Ұ.Қ немесе КИНО КӨРСЕТЕТІН ТЕЛЕФОН



ДОСЫМ НҰРАЛЫҒА АРНАЛАДЫ автор

Нұралы Абай атындағы университетті бітірген соң, оқыста үйленіп алды. Алдағы жұмыс туралы, болашақ жайлы ойлағысы да келмеді. Әйтеуір бір тағдырындағы тарының шашыларын, өзі аман болса, шашылған тарының шоқылмай қалмасын анық түсініп, астында көлігі, үстінде үйі болмаған күйі саусағына сақинаны сүңгітті. Кім көліксіз үйленбей жатыр? Кім үйсіз келіншекті болмай жатыр? Өзімен бір университетті тауысқан Айдай сұлуын, күмістей көркемін жетектеп жүрсе несі айып? Әне бір қиындық пен жоқшылықтың бәрі уақытшаның табалдырынан ары аттағалы тұрған жоқ па?
Демек бәрі дұрыс қой. Келіншегі тоғыз ай толғатып шекесі торсықтай… жоқ, қыз әкелді дүниеге. Атын Аяулым деп қойды. Аяулым өзінің кішкентай копиясы болып шыға келді. Осы аралықта Астанаға қоныс аударып үлгерді. Кеше жұмысқа тұрған. Білдей бір… атты мекемеде білдей бір… боп жүр қазір. Ауылдан келген ақшаның бетіне қарамай жаңа ғана су жаңа телефон сатып алды. Ішінде кино көрсететінін қайтерсің? Не деген дамыған техника! Бір арманы автобуста, жаяу, күнде де, түнде де келе жатып кино көру еді. Аяқ асты арманы орындалып едірейіп кетті.
Енді міне Астананың көшесінде, кешқұрым тоғызда, үйіне қарай алшаң басып келе жатыр. Қарсы бетте кел жатқан ұзын бойлы жігіт мұның қасына кеп қалт тұра қалды. Алагеуімде жүзі анық көрінбеді.
— Оу, қалайсың, дос?
Нұралы өзіне қаратылға айтылған сөзге жауап бермеді. Себебі амандасқан адамды бұрын еш жерде көрмеген сияқты.
— Маған айтып тұрсың ба?
— Енді кімге? Ау, не болған саған мен ғой, Еркебұлан…
— Қай Еркебұлан?
— Қай Еркебұланың не? Мен Қыстаубайдың! Ауылдағы.
Нұралы жүзіне анықтап қарады. Бірақ өмірінде көрмеген адамы екенін анық біліп тұр. Анау шынтағынан сүйреп бұрышқа қарай әкете берді.
— Өй, не болған саған? Жүрші бері, сөйлесейік.
Нұралы аса қарсылық көрсетуге ұялып, ере берді. Мүмкін шынымен танымай тұрған шығар. Ауылдасын танымай қапты деген жаман атқа қалса, тағы ұят. Анау бұны сүйреген күйі сөйлеп келе жатыр.
— Астанаға қашан келдің? Алматы қалай?
— Көп болған жоқ. Сені қайдан көріп едім өзі?
— Жүр, жүр. Мені танымай саған не болды? Мен ғой, өткенде Серікбай айтқан жігіт. Сен маған 10000 теңге беру керек едің ғой, есіңде ме?
Нұралының іші қылп ете қалды.
— Қандай Серікбай. Бәсе, сен мені біреумен шатастырып тұрсың? Мен ешкімге қарыз емеспін…
Бұрыш айнала бергендері сол еді, анау сарт еткізіп бәкісін суырып алды.
— Ей, ит! Шығар кәне қалтаңда неше теңгең бар? Өтірік жынды бола қалуын!
Нұралы қақпанға түскенін енді түсінді. Жан-жағына қарап еді, кешқұрымда тірі жан көрінбеді. Бәкінің суық түсі тілінен айырып, не әрекетке бару керек екенін бағамдай алмай үнсіз тұрып қалды.
Әп сәтте, қалтасындағы барын алып, тайып тұрған «Еркебұланға» еш қайрат қыла алмай базы мең-зең болған күйі отыра кетті. Сәлден соң есін жиып тұрды. Су жаңа телефонынан айрылғаны жанына қатты батты. Аттай қалап, ұнатып еді. Кино көрсететіні айсаңызшы, дамыған техниканың. Іші қан жылап, өмірден түңілген күйі жүре берген. Үйіне қалай жеткені есінде жоқ.
Арада ай өткенде Нұралы көрші қолаңға шәй беру керек деп шешті. Астанаға кеп жатыр. Үй өзінікі болмаса да, өзікіндей қаны бойында тулап жатқан бауырынікі. Жұмысқа тұрды. Аяулымы өсіп келеді аман-сау. Өткендегі бір келеңсіз жайттан жаны аман қалды. Осының бәріне тәубе қылып, бір шәугім шайге шақыру міндетім деп түсінді. Өткенде лифтыда көрген тетя Люба да жылы шырай танытып еді. Соны да шақыра салар. Орыс болса не бопты. Орыстың да арасында жақсылары бар. Жексенбінің кешкі жетісін жөн көріп қазанға ет салды. Алыс жақындағы таныс жекжаттар жиналды. Әйелі аулада танысқан бірлі екілі құрбыларын да шақырған. Қонақтардың дені отырып үлгермей жатып, есік қағылды. Нұралы жүгіріп барып ашып қалды да, көзі атыздай болып тұрып қалды.
Арғы бетте дәл осындай сезімде өткендегі «Еркебұлан» да тұрған, тіл-аузы байланып. Екеуі де бір-бірін танып, сұп сұр боп кетті. Үйіне қонақ боп келіп тұрған ұрыны қалай қарсы алу керектігі бұрын соңды практикада болмаған соң, не істерін білмей артқа шегініп кетті. Осы аралықта әйелі де кеп қалды.
— О, кіріңдер, кіріңдер, Нұреке міне, мынау Айзат, біздің көрші… мынау күйеуі…
Айзат күлімдеп аяқ киімін шеше бастады. Нұралы қалтип тұрды да қойды.
Еркебұлан өтірік жымиып қолын созды:
— Менің атым Бауыржан…
Нұралы безерген күйі
— Еркебұлан – деді оның көзіне тура қарап.
Әйелі келген қонаққа атын айтпай әбестік жасап тұрған күйеуін байқатпай түртіп қалды.
— Келіңдер, бәрі жиналды. Дастарханға өтіңдер-деді сосын күйеуінің бұл қылығын бастырмалатып.
Екі келіншек төргі бөлмеге өткенде Бауыржан Нұралының қолынан шарт беріп ұстай қалды.
— Кешір. Құдай ақы, мен ұры емеспін. Өткендегі алғандарымды қайтарып берем. Тек… сотқа беріп, жылатып жүрмеші. Кішкене балам бар…
Нұралы оның қолын сілкіп тастап қонақ бөлмеге өтіп кетті.
Бауыржан да келіп отырды. Тәубе шайына шақырылған қонақтар майлы еттен асап, көк шәйді армансыз сімірді. Таныс-біліс, аралас-құралас болудың артықтық етпейтінін, «көрші ақысы — құдай ақысы» екенін айтысып, емін-еркін отырды. Жаңа таныстар ерекше шат-шадыман, ерекше көңілді.
Тек «ескі таныс» Нұралы мен Бауыржанның ғана мазалары кетіп, бір- бірін аңдумен әлек.

«Құдай-ай, сотталып кетер ме екем» болды Бауыржанның ойы.
«Қалай да, кино көрсететін телефонымды қайтарып алуым керек» болды Нұралының ойы.
Бөлісу:

13 пікір

Ahi
Ай, қазағымның қонақжайлығын-ай!
patick
Орыс болса не бопты. Орыстың да арасында жақсылары бар.

Шешесс, кілең нацистер нақ, гитлердіңұрпағыболыпшыққарлар.
nurbergen_makym
… тек, түктібайымайд, соғысайындепжүрмегір!
:) — ауыл деген керемет екен ғо…
Arhun
фото күшті шықты
zhazular
фотодағы: досым Нұралы мен келіншегі…
Arhun
Профи!
zhazular
өзі режиссер ғой. суреттің түр түрін түсіреді, иттің баласы…
omarbirat
Елестетіп көрдім. Әйелі бар, көршілерімен тату тұратын отағасы кешке паркке шығып алып, елдің ақшасын, соткасын тонап, қарақшылықпен айналысып жүр. Мынауың оборотень ғой!
nurbergen_makym
… асығып отыр едім, келгесін оқырым!
)))))))))))))))))))))))))))))))))))))
zhazular
жақсы, ісіңді бітіріп кел асықпай, сен келгенше шай де қайнап қалар… :)