2012 жылғы интернет-индустрияға арналған 12 болжам
Болашақты болжау қиын, бірақ қызық. Кейде ол пайдалы болып та жатады. Әлдебір дүниеге қатысты болар жайтты нақты дөп басу айту қиын, әйткенмен, келер уақыт туралы қандай да бір көзқарас қалыптастыру үшін болжам жасаудың артықтығы жоқ. Business Insider Intelligence ұсынған 2012 жылғы интернет-индустрияға қатысты 12 болжамды ұсынамыз:
1. Google 200$-лық планшет (Tablet) шығарады.
Amazon шығарған Kindle Fire өнімі планшеттік компьютерлер нарығына өзгеріс алып келді. Сомасы нарықтық бағадан төмен болған Kindle Fire-ның салған жолына Google да түсуі мүмкін. Әзірге планшеттер майданында Apple-дің iPad-ынан Google-дың аз функционалды һәм қымбат бағалы «Android-тық» өнімдері «таяқ жеп жатыр». Егер болашақта Google Amazon-ның стратегиясын пайдаланса, яғни келер шығынға қарамастан өте төмен бағадағы планшеттер шығарса, онда нарықтың айтарлықтай бөлігін жаулап алуы мүмкін. Оның үстіне, бұл компанияның планшеттер шығарумен айналысатын Motorola-ны сатып алғаны бар, ал мұндай қосымша потенциал бастапқы табыссыз кезеңде демеу болады.
2. Facebook аса үлкен қарқынмен дамып, өзінің миллиардыншы қолданушысын тіркейді.
Әлемдегі ең үлкен әлеуметтік желінің қазір 800 миллиондай қолданушысы бар. Базбіреулер Facebook дамитын жердің бәрінде дамып болды, ал Қытай немесе Ресей секілді ірі нарыққа жол аша алмай отыр, сондықтан осыдан әріге бармас деп санайды. Алайда, Facebook Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің, Үндістанның немесе Бразилияның халқының арқасында қосымша потенциалға ие болуы мүмкін.
3. Twitter ірі бизнеске айналады
Twitter-дың өнімдері, Twitter-дың табысы, Twitter-ді қолданушылар саны жайлы осы уақытқа дейін көп жазылып келді. Соңғы жылы Twitter жарнаманың әр түрін байқап, олардың артық-кем тұстарын таразыға салып көрсе керек, қазір жарнама берушілердің де, қолданушылардың да көңілін шығатын жарнама балансы ресурстан байқалады. 2012 жылы Twitter күрт дамып, өте үлкен табыс әкелетін жыл болмақ.
4. RIM* сатылады
RIM үшін бәрі бітті. Компания қазір өлі денеге айналды. Оны бәріміз білеміз. Нарық та түсінген сыңайлы. Күндердің күнінде HTC немесе Nokia секілді компаниялардың бірі RIM-ді оның патенттері мен бір ізге түскен өндіру циклі үшін тайлы-тұяғымен қосып сатып алады. Тіпті RIM-ге қытайлық мобилді құрылғылар құрастыратын ZTE де ие болуы мүмкін, себебі, соңғы жылдары бұл компания өз дәрежесін өсіріп, тұтынушылық брендке айналғысы келіп жүр.
* — RIM (Research In Motion Limited) BlackBerry бизнес-смартфондарын шығарумен айналысатын танымал компания.
5. Apple өседі, бірақ, аналитиктердің болжаған қарқынын көрсете алмайды
Осы уақытқа дейін Apple сарапшылардың сөзін жоққа шығарып, нарықта жарылыс жасап күрт дамып кетіп жүрді. Мұның екі себебі бар: сарапшылар Apple-ды дұрыс бағалай алмады және Apple өзінің iPhone-ымен һәм iPad-ымен екі ірі және қарқынды даму үстіндегі нарықты жаулап алды.
Енді, міне, бұл екі мәселе де шешімін тапты: Android-телефондар жан-жақтан жаулап жатқан нарықта iPhone-дар өз дамуының табиғи шырқау шегіне жетіп қалды. Ал бізге «пост-ПК» дәуіріне жол сілтеп тұрған iPad-тың болашақ дамуын тұрақсыз болады немесе кері кетеді деу тіптен қиын.
Apple жақын арада революциялық телевизиялық өнімді жарыққа шығарамыз деп ниет танытып отыр, алайда бұл өнім компания дамуына бәлендей бір әсер ете қоймас, себебі, телевизиялық нарықты телефон немесе планшет нарығымен салыстыруға болмайды.
Әйткенмен, мұндай болжам орындалмауы да мүмкін. Соңғы жылдары Apple фанаттары сарапшылардың iMac, iPod, iPhone және iPad туралы жағымсыз долбарларының жоққа шыққандарын бетке басып, қуанатынды шығарды. Бір жылдан кейін біздің де осы «ақымақ аналитик» кейпінде қалуымыз ғажап емес. Алайда, Apple «крейсер жылдамдығынан» танбауда, сәйкесінше біздің болжам да инновациялы және тамаша басқарылып отырған компания ниетімен үндесіп отыр.
Біз Apple 2012 жылы жақсы дамиды, алайда, аса үлкен революциялық өзгерістер әкелмейді деп санаймыз.
6. Nokia "құрымайды"
Nokia-ны RIM-нің «артынан жіберіп» отырғандар көп. Олар компания масқара болып, құлап тынады деп ойлайды. Алайда Nokia RIM-ге қарағанда әлдеқайда ірі компания, оның үстіне бұл ұйымның басшылығы да ай қарап отырған жоқ. Олар телефон дистрибуциясының ең ірі каналдарының бірі арқылы бағдарламалық қамтамасыздандырылуы жақсы аппараттарды топ-тобымен сатылымға шығарып жатыр. Мобилді құрылғылар нарығында ірі ойыншы атану үшін Nokia мен Microsoft-қа әлі талай тер төгу керек, бірақ 2012 жылы Nokia-ны аса үлкен құлдырау да, өте қарқынды даму да күтіп тұрған жоқ.
7. Amazon* шығыны мен табысының қатар өскендігі туралы мәлімдейді
Компанияға қарасты Kindle планшетінің бағасы төмендеген сайын, Amazon-ның шығыны да көбеюде. Бірнеше табысты жылдан кейін, Amazon инвестициялық режимге қайта оралды. Компанияның негізін қалаған және әріптестеріне қарағанда IT-салада әлдеқайда ұзақ уақыт тер төккен Джефф Бэзос (Jeff Bezos) үлкен мүмкіндіктер алдында тұрғанын (сандық контентті дистрибуциялау бойынша экожүйені құруды аяқтау, 21 ғасырдың ең ірі «бұлтты» платформасын құру, бөлшек сауда нарығын толықтай «жұтып қою») жақсы түсінеді.
Мұның бәрі инвестицияны талап етіп отыр. Бірақ, Бэзостың бұл салаға жаңа келмегенін ескерсек, кеткен шығынның артығымен қайтатынына күмәніңіз болмасын. Осы уақытқа дейін ол инвестициялаған жобалардың бәрі (өз бағасынан төмен бағамен сатылған планшеттер, Amazon Prime-ға жазылғандарға берілетін артықшылықтар, т.б.) қазір пайда түсіріп отырғанымен, қосымша табысты аз әкелуде. Алайда, бұл уақыт еншісіндегі дүние. 2012 жылы компанияның үлкен шығын шығарып үлкен пайданы қалтасына басатыны сізді таң қалдырмай қоймас.
* — Amazon.com, Inc. — Интернет арқылы тауар мен қызмет түрлерін сататын әлемдегі ең ірі компания.
8. Көңіл көтеруге арналған электронды коммерцияға қарасты вертикалды компанияларының жаңа нұсқалары пайда болады
Миллиардтан астам адам Интернетті пайдаланатындықтан, вертикалды нарық белгілі бір тауар категориясына ғана маманданған ірі компанияларды «көтере» алатын жағдайға жетті. Оған мысал ретінде мода саласындағы Gilt Groupe, оптикадағы Warby Parker немесе үй-тұрмыс заттарына маманданған One Kings’ Lane және Fab.com компанияларын келтірсе болады. Осы пионерлер салып берген жолға қарап аталған саладағы құйылатын инвестиция мен іске асырылатын жобалардың күрт өсетінін болжауға болады.
9. Мобилді жарнама күш алады, кем дегенде бір желі биржаға шығады
Қолданушы бар жерде, жарнама да бар. Қазір мобилді жарнама көлемі интернет-жарнаманың көлеміне қарағанда (жалпы жарнаманы айтпай қоя тұрайық) түк емес, алайда, бұл уақытша дүние ғана. Смартфондар сатылымы компьютерлер сатылымын басып озып кетті. Мобилді құрылғыларға арналған жарнамамен айналысатын кейбір компаниялар осы жылы үлкен күшке ие болады. InMobi немесе Millenial Media көпшілік компаниясына айналады. Мобилді құрылғылар секторы әлемді толықтай жаулап алған жоқ, алайда, қазіргі қарқыны осы салада жүрген бірнеше компанияның үлкен табыстарға қол жеткізе алатынын көрсетеді.
10. Rovio* АҚШ-та кем дегенде бір дүкен ашады.
Rovio жаңа заманның Disney-і болмақ (әйтеуір, компанияның өзі осындай ниет танытып отыр). Бұл компания өз өнімдерімен сатып пайда табумен қатар (Disney-де фильм болса, Rovio-да ойындар), брендтің танымал бола түсуіне ат салысатын тонналаған мерчандайз өнімдері арқылы да табысқа кенелуде. Міне, сондықтан да, Rovio ритейлдың жаңа амбициозды стратегиясын ойластырып отыр — компания Еуропа мен Қытайдан кейін АҚШ-та Angry Birds дүкендер желісінің кем дегенде бір дүкенін ашпақ.
* — Rovio Mobile Ltd. немесе Rovio видеоойындар жасаумен айналысатын фин компаниясы. Ең танымал ойыны — Angry Birds.
11. Корпоративті секторға бағытталған стартап-компаниялар қаржы табу мүмкіндігіне ие бола алады
«Корпорация — керемет дүние». Сіз осы сөйлемді жиі еститін боласыз. Корпоративті стартаптардың құдайы бергелі отыр. Үлкен компаниялар үнемдеуден келген қаржыларын қайда құярын білмеуде. IT саласындағы тұтыну тенденциялары, жаңа мобилді құрылғылардың және өзге де технологиялардың таралуы стартап-компанияларға корпоративті бағдарламалық қамтамасыздандыру саласындағы қазіргі ойыншыларды ығыстырып шығаруға мүмкіндік береді. 2012 жыл амбициозды корпоративті стартаптарға құйылатын ірі IPO (Workday секілді) және ірі қаржылық салымдар (Yammer, Box.net) жылы болмақ.
12. «Интернет заттар» («The Internet Of Things») туралы көп айтыла бастайды
«Интернет-заттар» термині біздің күнделікті тұтынатын бұйымдарымыздың Интернетке шығу мүмкіндігін беретін электроникамен жабдықталуын білдіреді, ал бұл жаңа қосымшаларға арналған жаңа нарық алаңы болмақ. Бұған мысал ретінде салмағыңызды өлшеген таразының салмақ көлемін сіздің туит-аккаунтыңызға жіберуін (себебі сіздің фоллоуерларыңыз салмағыңызға көңіл бөлгеніңіздіталап етуде) немесе Jawbone компаниясы жоспарлап отырған алып жүруге болатын компьютерлерды (wearable computers) келтірсе болады. «Интернет-заттардың» үлкен бизнеске айналарын әлде айтылып-айтылып қалатын дүние боларын біз білмейміз, бірақ, 2012 жылы осы тақырыптың неғұрлым көбірек қозғалғанын қалар едік.
Түпнұсқа: 12 Internet Predictions For 2012, Business Insider
Автор: Pascal-Emmanuel Gobry
Орысшаға аударылған: http://fyi.kz
Суреттің алынған жері: Business Insider
Осы жерде қателестің ау.
пост керемет! орналасуы да қойылған сурет те.
тек болжамым мынаны жыныстық қатынас істеп кетеді ау біреулер
мынандай болжам айту үшін аса сауатты болудың қажеті жоқ.
Келіспейтін жерлері де бар екен:
1. 200 долларлық планшет шығаруы екіталай-ау. Тым арзан енді, 300-400 десе түсінер ем. Нарықты жаулап алу үшін функционалдығы мен техникалық жағынан қызықтыра алатындай болу керек, ондай тауарды 200 долларға жасау — ақымақтық қой. 400-ге сатып жіберуге болатын тауарды 2 есе арзандатып не керек
4. RIM сатыла қоймас деп ойлаймын. Кезінде нарықта 20 млрд доллардан жоғары бағаланған компания дәл қазір шамамен 7 млрд тұрады. Менеджмент ауыстырылды, маркетингтік зерттеулерді басқаша жасап, мықты жоспарларды жүзеге асыруды бастаған сияқты. Потенциалы бар компания ғой.
«Артынан барлығы жақсы болад, ну ессно — басында қатты қиналасың.» © Ақтөбе, 12 мультик аудандағы карта ашатын Зәуре апай.
Болжамшы былтырғы күзде нарыққа шыққан осы тауарға жауап болуы керек деп ойласа керек. Оның үстіне Гүгл де осы нарыққа соңғы уақытта көз алартып отыр емес пе. Демек, болашақта планшеттер, біріншіден, арзандайды, екіншіден, функционалды бола түседі.
Амазонның планшеті жай ғана продвинутый е-ридер, ол Айпад немесе Гэлэкси Табпен таласпайды да. Е-ридер мен таза планшеттің аудиториялары бөлек, баға деңгейі де бөлек.
Менің логикам былай ғой. Амазоннан кейін бірнеше компания мейлінше арзан е-ридер шығару тактикасын қолданып нарықтың бұл бөлігіне жақсылап иелік ете бастады. Гугл үшін е-ридер шығарып олардың жолын қайталау тиімсіз сияқты ма. Одан да Айпад пен Самсунгтің флагмандық планшеттерімен таласатын тауарды нарыққа салыстырмалы түрде өте арзан бағамен (400-500) ұсынғаны жөн-ау.