Қазақтың бір ғана отаны бар
Өмір расында өлшеусіз дүние. Ондағы түрліше тірлік өз алдына қым –қуыт. Сол тынымсыз тірліктің ең керемет үлгісі болған адам баласы қанша ақылды болып, әлі жеткенді бағындыра алғанымен, Алла сыйлаған өлім алдында әрқашан дәрменсіз. Бірақ, осы бір ақылды пенденің өлшеулі ғұмырын өшірмейтін ол әрине, ұрпақ. Өйткені, «адам өзі мың жасамайды, ұрпағымен мың жасайды», сондықтан да тарих өзі таразы болып, жеке ұлт болып қалыптасқан қазақ халқы қаншама қан кешулер кешсе де, келешегін ойлап, бүгінге жетті. Қалай жетті? Ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен сол бір сұм заманда қасқырдай тиген қас жауларға қасқая шапқан қайсар қазағым хандғы құлап, құты қашса да «ұрпағым» деп ұрысқа шықты, боздақтар өліп, ат жалын құшты. Алқымынан алған тарамыс тағдырдың тауқыметі жеңді ме, әлде отаршыл күштің өрті шалды ма, қапыда қалған қазекең тар жолда тайып, тарыдай шашылды. Миллион қазақ аштықтан өліп, миллион қазақ шетелге асты. Сонда да есін жиып, десін бермеген батыр елім бабалар аманаты байтақ даламыздың іргесін мықтап, егемендігін алды. Алаш ұранымен арайлап атқан азаттық таңы қазақ мемлекетін әлемге паш етіп, аламан жұрттың арман аққуын айдынына қондырды. Даласы қандай кең болса, көңілі де сондай дархан ел өзін ғана жарылқамай, жомарт жүрегіне жүзден астам ұлт пен ұлысты ұялатып, өз ұлындай бауырына басты. «Қадірімді біл» деп қамшысын алған қазақ жоқ. Аллаға сеніп қайырын күтті. «Біз бәріміз қазақпыз, жер шарында көп емеспіз, азақпыз» демекші ұзын саны 10 –ақ миллион болғанымен, ұлан –ғайыр өлкесі бар бақытты ұлттың бұл күндері арманы көп –ақ. Соның бірі, әлемдегі бар қазақты бір шаңыраққа ұйыстыру, ұрпақ үшін қызмет еттіру. «Өзге елдің сұлтаны болғанша, өз елімнің ұлтаны болайын!» деп туған топырағына аңсары ауған Бейбарыстай батырдың күйін кешіп, күпісін тастамай жүрген шетелдегі қандастарымыздың қазіргі кезде көші баяу, көңілі қаяу екендігі баршаға аян. Алайда «ештен кеш жақсы» емес пе?! Жаһандану жағадан алып, империя мен миллиярд арасында тілі байлауға, діні айдауға түсіп, жұтылып кетпей тұрғанда, бытырап жүрген 5 миллиондай бауырларымызды тарихи отанымен тезден қауыштырсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Демек, қай жерде қай кезде болсын, қазақ баласының бір ғана Отаны бар. Ол — Қазақстан. Сенетін бір ғана діні бар, ол – Ислам!
Ермек Қанатбекұлы
Бір қазақтың отанын модер анықтаған секілді