«Қараңғы көлеңкелердің» жақсысы мен жаманы
Тим Бёртон мен Джонни Депп тандемі қолға алған жобаның ә деп басталғаннан-ақ елдің есін алмаса да, есінде қалып қоятын бір қасиеті бар. Оу бір кездері шыққан «Эдвард Қайшы-қолдардан» бастап, бертіндегі «Қалыңдық мүрдесі» мен «Ғажайыптар әлеміндегі Алисаға» дейін өзге мамандарда жоқ ерекше стильдің, айрықша киноның мысалы ретінде қарастырылады. 10 мамырдан бастап қазақстандық прокатта көрсетіле бастайтын «Қараңғы көлеңкелер» бұл екеудің сегізінші ортақ жобасы екен.
Жұбайын кинодан-киноға тасып жүретін Бёртон бұл жолы да білгенінен жаңылмаған: фильмде бары не, жоғы не кейіпкер дәрігер Джулия Хоффманды режиссердің әйелі Хелена Бонэм Картер ойнайды. Актрисаның талантына шүбәміз жоқ («поттерианадағы» Беллатриса Лестрейндж рөлінің өзі не тұрады), бірақ дәл осы жолы Картердің қаһарманы артық көрінді.
Жә, жалпы фильм не туралы деген елге алдымен жауап беріп алайын.
Баяғы өткен заманда (он сегізінші ғасырдың ортасы ғой), Коллинздар отбасы аманда, Барнабас атты бай-бақуатты бағлан жігіт жанұясын алып Англиядан Америкаға жол тартады. Еуропалықтар енді игеріп жатқан континент жаңа отбасының құшағына құлай кетеді: Коллинздер ә дегенше болмай әжептеуір қалашықтың негізін қалап, мал тауып, сол жерге берік орнығады. Бірақ, Барнабастың бағы осы жерде барымталанады. Анжелика Бошар атты Коллинздер әулетінің бетке ұстар жігітіне ғашық болған мыстан қыз әуелі Барнабастың басын айналдыруға тырысады, артынан болмаған соң, бас кейіпкердің әке-шешесін өлтіріп, тұқым-тұяғына жететін қарғыс жолдап, сүйген қызын жардан құлатып, өзін вампирға айналдырып, екі жүз жылға темір табытқа тығып тынады.
Екі ғасыр өткен соң қайта оралған Барнабас Коллинз үйінен төрт туысын, бірі ішуден, бірі еден жуудан қолы босамайтын екі қызметкерді және не үшін жүргені, не істейтіні белгісіз дәрігерді жолықтырады. Бір кезде өзі билеп-төстеген қаланы баяғы Анжелика Бошар бүйіріне басып алған. Жастары шамалас вампир мен мыстанның бақталастығы мен ары тарт та, бері тарт қарым-қатынасы қайта басталады.
Актерлар құрамы көзді де, көңілді де қатар қуантты. Кәсіби киноның сүйегін шағып, майын ішкен мамандар Мишель Пфайффер, Джеки Эрл Хейли, Хелена Бонем Картердан бастап асау Голливудты жүгендеп мінеміз деген жас Хлоя Морец пен Белла Хиткоттарға дейін Бёртонның атмосферасын дөп тауып, дәл таныған секілді.
Басты рөлдегі Джонни Депп пен Ева Гринның жұбын ерекшелеп кеткен жөн. Адами кейпінен қалған алаңғасарлығы және ақкөңілділігі вампирлік қанішерлігімен, қатігездігімен астасып кеткен Барнабас Коллинз бен қулық-сұмдығы, жауыздығы, әдемілігі һәм тартымдылығы жағымсыз сезімнен гөрі, сүйсініс туғызатын Анжелика Бошар – фильмнің көрермен арасында танымал болуына сөзсіз әсер ететін кейіпкерлер.
Готикалық трагикомедия деп ұсынылған «Қараңғы көлеңкелер» осы стиліне әбден лайық-ақ. Актерлардың гримі, костюмдері, қолданған реквизиттері, күлдіретін диалогтары, тіріле кететін мүсіндер, жекелеген ерекше кадрлар – бәрі-бәрі сәтті таңдалған, жазылған, жасалынған (бёртондық тәжірибе оңдырсын ба). Киноны көрмей, постеріне қарап-ақ «Еее, Бёртондікі шығар» деуге негіз болатын айрықшалығы Хелене Бонем Картердің күйеуінің атақ-шатағын кері тартпасы анық.
Бұған дейін майын тамызып, мақтап келген дүниеміздің аяғын сылтып басқан жері сюжеттік желісі болды. Әуелі ара-тұра ішіңізді пыстырып алып, ақыр аяғында таптаурындықпен сілейтіп кететін оқиға барысы «әне, міне» деп отырғаныңызда фильмді аяқтап, шымылдықты жауып, кетіп қалады. Туынды соңындағы жауыр болған, тек актерлары мен орнын ауыстырған финал Бёртон және Ко дені дұрыс сценарист таппады ма екен деген ойға жетелейді екен. Әйтеуір, атынан
«Қараңғы көлеңкелер» атауын ақтап тұр: күн мен түн, үй мен дала, кеш пен таң – бәрі еңсені басар қара кейіптің астында қалған. Тек ауық-ауық айтылатын (әсіресе Депптің аузынан шығатын) әзілдер, «енді не болар екен» деген қызығушылық, готикалық күйді жеткізе білген мамандар еңбегі және Ева Гриннің
Соңғы кезде қаптап кеткен «екі вампир – қос ғашық» туралы жылауық фильмдерге мұндай кино түсірудің басқа да жолы бар екенін көрсеткен Бёртон-Депп және басқалар кинотеатрға ағылған елдің мәзіріне ащы-тұщысы аралас тағы бір «тағам» қосып қойыпты.
Ендеше, ас болсын!
Димаш Зиядин
Киностан
1 пікір