Холмстың өлімі немесе пони неге шанышқымен жүгірді



Мен де сіз көргенді көрдім, бірақ, мен онымнан басқа қорытынды шығардым.

Артур Конан Дойлдың Шерлок Холмс туралы «Шұбар лента» шығармасынан


Шерлок Холмс туралы оқиғаларды елдің есі кетіп оқитынына Артур Конан Дойлдың жыны келеді екен дейді елдің аузы. Қылмыскерлерді шырылдатып жүріп ұстайтын Бейкер-стриттың тұрғынын Дойл ақыры жазушылардың кең қолданатын әдісімен қағаз бетінде «өлтіріп» тынған-ды. Алайда, арасында корольдың туыс-туғаны бар бүтін бір қауымның Холмсты іздеп «қайдалауы» суреткерді зұлым профессор Мориартидың құшағында су түбіне кеткен Ватсонның досын сахнаға қайта шығаруға мәжбүр қылыпты.



Шерлок Холмстың қатысуымен тек соңғы 20 жылдың ішінде 14 фильм түсіріліпті. Соңғысы – біздің елде желтоқсанның аяғын ала жарық көрген «Шерлок Холмс: Көлеңкелер ойыны» туындысы. Режиссері – Гай Ричи («Карта, ақша және екі мылтық», «Револьвер» секілді өзіндік стилі бар еңбектердің һәм бірінші «Шерлок Холмстың» «иесі»). Композиторы — Ханс Циммер («Гладиатор», «Кариб теңізінің қарақшылары», «Кунг-фу Панда», «Перл-Харбор» секілді бүйірі қампайған ондаған фильмнен тұратын тізімді музыкамен әрлеген). Басты рөлдерде — кіші-Роберт Дауни мен Джуд Лоу.



Бірінші бөлімін көрген адам білер, Гай Ричидың бұл Холмсы басқа Холмстардан өзгерек. Әсіресе, кеңестік сериалды қабылдаған адамның қолма-қол жекпе-жектің «жағын айыратын», қуаңқылау, аузынан әзілі түспейтін, авантюрист Шерлокты түсінуі қиын. Содан болар сонау 2009-да, алғашқы фильм шыққанда-ақ көрерменнің көңілінің екіге жарылғаны. Ал, мендік пікір Ричиді жақтаушылардан.

Әрине, егер Warner Bros. бастаған кинокомпаниялардың өнімінде толықмәнді классикалық кейіпкердің бейнесі басы-бүтін өзгеріске ұшсыраса, онда бұрқылдауға да болар ма еді, кім білсін, алайда, дәл осы жағдайда «түпнұсқалық» Шерлок Холмстың да оңып тұрмағанын ескеру керек деп ойлаймын (Дойлдың «доромаларын» оқыған адам түсінеді).



«Шерлок Холмс: Көлеңкелер ойынын» ерекшелеп тұрған екі дүние бар. Біріншісі — әзіл, екіншісі – арнайы эффектілер. Өте ұтымды айтылған қалжыңдар мен көрерменге өзге әлемді ұмытқызып, экранды «жұтып» қоятындай күйге түсірткізетін экшн-кадрларды алма-кезек қолданып, қайта-қайта көруге құштар қылып қою Гай Ричидың сүйікті әдісі емес пе, оның үстіне «Құланның қасуына, мылтықтың басуы дәл келіп» кіші-Роберт Дауни мен Джуд Лоу да қияңқы мінезді, қыршаңқы тілді кейіпкерлерді тым әдемі сомдай кетіпті.

Кейінгі кезде белден төмен түскен күлкілі емес күлкіден ығыры шыққан көрермен үшін ағылшын юморының бұрышы себілген, Джуд Лоудың сыған биі мен Роберт Даунидың күлкісі қосылған және профессор Мориартидің мұз бейнесімен араластырылған әзілдер бап болары анық.



Арнайы эффектілерді арнайы атап өту аса қажет. Әсіресе, көзді сүйсінтіп, көңілге жағатыны – бас кейіпкерлердің Мориартидың зауытынан орман ішімен қашатын жері. Жаңа технологиялармен түрленген Гай Ричидің стиліндегі жарылыс, атыс, төбелес сәттер жүрегіңді айнытпайды, жаныңды алады (жақсы мағынада), жанарыңды қайтармайды, «тез біткенін қарашы, тағы болар ма екен» дегізеді.

«Айтып жеткізе алмаймын, көру керек, көру керек» дейтініміз бар ғой кейде, міне, дәл осы арнайы эффектілер туралы тек осыны жазуға болады.



Англия — Франция — Германия — Швейцария арасында шаң бұрқыратқан Шерлок Холмс пен Джуд Лоу бәз-баяғыша өздеріне бекітілген рөлдерді жақсы алып шыққан. Құр отыра алмайтын, басына «бәле» тілеп алып жүретін Холмс пен аңқаулау, досына адал Ватсон бас-аяғы екі сағаттың ішінде өздеріне сізді шын жанашыр етіп алмай қоймайды.

Сыған Симді ойнаған Нооми Рапас туралы да айта кету керек. Ары-беріге көп бара бермейтін, бірақ батыл балгер-әйелдің функциясы да қызық: фильмде алатын орны айтарлықтай ерекше емес, алайда басынан аяғына дейін көз алдыңнан шықпайды, бірақ, қаныңды да қайнатпайды.



Джаред Харристың профессор Мориартидың рөлін ойнағанына өзім қуандым, себебі, менің ойымша, дәл осы актер ғана асқан ғұлама, бірақ, аса жауыз, «қылмыс әлемінің Наполеоны» атанған тұлғаны алып шыға алатын болды. Оу баста Мориартидың бейнесін Брэд Питт, Гэри Олдмен, Дэниел Дэй-Льюис, Шон Пенн немесе Хавьер Бардем секілді актерлердің біріне береміз деген-ді түсіруші топ. Алайда, «соңғы шешім – дұрыс шешім», шын мәнінде, енді менің ойымда Мориартидың бейнесі осы Харристың кейпімен байланысты болады.

Он тоғызыншы ғасырдағы Еуропа туралы көрермендік көңілдің қышуын қандыратын қым-қуыт қуғын мен қиямпұрыс әзілге толы һәм күтпеген сәттермен әрленген фильмнің үлкен экраннан көрсең де, кішкентай экраннан көрсең де күйбең тірлікте тым қажет демалыс сыйлайтынын жеке өзім толық сезіндім.

P.S. «Тақырыбың неге «Холмстың өлімі немесе пони неге шанышқымен жүгірді?» деп отырған шығарсыз… Оны фильмнен көріп алыңыз 

Дінмұхамед Зиядин
Бөлісу:

22 пікір

patick
Миссис Хатсон бар ма?
qisyq
Бар, бір жерінде.
Nur
Гай Ричидің фильмдері базар жоқ, өмірде өзі сондай жындыбастауау деп ойлайм…
qisyq
Мүмкін, мүмкін)) Мынаусы өте мықты шыққан. Сол «Карты, деньги, два ствола», «Револьвер» стилінде.
Nur
Есте қалатын кейіпкерлер жасайды, әйтеуір. соған риза боламын.
Винни Джонстың Тісімен оқ тоқтататын кейіпкері, «Фрэнки-төрт саусақ», Борис-ұстара.
Қара комедия деген жанрды «Карты, деньги, два ствола», «Большой куш» деп түсіндім өз басым.
qisyq
Бұлар, меніңше, онша келмейді қара комедияға. Қимаймын ше. Винни Джонс керемет. «Рок-н-рольщикті» көріп пе едің. Анау Джерард Батлерді қуатын орыс бар ғой, сол күшті
AKY
Маған қазіргі современный стильдегі сериалы ұнап жүр.
Nur
ағылшындар түсірген бе, Мартин Фримэн деген жігіт ойнайтын басты рөлде?
patick
Ия, ол да жаман емес
Nur
Ол жамаааан…
Aikona
Қисық өзіңе ұнады ма?
AKY
Ұнады депті ғой.
qisyq
Муахахаха, қойшы әрі, әзілдемей, тентек десе, муахахаха…
araika
Жақсы фильм. Алғашқы 20-30 минут бойы ұйықтап кетіп отырдым (шаршағандықтан болар), кейін есімді жинадым. Негізі «Елки 2»-ге барғанмын, жолым болмай, қасымдағы кісінің таңдауына амалсыз көндігуге тура келген-ді.(ұйықтап отыруымның тағы бір себебі)
meirzhan
«Елки — 2»-ге не үшін бармақ болдың? Иван Ургант пен Сергей Светлаков ойындарын көру үшін бе?
araika
Комедия болған соң, оның үстіне Тимур Бекмамбетовтікі
Қызық емес болса, айтыңдар.
meirzhan
Сен барып ал, қызық емес болса білерміз, кино лакмусы.
Gastarbaiter
Біріншісін көрдім ұнаған болатын. Екіншісі де ұнайтын шығар.
Бірақ, рецензия ұнаған жоқ. Құсық емес енді андай, бірақ бір демде оқитындай емес.
Шерлок Холмстың қатысуымен тек соңғы 20 жылдың ішінде 14 фильм түсіріліпті.

Шерлок Холмстың қатысуымен??? Камоон аааще?? Шерлок Холмс кейіпкері жайлы деп па, басқалай келтіру керек еді.
Арнайы эффектілерді арнайы атап өту аса қажет.
«Спецэффекті» деген сөзді екіге бөліп, «арнайы...» деп бастаған екенсің, эффектіні де аудара салып, «арнайы әсерлер» деп қуып кетуге болар еді.

Жалпы киноталдауға келсек әріптердің көбеюі мәтіннің қызықтығымен ақталса екен деген ұсынысым бар. Мәтін қызық емес. Теңеулер құрғақ, тіпті жоқтың қасы. Бөгде киноларға ұқсастықтар ашылмаған. Әріп көп, ақпарат жоқтың қасы
qisyq
Хахаха, Гаста, сені өмірде көрмеген адам болсам, шын айтып тұр екен деп ойлап қалар едім)))))))) Пікіріңе жалпы рахмет)))))))
Gastarbaiter
Шын, айтам-еу, амиго... Мынауың щикі сияқты епті, суреттер болмаса, не Конан Дойлдың фанаттарынан өзге адамдар не айтып тұрғаныңды әзер түсінеді.
meirzhan
Иә, бұл Гастаның приколы екен ғой  солай ойлағам