Садақа берудің заманауи шешімдері


Жақында Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Зекет Қоры құрылды. Қор басында жүргендердің бірі — Керекинфо ардагері Едіге Алпысбай. Бұрын жұрт садақаны мешітке барып беретін еді, кейін банк есепшоттары арқылы төленетін болды. Ал қазір заманға сай заманауи шешімдер де қосылып жатыр екен. Осындай бастамаларды енгізуші Едігемен сұхбаттасқан едім.

— Садақаны Qiwi терминалының қай жерінен салады? Негізгі менюде бар ма?
Qiwi (ОСМП) терминалдарында мына жазуларды кезегімен басу керек: Оплата услуг — Другие услуги — Благотворительность — Фонд Закят.

— Қай номерге салу керек?

Номер енгізудің қажеті жоқ. Зекет қорының таңдаған кезде Қордың есепшоты көрсетіледі.

— Қайсысы тиімді? Банк арқылы ма терминал арқылы ма?

Қор үшін екеуі де бірдей. Қолма-қол ақша аударғысы келетіндер үшін терминалдар тиімдірек әрі қолжетімдірек әрине. Ал, үлкен сома аударғысы келетіндер үшін бакнтен шот ашып, сол жерден Қорға аударған ыңғайлырақ екені сөзсіз.

— Терминалдан басқа тағы қандай төлем түрлері қосылады болашақта?

Бүгіннен бастап Билайнның операторлары үшін смс хабарлама арқылы қаражат аудару мүмкіндігі іске қосылды. Ол үшін «2011» номеріне бос смс хабарлама жіберу жеткілікті. Әр хабарламаның құны 200 теңге. Жіберілген номерге жауап смс келеді. Сол арқылы хабарламаның қаражаттың аударылғанын білуге болады.Осындай мүмкіндікті басқа да операторлардың абонентеріне ұсынуға әрекет жасалуда.

— КерекИнфо қолданушыларына тілегің?

Елдің ертеңіне, ұрпақ болашағына жанашырлық таныта білейік! Алла тағала әрқайсымызға рухани кемелдік нәсіп еткей! Істеріңіз берекелі, әр күндеріңіз мерекелі болсын! КерекИнфо әрдайым саналы азаматтардың салиқалы ортасы болып келді. Сол үрдісінен жаңылмай, өз биігін сақтай білсін!
Бөлісу:

24 пікір

Aldarkose
Керемет!
Әр хабарламаның құны 200 теңге. Жіберілген номерге жауап смс келеді. Сол арқылы хабарламаның қаражаттың аударылғанын білуге болады.
сол 200 теңгенің қаншасын провайдер ұстап қалады?
konvict
Едігенің нигі қандай еД?
asaubota
2002 жылдардағы нигі ме?
konvict
осында керектегі
asaubota
жаңасына тіркелмеген сияқты
konvict
ааа, мен @edige ма деген бір ойым тұр еді
Nurgisa
Traveller еді нигі. Керекинфоның ең алғашқы плеядасынан.
Khan
Осындай қорларға еш сенбеймін. Қайсыбір адамдардың қалтасын толтыруға жұмыс жасайтын секілді.
Aldarkose
Қазір ешкімге де сенуге болмайды. Бірақ Құдай үшін деп берген садақаң орынды жұмсалмаса, обалы сағат емес.
Aldarkose
обалы саған емес.
19852407
Ақша табудың әдіс-тәсілдері де көбейіп барады екен.
Өз басым садақаны жоқ-жітік адамдарға бергенді құп көремін. Нағыз болмаса, мәселен «мынау менің саған юерген хадиям болсын» деп марқұм жиен әпкемнен қалған екі ұлына немесе студент іні-сіңлілерім бар, соларға айлығымның 8% беріп отырамын.
Zilola
Қолдан келетін көмегіңізді, садақаңызды жақын ағайын туысқа жасағанның еш сөлекеттігі жоқ. Ешкімге сенбесеңіз көз алдыңызда айналаңызда жүрген жандарға қол үшін беріңіз.
edige
ия дұрыс…
«банктегі есепшотым томендегідей» деп бастап кетсең
nurjanbay
"қараңдар, мен садақа беріп жатырмын" дейтін адамдар үшін тиімсіз екен.
Milzhyng
Сен сол адамдардансың ба? қапаландың ғой
Khan
Биыл пітір беруге бардым. Мешіттің ішінде әр жерге «Пітір садақаны арнайы жәшікке салыңыздар» деген жазуды іліп қойыпты. Бұлары несі дедім де ішке беттедім. Ол жақта бір молда отыр екен, кісілердің жиылғанын күтті де, бір сүрені бір қайырып отбасыларға амандық тіледі. Жиылғандар бетін сипаған соң жәшікке садақаларын сала бастады. Сол кезде молдекең «Жәшікке кезекке тұрып қайтесіңдер, мына жерге сала беріңдер» деп алдындағы үстелдің тартпасын аша бастады…

Мешіттің ішінде отырып движение жасайды. Құдайынан қорықпайтындар деп соларды айту керек болар.
Abilakim
Пітір беруге барғанда пәлендей кезекті байқамадым. көбісі молдалар жағына сондай әңгімелерді көп бағыттайды. «Маған бере сал», «мында сала сал»-дарды байқамаппын. «Келіншегіңнің аяғы ауыр болса, оған да пітір төленеді» дегенді естідім биыл. Былтыр олай айтпаған.
Khan
Және бір байқағаным, мүмкін менің ойым арам болар, молдекеміз адамдардың жиылғанын күтіп біраз отырды. Анау бөлмеміз аузы мұрнынан шыққанша жинады. Соның кесірінен «жасанды кезек» пайда болды деп шештім іштей.

Молдекеміздің дәл осындай әңгімесін былтыр мешітке барғанда естіген едім. Ендігі жылдары шынымен жоқ жітік, мүмкіндіктері шектеулі адамдарға беретін болып шешім қабылдадым
satvaldo
Қазақстанда имамдар, мешіт қызметкерлеріңе арнайы жалақы берілмейді. зайырлы мемлекетіміз дін істеріңе араласпайды. мешіттер қайырымды жандардың (меценаттардан бастап қарапайым садақа берушілерге дейін) арқасында күнелтіп келеді. қашанғы Алла разылығы дей берсін, өмір сүру керек. ПыСы мысалға Түркияда имамдарға мұғалімдерге секілді мемлекеттен жалақы бөлінеді. құрып кеткенде 1000-1500 долларға жуық ақша алады оларда. егер солар пітір садақаларға қол созғанда, сен секілді жазғырар едім. ал, бізде жағдай мүлдем басқа. енді-енді ретке келіп жатыр дін істері бөлімі ашылып, осындай қорлар құрылып.
Traveler
Ассалаумағалейкүм! Traveler дегенге қай-қайдағы еске түсіп кете береді екен.Не болса да осы атпен қайта тіркелдік…

Пікірлеріңізге рахмет. Айтылған пікірлердің қай-қайсысы болса да негізсіз емес. Қоғамдағы, әсіресе дін саласындағы тілге тиек етілген қолаңсыз жағдайлардың бары рас. Бірақ, сондай жағдайлардың туындауының түпкі себептерін жоюға бағытталған әрекеттер жасалуы керек. Біреуді жақтап, біреуді ақтайын демеймін, тек осы мәселелерді шешуге шынайы ықыласпен ел болып жұмылу қажеттіге де ақиқат. Зекет қорының құрылу мақсаты да осы еді. Бізді осы қордың жұмысын ұйымдастыруға шақырғанда да осы ниетпен келдік. Халық үшін жұмыс істейтін, ашық, ресми қызмет көрсететін, халықаралық деңгейде еркін қимыл жасай алатын қор болсын деген міндет тұр. Құр сөзбен емес, іспен де дәлелдейді деп сенемін. Шынында да, түрлі жағдайларды көргендіктен түрлі жаңалықтарға үрке қарауымыз да заңды. Алайда, Алла бұйырса, күдіктерді сейлітіп, сапалы және кәсіби деңгейде ел үшін қызмет көрсетуге болатындығын дәлелдейтін шығар бұл Қор деген үміттеміз! Тек, елдігіміз нығайып, ниеттеріміз бір болсын! Замануи технологияларды да барынша іске қосып отырғанымыздың басты мақсаты да сол — ел күдігіне себеп болмас үшін, қаражат қолма қол алынбайды. Әуелі Алланың алдындағы жауапкершілік, одан кейін ел алдында есеп беру. Негізі, нағыз ауыр жүк пен жауапкершілік бізге түсіп тұр. Алла тағала жар болсын деген тілек-дұғаларыңызды үміт етеміз!
Traveler
www.zeket.org.kz сайтындағы бейнефильмді көрсеңіздер болады (немесе мына сілтеме бойынша: www.youtube.com/watch?v=CyghbNCMJFM )
Bekjan
Бейнефильмді көрдім, жақсы дайындалыпты, рет ретімен барлығын түсіндірген екен… Бастап жатқан жұмыстарыңыз қайырлы және берекетті болсын…