алғанда мақсатына жетті – экрандағы бір жапырақ Қасым шал 75-ке келген әкемді көзіме елестетті, сағындырды.
Дінмұхамед Зиядин
Түпнұсқа: shal.kinostan.kz
Мәселен, екінші эпизодтағы ескі тамды алайық. Үйдің іші жұпыны. Әр жерде сылағы түскен. Шалдың бөлмесіне темір кереует қойыпты. Фильмді қазақтың жүдеу тұрмысынан бастағанда, режиссер нені мақсат тұтты деген ой келеді. Одан әрі атасы мен немересінің сөз тартысына куә боласыз. Атасына қарсы келу, оны мысқылдау, қағытып сөйлеу қазақы ортада сирек кездесетін жайт. Келесі эпизодтардың бірінде боранды күні қойларымен бірге ығып кеткен Қасым шалды көрсетеді. Шалдың әр қойға ертеректегі танымал шетелдік футболшылардың есімін беруі де күлкі тудырады. Өйткені, қазақ халқы хайуанды адам атымен атамаған. Киноның бір жерінде қойлар шалдың соңында ілесіп жүреді. Тұманды күні есі шыққан қойлар иесінің соңында қаздай тізіліп жүрді дегенге кім сенеді? Адасып бейітке түнеген Қасымның аузына «бисмилләсінен» бұрын былапыт сөздер түсетінін қалай түсінуге болады? Жапан далада опат болған аңшы жігіттерді көріп, іштей «қасқырлар талап өлтірген екен ғой» деп топшылайсыз. Әйтсе де, кино барысында тым құрыса біреуінің қалай мерт болғанын көрсетпейді. Өйткені, мұздай қаруланған, екі иықтарына екі кісі мінгендей, зор денелі жігіттердің бір топ қасқырға қауқар көрсете алмай, мерт болып, ал қолында балтасы ғана бар жұдырықтай шалдың тайыншадай қасқырларды допша лақтырғаны соншалықты сенімді шықты деп айту қиын.Төрт күн бойы адасқан Қасым шалды бір топ адамның тікұшақпен, қар үстінде жүретін көліктермен таба алмағаны да көңілге қонбайды. Жылқы ығып кетсе, оның төрт күнде жүздеген километрді жүріп өтетіні – шындық. Ал қой малының төрт күнде сонша жерге ұзап кете алмайтынын балаға дейін біледі.
Қасым шалдың қасқырлар қамаған кезде буаз саулықты түз тағысының аузынан жұлып алып, өз қолымен төлдеткені, жаңа туған қозыны жоғары көтеріп: мен сенің кіндік әкеңмін дегені қай сасқаны? О заманда, бұ заман қазақта малдың кіндік атасы, кіндік шешесі болып па еді? Жалпы, киноның идеясы философиялық астарға құрылғанымен, киногерлердің қазақтың салт-дәстүрін, тұрмыс-салтын жетік білмегендігінен көптеген олқылықтар орын алған. Бәлкім, мұндай кинолар қазақтың менталитетін түсінбейтін шетелдік фестивальдерде шедевр болып көрінуі мүмкін. Қалай десек те, өнерге шынайылық қажет. Ол ақиқатты бұрмалағанды көтермейді. Ендеше, мұндай киноның өміршеңдігіне күмәнмен қарайды екенсің.
Біріншіден, «Шал» ең алдымен көркем фильм, хроника емес, деректі фильм емес, қарапайым кино. Яғни шығармашылық өнер туындысы. Бұл тұрғыдан өнерде әсірелеу, көркемдік суреттеу үшін, кейбір өмірлік постулаттардан бас тартуға жол берудің еш сөлекеттігі жоқ. Әйтпесе, реал өмірді сол күйінде бергеннен еш көркемдік болмайды, реал өмір тым қарабайыр. Таңертең Джимми Оливердің қолынан шыққан айтулы таңғы асты ішкің келсе де, асүйге кіргенде қарапайым ғана ботқа мен кеше сүт сатып алуды ұмытуыңа байланысты қара шай ішуге мәжбүр боласың. Ал, тұзсыз қантсыз қара ботқа мен қара шай ішіп отырып, соны теледидардан көруге зауқың соқпайтын болар, ия? бұл да сол секілді…
Сосын, қазақта «40 күн қой баққан адамнан, 1 жыл ақыл сұрама» деген сөз бар. Яғни, қой бағу ісі өте бір шырғалаңы мол, романтикасы мүлдем жоқ кәсіп, бет-бетіне лағып жүрген қойлармен жапан далада күн сайын жалғыз алысқан адам да белгілі бір деңгейде қажитыны рас. Ал, осындай сүреңсіз тірлігін қалай да бір түрлендірге талпыныс жолында адамның қандай қадамдарға барып, сіз бен біздің ойымызға келмейтін ойларды іске асырып жүретіні де рас. Ендеше, сенің тізбектеп, саусағыңды бүгіп санап отырған фактілерге дәстүрді наққа жіберу, аяққа таптау деп емес, жай ғана ережеден тыс болатын жағдай (исключение из правил) деп қараған дұрыс болар. Сынаған жақсы, дегенмен сынай отырып, өзімізге де сын көзбен қараған дұрыс болар…
Пы.сы.
Киноға Димаштың тек осы сөзі үшін-ақ баруға болады деп есетпеймін. Жеке пікірім.
Сөзіңді біреу сөйлесе… дееееп па?
өте дұрыс айтылған сөз, талай жыл шыжыған күн мен сылбыр жауын астында қой бағып жүрдік, далада ішің пысып өлең айтатының, немесе қойлар әбден жүйкеңе тигенде бисмилла емес ауыздан бірінші боқтық шығатыны рас. Бірінші қой бағып көріп сосын айту керек қойшының менталитеті туралы
Дұрыс нақ. Ұлттық мүдде үшін деп, неге шалды виллада тұрғызбайды. Фильмді басқарып жүрген режиссер — өзі, кейіпкеріне жақсы жағдай жасап беруге шамасы жететін еді ғой
Соңында, немересі хотя бы «Марадонаның» даусын естіп келсе екен деп отыр ем, ол да болмады. Өкінішті, ертегі сияқты бір нәрсе болыпты
Көрермендер шалға кәдімгідей жандары ашып болысып отырды. Соңғы жағында құтқарушылар шалды көрмей кетіп бара жатқанда залдың әр-әр жерінен «пажжалыста, пажжалыстааа» деген қыздардың дауыстары шығып жатты
Марадонаның тірі екенін көргенде бәрі қуанып кетті.
Шынымды айтсам, таза қазақы ортада бірінші рет кино көрдім.
Қасқырлар расында әдемі ойнады. Соңында бөлтірігі жүгіргенде жлъядым . Тек сол жерінде ғана көңілім босады. Негізінен фильм барысында күліп отырдым.
Шыны керек арасында сеніңкіремей қарадым. Жалпы ұнады. Әуендік көркемделуі тіпті тамаша.
Көрсетілім соңында зал ду қол шапалақтады. Мен де.