...мен есейгенде...

Бір күні үндемей отыруды үйрендім. Үндемей
отырғанда сағаттап еш үн қатпай отыра алатын болдым. Не үшін дейсіз ба? Өйткені
сол кездегі кішкентай әлемімде әкеммен тек қана осылай бір бірімізді
түсінетінбіз. Әкем жұмыстан үнемі шаршап келетін. Үйде күн бойы отырған менің болса
ішім пісіп, оның келуін сабырсыздана күтетінмін. Ол есіктен кіре берісте
мойнына асылып, менімен ойнауын қалайтынмын. Әкем маңдайымнан сүйіп, иіскейді
да «ботақан, бөлмене барып ойна» дейтін. Содан кейін әкемді тек қана
анамның «кешкі ас дайын, дастарханға келіңдер» дегенінде көретінмін.
Дастархан басында анам екеуінің әңгімелеріне қыстырылысып, олармен бірге жарыса
сөйлеу арқылы өзіме көңіл аудартқым келетін. Әкем ашуланатын, 'Күн бойы
адамдардың айқай-шуынан шаршап келемін, оған қоса сен миімді шірітпе!!' дейтін.
Анам да маған 'Күн бойы сенімен әлек болдым, әкеңмен бір-ауыз сөз айтқызбайсың
ба не?' ұрсып, мені қайта өз бөлмеме жіберетін. Амалсыз, көздерім жасаурап
бөлмеме кететінмін. Әкем артымнан, 'Біздің заманымызда жеке-өз бөлме деген ұғым
да болмайтын, мына балаға бәрін бердік, тағы не жетіспейді осы… түсінбеймін.'
деп ызасын баса алмай ұрысатын. 'шіркін жеке бөлмем болмаса ғой, шіркін үйіміз
бір бөлмелі болса ғой — бәріміз үнемі бірге болсақ қой' дейтінмін ішімнен;

Кешкі астан соң әкем диванға жайғасып теледидар қарайтын. Кейде мені шақырып
біраз еркелететін. Сол сәтте теледидардан әкем үшін маңызды бір нәрсе көрсетіп
қалса, сөйлегенді былай қой қимылдауыма рұқсат етпейтін. Жүгіріп ойнағым келсе,
дереу "өз бөлмеңе бар" сөзін естийтінмін. Сондықтан мен үндемесем
әкеммен жақсы түсінісетіндей болдық.

Сол кезден бері сөзді қажет етпейтін ойындар ойлап табуға тырыстым. Сурет сала
бастадым. Әкем мен салған суреттерді ұнатып; 'осылай тыныш қана ойнасаң болады
ғой.' дейтін. Суретпен байланысты сұрақтарыма әкем толық жауап бермей, көз
қырымен ғана қараса да, енді бөлмеге барып ойна демейтін болды. 'Соңғы күндері ұлым сондай тәрбиелі болып жүр, ақылы
басына кірген-ау.' деп анам айтатын көрші-таныстарына.

Суреттер көбейген сайын бөлмені таза ұстау мүмкін еместі. Анам 'бөлмеңді жина!'
деп бөлмеме қамап тастағанда жинауды неден бастарымды білмей қалатынмын. Уақыт
өтсе де, бөлмемді реттей алмай қиналатынмын. Анам бөлменің әлі жиналмай
тұрғанын көріп 'сурет салуына тыйым саламын' деді бір күні. Үндемегенімді тәрбиелігім
деп көрген ата-анам суреттерімді да қолымнан алса мен не істеймін?!

Осыны біраз ойлап, ойымдағыны қағаз бетіне түсірдім. Әкем жұмыстан келген кезде
онымен сөйлесуге ыңғайлы уақыт іздедім. Әдеттегідей кешкі асымызды іштік, бәрі
өз ісімен айналысты. Әкем теледидар басына отыра бергенде оған салған суретімді
көрсеттім. Әкем суретке қарап 'өте жақсы салыпсың. Бұл адам мен болармын' деді.

мен 'жоқ, ол адам — менмін, сіз мына кішкентай баласыз.'дедім. Ол 'жоға, бұл
адам менмін, сен мына кішкентай баласың, ал қасындағы қыз — досың.' деді. Мен
қайта 'жоқ, үлкен адам — менмін, сіз суреттегі кішкентай баласыз, қасыңыздағы
қыз — анам' дедім.

Әкем менімен спорласудан жалығып: 'Солай-ақ болсын бізді неге кішкентай етіп
салдың?' деп сұрады. Ойымдағыны түсіндіре бастадым.

Мен есейгенде үлкен адам боламын.
Жұмыс істеймін. Сіздер қартайып кішірейесіздер. Омыртқаңыз қисайып, көрші
Доғдырбай ата мен Мариям апа сияқты кішкентай боласыздар. Мен жұмыстан үйге
шаршап келетін боламын. Сіздер менімен сөйлескілерін келген кезде жұмыста да
басым қатқандықтан сіздерді естімейтін де боламын. Сіздер менімен қызықты бір
әңгімелеріңді бөліскілерің келген кезде, мен 'Түүү бөлмеңізге барыңызшы, сәл
демалайын.' дейтін боламын да 'барлық нәрселерін сатып аламын; тамақ, киім…
жайлы бөлмелері де бар. осы не жетіспейді осыларға — түсінбеймін' деп
ашуланатын боламын.

Ата-анам маған сенбеушілікпен қарап, көздері жасаурап тұрды. Естігендеріне сене
алмай тұрды. Сосын мені қатты құшақтап, иіскеп, бетімнен сүйе бастады. Қанша
сөйлессем де мені аяғына дейін тыңдайтындай болды. БІРІНШІ РЕТ.

САМАТ ДЖАЛИКОВ «КҮНДЕЛІК ЖЫРДАН»
Бөлісу:

9 пікір

borte_92
Мына блогты оқымаған сияқты ғой…
Abilakim
Бұның негізі баяғы қазақ мысалында бар еді ғой. Келіні қарт ақсақалға итаяққа құйып тамақ беріп жүреді. Бір күні ұлы ағашты жонып бірдеңе жасап отырады. Сол кезде анасы: Балам, не жасап отырсың ?-дейді.
Итаяқ жасап отырмын, сен қартайғанда тамақты сол ыдысқа құямын дейді бала. Сол күннен бастап әлгі келін атасына жақсы қарапты деседі
borte_92
ия, ия есіме түсті.
nurjanbay
ол жерде ата анасына көңіл аудармаған кісілер туралы ғой. ал мына жерде баласына көңіл аудармаған кісілер туралы. аз да болса айырмашылық бар.
borte_92
«КҮНДЕЛІК ЖЫРға» кіріп көріңіздер. біраз жақсы дүниелер бар.
Karakyz
АдресI кандай? Саматты жаксы танимын. Блогы бар екенiн бiлмеппiн.
meirzhan
Керемет!
Әрине, балаға материалдық жағдайын жасап беру жеткіліксіз. Сонымен қоса ішкі рухани әлеміне де үңілу керек. Қанша уақыт аз болса да.
Жоғарыда келтірілген жағдай көп баланың өмірінде кездескен шығар.
Бұл жігіттің түрлі әлеуметтік желілерде профайлдары бар.
Астана қаласы ЕҰУ-інің студенті.