258. Қалайша жаңа жолдас таптым

Ауыл баласы қызықтайтын жаздың қызықтары көп қой. Әркімнің балалық шағынан есте қалған ерекше жаздың айлары бар шығар. Баланың түйсігімен ашылған жаңалыққа мол жаз айларының өткеніне жиырма бес жылдың әрі-берісі болыпты. Мүмкін бұл оқиғалар бір жаздың маусымында емес бірнеше маусымның жаз айларында болған шығар.
Бесінші класс бітірген жыл. Әкем қаладан «Уралец» деген велосипед сатып әперді. Сол күн әлі көз алдымда. Қаладан келген беті, үстінде қара костюм шалбар, ақ көйлек, гүлді галстүгі бар. Жолдың бойынан есік алдына бет алып келеді, иығына велосипед асып алыпты. Тура қақпа аузында тұрған баласы, яғни, маған беттеп келе жатқаны. Қуанғанымда шек жоқ, не айтарымды білмеймін. Тек қарап тұрмын.
Велосипед теуіп үйрене бастадым. Велосипедпен жүрген қызық көрінеді, тез арада басқарудың қыр-сырын білгім келді, мұндай асығыстығым ертеңінде кешкісін де жағымсыз оқиғаға ұрдырды. Рет-ретімен баяндап берейін. Ылдидан төмен сырғып түсіп, велосипедтің педальін кері айналдыра басып, велосипед жылдамдығын тежеп азайтып үйреніп жүргем (қазіргі велосипедтердің кейбіреулері ғана осындай тәсілмен тоқтайды). Қалай күн өткенін байқамай қалдым. Күн еңкейіп кеш болған шақ. Ауыл сырты адамдарға толы. Балалардың бірі бұзау айдап қуып айдап әкеле жатыр. Мен болсам бәрін ұмытқанмын. Өрістен түскен қойлар ауылға жақындап келеді. Қойдың жолында қалған соң, асығыс велосипедпен жүргенге қорғанып жетекке алып, үйге бет алдым. Қойлар ауыл шетіне жетті. Малдарын тосып жүрген үлкен-кішілер қойларды көше-көшеге қарай бөліп, қораларына кіргізе бастаған шақ. Жаяу велосипедті жетектеп ауылға кіргенге ұялдым да, үстіне мініп алдым. Сол-ақ екен, алдыма жасы менен кіші бір бала жүгіріп шыққаны, тежеп үлгердім, бірақ, екпініммен қағып кеткенім. Бағыма бала алдына келе жатқан тоқтының үстіне жығылғаны. Сол тоқтыны үйіне қарай қайырмақшы болған беті менімен қақтығысуымен аяқталды. Көше басы у-шу, «баланы велосипедпен қағып кетті»,- деп. Велосипед рамасы үстінде екі аяқ ұшымен тұрғаным қозғалмай. Артынан белгілі болды, қаққан бала ауылдың сыйлы қариясының қаладан келген немересі екен. Тоқты орнында қарап тұрған жоқ, үстіне құлаған баланы сезе сала, зыта жөнелгені. Бала қырымын жерге құлады, көмекке қасына ағасы келіп бауырын тұрғызып, маған қарап, оң қолының сұқ саусағын құлақ шекесіне апарып әрі-бері бұрап көрсеткені. Көрсетілген әрекетті тілге аударып қажеті жоқ, мектептегі мұғалімдер мағынасын жақсы үйреткен, «басың істемейді» дегенді білдіреді. Кешкісін анам қарияның үйіне ертіп апарғаны, кешірім сұрадық. Құлаған баланың ағасымен бір жасты болып шықтық. Аты Арман. Қайтып бара жатқанда Арман маған қолын созып, «жолдас болайық» деді. Оның да велосипеді бар екен атауы «Пионер».
Бірге велосипед тебетін болып келістік. Арман бетінен күлкі кетпейтін, шашын екіге қайырып бөліп тарап алатын. Бізден айырмашылығы — ұқыпты киінетіні, үстінде жағасы бар ақ футболка, сұр түсті шорты. Өзгесінде ауылдың кәдімгі баласы қалада орыс мектебінде оқыса да, қазақша емін-еркін таза сөйлейтін. Бірде ауыл айналып шеңбер жасап велосипед теуіп жүргенде, соқыр жауын жауа кеткені. Алға озсаң, жауын жауып тұр, кейін шегініп жүрсең, жауын тамшылары жоқ. Сосын велосипедтен түсіп, алда пайда болған кемпірқосаққа көз тастадық. Түрлі-түсті көпір ауылдың екі шетін қосты. Екеуіміз болсақ кемпірқосақ түстерін түгендеп тұрмыз.

жалғасы бар
Бөлісу:

23 пікір

asaubota
Уралец пен Пионер менде болды. алдымен Пионер, сосын барып Уралец. ол кезде ол үлкендікке бір адым жақындау еді, Уралец міну

bake
балаларға тауда тебетін ауыспалы жылдамдығы бар велосипед алып бердім, балалық шақ есіме түсіп кетті ме, өзімді сынағым келді ме, алдынғы күні балалардан велосипедті сұрап алып қала сыртына 60 шақырым жерді 5 сағатта әрең жүріп өттім де ух дедім, балалар болса аң-таң, велосипедті қаланың ауласында ғана тебеді, енді біледі жаз айында велосипед көп-көрім көлік екенін
asaubota
мен қалада тебе алмадым ақыры велосипедті, машиналардан қорқып. ауылда рахат қой, алаңсыз тебесің.
Zhan
Атамның інісінің кенже баласында осы велосипедтің аспан көгі бар болатын. Үйден көп қып кәмпит алып шығып, 79-шы жылғы ағама (арамыз бір-ақ жас болса да) велосипед үйретші деп жалынам. Ол өгіздей болып алып тәтті жақсы көретін. Конфеттің біреуін дереу уысына, қалғанын қалтасына салып алады да, «жарайды кел отыр, деп великті ұстап тұрады. Ары-бері жүргізіп өздігімнен үйреніп кеткенше кәдімгідей тренерім болды. Әуелі великтің бірден үстіңгі жағынан емес, ортасынан жүргізіп үйрендім. Кейіннен төбесінен орындығына түгелдей отырып алып үйрендім. Екі аптадай уақыт кетті үйренуіме. Бір рет жардан ұшып кете жаздап бір қауіптен аман қалдым. Мә, сол жардан ұшып кеткенімде құдай білсін не боларымды. Есіме түссе әлі күнге дейін күні кеше болғандай қорқам.
sammita
Үйден көп қып кәмпит алып шығып, 79-шы жылғы ағама
үйде қазанның құлағы өзіңде болғаны ғой, ағаң кәмпитке «сатыла кетсе»
Великтен құлаған дым емес шығар, аттан ұшып түскенмен салыстырғанда))))
omarbirat
«Уралец» деп айтқанда екпінді «е»-ге түсіріп айтушы ма едіңдер?
alisha
Менің Пионерім болды су жаңа, қып-қызыл! Бірақ соны теуіп үйрене алмай-ақ қойдым, бірер жыл тұрды да, кейін інім айналдырған екі айда ит тепкісін шығарды байғұстың. Бірақ жоғарғы сыныптарда мықты құмарттым великке, інімнен тығып алып кететінмін Уралын
bake
Уралецтен Уралға емес Сура 2 деген велосипедке міндім, онымен байланысты естелік жасөспірім, бозбалалық шақпен байланысты, қызығын мол көрдім, кейін әңгіме ететін шығармын. Деген заман өзгергенде 1990-1996 жылдары велосипедтің баршылығы көп көмектесетін.
a63a1
менің 93 жылғы Салют (уралмен пионердің ортасындағы белсепет)деген белесепетім болды сүндеттелгесін алып бергентін. Ақыры сол беейшара белсепет камераға жарымады, шлангіңдісс…
Abilakim
Басында «Пионерім» болған. Одан кейін алмағайып замандар орнады ма ешкім маған, тіпті ауыл балаларына белесебет алып бермеді. Әркім үйлеріндегі ескі великтарды жөндеп теуіп шығып жүрді. Балқаш қаласында 10-11-ді оқып жүргенімде тептім содан кейін.Анау-мынау шаруаларымды сонымен тындыратынмын.Кішкене құлпым мен шынжырым бар болатын, барған жерде құлыптап кету үшін
nurbergen_makym
«Балдырғаннан» басқа белсибет теуіп көрмеппін)))
omarbirat
«Урал» болды. «Балдырғаннан» кейін
FaraOn1
«Чебуращкадан» аттап өткендерің ұят қо, әлде ол тек менің балалығымда ғана болды ма?))
sammita
Чебурашка үш доңғалақты ма? Балдырған ғой ең алғашқы велик, сосын Орленок, ешкімде болмады ма бұл. Кейін Уралец. Мектепке дейін тегіс асфальтпен баратынмын, бірақ бұрыла алмайтынмын қорқып) Сол жерде кластас бала тұрады, содан ұялам бұрыла алмайтыныма. Тоқтап, балағымды жөндеген болып аттың басын кері бұрып зуылдап кететін ем)))))
FaraOn1
артына қосымша екі доңғалақ қосып алуға болады, тірек ретінде. сонда одан 4 доғағалақ болат) ал балдырғанда 3 еу ақ)))
bake
Балдырған -> Чебурашка -> Уралец -> Сура (Урал) -> қазір таулы жерге арналған жылдамдығы ауыспалы велосипед
FaraOn1
Чебурашка алғашқы велигім, доңғалақтары жууан болатын.
omarbirat
Екі аяқты вилік тебуді бесінші сыныпта бір-ақ үйренгенмін. Чебурашка, Пионер міну үшін тым үлкенмін ол кезде. Уралецті де мәстексіндік
FaraOn1
чебурашкадан кейін пионер. оны мінеміз деп талай балақтан айрылдық) педалі нетралкаға түспейтін ше, аяқты талтитып қойып айдисың кеп. ал өзіңнің бойыңнан үлкен Уралды раманың ортасына кіріп ап тепкенге не жетсін
satibaldi
Балдырғаннан Сураға бірден сеіргендерденмін. Талтақтығым содан болар.
omarbirat
Мен «Уралды» братаннан мұраға алған кезімде, ауылдың жартысы «Урал», жартысы «Вела» деген бүкір белесебет мінетін
bizbike
Бір рет көліктің дыбысына көңілім ауып, артыма қараймын деп велосипедіммен бірге құлап түскенім бар. Содан кейін ағам алдына мінгестіріп алып көпірден құлдилап келе жатқанда оңбай құладық ау, соның бәрі қалада болды, қалай біреулер қағып кетпегеніне әлі таң қаламын
bake
Велосипедте басқа көліктер секілді қауіптілігі жоғары механизм ғой.., бірақ автокөліктерге арналған жолдармен қатарлас велосипедке арналған жолдар болса жаз кезінде осы көлік түрімен қозғалар едім денсаулыққа пайдалы