Өткінші жаңбыр

Даланың шөлін қандыр деп,
Аспаннан жауын төгілген.
Сұрадың қандай жаңбыр деп,
Өткінші жаңбыр дедім мен.

Бір діріл ойнап денеңде,
пернесін мұңның бастың ба?
Өткінші жаңбыр төбеңде,
Өткінші өмір астыңда.

Бұлт омырауын сауғанда,
Сұрамай ешбір себебін.
Өткінші жаңбыр жауғанда,
Қолшатырыңмен бөгедің.

Тағдырлас ару тағдырды,
Мәңгілік емес деп білші.
Қолшатырыңмен жаңбырды,
Бөгемесең де өткінші.

Өзге өлкеге көшсек те,
Табиғатқа біз не істейміз?
Өткінші жаңбыр кешсек те,
Өткінші сезім кешпейміз.

Шындық бар ма деп рас, мұнда,
Езуіңді еркем жимадың.
Өткінші жаңбыр астында,
Өлмейтін мұрат сыйладың.

Төсіне түрлі гүл сіңген,
Дүние түгел тыншыды.
Жүрегіңдегі дүрсілден,
Жеңілген жаңбыр тырсылы.

Тереземізді жиі ұрып,
Өткінші жаңбыр сан жаусын.
Кеудеме жыр боп құйылып,
Өткінші болмай қалғансың.
Олжас Қасым
Бөлісу:

1 пікір

chimaq
apat bop jaughan jangbyrdan areng koz ashyp jatyrmyz...