Ауылда өткен бір күн және оразаға құрмет

(3641.91 Kb, 3648x2736)
Әне-міне дегенше айлардың сұлтаны Рамазан айының ортасына да жеттік. Сауабын Хақ Тағаланың өзі беремін деген оразаның артықшылығын айтып тауысу мүмкін емес. Әр істеген ісіңе мың есе артық сауапты осы айда аласың. Жақында ауылдағы көршіміз ауыз ашарға шақырды. Күн ыстығына қарамастан Тараздан жүз шақырым қашықтықта құм жиегін бөктерлей қоныс тепкен туған жеріме тартып кеттім…
Шіркін, неткен ыстық едің, дархан далам! Саған деген сағыныш аптап ыстықты елетпейді. Талас ауданы, Аққұм ауылы кеңес үкіметі түсында облысқа танымал совхоздардың бірі еді. Мақта, бидай және тағы басқа егін еккен ауыл кеңес үкіметі құлағанда тарап кетті. Алайда, уақыт өте келе шашыраған ауыл еңсесін біржолата тіктеп кетпесе де, қолы аузына жетіп қалды. Жақында ғана жөнделген түзу жолда жүйіткіген машина әйнегінен сар дала сағым болып көрінеді. Әне бір жерден кезінде арындай тулап, «Киров» су қоймасы арқылы ашуына тұсау салған Талас өзені ағып жатыр. Жағасында түскі өрістен қайтқан мал жусайды. Батыс тұстан «Оққұм» қаласының үйіндісі артта қалды. Алдымыздан бай қызына арнап салған «Ақмола» зираты мұнартып көрінеді. Талайды төсіңе сыйдырған қазақ даласы тұнып тұрған тарихсың-ау, шіркін…
Сәйгүліктей заулаған иномаркі бір сағаттың көлемінде жүз шақырымнан аса жолды артқа тастап ауылға жеткізді. Көшеде қыбыр еткен жан жоқ. Сірә, барлығы күн ыстықта демалып немесе кәріс пен түріктің сериалын тамашалап жатқан шығар. Сәл шыдасаң күн қайта малын өрістен айдап келуге шығып бара жатқан қара сирақтарды көресің. Кейбірінің астында есегі бар, енді бірі шайтан арба мініп алады. Үңіле қарасаң бастарын бүгжитіп, бір нәрсеге үңіліп бара жатқанын байқайсың. Ол – жастарды жіпсіз байлаған агент, әрине! Ауыл балаларының жаһан көшіне ілескеніне бір жағынан қуанғаныңмен бос уақытын алақандай телефонға байлап ала ма деп қауіп ойлайды екенсің. Кеш түсе өрістен қайтқан малдың дауысы ауылды азан-қазан етеді. Енесін іздеп маңыраған қозы, бұзауына асығып емшегі иіген сиырлар, кісінеген жылқы үнімен ауылдың іші и-қию, у-шу. Әрбір тұстан немересін атап шақырған әжелер мен баласына жекірген әйелдердің дауысы естіледі.
Ауыз ашар уақыт таянғасын көрші үйге бет алдым. Қазағымның пейілі өте кең ғой. Жасың кіші болса да ауызың берік қой деп асты-үстіңе түсіп жүр. Намаз оқымаса да үйінен жайнамаз бен құран табылатын ауыл тұрғындарының дінге деген көзқарасы ерекше. Бұған ас үстінде шалдардың әңгімесін тыңдап отырғанда көзім анық жетті. Ауыл әкімі мен ауыл ақсақалдары бір ай оразада ащы суды сатпау туралы ауылдағы дүкен қожайындарына өтініш айтыпты және барлық дүкендер бір ауыздан бұл өтінішті қолдап, келісімін беріпті. Міне, керемет! Енді ауылдан ащу суды бір ай емге таба алмайсың. Көршімнің менен екі жас үлкен баласы Еркош тек арақ-шарап сатып сауда жасайтын ауыл тұрғыны Минканың іс-әрекетіне мырс-мырс күледі. Арақ-шарап сатпау туралы өтінішті алып барғанда Минка атанып кеткен Мейрамбек ағамыз біраз ойланып қалыпты. Сәлден кейін қуаныштан «Өй, мынау бір-ақ айға арналған екен ғой» деген дауысы жарқын шығыпты. Сірә, бар табыс көзінен айрылып қаламын деп қорықса керек.
Ауылдың сыртында Мұсан деген кісі тұрады. Құдайдың құтты күні ауызынан арақтың иісі мүңкіп тұрушы еді. Бұл жолы үсті басын ретке келтіріп, мұнтаздай тазарып алыпты. Ақаңды тамағынан өткізбегелі бірнеше күн болғаны бірден байқалады. Бұл да дінге деген құрмет…
...«Ауылдың тұрмыс-тіршілігі бұйығы, бірқалыпты болса да ерекше әрі қызықты. Сырттан келген технолгоия дендеп енсе де қазақылығынан айрылмаған. Берер тәлім-тәрбиесі мол, халықтың қайнар көзі. Ауылым барда ешкім тілімізге, дінімізге, ділімізге кедергі келтіре алмақ емес!» Осындай ойдың құшағында отырғанда шығыстан құлан иектеніп таң да ата бастады. Сәлден кейін малды өріске айдау, сиыр сауу, сүт пісіру секілді қым-қуыт тірлік қайта басталады…
Бөлісу:

12 пікір

patick
Әдебиеттен беретін ағайдың тапсырмасын орындағандай етіп жазыпсың ғо
meirzhan
Жақсы жазыпсың, Абай.
TERISKEY
Намаз оқымаса да үйінен жайнамаз бен құран табылатын ауыл тұрғындары — дәл айттың, но
Lyaila
Пах, шіркін, ауыл деген керемет қой! Оның күні де ерекше, түні де ереше!
timurrr
Тамаша!
Әр істеген ісіңе он есе артық сауапты осы айда аласың.
Осы жерден сәл түзетуге рұхсат бер, бауырым. Бұл сенің айтып отырғаның жайшылықтағы сауап. Яғни, Аллаһ Тағала кез-келген уақытта әр жақсылық істеген адамға оннан жеті жүзге дейін амалына қарай сауабын береді. Сондай-ақ әр оқыған Құранның бір әрпіне он сауап жазылады. Мыс: «Бисмиллаһ» дегенде «Б» деген әріп үшін он сауап бар. Ал енді сен сөз еткен Рамазан айындағы сауапқа келер болсақ, онда Аллаһ Тағала "Қадр" сүресінде «Бұл ай мың айдан қайырлы» дейді. Осыған сүйенген ғалымдар бұл айдағы әрбір жақсы іске мың есе сауап жазылатынын айтады…
Пікір түзетілген: 13 тамыз 2011, 17:13
konvict
Түзетіп қойдым
AKA
Ой өрісіңіз кең, тіл байлығыңыз мол екен, керемет!
asaubota
баланың ойынына салынып, без берекетсіз флуд жасағанша осындай ойлы дүниелерің көп болсын.

інім саған айтам, Қарасақал сен тыңда!
Zhan
мынау шынымен жағымды жаңалық екен!