Қазақ енді қымызды немістің рұқсатымен ғана ішетін болды
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Біздің дәуірімізге дейінгі IV ғасырда қытайлық бір жиһанкез артына мынадай дерек қалдырған екен. «Егер көшпелі тіршіліктегі қазақтан қанша уақыт жерде, қанша уақыт аттың үстінде отырдың?» деп сұрасаң, өмірінің басым бөлігі жылқымен бірге болғанын аңғарасың» депті аталмыш зерттеуші. Осының өзі біздің халқымыздың Қамбарата түлігіне қаншалықты жақын екендігін дәлелдей түседі. Осыдан бір-екі жылдай бұрын ағылшын елінің ғалымдары жылқыны алғаш қолға үйреткен көшпелілер екенін жаһандағы жұртқа жария еткен еді. Бұл бізді қуантады. Өйткені жұмыр жерде тұңғыш рет асау атқа құрық салған қазақ екенін білу біз үшін үлкен мәртебе емес пе? Ес білгеннен бастап аттың жалын ұстап мінген Алаш жұртының осылайша дүниежүзіндегі дүйім ел алдында абыройы асқақтай түсті. Дегенмен жылқы малына жаны жақын біздің жұрт қазір төрт түліктің осы бір түрінің қаншалықты бағасына жетіп отыр? Ол жайында әзірге ауыз толтырып айта алмаймыз. Себебі көшпелі жұрттың қастерлі түлігіне айналған жылқыға өз деңгейінде назар аудармай жүргеніміз жасырын емес.
Үштен бірі қалыпты
90-жылдарға дейін елімізде 4,5 млн басқа жуық Қамбарата түлігі күтімге алынған көрінеді. Жекешелендіру жылдарында оларды сақтап қалуға еш мән берілген жоқ. Сол кезеңде Қазақстанда 19 асылтұқымды жылқы зауыты болған екен. Осының арқасында аталмыш түлікке деген қамқорлық жоғары еді. Көптеген бәйге аттары бағылды. Одан қалды, етті-сүтті тұқымдары өсірілді. Соңғы деректер бойынша елімізде 1,5 млн басқа жуық жылқы малы қалған екен. 90-жылдарға дейінгі түліктен үш есеге азайып кеткен. Рас, сол кезеңде оған жаны ашыған ешкім болған жоқ. Тіпті оны пышақтың есепсіз құрбанына айналдырып жібердік. Оған қоса, жылқы зауыттарының саны азайып кетті. Бұл жылқының түпкі отанына айналған Қазақстан үшін өте ұятты жай еді. Өкінішке қарай, оны елеп-ескерген пенде болсайшы. Барлығы да қалтаның қамымен іргелі шаруашылықтарды жойып жіберді.
Қазір жылқы малының саны жөнінен Алматы облысы көш бастап тұр.
Алатау баурайындағы аймақта 266,7 мың бас Қамбарата түлігі бағылады. Ал Шығыс Қазақстанда – 217, 4, Оңтүстік Қазақстанда 164,5 мың жылқы бар. Ал Сыр өңірінде олардың саны 62,7 мыңды құрайды.
Кеңестік кезеңде жылқы шаруашылығына ерекше мән берілді. Оның стратегиялық маңызы зор еді. Біріншіден, жылқы еті қай кезде де қымбат. Оның бағасы өзге түліктің ет өнімдерінен жоғары болды. Екіншіден, жылқы малы мінсең көлік, жесең ет, ішсең қымыз дегендей. Яғни Қамбарата түлігінің пайдалы жағы аз емес. Осы сала мамандарының айтуынша, жылқы етін шетелдіктер жоғары бағалайды екен. Мәселен, сиыр малы арнайы бордақылау алаңдарында бағылады. Ал жылқы жылдың қай мезгілінде де өз тамағын даладан тауып жейді. Яғни аталмыш түліктің еті мен сүті табиғи таза өнім саналады. Кеңестік кезеңде жылқы еті Ресейдің іргелі қалалары – Мәскеу мен Ленинградта таңсық астың біріне айналды. Ол шаһарлардағы тұрғындары оны қымбат бағасына қарамастан сатып алатын. Біздің елімізде де оның еті де, қымызы да арзан болған емес.
Бәйге аттары қайда?
Қазақты жылқы мінездес халық дейді. Расында да, солай ғой. Бәйге десе делебесі қозбайтын қазақ баласы кемде-кем. Кезінде бәйгенің алдын бермеген жүйріктеріміз көп еді. Олар біздің ұлтымыздың өздеріне тиесілі жылқы тұқымдары болатын. Мәселен, Қостанайда шығарылған Көшім атты тұқым төзімділігімен, ұшқырлығымен ерекшеленетін. Ерте замандарда қазақтың бәйге аттары мәреге бірінші жетіп, елдің көзқуанышына айналып жатты. Жақсы делік. Қазір сол жүйріктеріміз қайда кетті?
Соңғы жылдары ұлттық өнерге қайта бет бұрып жатырмыз. Қуанышты жайт. Алайда ат дегенде ішер асын жерге қоятын Алаш баласы қандай жылқы тұқымдарын бәйгеге қосып жүр? Мәселен, Сыр өңіріндегі атбегілер түрікменнің ақалтекесі мен ағылшын тұқымдас жылқыларды қымбат бағасына арнайы алдырады. Оның өзінде бұл іспен жекелеген адамдар айналысады. Ал ірі кәсіпорындарда бәйге аттары бағылмайды. Облыста бес асылтұқымды жылқы шаруашылығы бар. Олардың барлығында жабы жылқысы өсіріледі. Бұл жылқы тұқымдары негізінен етті-сүтті болып келеді. Өкінішке қарай, Сыр өңірінде бәйге аттарына көңіл бөлінбей отыр деуге толық негіз бар.
Таңатар Серікбайұлы, атбегі:
– Ашығын айтайық, қазіргі ұрпақ қазақы жылқының қандай екенін білмейді. Оған деген насихат кемшін. Түбі бір туысымыз – түрікмендер бұл бағытта өнегелі істер атқарып отыр. Ақалтеке жылқысын арнайы қамқорлыққа алған. Бізде ондай назар аударылмайды. Біздің бойымызға қанмен дарыған атбегілік өнер осылайша аяқасты қалып барады.
Қымызды кім ішпейді?..
Жылқының сүті – емге дәру, жанға шипа. Атам қазақ «Қымызды кім ішпейді..» деп мақалдайтын еді. Сөйтіп жүріп қымыздың патентін алуды естен шығарған екен. Жаһандық желіде жазылған хабарларға қарағанда, оны алыста жатқан немістер иеленіп алыпты. Бұл хабарға ойланып қалдық.
Ата-бабаларымыз ежелден дәмі тіл үйірген қымыз өндірді. Оны ішкен шетелдіктер талай мәрте таңдай қаққан. Осылай жүріп енді олар қымыздың патентін өздеріне алған екен. Бұл дегеніңіз – біз ертең қымызды өзге елдерге шығаратын болсақ, ол үшін сонау Германияға барып қайтуымызға тура келеді. Болмаса сыртқа өнім шығара алмаймыз. Осының өзі біздің жайбасарлығымызды айғақтайды. Әйтпесе әлдеқашан оны заңдастырып алатын едік қой. Бағзы заманнан жылқымен жаны бірге болған қазақ жұрты осылайша айдың күні аманда қымызды өзге жұртқа шығара алмайтын күйге түсіп қалды.
Жалпы, қымызды шетелге экспорттау мәселесі біраз уақыттан бері сөз болып келе жатыр. Өкініштісі, әлі де сол сөз күйінде қалып қоюда. Қайсыбір жылдары Қызылордада қымыз өндірісін дамыту мақсатында жұмыс басталған еді. Дегенмен оның өмірі ұзақ болған жоқ. Көп ұзамай-ақ аталмыш іс орта жолда қалып қойды.
Дәулет Ибрагимов, Қызылорда облыстық мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру өңірлік орталығының қызметкері, малдәрігерлік ғылымдарының кандидаты:
– Елбасымыз мал шаруашылығы саласын дамытуға байланысты тиісті тапсырмалар беріп келеді. Өкінішке қарай, олардың көпшілігі өз деңгейінде орындалып жатқан жоқ. Жылқы шаруашылығы бағытында нақты жұмыстарды қолға алуымыз керек. Олардың ауруларына қарсы тиісті іс-шаралар жасалғаны артықтық етпейді. Ал жүйрік жылқыларды баптау мен қымыз өндірісіне күні бүгінге дейін дұрыс көңіл бөлінбей келеді. Жылқы түлігі қазақ үшін қыруар қаржы кіргізер еді.
Керек дерек
Әлемде жылқының 300-ден астам түрі бар. Қазақстанда оның 14 түрі өсіріледі.© Әділжан Үмбет
сорлыаңқау халқым (кешіріңіздер)Пакеттегі қымыз ұнтағына қайнақсу құйып ішіп жүретін күн алыс емес секілді.
кешірерсіңдер бір жолға оффтопымды, гыгыгы