Қайта тірілген күшік, жарғанат-мысық және кішкентай ғалым-пысық



Әлі есімде бастауыштан «босап» шығып, мектептің бел буынына қосылған тұста кішкентай қара-ала күшікке қолым жеткен-ді. Шыр айналып, зырылдауықша жүгіріп жүрген сол күшік аяқ асты ауырып, өледі-ау деп жатқан кезінде әжептеуір қиналғаным бар.

Кино саласында тентектеу, елден еректеу стилімен көзге түсіп жүретін Тим Бертонның «Франкенвини» анимациялық туындысын көріп отырып сол Тарзанды (бағанағы күшік қой) есіме түсірдім. Мектеп оқушысы мен иесіне берілген Спарки туралы фильм залдағы біраз елдің де ойына оу заманда қалып кеткен ит-мысықтарын оралтса керек, «The end-пен» қатарласа тұрған жұрт дабырласа күліп, көздері жылтырап залдан шығып бара жатты.

Әйткенмен, алыс Америка құрлығының прокатына бізден бұрын шығып, көптің көңіліне жақпай қалған «Франкенвини» жалпы әлемде табыс табудан титықтап жатыр. Қазақстандағы қал-жағдайы қандай боларын уақыт көрсетер.



Дос атаулыдан жұрдай оқушы Виктор Франкенштейн қағынғыр көлік жүргізушісінің кесірінен күшігінен айрылған соң, көп сөзді ысырып қойып Спаркиді тірілтуге кіріседі. Үйінің төбесін кішігірім Ұлттық ғылым орталығына айналдырып алған бас кейіпкер күшігін ана жерін бір жамап, мына жерін бір тігіп «бір Құдайдың күшімен», найзағайдың ісімен бұл өмірге қайтарады. Ә дегенде алабажақ ит арылдаған зомби болар деп ойлағам, сөйтсем жоқ, қорек қылары сүйек емес, электр қуаты демесеңіз «әп-әдемі» Спарки ойнақтап шауып кетті.

Қайбір кездері келмеске кеткендей болған қуыршықтардың көмегімен анимациялық фильм түсіру әдісі бертондық «Франкенвиниге» әлдебір жаңашылдық сыйлаған екен. Әлде бала түгілі, ересек адамның ойы мен жанын біртүрлі сезімге «бөлеп» қоятын атмосфера, әлде қызылды-жасылды кино көріп үйренген көздің ақ-қара туынды қарап шошынуы, әйтеуір соңғы рет «Қалыңдық мүрдесі» (ол да сол Тим Бертонның еңбегі) сыйлаған әсер қайта оралды.



Түпнұсқасын көрмеген соң туындыны дыбыстаған актерлардың қаншалықты шебер сөйлегеніне/ән салғанына/шыңғырғанына/қышқырғанына баға бере алмаймын, бірақ бізге жеткен ресейлік дубляжды кейбір күңгір дауыстарын есепке алмай «жаман емес» деп мақтап қоюға болады.

«Франкенвини» – қарама-қайшы сезімдердің құйрығынан ұстатып кете беретін фильм. Бір жағынан, бір шөкім мейірім туғызатын күшік, әке мен шешенің алақанға салып әлпештеген ұлы, жаңа-жаңа тұтана бастаған жасөспірімдік сезім туралы әп-әдемі анимациялық туынды. Екінші жағынан қарасаң, кей тұсы «мен хоррормын» деп кердең басатын біраз фильмді еріннен ұрып, жақтан салып, сақ-сақ күліп кете баратын қорқынышты дүние. Көзі бақырайған мысықты қияли қыз, тісі қисық бүкір оқушы, готикалық аура, үй жануарларының моласы – келісіңіз, «Маша мен аюды» көріп үйреніп қалған балаға көрсететін кадрлар емес.



Әрине, Тим Бертонның ертегі-әлемдік қиялына кеңсенің шаңын жұтып отырған біз ілесе алмаймыз. Бір баласын ертіп, енді біреуін көтеріп «мультик көрсетем, мультик көрсетем» деп барған әке-шешенің де сеанстан соң Хелена-Бонем Картер күйеуін боқтауы ғажап емес. Бәлкім, оу баста прокатқа анимациялық туынды демей, хоррор жанрындағы фильм деп шығарса біздің моральдік-психологиялық дайындығымыз да басқаша болар ма еді, кім білсін…

Не деген күнде де қара әзілді ұнататын немесе Бертонның фильмдерін жібермей көретін елге қызық болар туынды шығып жатыр. Попкорн құшақтап көріп қайтамын деген жұртқа да таптырмас дүние-ау, шамасы…



Керек дерек: дәл осындай сюжетпен, дәл осы Тим Бертонның қысқаметражды фильмі дәл осы атаумен сонау 1984 жылы жарық көріпті. Алайда, Диснейдің ақсақал-көксақалы киноны балаларға көрсетуге болмайды деп шешіп, Бертонның өзін ақшаны орынсыз шашты деген желеумен жұмыстан қуып шыққан екен. Өмір алма-кезек: 2007 жылы Дисней студиясы режиссерге «сол фильміңді қайта түсіріп берші» деп «әке-көкелесе» керек. Қызық негізі…

P.S. Спаркиден бір артықшылығы менің Тарзаным күшігінде тірі қалған болатын. «Жақсы ит өлігін көрсетпейді» деген мақалды құлағына құйып өскеннен бе, бертінде бір жоққа жоғалып тынды.

P.P.S. Жарғанат-мысық туралы өздеріңіз қарап аларсыздар



Киностан

Дінмұхамед Зиядин
Бөлісу:

18 пікір

MickThatsMyNick
Барбос деген көңілді күшігім үш күнге жоғалып кеткенде, бір түрлі көңілсіз болып жүрдім, сөйтсе басқа иттермен төбелесіп, жаралы болып келді (мылтықпен атқан ба..) Үйден шыға қалсам, есік алдында ырсылдап жатыр, қуанғанымда шек болмады.
Armanjan
Бұрын ауылда Мика атты қаншық итіміз болатын. Ауылдың төбеттері аулаға дейін кіріп кетіп байғұсты жәукемдеп кететін ылғи. Сонда намыстанып қолыма ағаш алып, тас лақтырып соларды қуып әуре болушы едім. Балалық шақ-ай шіркін.
Tyulpan
qisyq , күшті жазасыз кен. нап қалды ))

мен де итім туралы айтайыншы )) кішкентай кезімде менің Динго деген әдддЕмі овчаркам болған еді. жақсы көретін едім, тура бір адам сияқты басын қозғап қойып, қарап тұратын еді. ақылды өзі тағы. сол итіммен көз атыспақ ойнайтынмын… ))) бұйырса, кейін де овчаркам болады. міне, солай
Adiletshu
ырбаң-ырбаң етпей дұрыстап жазшы @AKY
VKM
Тиіспеңдерш, Тюльпанға.Ол казнеттің бұрынғы тұрғыны, тек нигін өзгерткен.Тюльпанға сендердің сөйлегендерің бәрібір, бірақ маған не то болып тұр. Оны танитындықтан
Tyulpan
рахметик, ВКМ.

ал, АКУ — Әйгерім Кеулімжайды білем ғой… ))
qisyq
Рахмет  : ырбың-ырбың:
edige
Келуіңмен qisyq !!!
qisyq
Кетпедім де мен, тек ана бөлмеде ұйықтап қалыппын, тұрсам ешкім жоқ, қайда кетіп қалдыңдар бәрің? о_O
Aldeken
Қисықтың рецензиясынан кейін киноны көрмеске амал қалмайды… Оралуыңмен, бауырым!
qisyq
Рахмет, аға,: сәлембердік:
VKM
Оооо,Қисық келді
qisyq
Қисық келді. Кешігіп келді. Кешіксе де келді.
VKM
Онда 1-ші партаға отырасың
Armanjan
Уааа Қисық келді, ағам келді (найманмын ғо) деп мен де өре түрегеліп барып басылсам ба екен
Gastarbaiter
Джонни Депті мультиктің қай жеріне тықты екен осы жолы???
Осы Тим Бертонның бір жақсы жері эксперимент жасаудан жалықпайды
Мына түсі сұрқай (Прикинь ақ--қара 3Д!!!), мазмұны жайдары мультик соған дәлел
Бұдан бұрын Тим Бертонның біздің Тимоха (пардон за фамильярность, братан) бірігіп түсірген «Тоғыз» туындысын тамашалағанда біртүрлі боп қап едім.

12- жасқа дейінгі балалар сұрқай мультиктер қарағысы келмейді. Оны тек ересектеу жасөспірімідер бағалай алатын сияқты.

Бертон Мультфильмдері техникалық жағынан Pixar- дан кем түспейтін сияқты, тек рух беру, жылылық пен динамика беру жағы, кейіпкерлердің мінездерінің біртұтастығы мен тірілігі жағына Pixar (мейлі Оскар ала берсін -дан мүлде бөлек дәстүрдегі туындылар жасайды.
«Алиса в Стране Чудестің» өзіне Готикасы мен сүйікт Джонни Дебін тығып жіберген Бертоннан не сұрайсың.
Тимнің мультипликациядағы рөлін өз басым Тарантиноның кинематографтағы рөліне ұқсатамын. Біреу қанға құмар, біреуі өлексеге құмар. Ал Джонни Деп сәйкесінше, оның Ума Турманы.
zholantai
Тіпті, тақырыптың әуезділігі де жазба иесінің нигіне жол сілтейді. Керемет жазба… Автор, Тим Бертонды бекер таңдаулыларының қатарына қоспаса керек-ті,
Мына рецензиядан кейін, енді тек кинотеатрға бару ғана қалды