Тәуелсіздік тұғырлы болсын, қандастар!

Баршаңызды Ел Тәуелсіздігінің 20-шы жылымен шын жүректен құттықтаймын!

Мейлі, біреуден артта болайық, біреуден кем, бірақ қалай болғанда да тәуелсіз елде өмір сүріп жатырғанымыз әмбеге аян. Мұны тіпті радикалдығы асқынған қай оппозиционер болса да мойындауы керек!

Тәуелсіздіктің өлшемі не өзі?

«Бас бостандығы» десем, коммунизмнің салқыны қаққандар оныма келіспейді. «Жан тыныштығы» десем, «Күйттегенің сол?» ма дейтіндер табылар. "Ішкенім артымда, ішпегенім" алдымда десем, «тоғышардың тірлігі» дейтіні сірә белгілі. Сонымен? «Тәуелсіздік» деген не өзі?

Бәлкім географтар «Мемлекеттің өзінің шекарасы болуы» дер. Заңгерлер «Конституция», қаржыгер «Төл капиталың» дер. Алайда тағы сол асқынған«демократияшылдар» «Шын мәнінде көршіңе құл болсаң, сенің шекараң мен түкке тұрмайтын Конституцияңнан не үміт, не қайыр?» дер…

Білмедім…

Мен үшін «Тәуелсіздік» деген ана тіліңде ешкімнен қысылмай еркін сөйлеу, дініңді еркін ұстанып, қалаған ісіңмен еш қиындықсыз айналысу, тарихыңды ұлықтау, тынысыңды еркін алу, астанаңмен мақтану, елдігіңмен шаттану,… ең бастысы… Ең бастысы, "Әнұраныңды айтқанда, шын мәнінде тебірену, осы күнге жеткізген бір Аллаға шүкіршілік айту, гимннің әр сөзін айтқанда сонаааау тарих қойынауынан бері қарай елің басынан кешірген әрбір сәтті көз алдыңнан лезде өткізіп шығып, сан ғасырлар бабалар арманы болған, талай ердің сол үшін қаны төгілген, небір ақындар жырлап кеткен күннің дәл міне, сен өмір сүріп жатқан заман, уақыт, мекен, мезгіл екенін сезіну" деп білемін.

Ал «Тәуелсіздігің сол болсын. Бірақ енді тәуелсіздік мерекесін қалай сезінесің?» дегендерге айтарым, мерекелік көңіл-күй, өзің өзгені құттықтап, өзгеден лебіз алған кезде болмақ. Ендеше, ел іші бірін-бірі құттықтап, сырт елдер, шет елдер Қазақ елін төл мерекесіне сай тілектерін жолдап жатса, сезінбей көр?

Оның үстіне, ІТ маманы ретінде маған өте ұнағаны, жаныма жаққаны, Google-дей алпауыттың құттықтауы болды. Дәл қазіргі сәтте миллиондар мен миллиардттар сол Гуглдің дудлі арқылы Қазақстанды танып жатқаны анық! Әлхамдулиллаһ!

Әлі талай күн батар, талай таң атар! Бәлкім келешек ұрпақ қазіргі өмірден бетер керемет сәтке жетер! Оған да Аллаһ жеткізсін! Алайда, Қазақ үшін, міне қазір, осы сәт маңызды. Өйткені, бұл Алаштың арманы болған күндер! Бір Құдай жар болып, болашаққа қадамың әрқашан да сәт болсын, Ағайын!
Бөлісу:

15 пікір

satibaldi
сол Гуглдің дудлі арқылы Қазақстанды танып жатқаны анық!
Гугльге тиынын төлеп сенің де туылған күніңді шығаруға болады.
FaraOn1
Қала көшелерінде иісі де сезілмейтін Т20 логотиптерінен, мынау жақсы сияқты!
Aizhantabyn
Бірге болсын, Тимуррр)
З.Ы. Гуглдің жасағаны әдемі екен (авторы кім екен?)
satibaldi
Авторы: Google Inc., Google Ads бөлімшесі.
shimaibek
Тәуелсіздікті бәрі сіздей түйсінсе жақсы ғой!..
shimaibek
Құтты, баянды болсын!
bakhyt
ұзағынан болғай!
shimaibek
Мәңгілік болғай!))
Бүгін Астанада салтанатпен ашылуы болған Триумфалды арканың шекесінде жазылған «Мәңгілік ел» жазуы осыны меңзейтіндей.
balzaminka
Рахмет, Тимур! Бірге болсын!