АБАЙ ТУҒА ҚАРАП НЕНІ ОЙЛАДЫ?



Астана. Орталық көшелердің бірі. Мынау ескерткіш. Еркерткіш не үшін қойылатын еді? Адамдардың арасынан ардақты деп, сыйлы, елге еңбегі сіңген деп, көптің көңілінен шыққан тұлға деп табылғанына тұғырландырылады. Артында қалған ұрпағы қояды. Көрсетілген құрметтің, еленген еңбектің көрінісі. Келешек ұрпаққа үлгі. «Қара да, үлгі ал», яки, есіңе ал. Түп мағынасы осы болуға тиіс. Ал мен қазір ескерткіштің тағы бір мағынасы жайлы ойлай бастадым. Ескерткіш. Тастан соғылады. Соғылған соң, оның соғушысы, мүсіндеушісі, құюшысы болатыны анық. Демек, біреу жасаған болса, ескерткіштің тұла бойы сол жасаушыға, салушыға, мүсіншіге тікелей байланысты немесе мұқтаж. Әгәрәки қолы қиыс кетіп, ойы дүберең қақса, бір жерінен ақауы шығып, аямай солқ ете қалуы мүмкін. Осыдан кеп, тасқа мүсінделген адамның күні мүсіншіге қараған бір жансыз мүлік екенін ескертіп тұрғаны шығады. Ескерткіш- ескертіліп тұрған адамның жанының жоқ екеніне тікелей дәлел. Былай айтсақ, ешкімге ешқашан, ешқандай пайда да, зиян да тигізе алатын құзыреттіліктен жұрдай бір тас. Жалпы қазақтардың бас ауруы – жансыз нәрсеге табынудың, сенім артудың, үміт етудің бос әурешілік екендігін ескертіп тұрғандай. Ескерткіш. Қара да, ұқ. Үш жүз боп топтасқан байырғы жұрттың маңдайына біткен ойшылы, һәм тақуасы, Құнанбайдың Ибраһимы, күллі қазақтың жүрегіндегі құрметтісі, Тоғжанның, тобықтының Абайы. Ол да жансыз тұр. Мынаны қараңызшы, қазақ ардақтаған азаматтардың алғашқы шебіндегі Абайдың өзі жансыз тұр. Арқаның асқан екпінді желіне де, қарлы бораны мен қан тасытар қапырығына да үн қатпай тұрған, ел еңсесін көтеретін еңсегей табыстар мен құшақ толар қуаныштарға да, сондай-ақ қоғамдағы орын алып жатар қылмыс пен әділетсіздіктерге, имансыздықтарға шағым айтпай жайына тұрған жансыз тас. Ескерткіш. Мына бір ракурсты театрдан қайтып келе жатып түсірдім. Кімге қалай, ал маған дәл қазіргі сәтте қазақтың кейде табанға түсіп тапталатын, кейде өзгенің өлшеміне сай келмей сыйықсыз суреттеліп қалатын, кейде тас төбесінен түсіп, төменіне жоғары ілінетін, кей-кейде абыройдан, мақтаныштан, тәубеден көзден түйір моншақ болып түсетін, төбеге көтерілетін көк туға қарап тұрғандай әсер қалдырды. Жоғарыда ғана атап өткендей Абайдың осы бір мүсінінде қыл қыбырлатардай жан жоқ. Демек, ой, талап-талғам, дәм, есту, көру, ұғу, түйсіну, түю сезімдерінен ада. Таскерең мылқау былайша айтқанда. Бірақ қарап тұр. Себебі мүсіндеуші бағытын солай қойған. Сәтті ракурс мен үшін.

Мен театрдан шықтым. Сахна. Театр сахнасы. «Айман-Шолпанның» жаңаша замануи көзқараста суреттелген қойылымын тамашаладық. Мен өнер саласына қатысты сын айтуға қорқам. Әсіресе театрға қатысты. Себебі театр үлкен бір әлем, ондағы ағылған тер мен өрілген ойлардың жемісінен туған дүниеге қатысты ойланбай сөйлеуді қылмыс деп түсінем. Білетінімнен білмейтінім көп. Алайда менің тас мүсінге қарағанда, біршама, есту, көрі, ұғу, түйсіну сезімдеріне әзірше иелік ететінімді ескерсек, қара басымның біраз нәрсені естігені, көргені анық. Ұққаны, түйсінгені тағы бар.

Мен қазақтардың қандай аңғал халық екендігін түйсіндім. Жаңашылдыққа жанымыздың құмар екеніндігіне көзім жетті. Заман қайда ақса, біз сонда қалбалақтауды бек қолдайтынымыз сондай, оған азу тісімізбен жабысқандай сірескенімізді ұқтым. Біз икемшілміз, иілгішпіз. Икемделгеніміз, иілгеніміз сондай, М. Әуезовтың классикалық туындысын заманауи ремикске әкеп бірақ тіредік. Бұл жаңашылдық табыстырған жетістік.

Айман – Шолпанның ремиксінде екі жігіт егіздерге таласады.Тақырып сол ғой, махаббат, екі ару, оған таласқан екі еркек. Екі еркектің соңынан өгіздей шулаған жандайшаптар. Есерлер. Атыс-шабыс, пестонмен атылған пистолет, еркекті ойнаған әйел, би, ән, төгілген шумақтар. «Әруақ қолдай гөрді» айтып шашын жайып, елу еркекке бата берген, қарға дауысы қарлыққан қатын. Айман мен Шолпанды қысқа киінген, төсі тартымды, белі қылша, сымбаты «секси», фигурасы былайша айтқанда «ат», екі актриса сомдады. Есімдерін білмеймін. Басында айттым ғой, білетінімнен білмейтінім көп. Жақсы сомдады, өз өлшемімде. Себебі менің өзімше өлшемім бар. Әркімнің өзінше өз өлшемі бар. Екеуі де қазіргі қазақ қоғамында өріп жүрген, әр көшеден кездесе кететін, қысқа киген, ернін бояған, кірпігін өсіріп, қасын жұлған, «секси» сөзінің талабына сайма-сай Айман мен Шолпанды сәтті суреттедік деп шешті. Себебі олардың да өздерінше шешуге құқылы шешімдері бар. Режиссердің көзқарасы қалыптаған қойылымның бір шетін де шашау шығармастан, үн қатпастан, ой қоспастан, қол шапалақтап, ыржия күліп отырып тамашаладық. Қызу қолдау, күлкі, риза болушылық, мәз-мәйрамдық. Тек Айман сахна ернеуіне жақын кеп, аяғын аспанға көтеріп қап, минидің астынан миығына күліп, жылт ете қалатын іш киім көрінгенде ғана аздап қымсынған түр көрсету. Ал жалпы алғанда позитив. Қасымдағы отырған қарияға қарауға мен ұялдым, ол менен ұялды. Я, болмаса ұялған түр істеуіміз де әбден мүмкін. Жасампаздықтың, екіжүзділіктің пайдасы зор осындайда. Түр жасап аласың дегенім ғой. Ал жалпы алғанда бәрі жақсы. Екі жігіт екі қызды өзара бөліп алды. Өзара ұғысты. Себебі әу, баста-ақ сахнаға ұғысуға шыққан-тұғын. Екі қыз да бұралып келісе кетті. Себебі олар да әу, баста сахнаға келісе кетуге шыққан-тұғын. Сахна қоғамдағыны ғана суреттейді. Артық-кем ештеңе жоқ. Ал ортақ жаулары Батырды әйеліне тапсырды. Ең бір дүлей, хас жау, алақанында қан уыстап туылған Батырың да түптің түбінде әйелінен қорқатын ез боп шықты. Бұны да қоғамның көрінісі деп шешкен болу керек режиссер. Енді бұл қырағылыққа қол соқпасқа шара жоқ. Сонымен Айман шат, Шолпан шадыман, екі жігіт ерледі. Екі езу құлақта, қылша бел қолтықта, қойылым бітті. Қол шапалақ, себебі театр мәдениет ордасы.

Астана. Орталық көшелердің бірі. Абай туға қарап нені ойлауы мүмкін? Әрине ештеңе. Себебі ол өз ойын айтып, жазып, нұсқап, меңзеп кеткен. Қазір заман біздікі. Жаңашыл қазақтікі. Өзара өткен ата-бабасымен, елімен, руымен мақтанысып күнелтуге, көк езулікке салынып, көрмегеніне қатысты көпіртіп өтірік айтуға, көргенін өсіріп айтуға жарты өмірін беруге бар қазақтікі. Қит етсе өз бойындағы кемшілікті өзгеге жабуға бар, өзгенің кемшілігін өмірінің мақсаты қып, артынан шаммен түсіп ашуға бар қазақтікі. Өзгенің қаңсығын, өзіне таңсық көруге құштар, онысын жаны шыққанша қорқауға құмар қазақтікі. Замануилықтың мағынасын «менін» жоғалтумен шатастырған, модыны мойнына қамыт қып ілген қазақтікі. Қыздарына қырық үй тұрмақ, қырық секунд тыйымды қимай қалған қазақтікі. Көк туын мақтан ететін, бірақ көк тудың астындағы ел тағдырын, «онда тұрған не барға», «құдай өзі кешірсінге» тапсырған қазақтікі. Сөз бостандығынын жалау етіп, я болмаса, желеу етіп, рух құрсаулығын мұрагер еткен қазақтікі. Қазір орталарына Абайдың өзі кеп істің жөнін айтса, түтіп жеуге бар қазақтікі. Өзгелер түсінбейтін өзінше «ұлы түсінікке» ие болған, «өзі білмеуге, өзгенің тілін алмауға» серт алған қазақтікі. Жаһандануға жаны қақталған, аузынан әне-міне Алласы түскелі тұрған, буддамен будандасып, кришнайттен «крыша» тапқан қазақтікі. Сектаның санын семіртіп, исламның қиыс ағымын көбейткен қазақтікі. Екі шетінде ең ұлы екі дұшпаны, екі оттың ортасындағы қалбалақ көбелек күйін кешкен, Алладан басқа ешбір сүйенері, сенері жоқ қазақтікі.

Сахна. Өмір сахнасы. Астана. Орталық көшелердің бірі. Айнала қаптаған адам. Қазақтар. Кім не ойлап, не айтпай жатыр? Ал Абай ләм деместен үнсіз тұр. Тұра беретіні анық енді…
Бөлісу:

29 пікір

zhazular
жаңа блогтұғырға көшіп алдым. zhazular.kazjur.kz/
Abilakim
Абай туға қарап желдің қай жақтан соғып тұрғанын білді
konvict
Мен туралы не айтып жатыр елдер деп жетіп келсем
edige
Менің тасымнан да үлкен ескерткіш тас кімге жасалатын шығар деп тұрған шығар…
Beytanis
Еңкіш тартып, балаларын жоқтаған шарасыз әке.
Arhun
толығымен оқыған жоқпын, — бірақ сен тұра философсың ғой
керемет!!!
alisha
бұл қабілетін нешінші сөйлемнің тұсында анықтадың, аа?
Тура көріпкелсің ғой өзің
Arhun
қойңдаршы осы сендер…
шешес…
Nurgisa
Сені көріп, таныған емеспін, бірақ тура тентексің ғой! дегендей екен
alisha
жәй-жәй…
Arhun
alisha
саңыраулар тілін меңгермеген ем
Arhun
меңгермесең арнай мекеме бар меңгеретін…
alisha
көкесі, не шапшып отырсың… сөз көбейтпей, өзіңмен өзің болшы..әлде суреттеріңе қатысты жазылатын «Ах, ох, керемет» деген пікірлерді ғана қабылдай аласың ба?
Пікір түзетілген: 27 маусым 2011, 18:19
Nurgisa
«Ах, ох, керемет»  Ахтунг, Архун он сегізге толып үлгеріп қойып па еді?
alisha
ту, ағасы, қойыңызшы… жағдай белгілі болды да просто
alisha
жазбаның қадірін кетірмей-ақ қояйықшы
Nurgisa
Архунжан, Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы бабаң көз тігіп отыр ғой, ұялсаң нетті…
Arhun
alisha; Жарайды енді; артық кетсем кешіріңіз…
Beytanis
Абай жайлы тақырыпта ұрыспаңдар! Бұл талап!
satibaldi
Еркерткіш не үшін қойылатын еді?
Сүндетке отырғызатын пышақтың атауы болса керек…
Gastarbaiter
Эволюция заңы бойынша ең икемделгіш түр аман қалып, шарықтап дамиды. Икемделгіштер үнемі алда жүреді.
konvict
Заманың түлкі болса, тазы болып шал дегендей екен мынау.
konvict
Бірді айтып бірге кетіп қалғансың ба? Айтқың келгенді жеке-жеке жазшы.