«Батыл жүрекке» барасың ба, қазақ тілінде көресің бе?
Тұрмысқа шықпаймын, одан да бойдақ болып жүре беремін арғымақтың үстінде құстай самғап, жебем көкке жетсін деймін...
Мериданың әкесі король Фергюс*
Стив Джобс кезінде бас болған Pixar студиясы еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін бірдей қызықты болатын кезекті туындысын елге ұсынып отыр. Бұл жолғы фильм біз үшін алабөтен ыстық, себебі «Батыл жүрек» (Храбрая сердцем/Brave) прокатқа қазақ тілінде шықты.
Жіберген жебесі нысанаға дәл тиетін, ат құлағында ойнайтын, күйеуге шыққысы келмейтін Фергюс әкесінің ерке қызы Мерида ойламаған жерден басына бәле тілеп алады. Орманда жарқырауық қуып жүріп әлдебір мыстан кемпірдің арбауына түсіп анасынан жартылай айрылып қалады – Элинор патшайым аюға айналып кетеді. Әкесінің қорбаңбай көрсе өре түрегелетінін білетін қыз қайтсем жағдайды түзеймін деп жүріп түрлі оқиғаларға тап болады.
Бұған дейін «Көліктер 2» және «Қара киімділер 3» мемлекеттік тілге аударылып, бас изеуі бар, таңдай қағары бар, бас шайқары бар біраз әңгіме-таласқа арқау болған-ды. Бірақ, «Батыл жүрек» қазақтілді аудитория үшін ерекше болатын сыңайлы – мендік пікір Walt Disney Pictures пен Pixar Animation Studios өнімі сәтті дубляждалған деп отыр. Жасанды сөйлемдер мен бейтаныс тіл оралымдары біршама сейілген, бұрынғыдай тіксініс туғыза қойған жоқ.
Дубляж тұрғысынан король Фергюсты дыбыстаған Төлеубек Аралбай мен патшайым Элинорды қазақша сөйлеткен Айжан Дәулетбақова әдемі қуантты. Алғашқы актер арсы-гүрсі, ер мінезді, ақкөңіл отағасының бойына қазақы қан жүгіртіп, ділдік туыстықты сіңіре алған, ал Элинордың тәкаппар, қамқор, салт-дәстүрге мығым бейнесі Дәулетбақова дауысымен жақсы көмкерілген.
Туынды барысында екі ән орындайтын Мақпал Исабекованы айрықша атап өткім келеді. Pixar суретшілерінің жан-дүниеңді баурап алар графикасына фон ретінде Мақпалдың дауысы сәтті таңдалған деп айтуға әбден болады.
Басты рөлдегі Мериданы дыбыстаған Іңкәр Әбдіраш фильм бойы көбінесе қуантып, кейде ғана сескендіріп отырды. Аудармашының сөйлем құрамын дұрыс қоймағандығы әлде актрисаның жасанды сөйлеуі, әйтеуір бірді-екілі жердегі қалыпты қазақ тілінде жоқ ырғақ жанға жаға қойған жоқ. Бірақ, бұл фильмнің Іңкәр Әбдіраштың дубляждау тәжірибесінде алғашқы жоба екенін ескерсек, алдағы уақытта аударма сапасы жақсара түседі деп үміттенуге болады.
«Батыл жүрек» — аудиторияның кез келген жастағы өкіліне бағытталған туынды. Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты суретшілер талантымен, композитордың сәтті тректерімен өріп ұсынған режиссер Бренда Чепмэн кезекті адам сүйсінтер жоба түсірген екен.
Ересектерге фильмнің шырқау шегіне жеткен тұсы – аю бейнесіндегі патшайым Элинордың қызын қорғайтын жері аса ұнайды деген сенімдемін. Анимациялық бейнелер ұнамды шыққан: аң бейнесін беруде авторлар шынайылықты құп көрген сыңайлы, тіпті кей жерінде қолдан салынған сурет екеніне бір сәт күмән келіп қалады.
«Батыл жүрек» бұрындары біз көрген пиксарлық «Валл-и», «Жоғары» секілді драмалық нюанстарға баса мән берген туындыларға ұқсамайды, мұнда әлдебір баламінезділік, ертегілік басым. Бұл қасиет фильмді кішкентай аудиторияның жеңіл қабылдауына мүмкіндік береді деп ойлаймын.
Экшн-кадрлардың көп болуы, ашық түстердің кеңінен қолданылуы, детальдардың барынша анық көрсетілуі, қала-орман, күн мен түн ауысымының сәтті берілуі прокатта фильм қоржынын қампайтар қосымша себептер болса керек.
Фильм әзілдері жаңашылдығымен таң қалдырмайды, бірақ кейіпкерлердің қылық-тұрыстары мен кейіп-қимылдары күлмесіңе қоймайды.
Режиссер Чепмэн туындыны түсіру барысында ағайынды Гриммдер мен Ганс Христиан Андерсонның ертегілеріне және қызына деген махаббатына сүйенгенін айтады. Көрермен ретінде өзім «Батыл жүректен» аталған авторлардың шығармаларында кездесетін сиқыр мен маманның аналық сезімін анық байқадым. Ал коммерциялық жоба тұтынушысы үшін бұл үлкен олжа.
* — Эпиграф жөнінде толық мәлімет алу үшін «Батыл жүрек» трейлерін қараңыз
Дінмұхамед Зиядин
Киностан
Дыбыстау сапасы дегіңіз келген болар?
Бару керек екен мынаған. Ортанқол мультфильм шығар деп ойым теріске шығып бара жатыр.
Мына мультикті Мадагаскар сияқты үлкендер көре ала ма?
Жақсы аударманы нашар дыбыстау құртып жіберуі де мүмкін ғой, сол сияқты нашар аударма жақсы дыбыстаушы актерге қарамастан-ақ фильмнің сүйкімін кетіріп жібереді.
«Көліктер-2» фильміндегі:
деген Мэтр мен Найзағайдың арасындағы диалог, әсіресе «Ешқашан» деген сөзге әлі күнге дейін жыным келеді. Қазақша естілмейді да просто
Сұмдық, Сұмдық!
— Жібер деймін!
— Аңсапсың!
десе керемет естіледі.
Омеке мынау КИностандықтар көшіне қосылып, аударма роликтер жасай бастаудың уақыты келген сияқты.
Аттандық алаш, Алға-а-а-а!
десе де болар еді. Жазылған кезде ұзақ болып көрінгенмен, айтылған кезде дәл сол уақыттың ішіне сыйып кететін бе еді.
ңі-ңы
Эпостық әдебиетте жиі қолданатын сөз ғой.
Оның үстіне BraveHeart — сөзін Мэл емес ойлап тапқаг. Очм, не зацикливайся.
Жаужүрек қазақта бұрыннан бар сөз. Ал идея алғанын айтсаң, ол ұрлыққа жатпайды.