Қариялар азайып бара жатыр /Сағыныш/


Қариялар азайып бара жатыр

с. Мұқағали Мақатаевтікі
ә. Қ. Құрманәлиевтікі


Ақиқатты айқындап жариялар,
Бара жатыр азайып қариялар.
Дауыл тұрса, бүлк етіп толқымайтын,
Бара жатыр сарқылып дариялар…

Неменеге жетістің, бала батыр?
Қариялар азайып бара жатыр.
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр.


Ақыл айтып жүрмесе қасымызда,
Сонда орнайды жетімдік басымызға.
Жалаңашқа шекпенін шешіп беріп,
Бір күлшесін бөліскен ашымызға.

Неменеге жетістің, бала батыр?
Қариялар азайып бара жатыр.
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр
.

Арсыз күлкің тиылмас, жылауың да,
Айтысың да басылмас, ылаңың да.
Араздасып ағайын кетер еді,
Бір қария болмаса бір алуыда.

Неменеге жетістің, бала батыр?
Қариялар азайып бара жатыр.
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр
.

mp3 нұсқасын таба алмадым.
Мынау Б.Исаевтің орындауындағы қариялар әні.




Жұмысқа келе салып осы өлеңді естіп Атам есіме түсіп, көңілім босап кетті, өз-өзімді әрең ұстап қалдым.
Шынында ауылда қариялар азайып кетіпті. /Саны да, сапасы да/ Соңғы барғанымда байқадым. Кезінде үйге аталар келсе қастарынан шықпаушы едім, шәйларын құйып, әңгімелерін тыңдап. Ал қазір бәрі басқаша.



Бұл кісілердің көбі кемелеріне мініп мәңгілік сапарға шығып кетті.
Бөлісу:

4 пікір

Aqiqat
Қазақстанда өмір сүру жасы ұлғайды деген статистика бар ғой. Соған қарағанда сан жағынан азаймаған болар, қазіргі шалдардың бұрынғыларына қарағанда уровеньдері төмен болар. Бұрындары бір әулетті ұстап отырған шалдар әулеттегілерді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын еді. Қазір мектеп бітіргеннен бала-шаға өз қолдары өзіне жетіп, үлкендерге ақыл үйрететін заманға жеттік.
Janasil
/Саны да, сапасы да/
Сапасын айтқым келген. Ал статистикаға сенімсіз нәрсе. Ел басшысы алдағы уақытта елiмiздегi өмiр сүру жасын 72-ге дейiн ұзартуды ұсынғанын ескерсек. Статистика бойынша бірер жылда сол межеге жетеміз деген сөз. Тек СТАСИСТИКА бойынша.
araika
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр.


Қарттар аман болсыншы!..