«Анам «жылама» дейтін, біз «йылама» дейтін болдық...»

Өткенде Қытайдан атажұртқа оралған қандасымыз, жазушы Жәди Шәкенұлымен өткен кездесуге қатысқаным бар. Астанадағы Еуразия университетінің кітапханасында өтіп еді. Алқақотан жиналған жұрт біраз әңгіме-дүкен құрғанбыз. Дұрысы, біраз ғалымдар мен жазушылар сөз сөйлеп, біз тыңдағанбыз. Әрине, Жәди Шәкенұлының шығармашылығы туралы әңгіме бөлек, бірақ менің айтпағым сол кездесудегі бір ғана сәт еді.
Кездесуге қатысқан жазушы Тұрсын Жұртбай қасына ноғай жазушысы Иса Қапаевты ертіп келіпті. Әрине, басында оны таныған жоқпыз. Тұрсын мырза өзі таныстырды. Қазақ пен ноғайдың түбі бір туыс екендігін, Алтын Орданың мұрагері болғандығын айтты. Иса Қапаевқа «бабаларың жүрген ұлы даланы аралатайын, бауырымсың ғой, келіп тұр» деді. Әдемі ілтипат көрсетті. Алайда, менің айтпағым бұл да емес.
Жиналған қауымның алдында сөз алған Иса Қапаев екі халықтың туысқандығын айты келе, «сендер өктемсіп жүріңдер» деді. Түрколог Қаржаубай Сартқожаұлы бұл сөзді «мақтаныңдар» деген мағына береді деп аударды. Байқағаным, ноғай тілін түсіну оңай екен. Иса Қапаев ноғайдың жеке ел болмаса да, ноғаймен кіндігі бір жаралған қазақтың ел болып отырғанына қуанатынын айтты. Тарихта екі халыққа да ортақ құндылықтардың болғандығын, біз Едіге десек, олар Идигу, біз Жаңбыршы десек, олар Йанбыршы дейтінін, «Қырымның қырық батыры» жырындағы барлық батырдың екі халыққа ортақ екендігін айтты. Бірақ, ноғай тілін орыстардың бүлдіріп кеткенін тілге тиек етті. «Біздің тілдеріміз бұрын тіпті ұқсас еді. Орыстар арамызды ажыратып барады. Анам «жылама» дейтін, біз «йылама» дейтін болдық...» деді. Түркологтар ноғайлардың әліпбиін Николай Баскаков бүлдіргенін айтып жүр. Шамасы, ХХ ғасырдың басына дейін ноғайлар «ж» дыбысын біз сияқты пайдаланған сияқты. Ноғай әліпбиі жасалған соң, бұл ерекшелік жойылыпты. Сөйтіп, ХҮ ғасырда
«Қазақ пен ноғай айырылды,
Қазақ сыртқа қайырылды.
Ноғайлының ну елі,
Күңіренді қайғырды..» деп, Асан Қайғы «Ел айырылған» деген күй шығарып, Қазтуған «қайырлы болсын сіздерге, бізден бір қалған Еділ жұрт» деп аңырап айырылысқан халықтар шын мәнінде ХХ ғасырда бір-бірінен ажыраса керек. Иса Қапаевтың әлгі сөзінен дос болсаң, балтаң беліңде жүретін жұрттың түбі бір туыстарды бөлшектеп, бірте-бірте құртып жатқандығын аңғарасың. Неге екенін қайдам, Иса Қапаевқа жаным ашып кетті. Ал, «аузы басы жүн кәпір», «көзі шегір, өзі жемір» жұртқа, дұрысы солардың билеушілеріне қаным қарайып шыға келді. Бір әріп арқылы да, тұтас бір халықтың өткені мен бүгінінің арасын үзіп, туыстарынан алыстатып жіберуге болады екен-ау. Үлкендердің «орыстың ноқтасы темір ноқта» дейтіні бәлкім осыдан шығар.
Бөлісу:

11 пікір

omarbirat
Түріктерде де "қ", "ң" деген дыбыстар болған дейді. Қырғыздарда да "і" дыбысы «и» боп кеткен. Алфавиттің арқасы :))
asaubota
алфавит тілге әсер етеді дегенге сенбеймін. жазу бөлек, айту бөлек қой. алфавитсіз ақ тіл өмірішеңдігін сақтап қала алады. Й әрпінде тұрған ештеңе жоқ, бізден басқа түркі халықтарының бәрі Ж-ны Й дейді ғой.
sakenspb
қазанның татарлары ж-деп сөйлейді. олар жокающийлар. йокающилар басқа жақтың татарлары.
AKY
Кеше-бүгін ЕҰУ-да түркітану симпозиумы болып жатыр. Иса Капаев та келді.
AKY
Өкінішке орай, әрлі-берлі шапқылап жүріп, ешкімді тыңдай алмадым.
Beytanis
Түркологтар ноғайлардың әліпбиін Николай Баскаков бүлдіргенін айтып жүр.


Әбілдің, Баскаков дегенді Басков деп оқып отырсам… домалап күліп жатқан ысмайыл.
meirzhan
Сонда өзбек және т.б. түркі халықтары бұрында «й» әрпінің орнына «ж» әрпін пайдаланды ма. Кейде маған тек қазақтар ғана «ж» әрпін пайдаланатын сияқты көрінеді.
Ottegin
Қазтуған «қайырлы болсын сіздерге, бізден бір қалған Еділ жұрт» деп аңырап айырылысқан халықтар