«Қара киімділер 3»: көрермен, саған серт!



Алдымен, агент Кейдің кім екенін айтып алайық. Ол – жас Джейдің қарт әріптесі. Екеуі агенттер, жат планеталық зұлымдыққа қарсы күресетін, жердегі өзге ғаламшарлықтардың жүріс-тұрысын бақылап, қадағалап отыратын арнайы ұйымның өкілдері, басқаша айтқанда қара киімділер. Сонау 1997 жылы жарық көрген бірінші «Men in black» есіңізде шығар. Міне, сол фильмнің бас кейіпкерлері.

Томми Ли Джонс пен Уилл Смиттің тандемі кино саласындағы танымал кейіпкерлердің қатарына кіреді. Араға екінші фильмді салып барып, үшіншісін түсірген Columbia Pictures өнімі бұл жолы Борис «хайуаннан» (Джемейн Клемент) басқа өзге планеталықты жарытып көрсетпеді. Басымдық басқаға берілді.



Ай бетіне салынған алып зынданнан сылқым Лиллидің (Николь Шерзингер) көмегімен қашып шыққан Борис бір қолынан һәм бостандығынан айрылған сонау 1969 жылға қайта оралады. Бар мақсаты – түрмеге тоғытқаны үшін агент Кейді (Томми Ли Джонс) өлтіріп, бәрін жалмап, жойып келе жатқан ғаламшарлық туыстарына жерге жол ашып беру, адамдарды сыртқы шабуылдан қорғайтын арнайы құрылғынының көзін құрту.

Бірақ, бас қаскөйдің бұл істі атқаруына алпыс тоғызыншы жылы бала болған агент Джей (Уилл Смит) бөгет жасайды. Бәрі бақытты аяқталған (яғни Борис қолынан айрылған, түрмеге тоғытылған, қорғаушы құрал іске қосылған) өмірінен балама тағдырға (Кей 1969 жылы өлген, құрылғының көзі жойылған, Жерге Бористің көмегімен жауыз ғаламшарлықтар кемесі жақындап қалған) бір түнде тап болған Джей амал жоқ өткенге оралып, жас агент Кейге (Джош Бролин) көмектесуге мәжбүр болады.



Қағаз бетіндегі шым-шытырық сюжетті кадрда барынша қарапайым етіп берген фильм авторлары бұрынғыдай аузы-мұрнынан шығып, ақтарылып жатқан ғарыштық «ағайындарды» емес, бірінші планға Кей мен Джейдің ондаған жыл бұрын басталған қарым-қатынасын қойған. Біз білетін оқиғаны басқа арнаға бұруға тырысқан. Және олары сәтті шыққан.

Төрт құбыласы түгел бластерлер мен түрлі формадағы, күйдегі құбыжықтарды өзге планеталықтарды одан әрі көрсете беруден бас тарту арқылы авторлар әу баста фантастикалық комедия деп аталған франшизаны фантастикалық драма соқпағына түсіруге мүмкіндік алған.



Жас Кей мен бала Джей және кәрі Кей мен есейген Джей арасындағы әріптестіктен достыққа, достықтан рухани туыстыққа ұласқан қарым-қатынасқа экшнның һәм комедияның элементтерін қосып, мидай араластырып беру эксперименті режиссер Барри Зонненфельдтің командасына оңай жолмен кету әдісі болып көрінсе керек. Тығырыққа тірелді-ау деген сюжетті жаңа «Қара киімділерге» негіз болатын оқиға желісімен тұтастырып жіберу коммерциялық жобаның жалғасын шығаруды мақсат тұтқан секілді («Кариб теңізінің қарақшыларын» еске түсіріңіз).



Актерлық ойын бойынша Уилл Смит пен Джош Бролинді ерекшелеп кеткен жөн. Қайғы-әкені де («Бақыттың соңына түсу», «The Pursuit of Happyness»), қаһарманды да («Мен, робот», «I, Robot») қатар ойнай беретін Смиттің қыршаңқы тілді, қырсықтау агенттің рөлін қиналмай ойнауы таң қалдырмайды, әрине. Ал «Қарттарға мұнда орын жоқ» («No Country for Old Men») және «Темір тәсіл» («True Grit») секілді адам жанының күрделі қатпарларын ашуға ұмтылған фильмдерге түскен Бролинді дүңкиген мінезді, көп сөйлемейтін, күлкі шақыратын кейіпкер ретінде көру көрермен үшін қызық болатыны сөзсіз.



Көзіміз күрделі эффектілерге үйренген кезеңде (әсіресе «Кек алушылардан» кейін) «Қара киімділер 3-тің» таңданыс шақыра қоюы екіталай. Алғашқы фильмдегідей «космос» романтикасының атмосферасын да жеткізе алмады. Бірақ, уик-ендті көңілді өткізуге мүмкіндік береді.

Фильмнің қазақ тіліне аударылуы қазақстандықтардың «қара бала» бастаған актерлар тобын жылыұшырай қабылдауына әбден негіз болады деген сенімдемін. Смитті мемлекеттік тілде сөйлеткен Азамат Қанапияновтың дауысы қазақ кинопрокатының қазіргі «үні» болып отыр.

«Аудармасақ – бізге серт, көрмесеңдер – сіздерге серт» деп отырған кино-делдалдар бастамасының дамып, тәржімаланатын фильмдер санының артып, сапасының жақсарып, өрістей түсуі ең бірінші кезекте кинотеатрға ағылған жұртқа тікелей тәуелді. Ендеше, кезек сізде, құрметті көрермен…



© Киностан
Дінмұхамед qisyq Зиядин
Бөлісу:

17 пікір

meirzhan
Қазақша көрген қызық болатын шығар. ық-ық
Kipshakkyzy
Иә, қазақшасы қызық сияқты. Мен қазақ аудиториясының санын көбейту үшін барам. Көрмесем маған серт дейді ғой!
Marationok
Мен қазақ аудиториясының санын көбейту үшін барам
Сонда киносы қызық емес пе?
asaubota
Қара! қаратқыз!

(айып етпеңдер, ағаларың аздап ішіп қойд)
qisyq
О… о… оқасы жжжоқ… братаннн (теңселіп, иығыңнан ұстап). Атакатдушиғо… (көзі тұманданып, кафенің есігіне қарап)…
asaubota
елестеттім. рахмет!
zholantai
Барамын. "Қара киімділердің" киносынан гөрі, мультсериалын тәуір көремін,
meirzhan
бала детектед
qisyq
Детектор детектед
asaubota
сыболыштар ай! КерекИнфо осындай индивидуумдардың арқасында тұр ғо, ризамын. отырайық шамалы, әңгіме жақсы жүріп жатыр.

девушкааааа! два пива еще!
Argyn
кешіріңдер мен де отырсам болама ма… тек сок ішіп отырамын))))) ааа, рахмет… қара киімділерді көріп тастадым… блогер жігіттермен де таныстым… керемет туынды…
Nurshat
отырған жақсы ғой… алдыңда блок блог сыра болса…
zholantai
ой, сен де))). Енді "Қара киімділер"-дің киносынан бұрын, мульсериалын көргенмін. Қателеспесем, КТК, не НТК телеарнасынан таңертеңгілік беретін, көзді ашар ашпастан, телміретін едік. Сол ғой енді,
balenti
Базар жоқ кино… Уилл Смит красавчик!!!
araika
Мынау біздегі Керуенде өткен флешмоб
Blogshy
Ұнамады. Әсіресе Кейдің «Нужен пирог» дегені өлтірді…