Ертегі

Ертеде бір Құбыжық өмір сүріпті. Жоқ, заты құбыжық емес, азан шақырып қойған аты Құбыжық. Тілдей куәлігіне Құбыжық деп жазылып кеткен соң амал бар ма. Сүндет тойынан бір жылдан соң молда алдына тіл сындыруға барғанда барлық балалар «Сенің атың да Құбыжық, затың да құбыжықсың!» деп мазақтап ойнапты. Алтыға келгенше адам баласын көрмей, тауда әкесінің етегінен ұстап қой баққан балада қайбір түр болсын. «Құбыжық болсам болармын» деп сырттай көнген түр жасағанымен, ішінде қатып жатқан кекті ешкім білген жоқ…

Күндер өтті. Құбыжық ер жетеді. Хан сарайына жақын жүрейін деген ниетпен сарай ұстаханасына балғашы болып жұмыс істеді. Баспайтын жерге барып қонатын Бақыт соқыр ғой… Құбыжықтың бұжыр маңдайының бағы бес елі екен, Көктен бұйрық келген күні ханның орнына қонжия кетті. Билік деген сұлу тоқал сияқты, кімнің де болса көкейін тесіп тұрады. Құбыжық та ештеңеден тартынбады. Талай қарсы болған, қарсы болады-ау дегендердің үстінен жаншып өтті. Бала күнде мазақтаған өздерінен көрсін.Сөйтсе сырттай қызығып жүрген ханның көрген күні күн емес, оның үстінен қарап тұрған аюдай ақырған патшасы бар екен…

… Тағдыр деген қызық… Құбыжық басқарған ел бір күні аяқ астынан тәуелсіздігін ала қалды. Ешкім сенбеді, тіпті өздері дауласып барып әрең сенді. Бұрындары Аю патшаның көңіліне қарап келген Құбыжық енді тізгін қолына тиген соң маңайына өзі сынды Құбыжықтарды жинай бастады. Көшбасшы Құбыжық атанды. Жандайшаптары Көшбасшының нұрлы жүзін сипаттап, күні-түні жақтары талмай мақтау ән айтатын болды. «Сіз Құбыжық болғанда ерекше Құбыжықсыз!» деді… «Сіздей Құбыжық әлемде жоқ, әйтпесе бірен-саран!» деді… «Сіз біртүрлі… әдемі Құбыжықсыз!» деді… Бала күнінде естіген мазақтары көкірегінде шемен болып қатқан Құбыжыққа мадақ сөздер майдай жағатын… Сенетін (Алда, байқұс-ай, жылы сөзге ешқашан мейірі қанбаған ғой!)… Жандайшаптардың мақтау-мадақ жарысына түсіп, естері кеткені сонша Құбыжықтың ескерткішін де жасап, ел көретін жерге апарып қойды(!)…

Құбыжық басқарған ел оңушы ма еді??? Хан сарайының іші-сыртында құбыжық атаулы өріп жүретін болды. Құбыжықтан туған балалар әкелерінен де асып түскен құбыжық еді. Хандықта «Құбыжық» атану сәнге айналды. Құбыжықтарға қызмет етуге барлығы таласатын болды. Жер-су, мекеме-мекен аттарына «Құбыжық» сөзін тіркемесең шаруаң өнбейтін еді…

… Бір күні Құбыжық оянса қарапайым халықтан ешкім қалмапты… Өздері өлтіргендері өлген, тірі қалғандары қашып кеткен. Епті, жылпостары құбыжыққа айналып, тіпті кейбіреулер құбыжық киімін киіп, көз бояу жасап алыпты. Енді… Енді құбыжықтар бірін-бірі жей бастады… Хан сарайына жақындары шеткерірек әлсіздерін жеп қойды… Олар қарап тұрады ма, бірнешеуі жиналып шеткері шыққан мықтыларына жабылып кететін болды… Тіпті кейбір Құбыжықтардың өзі бет-ауыздарын өзгертіп, шетке қашып кетуді шығарды…

… Ал Көшбасшы, Бас Қолбасшы Құбыжық болса осы уақытта әлі мадақ өлеңдер естіп, сарайында рақатқа батып жатыр еді… Ел тағдырына жаны ашыған бір топ адамдар бас ұрып мұң-сырларын айтып барса… Бас Құбыжықтың мақтаудан құлағы естімейтін саңырау, сарайының жарқ-жұрқ салтанатынан көзі көрмейтін соқыр болып қалыпты…

P.S… Бұл әжелер айтатын ертегі. Шын болса Құбыжық хандығы әлі күнге дейін өмір сүріп жатыр дейді… Ертегі қалай аяқталатынын да ешкім білмейді… Ал Сіз осы елді көрген жоқсыз ба?
Бөлісу:

5 пікір

kozildirik
Ертеректе жазылған, өзімше астарлаған ертегі))
Armanjan
сайт ережесінде мындай жазбаларға тыйым салынған еді ғой!
asaubota

нашар енді мынауың

мына ертегіні оқы www.kerekinfo.kz/blog/adminsblog/3904.html
aikarakoz
Көбәріп. Еріндім оқуға
Adiletshu
мысықшеккенге айдалып(алдымен ауыспалы мағынасында) кетпеші