Ұлы дала

Дүбірлей естілген үн сәт өткен сайын күшейе түсті.

Ә дегенше болған жоқ бір топ салт атты сүйел-шоқпарларын сүйрелеп келіп-ақ қалды.

Екі үйден тұратын шағын қыстақ азан-қазан болды. Еңгезердей жігіттердің сыздата ұрған соққысынан қараша үйдің сырықтары сықырлап кетті.

— Ит! Иттің тұқымы! Шық дегенде, шық! Атаңның тап аузын! Еркекпін деп анаңнан тусаң шық үйден, ит! Шық, қане!!!

Зірк-зірк еткен жалпақ бет домбал қара екіленіп-екіленіп кетті.

Адам еңкейіп әрең кіретін есіктен әуелі зар жылап бой жетіп қалған қыз, артынан іле-шала көзінен аққан жас тарам-тарам болып бетін тілген кейуана жүгіре шықты.

— Ооо, қаншық! Ооо, шіріген жұмыртқа! Ооо, қарабет!

Домбал қара тұтығып, қолын сойылына жүгірте берді. Торы қасқасын омыраулатып келіп қызды бір-ақ қағып түсірді де, қайта айналып соғып қарақұстан қайың сойылмен іліп кетті.

— Ойбааааааай! Ойыыыыыыыбай! Өлтірдіііііі! Ойыыыыбаааааай!

Кемпірдің зарлаған үні айналаны басына көтерді. Шошыған ала көз сары ит құйрығын бұтына қысып қыстақ сыртындағы сайға қашты.

Қарақұсы айрылған қыз әуелі көтерілмек болған, бірақ, денесін игере алмай сұлқ құлады. Жылжып аққан жылы қанды борпылдақ топырақ жұтып жатты.

— Стоп! Стоп! Стоп! Штио эта с ней! Штио ана лежъет! По сценариу ведь она уже давньо дальжна была встиать! Ты чтио ейо риалли ударил!!!

Әлемдік прокатқа шығады деп жоспарланған киножобаны түсіру үшін арнайы сонау Сербиядан шақырылған және онысы үшін 250 мың доллар гонорар алған танымал һәм белді режиссер Драгослав Шимич түсіру алаңына тапырақтай жүгірді.

Режиссердің ассистенті, үнді маманы Анируддха Амритрадж көмекшілерге «Бас кейіпкер қайда!? Бас кейіпкер неге шықпай қалды!» деп ағылшынша айқайлап жатты.

Түні бойы операторлармен арақ ішіп өзін жайсыз сезінген бас кейіпкердің рөлін ойнаушы Елестібек Қайманов сценарий бойынша қараша үйдің ішінде мызғып жатудың орнына, құлағының түбінен зеңбірек атсаң да оянбайтын қалың ұйқыда қорылдап жатқан болатын.

«Ұлы дала» тарихи-эпопеялық әдеби көркем киножобасы осылай жабылды.
Бөлісу:

5 пікір

AKY
цүнбедім қыз өлді ме, әлде жігіт өлді ме?
Zilola
Афторрр жазбаларынды сагындым!!!
Иии, жаны!
AKA
Еркекпін деп анаңнан тусаң шық үйден, ит!
… мына сөздер еркекке қаратып айтылған болса, онда неге үйден бойжеткен қыз бен кейуана шықты деп ойлаған ем, сөйтсем…
Түні бойы операторлармен арақ ішіп өзін жайсыз сезінген бас кейіпкердің рөлін ойнаушы Елестібек Қайманов сценарий бойынша қараша үйдің ішінде мызғып жатудың орнына, құлағының түбінен зеңбірек атсаң да оянбайтын қалың ұйқыға кеткен болатын.
… бас кейіпкер еркек юхтап қалған екен ғой.
VKM
Қисыыық, маладессің сен
Басында,Қисық не пәле жазған деп, сосын кино екенін біліп....өзің көргендей қылып жаза аласың сен