Бүгін түнде терминаторлар көтерілісі басталады
«Skynet елдің бәрін алдап соқты емес пе. Ешкім оның шын атауы Google екенін түсінген жоқ»
Funny Or Die. Twitter қолданушысы
РИА Новости интернет-басылымының хабарлауынша, 21 сәуір күні, яғни бүгін атақты «Терминатор» («Terminator») фильмдер сериясына сәйкес басталуы тиіс роботтардың адамзатқа қарсы соғысы әлемдік ірі әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып жатса керек.
Бұл жайлы тіпті фильм авторы, режиссер Джеймс Камерон да өзінің Twitter-дегі жазбасында сүйкей кеткен. Ол «Skynet бүгін түнде іске қосылуы керек. Алайда роботтардың шабуылынан қорқып қажеті жоқ, адамзат үшін одан үлкен қауіп бар, ол — жаһандық жылыну» деп жазыпты.
Джеймс Камеронның Twitter-дегі жазбасы
«Терминатор» фильмдер сериясында пенде қолымен жасалған Skynet жасанды санасы 2011 жылдың 21 сәуірінде адамзатты жоюға шешім қабылдайды. Мақсатына жету үшін, ол осы күні мемлекеттер арасында ядролық соғыстың тұтануына себепкер болады, содан соң сырт келбеті адамға келетін, тірі қалған кісілерді жоюға арналған роботтарды жасап шығара бастайды.
Осы уақытқа дейін шыққан толықметражды төрт «Терминатордың» үшеуінде оқиға Skynet-тің шабуылына дейінгі уақытты көрсетеді, кино кейіпкерлері өткенге оралып, соғыстың басталуына ықпал еткен жағдайды өзгертуге тырысады. Осы себепті әр фильмнен кейін «соғыс күні» өзгеріп отырған. Бірінші бөлімге сәйкес («Terminator: Skynet») ол 1997 жылдың 29 тамызында басталуы керек болса, «Terminator 2: Judgement Day» фильмінде шабуылдың ай-күні 2004 жылдың 25 шілдесі болып өзгерген, ал «Terminator 3: Rise of the Machines» бөлімінде нақты күні айтылмайды, тек 2005 жылы болатыны жеткізілген. Төртінші бөлім — «Terminator: Salvation» Skynet-тің шабуылынан кейін болған оқиғаларды суреттейді, сондықтан енді өзгеріс болуы неғайбыл.
Ал 2011 жылдың 21 сәуірі «Sarah Connor Chronicles» («Терминатор: Хроники Сары Коннор») сериалында белгіленген.
Twitter қолданушылары аталған жайтты біраз қаузапты, нәтижесінде ол тренд тақырыптар тізіміне қосылған екен.
Күдік, күдік…