ӘЛІПБИ МӘСЕЛЕСІН ШЕШУ САТЫЛАРЫ

Әліпби мәселесінің шешімі әбден кешігіп, жұртты жалықтыра бастады. Бұқара негізінен биліктің шешімін күтіп отыр. Біздің ойымызша, шешім шыққанға дейінгі істелер басты шаруа істелген жоқ: қоғам ұлттық жоба шешімінің сұлбасын да бажайламай отыр. Болашақ қабылданар әліпби жобасы қазақтілді ортаның сараптамасынан өткен бір жобаға негізделуін ұсынамыз. Жан жаққа бытырамас үшін әрі тиімді талқы үшін төмендегі материал негізге алынса деген тілек бар. Талқыңыз бен ұсынысыңызды күтеміз.

Кәзіргі кезде тіл тақырыбының өзекті де, маңызды практикалық мәселесінің бірі – қазақ әліпбиі. Алайда, халайықтың алдамшы бағытқа бұрылып бара жатқанын айтқым келеді. Біздің жұрт қарып пен әліпбиді шатастырып жүр. Қарып – бар болғаны дыбысты таңбалайтын таңба ғана, ал әліпби тілді жазбалауға арналған таңбалық жүйе. Кәзіргі кезде қазақ тілі үшін маңызды нәрсе – таңбаның қандай екендігінен гөрі, әліпбидің қандайлығы.
Егер біз осы мәселенің басын ашуға талпынсақ, онда көзіміз – қазақ әліпбиі деп жүрген кәзіргі әліпбидің қазақ тіліне қатысы шамалы екеніне көз жетер еді. Сонда қарыпқа емес, маңызды нәрсе болып табылатын әліпбидің мазмұнына назар аударар едік. Қысқасы, қазақстандық қазақтар қолданып отырған кәзіргі әліпби қазақ тіліне арналған емес, ең әуелі орыс тілін аман-есен жазуға ыңғайланған әліпби екендігіне есі дұрыс адамның көзі жетіп жүр. Осы әліпбимен біз 70 жыл бойы иттесіп келеміз. Өз тілімізді өгей тілдің жазу үлгісіне салып, өзге тілдің әлеуетін меңгерумен әуреміз.Бір қызығы, ойсыраған осы қалпымызға ой тастаған ауызы дуалы, тұлғасы дуалды кісілердің ғылыми деңгейде мәселе көтермей, басын түйеқұсша жасыруы қайран қалдырады!
Шын мәнінде, қазақ тілінде сауатты жазып, барынша өз тілімізге жуық әліпбиді қолданып отырған шығыс түркістандық бауырларымыз екеніне көз жіберетін уақыт болды. Сондықтан да олардың тілі қытайшаға тәуелді емес, ал біздің тіл орысшаға бейім және соған барынша тәуелді. Тәуелді болғанда жазбаша да, ауызша да. Біз «ит» деп жазып, «шошқаны» танып жүрміз! Әрі кеткенде 30 дыбысқа 42 таңбаны арнап, басымызды шыр айналдырып, тілімізді барынша күрделендіріп, емленің «есін тандырып», өзіміз де, өзге де шошитын халға жеттік. Одан арыға барыспай-ақ қойайық – бәрі белгілі, талай айттық, талай жазылып жүр. Сонымен, мәселені неден бастау керек?
Мәселені ең әуелі, естуімізше, осыдан жетпіс жылдай бұрын бір ағамыздың, бір күнде жасап шыққан «кирилше» әліпбиін тілімізге икемдеуден бастау керек. Артық әріптерді жойып, қазақ тіліне керек дыбысқа сәйкес таңбаны ғана қалдыру арқылы, әліпби реформасының бір сатысына қол жеткізбекпіз. Алайда, артық әріпті қысқарту да оңай деуге болмайды, ол қазақ тілінің жазбасын қамтитын арнайы Тұжырымдамаға сүйенуі тиіс. Әліпбидің қарыптан айырмасы да сонда, оның жүйе екендігінде.Сол себепті, жүйенің болмашы жерін өзгерту арқылы өзге жүйе алатынымызды ескеру керек.
Әйтпесе, кейбір даулы әріптерді қысқарту да дауға ұластыруы мүмкін. Мысалы, бір ғана «Алла» сөзін жазуға қолдану үшін араптық Һ әрпін (сол секілді В, Ф әріптері т.т.) атойлап қорғайтындар болатыны белгілі. Оның үстіне бір әріпті қысқартқанның өзінде тілімізде жаңаша емле пайда болатынын ескеру керек. Сондықтан Әліпби реформасының тұжырымдамасы (ӘРТ) лингвистикалық тұрғыдан барлық даудың басын ашатын ғылыми және ресми құжат болып табылар еді.
Айталық, 42 әріпті қысқартып, отызын қалдырдық дейік. Мәселе мұнымен шектелмейді. Әлгі қысқарған әріптердің орнына жаңа әліпби негізіндегі сөздердің жаңаша жазындысын сіңіру де оңай шаруа емес. Мысалы, Ч әрпін қысқарту арқылы оның орнына Тш жазу керектігін жұртты дағдыландыру мен қажетті электрондық және басқа аспаптарға енгізіп, сіңірудің өзі біршама уақыт пен қаржыны, программалар әзірлеуді қажет етеді.
Компьютерге арналған Дұрыс жазу тексермесіне (ДЖТ) арналған программаның өзі біршама жыр болуы мүмкін. Десек те, осының бәріне жанкешті әрі талай дауға басын тігуге даяр лингвист-ұлтпаттар керек-ақ. Ондай ғалымдар тобы кәзірден бастап мәселені қоғамдық негізде болса да қолға алғаны жөн. Ал, Үкімет бұл мәселе жөніндегі құзырлы жұмыс тобын құрып, кіріссе қанеки! Алайда, оған үлкен күмәніміз бар.Қазақстанның ұлттық мемлекет еместігі де, қазақ тілінің шын мәніндегі мәртебесіздігі де осындай мәселеде көрініп жүргенін жасыра алмаймыз. Біздің өзбек, түрікпен, әзербайжан ағайындардан артта қалуымыз да осындай тұрпатымыздан еді.
Нақтылай айтсақ, әліпби мәселесі екі сатыны шешуден тұрады: бірінші, кәзіргі әліпбиді реформалау арқылы шынайы қазақ әліпбиінің уақытша «кирилше» нұсқасын қоғамға сіңіру; екінші кезекте, сіңіскен әліпбиді ағылшындық қарып негізіне көшіру. Уақыт жағынан, алғашқы саты 3-5 жылды қамтыса, соңғы саты бес жылдан артпайды.
Неге ағылшын қарпы? Егер де түрік, өзбек, әзербайжан бауырлар секілді латын қарпын жасақтасақ, екі есе ұтылуымыз мүмкін. Оның кәзіргі кирилшеден артықтығы шамалы болады. Себебі, барлық техникалық, электрондық программаларды қайта жасап, уақыт пен ақшаны шығындауға тура келеді. Ал ағылшын әрпі әзір тұр және оның қыруар техникалық әлеуеті де дайын. Тек қана әліпбиді соған негіздеу қалып тұр. Бұл турасында еңбектеніп жүрген азаматтар да жеткілікті.
Әрине, жазуды өзгерту аса жауапты жұмыс болғандықтан, ол үдерістен қоғамның барынша жеңіл өтуін қарастыру керек. Әліпби реформасын екі сатыға бөлудегі мақсаттың өзі — аталмыш жобаны жеңілдету, халыққа әрі жаңа әліпбиді, әрі жаңа емлені қақалатындай «асатудан» аулақ болу. Десек те, әр мәселені шешудің оңай жолдары бар. Мысалы, әрбір компьютерге енгізілген ДЖТ арқылы кез келген сөздің дұрыс жазылуын оңай бақылауға, тіпті, соның көмегімен жазуға болады. Сондай-ақ, электрондық кеңісті Жаңа әліпбиді сіңіру полигоны ретінде қолдану мүмкіндігі бар.
Қалай болғанда да, қазақ тілі үшін кәзіргі өгей әліпбиден құтылу жағын неғұрлым тезірек қолға алмасақ, уақыттан ұтыла түсетініміз айқын. Өкініштісі сол, ғылыми орта ресми бастаманы күтіп, ертеңгі мәселенің қиындығын халыққа түсетінін ескермей отыр. Егер де лингвистеріміз жағдайды кәзірден бастап талдап, мәселені барынша шынайы жағдайға жақындатса, ресми (биліктік) шешім қабылдау да оңай әрі дұрыс болар еді. Шамасы, авторитаризмге дағдыланған ұлттық сана бұл жолы да «сарайлық» шешіммен шектелгісі келіп отыр. Бұл кәзіргі жағдайды қалыптастырған қатерлі нұсқаны қабылдауға апаруы мүмкін.
Біз онсыз да келешек ұрпаққа мәселенің бәрін үйіп-төгіп қалдырып, ал оның несібесін бүгін ішіп-жеп жатқан елміз. Ең болмаса, әліпби мәселесінде батылдық пен шешімгерлік танытуымыз керек-ақ.
Бөлісу:

12 пікір

asaubota
ағылшынның барлық әрпі бізге келе бермейді ғой. сондықтан көшетін болсақ біржолата көшу керек. уақыт өтеді, проблемалар да шешіледі, жаңасына да үйреніп кетеміз.
Beytanis
Әліпби ауыстырсақ тілдің қолданыс аясы кеңейе ме? Бұдан бетер сазға батып кетпейтімізге қандай кепілдер бар?
satibaldi
Сұқ саусақтарыңды әлі де сорыңқыраңдар, тағы қызық проблемалар шығып қалар.
serjan
Ағылшын әрпі мен латын әрпінің айырмашылығын біле алмай отырғаным.
satibaldi
Ең болмаса, әліпби мәселесінде батылдық пен шешімгерлік танытуымыз керек-ақ.
2080 жыл.
— Әже, біз неге ең сауатты әрі қайыршы йельмиз?
— Кейзинде ең болмаса осы мәселені шешейік деп, инновацияны ұмытып кетіппіз, sun of the beach…
Nurzhol
Кириллица қаріпінің ауқымы кең емес. Көбінде кириллицаны орыстың боданындағы елдер қолданғаны белгілі ғой. Біздегі грамматика орыс тілінің грамматикасына ауатын жерлері бар шамасы. Мәселен, қазақ тілінде орынсша кірме сөздерінің жазылу емлесі қаз-қалпында жазылуы тиіс. Дұрысы солай болып көрінеді. Себебі, ф, ж, э, ю, я сияқты әріптер әліпбиде тегін тұрған жоқ қой. Негізінде бұл әріптердің қазақ сөздері үшін бір тиынға қажеті жоқ шындығында.

Бұл әріптердің қолданылу ерекшеліктері тіл мамандарына қалсын. Бірақ қазақ тілінің әліпбиі тек қазақ тілінің ерекшеліктерін ескеруі керек. Орысша грамматикаға жалтақтамау керек. Неге десеңіз, әлемде жүзден астам тіл бар. Соның ішінде дербес қазақ тілінің орны бір бөлек әңгіме. Тіл ыңғайлы болсын деп, жүз түрлі тілдің грамматикасын қазақ тіліне тықпаламаймыз ғой, сол сияқты орыс тілінің грамматикасы өз алдына бөлек тақырып.

Меніңше, әліпбиді латыншаға көшірген дұрыс. Бұл бір күндік жұмыс емес. Тек маңызды қадам болуы ғажап емес. Кейбір аға-апаларымыз арабша әліпбиге көшу керек дейді. Оған қосылмаймын. Себебі, арабтарға тәуелді болғанды қаламас едім. Әрине, арабша жазған арабтарға тәуелді болу керек деген сөз емес деген пікір шығуы орынды. Бірақ сол арабшадан не пайда? Айта берсек, сөз көп. Шегі жоқ демекші.

Кезінде президент осы әңгімені қозғаған деген әңгімені естігем. Тек қолымда дәлелім жоқ. Ресей президентімен кездескен соң, жым болды дегенді де естігем. Бұған да дәлелім жоқ.

Қоғамға латын әріптерін еш деместен кіргізіп жіберу керек. Кириллица мен латынша параллель жүре берсін. Сосын көреміз кімнің нені қалайтынын. Онсызда елдің саясаты демократия деп шулаушы еді ғой. Көрейік қандай демократия екенін, шынымен де демократия болса алдында тұрған кириллица мен латыншаның бірін таңдап жазсыз ыңғайына қарай.

Латын әліпбиі қарт, орта жастан асқан адамдарға меңгеруге қиын болуы мүмін. Жә, олар шулауы да мүмкін, сондықтан кириллицаға тиіспеген жөн. Болашақ жастардың қолында. Сөзсіз, көзі ашық жастар онсызда латыншаны алып кетеді. Демек, келер толқын тілдік нормаларын ыңғайға сай алып кетуі керек.
nurjanbay
менімше латынша әліпби осындай немесе осыған ұқсас болу керек. ал қосымша әріптер, асты үстіне нүкте-құйрық қойылғандар ұнамайды. мұнда тек латынның 26 әріпі ғана қолданылады. «ае, ое, ue, ie» неміс жазуынан алдым. «Е, К, Г» ережесін А.Байтұрсыновтың «төте» жазуынан алдым. «Е, О, Я, И, Ю, У» әріптерін дифтонг деп есептеймін қазақ тілінің фонетикасы туралы кітаптарда жазған.

A a — А а
B b — Б б
C c — Ш ш
D d — Д д
E e — Е е
F f — Ф ф
G g — Г г
H h — Ң ң
I i — Ы ы
J j — Ж ж
K k — К к
L l — Л л
M m — М м
N n — Н н
O o — О о
P p — П п
Q q — Қ қ
R r — Р р
S s — С с
T t — Т т
U u — Ұ ұ
V v — қысқа Ў ў
W w — Ғ ғ
X x — Х х
Y y — қысқа Й й
Z z — З з

Латыншада жоқ әріптерді жазу:

Ә ә — ae: ән — aen, әмір — aemir, тәңір — taehir.
Ө ө — oe: өз — voez, бөз — boez, нөл — noel.
Ү ү — ue: үн — uen, түн — tuen, үзінді — uezindi.
І і — ie: із — iez, иін (ійін) — ieyin, білім — bielim, төну (төніў) — toeniv.

Ескерту:
1) Егер түбір сөзде «Е, К, Г» әріптері келсе дауысты дыбыстан кейінгі жіңішкертуші «е» түсіп қалады:
Өзен — vozen, сурет (сүурет) — suvret.

2) Егер «Е, К, Г» әріпі жалғау-жұрнақтардың құрамында болса дауысты дыбыстан кейінгі жіңішкертуші «е» әрптері түспейді:
Біреу (бір) — bierev, мөлдіреген (мөлдір) — moeldiregen.

3) «Е» әрпімен түбір сөздегі тек ең алғашқы дауысты ғана жіңішкертіледі, кейінгі дауысты дыбыстарға «е» жазылмайды:
Білім — bielim, өмір — voemir, әріп — aerip.

Е (йе) — ye (тек сөз басындағы): емен (йемен) — yemen, еле (йеле) — yele
О, Ө (ўо, ўө) — vo (тек сөз басындағы): орал (ўорал) — voral, өгіз (ўөгіз) — vogiz, бор — bor
Я я (йа) — Ya ya: яғни (йағній) — yawniy, аян (айан) — ayan, сия (сыйа) — siya
И и (ый, ій) — iy (ый), iey (ій): иық (ыйық) — iyiq, ине (ійне) — iyne, қиын (қыйын) — qiyin, киік (киік) — kiyik
Ю ю (йұў, йыў) — yuv, yiv: юрта (йұурта) — yuvrta, ою (ўойыў) voyiv, қию (қыйыў) — qiyiv, кию (кійіў) — kiyiv
У у (ұў, үў, ыў, үў) — uv, iv: уық (ұўық) — uviq, ту (тұў) — tuv, у (ұў) — uv, бару (барыў) — bariv, келу (келіў) keliv, жуу (жұўыў) — juviv, уақыт (ўақыт) — vaqit

Щ щ — cc
Ч ч — tc
Ц ц — ts
Пікір түзетілген: 10 маусым 2011, 16:42
satibaldi
«Е, О, Я, И, Ю, У» әріптерін дифтонг деп есептеймін.

"… Мұны әзіл екен деп ойлап қалмаңыздар..." ©Олжас Сүлейменов, «Аз и Я».