Дүңгіршектерде қазақша газет-журналдар неге аз?

«Газет-журнал сататын дүңгіршектерден қазақша газет-журналдарды таппайсың. Қазақстанда тұрсақ та қазақша басылым сатып алу мүмкін емес» дейді көп адамдар. Айтып жатқандары қазақша басылымдардың орыстілді басылымдармен салыстырғанда саусақпен санарлықтай ғана екенін білдіреді.

Дүңгіршектердегі қазақша газет-журналдарының саны неге аз?
Кез келген газет-журнал ә дегеннен танымал болып, таралымы артып кетпейді, яғни сұраныс уақыт өте келе артады. Ал оған дейін редакция немесе баспагер біраз әбігерге түсіп, шығындалады, терлейді. Өйткені басылымды шығарып, халыққа жеткізу оңай шаруа емес. Әсіресе, қаржысы аз басылымдар үшін қиынның қиыны деуге болады.

Бюджеті мардымсыз немесе менеджменті тұралап қалған басылымдар қала көшелеріндегі дүңгіршектерге шықпайды. Себебі көптің бірі, сапасыз, сұранысы аз басылымдарды саудалау дүңгіршектер желісіне иелік ететін компания үшін тиімсіз. Өтпейтін қаптаған басылымдарды алып, жүк қылып тасып жүру — компания үшін уақыт пен қаржыны шығындаудың дәл өзі. Міне, сондықтан талапқа сай емес (сапасыз, сұранысы аз, қызықсыз) қазақша басылымдар дүңгіршектердің маңына да жоламайды. Егер газетіңіздің немесе журналыңыздың сапасыз және белгісіз (танымал емес) болуына қарамастан, дүңгіршектерден табылғанын қаласаңыз, қалтаңыз қалын болу керек.

Алматы қаласында көп кездесетін «Караван» және "ҚазПресс" дүңгіршектер желісі мен «Мир пресс» тарату (дүкендердегі газет-журналдар бөліміне жеткізеді) желісіне басылымыңызды енгізу арқылы қала бойынша газет-журнал сатылатын орындардың барлығына дерлік жетуге болады. Бірақ ол оңай шаруа емес. Шаруа басылымның сапасы мен сұранысына тікелей байланысты емес. Бұл мәселеде шешуші рөлді ақша ойнайды.

Жоғарыда аталған желілер арқылы басылымыңызды тарату үшін кемінде 6 мың АҚШ доллары шамасында ақшаңыз болуы керек. Өйткені олар сіздің басылымыңызды (негізінен жаңадан шыққан басылымдар мен танымалдылығы төмен басылымдар) тегіннен-тегін нарыққа шығармайды. Ол компанияларды да түсінуге болады: басылымды тасымалдау, сұрыптау, т.б. жұмыстар тегін жасалмайды. Олар да жұмысшыларды жалдап істетеді.

"Қазақ басылымының дамымауына, сатылмауына орыстар кінәлі"
Тіл мен ұлт мәселесіне келгенде бірден орыстар мен орыстанған қазақтарды жамандап, бар кінәні соларға артып жіберетін ұлтжандысымақ адамдар аз емес. Бірақ барлық жағдайда орыстанған қазақтар мен орыстар кінәлі емес қой. Осы тақырыпқа байланысты мысалдардың бірін қарастырып көрелік. Сапасыз, қызықсыз болып шығатын және белгісіз (жарнамасы мен пиары жоқ) басылымды алушылардың саны көп болмайды. Демек, сұраныс өте төмен. Сұранысы жоқ басылымды алып, оны сата алмайтынын білетін әлгіндей компаниялар көптеген қазақтілді басылымдардан бірден бас тартады. Егер алатын болса, ақылы түрде сатып беруге ұсыныс жасайды. Ақылы түрде дегеніміз үстіне қоятын үстеме бағадан бөлек ақша.

Сапасыз әрі қымбат тауарды ақылы бар адамның алмайтынын ескерсек, қазақ тіліндегі екінші сортты басылымдарды алушылардың көп болмайтынына ойша көз жеткізуімізге болады. Ақиқатында да солай. Олай болса, таралымы 5-10 мың болатын, сұранысы одан да аз басылымды алып сату ешқандай компания үшін тиімді емес. Сондықтан олар ондай басылымдарды дүңгіршектеріне жолата бермейді. Осыдан кейін көптеген қазекем "Қазақ басылымының дамымауына, сатылмауына орыстар кінәлі" деп ренжиді. Ойланып көріңіздер, сұранысы жоқ тауарды сатпаған саудагер неге кінәлі болу керек?! Егер қазақ тілінің мүшкіл халіне бас ауыртатын адамдар болса, қолынан келгенше пайдалы әрекет жасасын. Мәселе орыстарды кінәлаумен шешілмейді.
фото: anatili.kz

Аздаған есеп-қисап:
«Караван» желісінің Алматы қаласында 65 дүңгіршегі бар. Барлық дүңгіршекте басылымыңыз болсын десеңіз, алғашқы кезде үш айға келісімшарт жасасып, ай сайын 50 мың теңгеден бересіз. Егер кейін басылымыңызға сұраныс болып жатса, үш айдан соң саудаға шығару үшін сізден ақша алмайды.
Дүңгіршектердің көзге бірден түсетін орындарына басылымыңызды бір айға орнату үшін 150 мың теңге беру керексіз (егер 150 мың берсеңіз, алдында айтылған 50 мың теңгені төлемейсіз).

Алматыда "ҚазПресс" желісінің 100 дүңгіршегі/сауда орны бар. Егер басылымыңызды барлық дүңгіршекке шығарғыңыз келсе, бір айға 60 мың теңге төлейсіз. Ал көрінетін жерде тұрғанын қаласаңыз, әрбір дүңгіршек үшін орташа есеппен 2500 теңге төлеу керексіз.
Бөлісу:

6 пікір

satibaldi
бір айға 60 мың теңге төлейсіз.
Өзің төле нақ!
Nurshat
Айта-айта Алтайды,… Апам кетіп қалд…
Marationok
неге?
Nurshat
Басқа БАҚ көзімен, «Орташа есеппен Қазақ журналшысының алатыны алпыс мың»
zhanibek_nurish
Оқып отырып, өзімді жеке газеті бар, не жеке газет шығармақ ойы бар, сол үшін дүңгіршектердің жай-күйін білмекке ақпаратқа сусап жүрген пенде сезініп кеттім. Оқырманға қараттыра отырып жазу әдісі ұнаған емес,
Келтірілген мәліметтер мен үшін тосын болды, бұл үшін аффтарға алғыс ғана!
suleimenuly
Бізде нақты жазатын, сараптаманы дұрыс бере алатын, ешкімнің сойылын соқпайтын нағыз, әділ газеттер жоқ деуге болады. Мықты жаза алатын журналситер бар, бірақ мықты газеттер аздау