Орақ жүзі. Адам мінезі қалай қалыптасады. Әке тәрбиесі

Шілде айының, ысыған күні. Он беске толған кезім. Үйдің көлеңкесінде отырмын, ойымда суға барып түсіп келу. Жаяу емес, қара биені жайдақ мініп алып, ауыл шетіндегі су бөгеуіне бару. Ол үшін биені жайылып жүрген жерінен ұстап, жүгендеу керек. Әкем қалаға, нағашы апам көрші үйге алаша құрып беруге кеткен, анам жұмысында. Үйде өзім қожамын. Сондықтан қорықпастан өз ойымды іске асыра бастадым.

Жемқорадан жем алып шығу керек, әйтпесе, құр қолға далада жайылып жүрген бие ұстатпайды. Жем қораның ішіндемін. Футболка етегін сұлыға толтырып, шығуға бет ала бергенде, есік алдына көршінің жасыл «Москвич -412» машинасы тоқтай қалды. Әкем арт жақ есігінен шығып келеді. Қолында кенеп қапшық. Жалма-жан етектегі сұлыны сусекке шашып жіберіп, үстімдегі футболканы қағып жатып, "қара биенің қырсығын қарашы",-деп ішімнен өкіндім. Жаяу кетсем, үйді қараусыз тастап кеткенім білініп қалады. Үш шақырым жерге барып, суға түсіп келгенше кеш бататын болды. Бүгін суға түсіп шомылуды анығымен ұмытқан жөн болады деп шештім.
Әкемнің үйге кіргенін қораның саңылауынан қарап тосып тұрмын. Үйге кірді. Жем қорадан шыкпай тұрып, үстімді тағы бір мұқият қағып үйге қарай бет алдым.
Әкем әкелген кенеп қапшықтың ішінде не бар екен?
Үйдің кіре берісінде кенеп қапшық жатыр. Ішін ашып көріп едім, шөп шабатын екі орақ басы шықты. Шөп шабуға арналған, мойында 70 саны жазылып тұр, яғни, ұзындығы 70 см.

Орақ пішіні кинодағы иілген пираттар қылышына ұқсас болғанымен, айырмашылығы бар еді. Шөпті оратын жүзі ішкі жақта. Сырт жағында доға бойымен тік бұрыш жасап игеннен пайда болған орақ қабырғасы бар. Орақ басынан бастап үшкір аяғына дейін жұқарып келіп аяқталады. Шөп шапқан кезде үстінен, астынан салмақ түскенде орақ қабырғасы орақ жүзін иілгеннен сақтайды. Жаныма әкем келді.
-Балам, ертең орақтарды қайратып әкелемін. Тиме! Саусағың тиіп кетсе, кесіліп түскенін байқамайсың, -деді де, біраз уақыттан соң:
-Балам, биылдан бастап қол орақпен шөп шабамыз, шөп шауып үйренесің, – деп ойын аяқтады да, орақтарды кенеп қапқа орап алып үйден шығып кетті.

Таңертең ерте оянып алдым. Орақ жүзі қайрағаннан кейін қалай өткір болатынын сынап көргім келіп жүр. Телевизордан бір көргенімде атақты жапон қылышының жүзінің өткірлігінен әсер алған едім. Сонда көрсеткендері, жұқа матаны ауаға лақтырып, қылышпен сермеп қалағанда, екіге бөлініп қиылып түскен болатын.
Әкем ұстаға бара жатыр, мені қасына ертіп алды. Ұстахана ауыл шетінде.
Ұста ауыл адамдары ішіндегі ең бойы ұзын адам, кеудесі мығым. Сыртынан қарағанда арқасына жүк салып қойғандай болып көрінеді. Қимылы ауыр, бірақ епті. Шаштары сирек, аппақ, төбесіндегі шашы түк секілді. Аппақ қалың қастары бар қара торы адам. Үстіне және астына жартылай тимей тұрған ерін арасынан сирек тістері және қастарының астынан қараған көзқарасы түсін суық етеді. Өмірін ұстаханада өткізген, хат танымаған екен.
Ұстаханаға келдік. Ұстахана үлкен жүк машинасын қоятын гаражға ұқсайды. Тек темір есіктері кішілеу. Ішіне ашық тұрған есіктен және әдеттен жоғары төбеге қарай жақын орналасқан ені кең терезеден түскен жарық, ұста көрігінде лаулап жанған от жарығы ұстахана ішін ала-ғұла етіп тұр.
Ұста болса электр тогымен жұмыс істейтін балға астында бір жағы қызыл шоқ болып қызган темір шыбықты соғып жатыр екен. Үстінен келіп түскен төртбұрыш темір тас, астындағы қызыл шоқ темірді бір жаншығаннан кейін қайтадан жоғары көтеріліп, қайта жылдам түседі. Соққан балға, ұста көрігінде көмірді үрлеген ауа компрессор шуынан адам дауысы естілер емес. Бес минут ішінде ұста темір шыбықтан таға соғып шықты.
Оның босағанын күтіп тұрған бізді көріп, ұста жұмысын тоқтатып, ұстаханасынан шықты. Әкем сәлем берді. Көп ұзамай, әкем екеуіміз үйге қайттық. Ұстаның қолы бос емес екен, жайлауға кететін малшылар аттарын тағалау үшін таға соғып, бос болмайтынын айтты. Тек әкемнің сұранысы бойынша қысқаша орақтың жүзін қалай қайрау керектігін ауызша түсіндіріп, әкем екеуімізді қайтарды.
Үйге дейін әкеммен ілеспей, жолда қалып қойдым. Түстен кейін келсем, әкем оң қолының үлкен саусақ басын қалта орамалмен түйіп алыпты. Орақ жүзін қайрағанда тіліп алыпты. Орақтарға тиісуге тыйым салды.
Әкем бір нәрсеге сезіктенді ме, маған кеңес береді.
-Балам, орақтың жүзі өткір ұмытпа, ұмытқан болсаң, сол мезетте қолыңды тіліп кетеді. Ішіңнен орақтың жүзінен үнемі қорқып жүр, сонда орақ жүзі сенің қолыңды тілмейді, -деді де, өз шаруаларымен кете берді.
Шыдамым бір сағатқа қана жетті. Қораға барып тығулы тұрған орақтарды тауып алдым да, жаңа жүзі бар, әкем қайраған орақты қалдырып, қайралмаған орақты есік алдына алып шықтым.
Әкемнен қалып қойған кезде ұстаға барып, ол адам қасынан шықпай жүріп, орақ жүзін қалай шығарғанын көріп алғанмын. Сол жерден етікшінің кішкене балғасын тауып алып, оны ұстаның балғасындай етіп қайрап алдым. Түбінде балға үшкір жағын сіріңкенің жартысының қалындығындай, ұзындығы 7-8 мм кішкентай төрт текше табан пайда болды. Осы балғаның үшкір жағымен орақ жүзін соғып жұқарту керек екен. Көргенімді істеп көруге асықтым. Ұста қатты, қорқынышты адам болып көрінгенімен, ондай адам болмай шықты. Ақкөңіл, ақжарқын екен. Жарты сағаты менімен кетті. Дауысы бір рет қана қатаң болды. Бар айтқаны «орақпен абай бол»,-деп ескерткені.
Үлкен ағаш сапты балға — кувалда басын тауып, оны төс қылдым. Импривизацияланған төсімді жерге кішкене үңгіп орнаттым. Жерге тізе бүгіп отырып, сол қолыммен орақтың қабырғасынан ұстадым, оң қолымда балға. Әкемнің айтқаны есімде, бар көңілім қазіргі істейтін қимылымда. Балғаны кішкене жоғары көтеріп, орақ жүзіне тигіздім, «түк» деген дыбыс шықты. Балға серпіліп өзі көтерілгендей болғанын байқадым. Орақ жүзіне балға табанының ізі түсіпті. Жаншылған жері дәлме-дәл орақ жүзі. Ол жер жұқарып жүз үстіне жұқа жүз пайда болды. Көзге сәл көрінеді. Балға өз салмағымен қайтадан түсіп келеді. Төмен қарай кішкене үдетіп сермедім. Көзім болса, орақ басының жүзінде. Дәл түсті. Алдыңғы жұқа жүзі ұзара түсті. Әр балға соққысынан кейін орақ жүзі жұқара түсті.
Соңғы рет балға «түк» деп орақ жүзіне тиді. Орақ шыңдауын аяқтадым. Аяғым ұйып қалыпты. Орақты төс артына жатқызып, арт жағыма шалқайып жатайып тұрдым. Екі құлағым шыңылдап тұр. Түк естімейді. Үстіме қарап шықтым, еш жеріме зиян келген жоқ. Құлағымдағы шу басылды. Айналамды — жел соққаннан сыбдырлаған терек жапырақтарын, көрші үйдің итінің үргенін, үй маңынан гүжілдеп өте шыққан машинаны дыбыстарын ести бастадым…
Орақты апарып орнына қойдым. Кеш батты. Өзімнің бітірген ісім туралы ешкімге айтқан жоқпын. Үй іші де ештеңе деп айтқан жоқ, барлығы күндегідей. Тек жатарда шешем үстімді «аман- саусың ба?» деп қарап шықты.
Таң атты. Нағашы апам екеуіміз таңғы астан кейін қараған кесіп алуға кеттік. Апам ылғи ертіп жүретін.
Түстен кейін келдік. Әкем орақтарды саптатқызып қойыпты. Қашаға сүйелген орақтар «г» әріпі ілініп қалған сияқты болып көрінді. Өзім шыңдаған орақ маған табыс етілді. Орақ басы шыңдалғанымен, қайралмаған.Әкем орақ сабын жерге тіреп, орақ басын көтеріп, сопақ қайрақ ұшымен орақ жүзінің арғы -бергі жағын жонып қайрап берді.
Қаншалықты өткір екенін сынау үшін, ауыл шетіндегі бұлақ бойындағы қалың шөп өсіп тұрған алаңға бардық. Әкем сол қолымен орақ сабынан, оң қолымен орақ сабының ортасында бекітілген тұтқадан ұстап қимылдай бастады, кеудесімен оңға және солға бұрылады. Солға бұрылғанда, орақ басы жерге паралель жүріп отырып, шөп түбінен қиып оң жаққа жығып түсіреді. Әкем қимылдары қайталана бастады, әр қимылынан кейін ол кішкене алға жылжиды. Бес минут ішінде ені бір метр, ұзындығы екі метр жерде ен бойымен кесіліп құлап шатқан шөптен тұратын текше жер пайда болды.
Бірінші күні, шөп шаба алмадым, солға қарай орақ басы кеткенде ұшын жерге қадап алам немесе орақ ұшына көп шөп іліп алып, шөп сабақтарын шала қиям. Солай жаттығумен күн өтті.
Екінші күні. Әкем дала басына кенеп қапшықты арқалай шықты. Қаптың бір бұрышында ауыр бір нәрсе бары анық еді. Алдыңғы күні орақтарды дала басындағы талдар арасына жасырып кеткенбіз. Дала басына жеткеннен кейін орақтарымызды тауып алып, шөп шаба бастадық. Біраздан соң, орақ жүздері қайтып қалғаны белгілі болды. Қайта –қайта қайрай бергендіктен жүзі желініп қалыңдап кетіпті, қайрауға келмейді.
Орақтарды шыңдау керек. Әкем қапшығынан кішкене төс алып шықты, нағыз ұстаның төсі, тек шағындау екен. Менің балғамды да ала шығыпты. Алдыңғы күндегі шапқан шөпті жинап кішкене бір-екі айырдай шөмелеп үйген болатынбыз. Соның біреуінің жанындағы тегіс жерге әкем төсті орнатты.
-Балам орағыңды шыңдап ал, –деп түк болмағандай өзі шөп шауып жүрген жеріне кетіп қалды. Алдыңғы жолғы ескертуін ұмытқандай. Орақ басын төс үстіне қойдым. Сабын арт жағымдағы шөмелеге жантайтып тіреп көрдім. Төс орнында дұрыс тұр екен. Кішкене ары қойса немесе бері қойса, төс үстіне орақ басының жүзі дұрыс жатпайды екен. Орақ басын үйде, есік алдында шыңдағанымда ол сапталмаған еді. Енді ескеру керек, орақ басын мықтап ұстау — қауіпсіздік кепілі, әсіресе, орақ үшін шыңдағанда байқау керек. Орақ басын, орақ сабын басып кетіп, сол қолымнан шығып кетсе, не болады? Орақ ұшы қолымның немесе қолтық тұсыма қадалып қалу мүмкін ғой. Сонда сасқанымнан сол қолмен орақ басын ұстасам, саусақтарымның қиылары анық. Оның үстіне мазалап шағып жатқан шыбын -шіркей, сона шаққан кезде, қалай сезбей шыңдайсың?
Қорықтым, не істеу керек? Орақты шыңдау керек. Орақ басын төстен сырғытып түсірдім. Төс алдына тізерлеп отырдым да, оң қолыммен орақ сабын, сол қолыммен орақ басынан ұстап төс үстіне апардым. Орақ сабы орнығып, шөмеле үстінде жатқанына көз жеткіздім. Сол қолыма балға алып, орақ жүзін шыңдай бастадым. Соншалықты қорыққаным ба, іске берілгенім бе, шаққан шыбын-шіркей өз жайына қалды, тек құлағымда балғаның тықылдаған дауысы. Көзім орақ жүзіне тиген балғадан басқа ешнәрсе көрмейді. Бір -екі рет балғаны қойып, орақ сабын қозғап, сырғып кетпесін деп орнықтырып отырдым.
Сол күннен бастап орақтарды дала басында шыңдайтын болдым. Жалғыз біздің ғана шөп шабатын орақтарды ғана емес, маңайдағы көрші орақшыларының орақтарын да шыңдап жүрдім.
Қазір жасым 30 -да, сұраңызшы менен, «орақ басын шыңдай аласың ба?» деген сұраққа қалай жауап берер едің деп:
-Аллағи- биллағы, құдай сақтасын, орақты шыңдай алмаймын, ондай өнерім жоқ, — деп айтар едім. Неліктен дейсіз ғой? Орақ жүзін шыңдап, қайрау үшін ең бірінші таза ой, екіншіден қатты қол, үшіншіден өткір көз, төртіншіден ептілік, бесіншеден төзімділік керек. Осының біреуі жоқ болса ешқашан, орақ шыңдауға бел бума дер едім. Қазір менің ойым таза емес. Бала кезде көп нәрселер туралы ойланбаппым, өлімнен қорықпаппым. Өз әкемді, әке болған соң түсіне бастадым. Әкем ешқашан маған қол жұмсап көрген емес, шешем тек «әкеңе айтам» десе, ол маңан әкемнен ұрыс естіп алғандай сезілетін.
Әкем жетім бала, әке тәрбиесін көрмеген жан екен. Соғыстан кейін жетім қалған балалардың бірі. Үлкен жастағы соғысқа бармай қалған қариялар қол астында және анда-санда жұмыстан қол тиген шеше тәрбиесін көрген. Кейіннен оны интернатқа оқып-тәрбиелеуге берген. Сол жылы алғашқы рет қолмен шөп шапқан жылымызда өзі алғаш рет қолына орақ ұстаған екен. Неге дейсіз. Қажеттіліктен, екіншіден мені шынықтырайын деген оймен. Жасы алпысқа тақағанда шөп шабуды орақшылардан барып үйреніп, одан кейін мені үйреткен.
Алғашқы рет бала болып қауіпті істі атқарғанда, яғни, орақты шыңдап жатқанымда, әкем маған білдіртпей мені байқап отырыпты. Істі жөнімен істегенге көз жеткізгеннен кейін мені тоқтатпаған. Бірақ, мысал келтіру арқылы мені жөнге салып отырды. Өзі әке тәрбиесін көрмесе де, аталарынан алған тәрбиесімен өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып тәрбиеледі. Анам қанша дана болғанымен, әкемдей мені талай қауіп- қатерден аман алып қалуы екі талай еді.
Анда -санда жұмыс істеп отырғанда, маған қасымдағылар айтады «кедергі жасап отырмыз ба?» деп, жауап берем «жоқ». Өйткені олар маған кедергі емес, оларды естіп, көз алдымда отырса да не істеп жатқандарын көріп отырған жоқпын. Өйткені не істесем де көңілім орақ жүзін шыңдап отырғандай, сол мезетте ең маңызды ісім -атқарып отырған ісім, қолымнан біреу ұстап істеткізбесе жұмысымды тоқтатам, бірақ қайтадан қолыма алсам тура тоқтаған жерімнен жаңылмай жұмыс істей беретін болдым. Осы қасиетімді сол бала кезімде орақ шыңдағанымда қалыптастырдым. Әке сөзі, әлі құлағымда…
Бөлісу:

19 пікір

aikarakoz
Осынша әріпті теруге ерінбегеніңізге ырысбек!
Abilakim
сырткөз ретінде қарай салып жаздыңыз ба? Жазбаны оқысаңыз бұлайша жазбас едіңіз, жазсаңызда бірер ауыз сөз қосар едіңіз
bake
aikarakoz т.б.оқыстан жазылып кеткен пікірлерге үйрендік, уақыт тауып оқығағызңа алғыс
aikarakoz
Ия, оқыған жоқпын. Оқысам, бір ауыз сөз қосатын едім. Көп әріп екенін ғана айтып өттім.
Abilakim
әсерлі жазба екен.Мен орақпен де шалғымен де шөп шауып көрмеппін.Тракторға тіркелетін шөп машинасымен ғана шауып көріппін.
Әкелер (аналар)жайлы естелік әманда жақсы болады. Себебі, ол шын жүректен шығады.
bake
Сапталған орақ қой -оны шалғы дейді, орақ деп көбінде қол орақты айтады орысша (серп). Есіме түсірсем ауылда әкелеріміз қандай жауапты жұмыстарды табыстап бізге аман есен істете білген. Жай жұмыс істетіп қоймай істің бабына, жаман мінезімізді жақсыға жұмсата біліпті.Бала кезімде тәрбиемен қалыптасқан дағды кәсіпқой жұмысымызда талай рет көмектесті.Ұрпақ тәрбиелей білген ата-аналар құрметіне жаздым
sammita
жазбаны шолып түсіндім не жайлы екенін, былай әсерлеп, табиғатты, оқиғаны сипаттап жазатын жерлерді тастап кететін әдет баяғыдан бар. Абай жолының өзі кешірсін мені
Қол орақпен, шалғымен шөп шабуды біздің ауыл балаларының бәрі біледі. Шөп белуардан өседі, тамыздан бастап қара күзге дейін әркім өз шөбін шауып, арбаға тиеп пішенін толтыра бастайды. Талай барғам шөп жинасуға)) Кейде жанармайын құйып техника жалдайды.
Abilakim
торғайдың шырылдағанын, селеудің басының желмен ырғала тербелгенін мен де тастап кететінмін
Nur
Жақсы жазылыпты. Бізде шөпті шалғымен шабады… Орақпен бақшадағы арамшөпті ғана орамыз.
bake
Шалғының жүзін шындағаным ғой
asaubota
жазу тілің ұнады. тағы жазып тұр, махаббат тақырыбында да. сәттілік!
sammita
Үлкендер әңгімесіне шақырып ал
Daniar-Alan
ооо Бәке кланға кірді…
bake
қоныстанып жатырм, бұрынғы мекен on.kz
ken
«Орақ» сөзі 86 рет жазылыпты.
bake
келесі нұсқасында санын азайтып көрейін
MickThatsMyNick
"Әке көрген оқ жонар" дегенге келеді екен.)