Ликвидатор. Есейген “Рэкетир “
Қанды кек дегеніміз қанға малшынған әділдік.
Бауыржан Тойшыбеков
“Я прочитал сценарий “Ликвидатора”, он мне понравился,
посмотрел фильм “Рекетир” и считаю,
что режиссер (Ахан Сатаев) снимает в стиле Гая Ричи”.
Винни Джонс
Фильмді түсірген: Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен «Сатайфильм» кинокомпаниясы
Сценарий авторы: Тимур Жақсылықов
Қоюшы режиссер: Ақан Сатаев
Қоюшы оператор: Хасан Қыдырәлиев
Қоюшы суретші: Дастан Жанғарашев
Композитор: Ренат Гайсин
Рөлдерде: Берік Айтжанов, Қарлығаш Мұхамеджанова, Әзиз Бейшеналиев, Ментай Өтепбергенов, Виктор Ашанин, Михаил Токарев, Төлеубек Оралбай, Анатолий Креженчуков, Винни Джонс (Ұлыбритания). /Ақпарат “Қазақфильмның” сайтынан алынды/
Фильм сайты: liquidator.kz
7 сәуір. Ақан Сатаевтың “Ликвидаторының” премьерасы болатын күн. Жарым түндегі сеанс. Жарты сағат ерте келдік. Орын қалмапты десе де болады. Өйтіп-бүйтіп екі билет алдық. Отырдық. Басталды.
Трейлерін көріп, аннотациясын оқып, фильмды тамашалап отырып түсінгеніміз мынау болды.
Арсен атты оққағар болып Астанада қызмет істейтін жігіт /Берік Айтжанов/ Марат дейтін журналист ағасының /Жан Байжанбаев/ кісі қолынан қаза тапқанын тапқанын біледі. Жылап-еңіреп жеңгесі /Гулнәр Досматова/ қалады. Қолына бауырының Жанна есімді әріптесіне /Қарлығаш Мұхамеджанова/ “әлдеқандай жағдай болып жатса, ініме берерсің” деп қалдырып кеткен, аса құпия әрі әлдекімнің алдын кесіп өтетін құжаттар түскен Арсен үлкен ойынның орталық ойыншысына айналады. Әу баста демалыс алып Алматыға келген бас кейіпкер әп дегеннен-ақ шым-шытырық әлемге тап болады. Алдымен жоғарыдағы Жанна оған ағасының аманатын тапсырады. Кейін соңына әлдебір егде жастағы екі күмәнді адам түседі, Арсен қайда барса да, олар тауып алады. “Біз саған жақсылық ойлаймыз, істеп жатқаның дұрыс, кек қайтар, өлтір ағаң үшін” деп бас кейіпкерді кино бойы қайрап жүреді.
Атыспақ қаруды да, шабыспақ қаруды да, қолма-қол төбелесті де жетік меңгерген жігіт алдымен ағасының түбіне жеткен Жомиктың мойнын бұрап өлтіріп, қала сыртындағы жылу құбырына тастап кетеді. Әйтсе де одан да жоғары адамдардың тұрғанын біліп, оларды да аман қалдырмаймын деп ойлайды. Алдымен түнгі клубта Аслан есімді әлдебіреуді атып кетеді. Артынан Максимадағы “Стаутта” алданып, кездесуге келеді де, иығынан жараланады. Ағасының әріптесі мен жоғарыдағы Жаннаны қоса іле кетіп, ол жерден қашып шығады, бір арзан қонақ үйге барып паналайды.
Бұл екі ортада “Республика” сақтандыру компаниясының атын жамылған, заңды белінен басып өткендерді заңды түрде жазалайтын әлдебір ықпалды топтың органның Алматыдағы бастығы қол астындағы Берік Асқаров /Әзиз Бейшеналиев/ дейтін қызметкеріне осы оқиғаның басын ашуды бұйырады. Жедел іске кіріскен ол әлдебіреудің кек алып жүргенін анықтайды да, кім екенін білу үшін соңына түседі.
Ал БАҚ қызметкерінің қолына түскен компроматтан сескенген және осы себепті Асланға журналистті өлтіруге бұйырған олигарх Виктор Бурков /Виктор Ашанин/ Арсеннің түбіне жету үшін батыстан белгілі жалдамалы адам өлтіруші Мылқауды /Винни Джонс/ алдырады. Мылқау Қазақстанға келіп, бас кейіпкердің досын өлтіріп, Жаннаның соңына түсіп жүргенде, Арсен Абай атындағы опера және балет театрында опера тыңдап отырған Викторды өлтіріп, шу жасап кетеді. Осы оқиғалардың өн бойында бас кейіпкерге жаңағы екі шал келіп, қайрап жүреді. Арсен олардың кім екенін, қайдан келгенін білмейді, сұраса аналар айтпайды.
Соңына дейін барамын деп шешкен Арсен Виктордың әріптесі Алдиярды да /Ментай Өтепбергенов/ өлтіремін деп шешеді. Ықпалды досының жерлеу рәсіміне келгенде, ол Алдиярды алып қашады. Ал Әл-Фарабидың бойында болған қуғын қалай аяқталды, жалпы фильм немен бітеді оны Өзіңіз көріп аларсыз:)
Енді фильмге деген өз пікірімді жаза отырайын.
Ең алғаш “Рэкетирді” түсіріп елге аты шыққан Ақан Сатаев Мэтт Дэймон ойнаған Джэйсон Борн туралы кинолардан шабыт алып, жаңа кино түсіріпті. Оны мен өзімше “борниадаға” ұқсатып “арсениада” деп атадым (жалғасы болар деген үмітпен. Бірақ анау финалмен… қайдам).
Бюджеті екі миллион доллар делінген “Ликвидатор” қазақ киносына мен бұрын көрмеген жаңа бағыт алып келгенге ұқсайды. Ию-қию, атыс-шабыс, қуғын-сүргін дүниеден қанша шаршадық десек те, отандық өнімнің аты отандық өнім, күнде көріп жүрген көшелерден көлік қуғынын, ара-тұра бас сұғатын орындардан атыстың болып жатқанын көру өзгеше ойларға жетелейді екен.
Жалпы, “Ликвидатор”, “Ликвидатор” деп елдің шулап жүргеніне біраз болған. Біз сияқты қарапайым пенделер кеше көргенімен, киносыншылар, журналистер (қателеспесем) наурыздың орта шенінде қарап тастады-ау деймін. Әйтеуір, сол бір тұста бірталай рецензия шығып, ауыздың суын құрытты.
Өзім әу баста Винни Джонс ойнайды екен дегенде, осы фильмге құладым. Себебі ұнайды маған осы бір актердың ойнау шеберлігі. Анау жылдары шыққан “Карты, деньги, два ствола”, “Большой куш”, “Пароль “Рыба-меч” секілді сапалы жобаларға қатысқан Винни, “Ликвидаторда” да сол бір бейнесін сомдап шығыпты. Яғни, қолына қара қолғап киген, дыбыс шығармайтын тапанша ұстайтын, салқынқанды, саспайтын сабаз киллер.
Елімізге бар-жоғы алты түсірілім күніне келген ол біздің кинокомпаниялардың жұмыс істеу режиміне риза болып, “Бұйырса, тағы келермін” деп кетіпті-мыс. Өйтетіндей де жөні бар, қай бір интернет-басылымда Аманшаев “Джонстың гонорары басқа актерлардың ақысына қарағанда бір жарым есе көп болды деп айтты” деген хабар жүр. Не болғанның күннің өзінде, әлемдік тәжірибе өз дегенін көрсетіп қалды – Винни Джонс фильмның атмосферасына әдемі үйлесе кеткен. Бір қызығы, кино бойы (кино бойы дегенде, ол фильмнің ортасында пайда болады) бір ауыз сөз айтпайды. Құрбандықтарымен тек ыммен сөйлеседі. Бірақ, сонысымен сұсты, сонысымен тартымды.
Басты рөлдегі Берік Айтжанов – бөлек әңгіме. Халықтың пейілінен мысал келтірейін, менің жанымда отырған қыз (не ғо, менің жанымда отырғанда, мен ініммен барғам, ол қыз, әшейін, билетті менімен қатар орынға алыпты) фильмнің біраз жеріне келгенде, құрбысына “Берик – секси” деді. Нық дауыспен. Сенімділікпен. Сол жерде “Жоқ, олай емес” десең, бет-аузыңды дала-дала қылатындай арманмен айтты. Бірақ, мен ол замандаспен келісемін, себебі Берік “Ликвидаторда” тәуекелшіл, шыдамды, жетемін дегеніне жететін, намысты еркектің рөлін әжептеуір деңгейде алып шыққан. Қатулы қабағы, қайғылы көздері қиын жағдайға тап болған, екі оттың ортасында қалған адамның кейпін жақсы көрсетеді.
Айта кету керек, “Адасқандармен” ортақ сценарист, ортақ режиссері болған соң ба, әйтеуір “Ликвидаторда” да бір мистика бар. Ол құпиялылықтың түйіні соңғы кадрларда шешіледі, алайда өз басым ақырында осындай финал болады деп ойламадым да, сезбедім де. Фильмнің көңілге жағу себептерінің бірі ретінде осы факторды атай аламын. Жерге түсіп, жарқ-жұрқ төбелес қарап отырған кезіңізде, кәсіпқой емес сценарист Жақсылықов пен кәсіпқой режиссер Сатаевтың мистикасы аздап біртүрлі қылып кетеді. Бәрін айт та, бірін айт, ол жұмбақтың шешімін де Өзіңізге тапсырдым.
Айтжановтың Арсеніне сөз жоқ. Әсіресе үйдің шатырында тұрып “А меня будет судить Бог” дегені ұнады.
Атасы қырғыз, ресейлік актер, “тайекем” Әзиз Бейшеналиев те әдемі орындаған өз рөлін. “Білікті маман, қамқор әке” деп “кеңестік” үлгіге қанша салынбайын десем де, соған келіп тұр. Керек жерде жұмсақ, бірақ, қажет болса қатал. Бұйрық осы екен деп баса-көктей бермейді, ақылына жүгінеді, аяушылықты түсінеді, ақ-қараны ажырата алады. Алайда жүйенің адамы болған соң жүйеге қарсы жүре алмайды, онысы өзіне бөгет. Фильмде Арсеннің әрі оппоненті, әрі тілеулесі. Бас кейіпкер екі қолы мен тапаншаға сенсе, бұл заңға сенеді. Қара ниетімен көзге түскендерді аулайды.
Негізгі кейіпкерлер жайлы шамамен осыны айтуға болады. Бұл үшеуінен бөлек журналист Жанна бар. Қарлығаш Мұхамеджанова, менің ойымша, рөлді солғындау ойнаған. Толық сенбейсің. Мәселе тек актерлік шеберлікте емес. Жаннаның журналист екеніне күмәнмен қарайсың. Сосын кадрда аз көрінеді. Бәлкім осының да кесірі тиіп кеткен шығар. Қаһарманның әдемі фоны секілді. Кім білсін, мүмкін басында солай ойластырылған да болар. Алайда актрисаның адами тартымдылығы ұнады.
“Ликвидаторда” “қорқынышты” жігіттер жағы жақсы көрсетілген. ”Рэкетирдегі” сияқты бас-көз демей бұқалана жөнелмейді (бірақ, ондайлар да жоқ емес), бұл жолы экраннан маңғаз, салмақты еркектер көрінеді. Бурковтың оққағары болып ойнайтын Дәулет Әбдіғапаровтың өзі неге тұрады!?
Фильмде каскадерлер кәсібиліктерін дәлелдепті. Қақтығыстар өте шынайы, дыбыстық монтаждалуы сенім ұялатады. Және екі метрге қарғып, қайшылата теуіп, жерге түскенше жетпіс-сексен соққы жібермейді, таза қолма-қол төбелес. Айызың қанады.
Өзім-өз болып алғаш рет Алматы көшелерінде түсірген “погоняны” көрдім. Аспанға тікұшақ көтертіп, Әл-Фарабидің бойымен Арсенды қуалаған арнайы орган өкілдері сенімді шығыпты. Тек кейбір жерінде көздері бақырайып тұрып қателік жібергендері болмаса. (Әлде осылайша автор шындықты көрсеткісі келді ме екен:) ).
Продакт плэйсмент элементтері де біраз байқалады. Ұстағандары Нокиа телефондары, Майл.ру-мен хат жазады, Максимадағы “Стаутта” атысады, “Мерседеске” мініп қашады. Бұлардан басқа да біраз “брэнд” байқадым, бірақ кино иелерінің олармен қандай келісімде екені беймәлім. Мүмкін, кездейсоқтық шығар.
Сатаевтың туындысын жоғарыда айтып кеткен “Борниадамен”, жақында шыққан “Белгісізбен” салыстыруға болады. Тек мұнда Арсен есін жоғалтпаған (шамалы ақылы ауысқаны болмаса). Әйтпесе басқа параметрлар бойынша сәйкестіктер көп. Онда да, мұнда да бас кейіпкер әмбебап қаһарман. Екі жақта да орталық іске анау-мынау емес, ықпалды қаржылық топтардың, билік машинасының қатысы бар. Бейшеналиевтың кейіпкері аздап “Законопослушный гражданиндегі” прокурордың көмекшісі Ник Райсты /Джейми Фокс/ еске салады.
Бұл салыстырулар кемшілік емес. Керісінше, жақсылықтың нышаны. Себебі, біздің жұртқа жатып алып пәлсапа соғатын арт-хаус дүние емес, көздің жауын алатын коммерциялық жобалар керек екен. Оған соңғы кезде шығып жатқан өнімдер дәлел (“Ғашық жүрек” десем қалай?).
Сатаев қоғамның тамырын дөп басып тұр. 90-жылдарды көрсетіп жұртты жадыратқан, сосын Саянды өлтіріп жабырқатқан режиссердің өзі де, кейіпкерлері де есейген, өскен секілді. “Ликвидатор” маған Ақанның бұған дейінгі үш туындысы – “Рэкетирдың”, “Адасқандардың”, “Ағайындылардың” әртүрлі элементтерінен тұратын ортақ туынды сияқты болып көрінді.
Не болғанда да қазақ киносы өсіп келеді. Сапасы артып келеді. Белгілі бір топтар үшін балдыр-батпақ дүние болып көрінгенімен, жалпақ жұрт бұл өнімге оң көзбен қарайтынына сенімдімін. Отандық киноөндіріске тән кейбір “косяктарға” қарамастан.
Көруге міндетті түрде кеңес беремін. Тек әке-шешеден боқтамасаңыздар болды.
P.S. Гай Ричи жақсы режиссер. (Эпиграфты қараңыз)
Берік Айтжановтың жақсы ойнап шыққаны трейлерден де байқалады. Қайта оған осындай боевиктерде ойнаған жараса ма деймін. Уот фильмнің бәріне Бейшеналиевті тықпалай беретіндерін түсінбедім осы. «Прыжок Афалиныда» ойнағаны ұнамады. Мына фильмде қалай екенін білмеймін. Жанат Байжанбаев — мықты актер! :)
А) Айтжанов Берік
Ә) Әзиз Бейшеналиев
Б) Байжанбаев Жан
Шет елдің фильміндегідей басты кейіпкер мен сұлу қыз (Қ.Мұхамеджанова) сүйісер ме екен деп күткем, разочарование боп қалдым(((( Құрбым оған да уәж айтты «вот, қазақи менталитетпен түсірілген, сондай порядочныйлығымызды көрсеттік» деп))))
Әлгі Стауттағысы қызық болды, журналист қыз күнде сондай атыс-шабысты көріп жүргендей тып-тыныш, паникасыз Арсен мен Сергейге еріп қашып шыққаны. Біртүрлі нереальный нәрсе секілді.
Біз отыратын Стаут қо сол