АЛА-ҚҰЛА КІТАБЫҢ...

Шын мәнінде кітап жасақтау және қаттау – үлкен өнер. Қазірде екі есе өнер: бұрынғыдай офсеттік алюминий табақтың шектеулі санының жетегінде кету жоқ, компьютерде кез-келген жерін күзеп-түзеп, қайта басуға болады. Мұндай мүмкіндік – кәнігі кітап басушылардың түсіне де кіріп көрмеген нәрсе, содан ба: жаңа баспа технологияларына ілесе алмаған байырғы полиграфиялық қызметкерлердің тұтастай толқыны жұмыссыз қалды.
Бірақ кейбір қазақтілді кітап шығарушылардың еріншектікпен ұласатын жаупкершіліксіздігіне жағаңды ұстайсың. Тағы да: «осы бізде-ақ барлығы жаман!» деген кезекті жылау емес, ақиқат осы. Авторлардың жылда екі кітаптан жазып тастай беретін күмәнді таланты өз алдына; ал енді безендіруге келетін болсақ...


«Анадан алып, мынаған салдым»

Жасыратыны жоқ: техникалық кітаптардың көбісі – орыс тілінен аударма. Өкінішке қарай, түпнұсқа авторы әдетте көрсетілмейді. Бірақ есіл еңбек авторының қазақша нұсқада да стиль өміршеңдігі байқалады.
Айталық, қыңыр тілмен жазатын авторлар бар да, әзілден жұрдай, берілген мәселе бойынша сараң сараптама жазып құтылатын авторлар бар. Жазғыштардың екі түрінде де бір бағыт, ол – материалдың дидактикалық мақсатына жету. Яки, «қалай жазсам да түсінсе болды емес пе?». Бірақ, түпнұсқа авторына барлығы жарасады.
Енді осындай түрлі стильде жазылған кітаптардың әр жерінен аударып, құрама мазмұн жасайтын қазақтілді «автордың» еңбегін елестетейік. Ендеше, көз алдымызға – мінезі бірде жаз, бірде күз адамның образы келеді. Мысалы, бір жерде: «қазіргі заманда мәліметтер қорының файл-серверлік нұсқасын пайдалану –трактормен «Формула-1» жарысына қатысқанмен бірдей әбестік» деп, әзілге ерік берсе, келесі параграфта құрғақ техникалық сипаттамаға көше қалып, «қатая» қалады. Әрине, ең болмаса ертегі оқып өскен оқырман бұл жерден біраз нәрсені аңғарады. Айталық, материалдың әр кітаптан алынған плагиат екенімен қоймай (плагиат дейтініміз – кейде түпнұсқа авторына «Пайдаланылған әдебиеттер» бөлімінде де орын тимейді!)… әр адам аударғаны баттиып көрініп тұрады! Яки, Сіз бен Біз аударманы студенттеріне әлде таныстарына бөліп беріп тастап, кейін жинап құрастырып ала қоятын «ғалымды» әлден шырамытып отырмыз. Бір жағынан, кітап «авторының» алпысты еңсергенін білсең де, жастар жаргонынан хабардар екеніне таң қаласың. Сондай бір, заманауи авторлар боп тұр.

Кітап жазудағы… «ұлтжандылық»

Техникалық кітаптың арқауы – сурет пен схема. Мұнай шығырын төрт беттік көпірме сипаттан гөрі, суретін сала қойып жеткізен дұрыс. Дұрыс емес-ау – міндет.
Түпнұсқаны жаңа заман шарттарына, ағымдағы техникалық трендтерге сай интерпретациялап аударудың орнына, 70 жылда жазылған кітаптан сол жылдың иісі аңқып тұратын аудармалар жыртылып-айырылады. Айталық, базбір кітаптардың электронды жабдықтардың советтік шартты белгілерімен жүре беретініне үйрендік. Орыстардың өзі бұл салада дімкәс болғанын үнсіз мойындап, толығымен Батыстық шартты белгілер жүйесіне көшіп болған кезде, біздер осылайша, «өткенді аңсаймыз». Тап қазір «көне техникалық режимнің реставраторлары» деген саяси айып тақсаң да артық болмас.
Оның үстіне, шартты белгілердегі «а, б, в, г, д, е» дегенді «а,ә, б, в, г,ғ, д» деп, қазақшалауға тырысқан тыраштанулары тіпті күлкі үйіреді. Жоға, «ә-ні» әдемі емес, әлде «ғ» оғаш дегенім емес. Жәй, осылай еткен екенсіз, ендеше мәтіндегі сипаттамаға да өзгеріс енгізіңіз. Ал мәтінде өкінішке қарай – белгілер әлі орыс әліпбиіндегі ретпен жүре береді. Ал осындай схема, келесі бір схеманың құрама бөлігі ретінде көрсетілген кезде, тіпті қойыртпақ бірдеңеге ие боламыз. Әйтеуір атом қазандығының схемасы емес, әйтпесе мұндай кітаппен оқыған маманға осынау қауіпті кешеннің тізгінін ұстата қою қиын сияқты.

«Дизайнер әл Интернети»

Енді, кітаптың безендірілуін сөз етсек. Иә, көптеген кітаптардың тілі қазақша болғаны болмаса, Еуропаның нақ жүрегінен орын тепкен бір елде шыққан деп болжауға аз қаласыз.
Айталық, иллюстарцияланған кітаптар. Біздің елде «суретті өз бетіңше салуды» — іздеу жүйелері ауыстырған сияқты. Иллюстарцияларға қарап отырып, дизайнердің ол суреттерді Интернеттен қалай іздеп тапқанын пайымдап отырасың; тіпті кейде – табасың да. Сөйтіп, моңғол нәсілінен делінетін елдің кітаптарында біресе үндіирандық, біресе еуропеидтік-арийлік келбеттер пайда болып отырады. Ең сорақысы — кейіпкердің аттары, мысалы – «Алпамыс», «Берік». Меніңше, қанша толерантты болғанымызбен, көзі көк һәм сары шашты орыстың баласына ондай ат қою әбестік сияқты. Бір жағынан иә, — Интернетте қойкөз қазақтың клипарты түгілі, фотосы да тапшы. Бірақ бұл дизайнерді тікелей жұмысы – кітап мазмұнына сәйкес стилизацияланған суреттерді табудан немесе өз бетінше салудан әлде біреуге салдырудан еш босатпайды.
Ал кейбір кітаптардағы суреттерде… Интернеттегі сурет авторының ирелеңдеген таңбасы («мөлдір белгі») бірге жүретіні енді еш ақылға сыймайды. Мұның ақыры авторлық құқықтың бұзылуы туралы айқайға ұласуы әбден мүмкін.

«Сканердің өзі жар болсын!»

Кез-келген компьютер қолданушы, сканерленген сурет пен компьютерде салынған суреттің айырмашылығын біледі. Мысалы, аппақ бетті сканерлеп, ақ бетке орналастырсаңыз, сурет бәрібір аппақ болып түспейді. Әлгі сканерімізден, пайдаланылған түстер туралы мәлімет «ала келген» суретіміз бәрібір күңгірт тартып тұрады. Мамандар мұны «лас сурет», «кір нұсқа» (dirty variant) дейді. Жасырын ұйымның жасырын қылмысты сызбанұсқалары болмаса, қалың оқырманға түпнұсқа кітаптағы суреттерді сканерлеп қоя салу – ең аз дегенде сыйламағандық.
Дәл сол уақытта, сканерді пайдаланатын тек біз емес, бұл дүниежүзілік практика. Бірақ аздап басқашалау. «Дамыған капиталистік елдерде» дизайнерлер сканерленген суреттің үстін қайта басып сызып шығып, әп-әдемі, мәтін аясының түсінен еш өзгешелігі жоқ схема алады. Және бұл әрекет – дизайнердің міндеттерінің бірі.

Түйін

Оқырман өте сезімтал адам. Ол кітаптан мәтінмен бірге, автордың сыйластығын да, осы тақырыпта қанша тау құлатқанын да сезеді. Оқып отырып авторға құрмет не жеккөрушілік пайда болуы ғажап емес. «Жақсы жазған» немесе «нашар жазған» деген баға содан болар. Автор үшін қиынның қиыны – сондай оқырманның көңілін табу. Әрине, науқандық әлде қаражатты асығыс игеруде атүсті жаза салуға да болады. Бірақ абыройы да сәйкесінше келетінін ұмытпау керек. Сонымен, қанша жерден табалдырықта тұрған XXI ғасыр дегенімізбен, кітап басудағы компьютерлік технологияларды мәніне жете пайдалану ғана табыс әкелмек. Меніңше, автор өз кітабын толғап жүргенде, келесі принциптерді ұстанса деймін:
1) Аудармашы – автор емес;
2) Автор – филолог емес;
3) Филолог – техника маманы емес;
4) Дизайнер – суретші емес;
5) Суретші – техника маманы және филолог емес.

Бұдан шығаратын қорытындымыз: тек мамандар арасындағы кооперация, қоян-қолтық араласу ғана сауатты кітаптың кепілі болатын сияқты.
Бөлісу:

2 пікір

KILYZAMAN
1) Аудармашы – автор емес;
2) Автор – филолог емес;
3) Филолог – техника маманы емес;
4) Дизайнер – суретші емес;
5) Суретші – техника маманы және филолог емес.
Бұдан шығаратын қорытындымыз: тек мамандар арасындағы кооперация, қоян-қолтық араласу ғана сауатты кітаптың кепілі болатын сияқты.
ademi_alem
Жақсы сараптама жасапсыз. Бүге-шүгесіне дейін баяндап.