БАҒДАРШАМ

Таңның атып, кештің батысына дейін ары – бері жүретін сіз жол бойында үнсіз тіл қатып тұратын бағдаршамға күніне неше рет жолығасыз? Үш түстен құралған қарапайым бағдаршам «Тоқта, дайындал, жүр!» деп жанып – өшіп, қаншама адамның мезгілінен бұрын көз жұмуынан сақтап тұр екен?! Ол түсін алма кезек ауыстырғанда көз алдыңызға не елестейді? Бағдаршам сіз үшін қай кезде жүріп, қай кезде тоқтау керектігін түсіндіретін құрал ғана ма?..

Сағат тілі таңғы жетіні көрсетіп тұр. Терезе жанына барған мен далаға көз салдым. Қыс мезгілі болғандықтан айнала қараңғы. Көше бойында қаз қатар тізілген шам жарығынан биік үйлердің сұлбасы көрінеді. Мен тұратын үй мен қарама-қарсы бағытта орналасқан көп қабатты үйдің ортасында ұзын жол бар. Бағдаршамның түсі жасылға өзгергенде жолдың екі жағында тұрған адамдар қарсы бағытқа қарай қадам басты. Міне, қызық! Бесінші қабаттан төменге көз салып тұрған адам үшін жол үстінде ары — бері сабылып жүрген екі аяқты тіршілік иелері қаптаған қара құмырсқаға ұқсайды екен. Ерекше көріністі тамашалап тұрғанымда бағдаршамның сары түсі жанды. Осы кезде көліктер жүруге дайындалса, жол үстіндегі адамдар жолдың арғы бетіне жетуге асықты. Бағдаршам қызыл түсті көрсеткенде жолдың екінші бетіне өткен адамдар аяңдап басып, әлдеқайда кете барды. Қайда бара жатқаны мен үшін белгісіз.

Қызық… Өмірдің өзі бағдаршамға ұқсайды екен-ау! Бағдаршамның «жүр!» деп жасыл түсі жанғанындай, «өмірге кел!» деген бұйрықпен жарық дүние есігін ашамыз. Бағдаршамның сары түсі «дайындал!» дегенді білдіретіндігіндей, өмірге келген адам өлімге қарай қадам басып, жалғаннан мәңгілікке кетуге дайындалады. Бағдаршамның «Тоқта!» дегенді білдіретін қызыл түсі жанғанындай, күндердің бір күнінде тағдырдан «Тоқта!» деген бұйрық келеді. Жолдың ар жағына өткен адамдардай біз де өлімнен кейін әлдеқайда бет аламыз. Не жұмақтан, не тозақтан тұрақ табарымыз Алладан басқасына аян емес.

Бағдаршамдағы сары түстің ұзақ жанбайтыны бәрімізге белгілі. Адамның өлшеп берілген ғұмыры да көзді ашып жұмғандай тез өте шығады. Жолдың арғы бетіне өтуге асыққан адамдардай, біз де әлдеқайда асығамыз да жүреміз. Асығатынымыз сондай, жан — жағымызға зер салып қарауға, өзіміздің ішкі дүниемізге терең үңілуге, көп нәрсенің қадірін білуге уақыт таппай қаламыз.

Адамзат атынан сөйлеуден аулақпын, дегенмен қазір тіліме тиек ететін әрекетердің сізге де қатысты болуы ғажап емес. Өзіңізге «Мені кім көп ренжітті?» деген сұрақтың орнына «Осы уақытқа дейін кімді көп ренжіттім?» деген сұрақ қойып көріңізші. Көз алдыңызға кімдер келеді? Көпшілігіңіздің көз алдыңызға ең алдымен ата – анаңыз келуі мүмкін. Себебі біздер кез келген қателігімізге көз жұма қарап, кешіре білетін адамдардың қадірін біле бермейміз. Әлдекімге ашулансақ, ренжісек бұлқан – талқан болған күйімізді көтеретін кім? Әрине әлемнің жарығын сыйлаған анамыз! Ес біліп, ересек жасқа жетсек те құшағына қысып, жас балаша еркелететін сол бір аяулы жанды түсінбей «Жас бала емеспін ғой! Не үшін еркелете береді?» деген ойдың жетегіне кететін біз арада ұзақ жылдар өтіп, әке – шешеміз бақилық болғанда әкенің ақылы мен ананың мейіріміне қаншалықты мұқтаж екендігімізді түсінеміз… (Кеш түсіну – адамзат атаулыға тән қасиет-ау!)

… Арманыңыз асқақ, қиялың шексіз бала кезіңізде туған жерден (мейлі ауыл, мейлі қала болсын) жырақтап, алысқа кеткіңіз келеді. Сол алыс жақта жарқын болашақ күтіп, өміріңізде оңды өзгерістер болатындай сезімде боласыз. Кәмелеттік жасқа жетіп, өз бетіңмен шешім қабылдауға қабілетті болғанда оқуыңызды жалғастыру немесе басқа да мақсаттармен көзіңіз көрмеген жаққа кетесіз. Ол жақта бәрі бөтен адамдар, ешкім сіздің басыңыздан сипап, еркелетпейді.Үйге келсеңіз бар тәтті — дәмдісін алдыңызға жайып отыратын ата – анаңыз, қиындықта қол ұшын беретін бала кезгі достарыңыз да жоқ. Өміріңіздің қалам ізі түспеген жаңа парағы ашылғанын түсінесіз. Бойыңызда үміт пен күдік қатар жүреді. Ол кезде ешкім де сізден «Былай етсем саған ұнай ма? Мынадай сынақ жіберсем, сынақтан сүрінбей өте аласың ба?» деп сұрамайды. Себебі бұл он бірінші сынып бітіргенде тапсыратын тест сынағына он бір жыл бойы дайындалатын мектеп қабырғасы емес, бул – өмір! Өмір сынақтарын алдын ала ескертіп айтпайды, «сынақтан өте аласың ба?» деп сұрамайды. Алдыңнан сынақ шықса «өте алам ба, өте алмаймын ба?» деген сұрақ болмауы да керек, өйткені сынақ сізге сүріндіру үшін емес, шыңдала түссін деп беріледі. Осындай сан сұрақтың жауабын таппай жүрген кездеріңізде бір кездері қадірін білмеген, «осы жерден алысқа кетсем ғой, бар арманым орындалар еді!» деген туған жеріңізді сағына бастайсыз! Бір — бірін естімейтін, бір — бірін түсінбейтін, түсінуге тырыспайтын, алдына қойған мақсаты мен мақсатқа жетуге себепші болатын пайдалы адамдарды ғана көретін адамдардан қашып кетіп, туған жеріңде тұрақтап қалғыңыз келеді. Бірақ адамдардан «алысқа кетіп арманына жете алмай, сағы сынып қайтты» деген сөзді естимін деген қорқыныш сезімі сіздің кері қайтуыңызға жол бермейді… (Бұл қорқыныш талай жетістікке жетуіңізге де себепші болады).

Өмірден өз орныңызды табуға талпынып жүрген күндердің бірінде сіздің қасыңыздан табылып, қол ұшын беріп, қуаныш – қайғыңызды тең бөлісіп, сізге бақыт сыйлағысы келетін жанды жолықтырасыз. Бірақ сіз оны көзіңізге де ілмейсіз. Себебі алдағы уақытта алдыңыздан одан да жақсы адам шығады (бәлкім кездесіп те қойған). Сіздің көзіңіз сол жаннан өзгені көре алмайды. Сізді бақытты еткісі келетін бір адам сияқты, сіз басқа адамды бақытты еткіңіз келеді. ОДАН ДА ЖАҚСЫ (тіпті бәрінен жақсы ) деген адамыңыз уақыт өте келе сезімнің өшкенін, сізден де жақсы біреуді кездестіргенін айтады. «Сен де жақсысың, бірақ жүрекке әмір жүрмейді» деп, сөз соңында саған бақыт тілеп, өз жолымен кете барады. Осы кезде жақсы деген адамның да жылатып кете алатынын, шынайы сезіміңді бағалай білмеудің қандай ауыр екенін түсінесіз. Сізді бақытты еткісі келген жанды түсіне бастайсыз, алайда ол да сізсіз де күле алатынын, сізсіз де қуанып, сізсіз де бақытты өмір сүре алатынын әлдеқайда түсінген…
Жүйрік аттың шабысындай зулаған уақыт өте береді, өте береді. Ал сіздің жан жараңыз жазылмайды. Сағаттың тық — тық еткен дыбысы сізге «Мен өтіп барам, мен өтіп барам! Әр сәтің бағалы, қайтып оралмайды! Оян! Өмір сүр!» дейді. Атқан таң да, батқан күн де, алма кезек ауысып отыратын жыл мезгілдері де, жауған қар, құйған жауын, аққан жұлдыз да «Өмірде бәрі де өткінші" деп сыбырлап, өткінші сәтті өкінбестей етіп өткізуге кеңес береді. Бірақ сіздің көңіл – көзіңіз ештеңе көрмейді, жүрегіңіздің құлағы ештеңе естімейді…

«Өмірдің ең ауыр сынағы осы болсын! Бұдан кейін көтере алмаймын!» деген сайын өмір сізді сынай түсіп, бірде құлап, бірде жылап, бірде сүрініп, бірде жүрекке жүгініп, бірде жығылып, бірде тағдырдан «тығылып» күндеріңіз бірінен кейін бірі өте береді. Сіз өмірді түсіне бастайсыз, өмір сізді түсіне бастайды! Ата – ананы, туған жерді, сізді бағалай білетін жандарды, уақытты қадірлеуді үйренумен қатар, Сіз өз — өзіңізді бағалауды үйренесіз! Сансыз сынақтардан кейін өмірдің өзіңізді де бағалай білуді үйреткісі келгенін түсінесіз. Өзгелердің қателіктері сабақ бола алмағанмен, өз қателіктеріңізден өзіңіз сабақ алуды, бір кездері көп қателіктердің орын алуына жол берген сіз өзгелердің қателіктерін кешіре білуді де үйренесіз. Адасып – адасып, соңында ақиқатты табасыз. Өзіңізде әке болып (ана болып), бала тәрбиелеп, білмегенге білгеніңізді үйретіп, ақыл айтуға тырысасыз. Дегенмен ішкі дүниеңіз өзге адам сіз айтқан ақыл – кеңестен емес, басынан өткен сан түрлі жағдайлардан ғана сабақ алатынын сезедіі. Ата – ананың, туған жердің, өзін бағалай білетін адамдардың, уақыттың және басқа да толып жатқан құндылықтардың қадірін сіз емес, оған өмірдің өзі үйрететінін түсінесізі. Түсінгендіктен де кей сәттерде іштегі ойды бүгіп, үнсіз ғана жымиясыз да қоясыз. Сөйтіп жүрген күндердің бір күнінде бағдаршамның қызыл түсі жанып, «тоқта!» деген белгі беріледі…
Бөлісу:

26 пікір

araika
 Бағдаршам… осы бір затты нысанаға ала отырып, өз ойыңды жақсы жеткізіпсің!
Рахмет!
ademi_alem
Уақытыңды бөліп оқығаның үшін өзіңе де рахмет!
kokbori
Ойың жақсы, әсіресе бас жағы соңғы жағына шыдамым жетпеді. Бірақ Керекинфоға ауырлау деп ойламайсың ба?
ademi_alem
Ауырлау болса, ауырлау шығар… Бұл жерге енді қосылдым, әзірге қыр-сырын, қандай жазбалар сұранысқа ие екенін аңғарып үлгерген жоқпын. ал жылпы бұл «Бағдаршам» басқа сайттарда ең көп оқылған, ең көп пікір жазылған жазбаларымның бірі.
kokbori
Оның дұрыс, бірақ Ә. Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдарынан» көп оқылмаған болар.
ademi_alem
Қызық айттыңыз ғой.  Мен бұл жазбаны әлдекімнің жазбасынан көбірек оқылды демедім, өз жазбаларымнынң ішіндегі көп оқылғандардың бірі дедім.
kokbori
Сізге түсінікті болмағанына кешірім сұраймын. Сіз секілді сарыауыз балапан ретінде түсіндіруге құқым бар деп ойлайм (Гаста ренжімесе). Құрметті әлем, жұрт осынша көп оқыған Әзағаның шығармаларын талаған адамдарға сіздің шығармаңыз жай айтсам түкке тұрмайды, қатты айтсам кімнің шікіресі?! Қатты айтсам кешіріңіз
ademi_alem
Әркім өз пікірін айтуға құқылы ғой. Қарсылығым жоқ.
satibaldi
сіз жол бойында үнсіз тіл қатып тұратын бағдаршамға күніне неше рет жолығасыз?
Жылына бір рет. Қалаға М-80 трактірге поршын алуға барғанда.
ademi_alem
Сол бағдаршамды жылына бір рет көргенде бағдаршам туралы не ойлайсыз? )))))))))))))))
adayqyz
Бағдаршам, тамаша айтылған екен. Бірақ әңгіме екі бөлімнен тұратын сияқты. Екінші бөлімін бөлек жарияласаңыз жақсы болар еді.
ademi_alem
)))) соңына дейін оқып шығуға шыдамыңыз әрең жеткен болар, иә? Шынымен екі бқліп салып, не өшіру керек сияқты бұл жазбаны. ((
satibaldi
Өтініш, курсивпен тек кіріспесін көмкермесеңіз, былай оқуға тым ыңғайсыз. Жалпы Инетте курсив мәтін онша құпталмайды.
ademi_alem
Ол өз өзінен осылай боп қалды.  Мақсатты түрде емес. Қазір өзгертіп көрейін қолдан келсе. (
salta
не ғой,Әдемі Әлем, отчаянна көөөөп жазуыңызға не итермелейді? Бұрқыратып жазатындай ішіңізде нендей күйік бар? мен мына постыңызды оқыған жоқпын, тым ұзақ екен, қысқа да нұсқа тоқ етерін жазыңызшы. Еш ренжімеңіз тек…
satibaldi
Сіздің ночнушкаңыздан ақиқат өкіріп жылап тұр.
salta
пижамаңыз айтты ма оны?
satibaldi
Пижамыма ночнушкаңызды көру бақыты бұйырмапты. Жәй, индукция.
salta
көре алмайсыз, өйткені кимеймін… сіздікін көретін екен…
ademi_alem
Табиғатым солай. )) Әр қуанышты жүзге терең үңілсеңіз мұңды аңғару қиын емес, ал әрбір мұңлы көзге терең үңілсеңіз үзілмес үмітті көру де қиын емес.  Қысқа да нұсқа айтар болсам, бұл жазбада "… Жүйрік аттың шабысындай уақыт өте береді, өте береді. Ал жан жарамыз жазылмайды. Сағаттын тық-тық еткен дыбысы «Мен өтіп барам, МЕН ӨТІП БАРАМ! Әр сәтің бағалы, қайтып оралмайды. Өмір сүр!» дейді. Атқан таң да, батқан күн де, алма кезек ауысып отыратын жыл мезгілдері де, жауған қар, құйған жаңбыр, аққан жұлдыз да "Өмірде бәрі өткінші" деп сыбырлап, өткінші сәтті өкінбестей етіп өткізуге кеңес береді. Бірақ көңіл көзі ештеңе көрмейді, жүректің құлағы ештеңе естімейді… ..."Өмірдің ең ауыр сынағы осы болсын! Бұдан кейін көтере алмаймын!" деген сайын өмір сені сынай туседі. Бірде кұлап, бірде жылап, бірде сүрініп, бірде жүрекке жүгініп, бірде тағдырдан «тығылып» күндеріңіз бірінен кейін бірі өте береді. Уақыт өте келе сіз өмірді түсіне бастайсыз, ал өмір сізді түсіне бастайды! Сансыз сынақтардан кейін өмірдің сізге өзіңізді бағалай білуді үйреткісі келгенін тусінесіз.Тусіндім-ау деген кундердін бірінде тағдырдан «Тоқта!» деген бұйрык келеді… (Бағдаршамның қызыл түсі жанғанындай)" екендігі айтылады. Қысқа түсіндіргенімнің өзі осылай шықты. )))
salta
1 курста оқисыз ба?
ademi_alem
Бірінші курста оқымаймын. ))