No comment…
Атын баттитып атамай-ақ қояйын, бірақ соңғы жылдары қазақ оқырмандары атышулы бір сайттарда комментарий қалдырудың бір-бір майталманы болып алды. Бұны жазбас та ма едім, бұған бір себеп түрткі болды. Түкке тұрғысыз құр айқай, жалған дабыра, әсіре ұлтшылдық, оқырман мен аудитория жинаймын деп тақырыптардың нешеме атасын қоздататын сайттағы мақалаларға жазылған комментарийлер, күндердің күнінде сенің бірдеңе демесіңе қоймайды екен. “Шыдамның да шегі бар” деп қазақ осындайда айтса керек. Ол “комменттерді” сөзім жалаң болмас үшін, мұнда көшіріп әкеп баспай-ақ та қояйын. Онсыз да көзіқарақты оқырман ығыры шыққан былапыт дау-дамайлы пікірлерге зәру емес шығар деп ойлаймын. Кейде, мақала және мақала авторынан гөрі, комментарийдің маңыздылығы алға шығып кететіні бар. Мақаланы жазған журналист те, автор да жайына қалып, оқырман алаңға шығып алып, қойдай жайылып кететінін айтсаңшы. “Ал, мә, бердім саған еркіндікті, атасына нәлет, давай айтып қалыңдар айтарларыңды” десе, біздің оқырмандар тура ақырдағы шөпке бас салып ұмтылған қойлар сияқты жамырайды келіп. Жарайды, оқырманға мұндай пікір білдірудің құқы мен еркіндігі берілді делік. Тайраңдасын, айтсын, шулағанынша шуласын. Ал сосын не болады? Түк те болмайды. Сіз қазақтан қолына найза алып, кешегі батырлар сияқты қол бастап шығады деп ойлап тұрсыз ба? Осылай дегеніме “Хмм ” деп миығыңыздан күлесіз қазір. Сосын он күн немесе он ай өткеннен кейін кезінде ешкімге дес бермей қызылкеңірдек болып шайқасқан тірліктерінің түкке тұрғысыз екенін, сол үшін жаға жыртысып, бет көріспестей болғандарын есіне алып, ұялса дейсің де. Бірақ, қайдам қазір біздің қоғамда ұяттың өзі бізден ұялып жүр ме ұяла білмегеніміз үшін… Әрине, өзекті тақырыптар бар, расымен де қоғамдық пікірді қажетсінетін, ой бөлісіп, талқыға салатын. Ал, біздің кейбір комментшілер компьютердің арғы шетінде отырып алып, жасырын түрде пікірін жаза береді. Қысқасы, коммент қалдырудың мәдениетін “бір жеріне” қыстырудан қалған.
Меніңше бұл анонимдікке байланысты. Аноним болғасын ойға келгенін, ғайбаттап жазады.
ПыСы: «Керек»тегі пікірлер туралы айтпадым, оларды оқымасам нағып жүрмін