"Байқоңыр", немесе француз ғарышкеріне ғашық болған жігіттің хикаясы


8-желтоқсанда «Бойқоңыр» («Байконур», «BAIKONUR») атты Германия-Ресей-Қазақстан бірлескен жобасының еліміздегі тұсау кесері өтті. Жабық көрсетілімде фильмнің режиссері Файт Хельмер (Veit Helmer) (Германия), ко-продюсерлері: Гүлнар Сәрсенова (Қазақстан) мен Анна Качко (Ресей), сондай-ақ жобаға атсалысқан актерлер және түсіру тобы қатысты.

«Фильм бұған дейін Германияда көрсетілді. Жалпы нәтижесі жаман емес. Бүгін қазақстандық көрермендердің назарына ұсынбақпыз. Бұл жерде ко-продюсер Анна Качкоға рахмет айтқым келеді, оның арқасында аса құпия саналатын Байқоңырдың „Роскосмосқа“ қарасты аумағында түсірілім жүргізуге мүмкіндік алдық», — деді неміс режиссері алғысөзінде.

Шынымен де фильмнен ашықтан-ашық көрсетіле бермейтін кадрлардың куәсі болдық. Соның ішінде зымыран тасымалдағышты ұшыру үрдісі, ғарышкерлерді дайындау кезеңдері, ғарыштағы мамандардың жұмысы, халықаралық ғарыш станциясындағы сәттер, ғарышкерді капсуламен Жерге жөнелту — бәрі егжей-тегжейлі көрсетіледі. Бұндай кадрларды бұрын Голливудтың кинотуындыларынан ғана көргеніміз жасырын емес. Режиссерлер мен продюсерлердің зор еңбегінің нәтижесі бұл жерде айтарлықтай көрініс тапты.


Енді фильмнің өзіне тоқталайық. Ғарыш станциясының маңында 4-5 үйден құралған ауыл бар. Ауыл тұрғындары зымырандардың аспаннан құлаған бөлшек-сынықтарын жинап, оны азық-түлікке айырбастап күн көреді. Бөлшектердің қай жерге құлайтынын «Гагарин» деген лақап аты бар Ескендір (Александр Асочаков) есімді жас өрен радиосигналдарды "ұрлап тыңдау" арқылы біліп отырады. Аспаннан құлаған сынықтар олардың өмірінде үлкен рөл атқарады, өйткені бұл — тұрғындардың басты табыс көзі, сонымен қатар бұл — үлкен қауіп пен қорқыныш, себебі Гагарин мен оған сырттай ғашық Назира (Ситора Фармонова) есімді жергілікті есерсоқ қыздың ата-аналары ракета сынықтарының құлауынан қайтыс болған екен.


Бірде Байқоңырдан Джули (Мари де Вильпен) есімді француздың турист қызы ғарышқа аттанады. Жерге қайтып келе жатқан кезінде, құлауы тиіс жерден ауытқып кетіп, басқа аймаққа қонады. Қыз да есінен танып қалады. Қызды Ескендір тауып алып, үйіне әкеледі. Қыз есін жиғанда Ескендірдің сөзіне сеніп қалып, жігіттің қалыңдығымын деген ойда жүреді. Дегенмен ғарыш турисін «Роскосмос» мамандары тынымсыз іздеу үстінде еді. Қызға ғашық болып қалған Ескендір оның табылғанын қаламай, Джулиді есекке отырғызып айдалаға қашады. Дегенмен сол түні қыздың жады оралып, Байқоңырға кетіп қалады.


Гагарин ғашығынан жай айырылып қалуды жөн санамай, ол да Байқоңырға барып, ғарыш айлағына жұмысқа орналасады. Бірақ радистсіз қалған ауылдың халі нашарлай түседі. Ескендірдің артынан Назира келіп, ауылға радист керектігін, онсыз ауылдың жағдайы мүшкіл екенін айтады. Бірақ Гагарин ғарыш айлағында екінші сапарына дайындалып жатқан француз қызын тастап кеткісі келмейді.

Көп кешікпей Ескендір нағыз өмір — үйінде, туған-туыстарының маңында екенін түсінеді. Қол жетпес армандай болған, Джулиге ұнаймын деген үміт, соның жолындағы әрекеттер — бұның бәрі бос тірлік екенін ұғады. Ұғады да ауылына қайтып оралады.

Жалпы картинаны комедия элементтері бар драма деп сипаттар едім. Жай ғана алып қарасақ, әлеуметтік статустары жер мен көктей екі жас арасындағы қарым-қатынас пен олардың төңірегіндегі кейіпкерлердің өмірін суреттейтін кино секілді. Бірақ осы адамдар арқылы Байқоңыр маңындағы адамдардың ауыр тұрмыс-тіршілігі, темір-терсекке тәуелді тіршіліктері аса бір шеберлікпен баяндалады.


Фильмнен атап өтер тағы бір жайт бар. Джулимен бірге ұшқан астронавттардың ішінде қазақ ғарышкері (Берік Айтжанов) де болады. Қазақстан үшін орындалмаған арманның кинода көрініс тапқаны аз да болса көңілге қуаныш ұялатты.

Интернационалды фильмнің сәтті шықты деуге толық негіз бар. Бұл сөзіме лық толған зал фильм біткенде көпке дейін тарқамай, қол шапалақтаумен болғаны дәлел бола алады. Айта кетелік, картинаға қатысқан әртістердің ішінде Рахат Әлиев пен Дариға Назарбаеваның қызы — Венера Әлиева (эпизодта) бар. Бұл оның алғашқы рөлі екен.

Фильм жайында:
Режиссер: Файт Хельмер (Veit Helmer)
Продюсер: Гүлнар Сәрсенова (EURASIA FILM PRODUCTION), Анна Качко (TANDEM PRODUCTIONS), Сергей сельянов (CTB FILM COMPANY)
Сценарий жазған: Вейт Хелмер, Сергей Ашкенази
Рөлдерде: Александр Асочаков, Мари де Вильпен, Ситора Фармонова, Ерболат Тоғызақов, Берік Айтжанов, Валера Канищев, Венера Әлиева
Ұзақтығы: 95 минут

Неміс тіліндегі трейлері:


Кадрлар фильмнің сайтынан алынды.
Бөлісу:

33 пікір

omarbirat
Фильмнің атмосферасы «Тюльпанға» келіңкірейтін сияқты ма қалай?
patick
аха, киносыншылар да осындай пікірде
Zako
Немістер шетелдік фильмдерді дибляждағанда Джеки Чанды да немісше сөйлетіп жібереді. Керемет!
nurbergen_makym
«Дала экспрессін» еске сала ма, кейбір эпизодтар…
Жалпы, сырттан келген режиссерлердің туындыларында "Қазақстанның экзотикасын іздеу" тренді бар ғой.
Abilakim
қызық тәрізді болып кетті ғой.
19852407
<Қарағым кеп кетті, мықты етіп аударып алғандай немістер

blockquote>Венера Әлиева (эпизодта) бар
«Назарбаевтың немересі киноға түсті»
Жарыса жазып жатыр тенгриньюстер
Janasil
Қызық неге есекпен қашты екен?
patick
басқа көлігі болмағасын да
Abilakim
Великпен қашуға құмда ауыр ғой
Janasil
Ер қанаты ат бар дегендей.
a63a1
менде соны ойлап жатыр едім, қазақты есекпен танытамыз деген ойлары шығар
omarbirat
Көрмеген адамдардың қызығушылығын ояту үшін. Атпен алып қашса, сюжеті таптаурын болып кетер ме еді, кім білсін
omarbirat
Александр Асочаков, Мари де Вильпен, Ситора Фармонова
Басты рольдердің бәрін қазақтан басқалар ойнайды екен. Ескендір болып ойнайтын жігіт якут (немесе чукча, т.с.с.) қой деймін.
patick
Аха, сол жақтан
Janasil
Қайдан ғана ЕРКЕК рөліне қазақты ойнатып, шетелдік қызды ы....қ қылып қойды десем.
patick
Менің түсінгенім: Бұл Германия-Ресей жобасы. Бұндағы Қазақстанның үлесі — ко-продюсер Гүлнар Сәрсенова, 4-5 актер, қазақ даласы.
qisyq
Сосын жобаның бюджетінің үштен екісін құрайтын ақша)))))))
saken
+ Венера Әлиева Назарбаевжиені.
TERISKEY
Берік Айтжанов
«Ликвидатор», «Ағайындылар» фильмдеріндегі Берік?
patick
ия, соңғы фотода бар
TERISKEY
биылғы жыл, жоқ, жалпы, соңғы 2-3 жыл — Айтжанов каоьерасындағы жемісті жылдар болыпты ғой.«Мұстафа Шоқай», «Ликвидатор»,«Ағайындылар», «А-ға оралу»,«Байқоңыр», т.б. Жігіт жолын тауып алды, мәдис!
patick
«Байқоңырда» көрініс табатын бейнесінің жиынтық уақыты — 4-5 минуттан аспайтын шығар.
Dinara
Рахмет саған Патик, рахмет саған Керекинфо  Жақсы екен.
Кішігірім қазақ ауылын айдалада барлық нәрседен тыс қалып кеткен ұқсатып көрсеткені қынжылтты бірақ, жабайы деп айтуға аузым бармай тұр
"Қазақстанның экзотикасын іздеу" тренді бар ғой.
демекші, Ескендірге ғашық қызды неге соншама ұсқынсыз қылып жіберген, су көрмеген ұқсатып.
пысы: Онлайн қарауға мүмкіндік туып жатса бөлісе отырыңыздаршы, өтініш
patick
Қызығы да сол. Қыз басында кір-кір болып жүреді, фильмнің соңына таман оның жуынатын сәтін көрсетеді. Ескендір ауылына оралғанда, ұлттық киіп шығып, әп-әдемі болып қарсы алады.
patick
Құрметті адамдар мен адамшалар: Тағы да ескертемін.

Бұл фильмге қосылған Қазақстанның үлесі шамалы, сондықтан «неге бас рөлдерде қазақ актерлер жоқ», «неге орыс тілінді», «неге неміс тілінде» деген сұрақтарды қоя бермеулеріңді өтініп тұрып сұраймын

Түпкілікті идея да, оны түсіру жұмысы да немістерге тиесілі.
Dinara
Қазақстанның үлесі — Байқоңыр дейін десең, Байқоңырдың өзі Қазақстанның үлесінде емес
Бұндағы Қазақстанның үлесі — ко-продюсер Гүлнар Сәрсенова, 4-5 актер, қазақ даласы.
тек осы екен ғой расында
Abilakim
Тақырыпты оқығанда бір қазақты көгілдір қылып қойған картина шығар деп ойлап ем
asaubota
сценарийі қызық сияқты. қарау керек екен.

p.s жұрттың балдары қалай күшті қылып жазады ә постты? маладес на, Ганюшкиннің баласы!