Көзi ашықтың соқыр сенiмi

(8.84 Kb, 230x294)

Көзi ашықтың соқыр сенiмi немесе ҚАЗАҚСТАН САЯСАТЫНДАҒЫ ОН БЕС АҢЫЗҒА АЙТАР УӘЖIМIЗ БАР

Бүгiнгi жұрт қызық осы. Мәселенiң мәнiсiне тереңдеп баруға жалқау миды жұмсағысы келмейдi, сiрә. Билiк жақтың әдейiлеп таратқан сөзiне имандай сенiп қалатыны бар. Елiмiзде сауатсыз адам жоқ-ау, бәрiнiң көзi ашық. Бiрақ, сөйте тұра, соқыр сенiмнiң шырмауынан шыға алмайды.
Көпшiлiк арасында мықты бiр қисынға балап, айтылып қалатын, бiрiн-бiрi iлiп әкететiн сөздердiң төркiнiн түсiнiп көрелiкшi.

1. “БИЛIККЕ БАСҚА АДАМ КЕЛIП, ОЛ ТОЙҒАНША...”
Сiз өмiрiңiзде билiкте отырған адамның “мен тойдым, ендi кетейiн!” дегенiн естiдiңiз бе? Неге бiз оның тойғанын күтiп отыруымыз керек? Неге бiз билiкке бiреудi тою не баю үшiн сайлауымыз керек? Жемейтiн адам жемейдi, жейтiн адам тоймайды, тоймайтын адам қоймайды. Ешқашан! Сондықтан да оларды әдiл сайлаулар өткiзiп, жиi-жиi ауыстырып тұрса, жегендерi желкесiнен шығады. Келесiсi жеуден тыйылады…

2. “ЕЛДЕГI ДАҒДАРЫС ПЕН КЕРI КЕТУШIЛIКТIҢ БӘРIНЕ БIЗ – ХАЛЫҚ ӨЗIМIЗ КIНӘЛIМIЗ”
Оңтүстiк пен Солтүстiк Кореяны қараңыз. Олар бертiнде ғана саяси қитұрқының кесiрiнен екiге бөлiнген бiр тектi ұлт, бiр халық. Бiрақ екi елдiң даму деңгейi жер мен көктей. Жеке басқа табынған Солтүстiк Кореяда жыл сайын дағдарыс, ал, демократиялық жолды таңдаған Оңтүстiк Корея әлемдiк экономикаға өз ықпалын жүргiзiп отыр. Сөйтсек, барлығы да елдi басқару режимiне байланысты екен. Сондықтан халық ешқашан ештеңеге кiнәлi емес, қашанда, қай уақытта да, қандай жағдайға да ел тағдырына тек билiк басындағылар жауапты.

3. “ОЛ КIСIГЕ ТЕҢ КЕЛЕТIН АДАМ ЖОҚ”
Егер тәулiгiне 24 сағат, аптасына 7 күн һәм жыл он екi ай бiр адамды ғана жарнамалап, насихаттап, лайықты азаматтардың танылуына жол берiлмесе, барлық телерадиоарналардың жаңалықтары “бiр көрерменге” ғана, ресми басылымдар “бiр оқырманға” ғана қызмет етiп тұрса, басқа балама азаматты қайдан көресiз, қалай танымақпыз? Ол кiсiге балама болып көрiну қылмыс ретiнде бағаланатын болса және сайлауға тек қуыршақ үмiткерлер ұсынылып, кiмге дауыс берерiңiздi бiлмей таңдаусыз қалып отарғанда не iстемекпiз? Егер сайлау урнасы сол адамның қолында тұрса, қандай әдiл сайлау болмақ?

4. “ЕЛIМIЗ – ТЫНЫШ, ҚОҒАМЫМЫЗ – ТҰРАҚТЫ!”
Құдды бiр маңайдың бәрiнде соғыс болып жатқандай, халықты “тыныштықпен” қорқытуға бола ма? Кейбiр елдердегi халықтың авторитарлық режимнен қорғанып бас көтеруiн “соғыс” ретiнде көрсетуге бола ма? Бейбiтшiлiк болғанын бәрiмiз қалаймыз, соғысты ешкiм тiлемейдi. Бiрақ билiк айтатын “тыныштықтың” артында “үндеме”, “сөйлеме”, “тыныш отыр” деген саясат жатқан жоқ па? Саяси тыныштық пен тұрақтылық “застойға” айналмауы керек. Билiк ана тiлден айырып, ұлттан жерiнтiп, сырттан келген миллиардерлер қазақтың байлығын аяусыз тонап, жер мен мұнай қытайлардың жемсауына тығылып, қысқасы, билiк халқымен санаспай, ойына келгенiн iстеп жатса да, үндемей тыныш отыру қажет пе? Құлдық санадағы тыныштық бiзге не бередi? Тыныштық деп жүрiп үнсiз жұтылып кетпеймiз бе?

5. “НАН БАР, СОҒЫС БОЛМАСА БОЛДЫ”
«Ең бастысы, нан бар, соғыс болмаса болды» деп қайыршылықта өмiр сүрiп, құл болып жүре беруiмiз керек пе? Қара нан мен қара суға қанағат деп, қашанғы үнсiз отыра бермекпiз? Лайықты бiлiм алу мен дұрыс денсаулық сақтау жүйесi, жақсы жалақы да керек емес пе? Ең бастысы, өзiңе ұнайтын кәсiбiң саласында қабiлетiңдi толық пайдаланып, басқалар сенi мойындап үлгi алатындай жағдай қалыптасқаны қажет емес пе? Мұғалiмдерi мен дәрiгерлерiн мемлекеттiң қайыршылары мен құлдарына айналдырып, саяси науқанға жеккен қалпымызбен өзiмiз де барар жерге таяп қалғандаймыз.

6. “БӘРI ДЕ СОЛ КIСIНIҢ АРҚАСЫ!
“Қазақта бұрын шекара болмаған едi”, “елдегi ұлтаралық татулықты сақтап отыр”, “тәуелсiздiктi тегiн алып берген”… бәрi-бәрi сол кiсiнiң арқасы! Сонда қазақтың жүздеген ұлт пен ұлыстың өкiлiн бауырына басып, қонақжайлылық танытқан табиғи толеранттылығы; ата-бабамыздың ұлан-байтақ жердi қанымен, жанымен қорғап қалғандығы; желтоқсан боздақтарының ел азаттығы үшiн қыршын кеткенi қайда қалды? Жақсылықтың барлығы бiр кiсiнiң арқасы да, ал барлық кемшiлiктерге басқалар кiнәлi болып қала бермек пе?

7. “ОППОЗИЦИЯ – АРНАЙЫ «ЖОБА», БӘРI БИЛIКТIҢ ҚУЫРШАҚТАРЫ”
Бұл – “оппозицияға халық сенбесе екен, соңынан жұрт ермесе екен” деген пиғылмен билiктiң ойлап тапқан амалы, халық арасына әдейi таратқан қаңқу сөзi. Оппозицияға сенген халықтың қатары көбейген сайын билiк үрейлене бередi. Егер оппозиция билiктiң өзiнiң “жобасы” болса, онда билiк өз адамдарын түрлi сылтаулармен сотқа сүйреп, түрмеге тығып, шетелге қуып, атып өлтiрiп, отбасын, туыстарын қудалар ма едi? Елде саяси процесс жоқтығына оппозиция кiнәлi ме? Мемлекеттi оппозициясыз елестетiп көрiңiзшi.

8. “ОЛ КIСI КЕТСЕ, ЖАҒДАЙЫМЫЗ НЕ БОЛАДЫ?”
Ол кетсе, адамзаттың дамуы тоқтап, соңынан бәрiмiз бала-шағамызбен бiрге өзiмiзге-өзiмiз қол жұмсап, шейiт боламыз ба? Табиғатта мәңгiлiк ештеңе жоқ. Пайғамбарлар дүниеден өткенде де адамзат қырылып қалған жоқ. Тiптi әке-шешесiнен айырылған балалар да тез арада жаңа өмiрге бейiмделiп кетедi.
Алтынбек Сәрсенбайұлы айтқандай, “Мәселе өзiңнен кейiн қандай қала, зауыт-фабрика қалдыруда емес, қандай қоғам қалдыруыңда”. Ол кiсi болса науқасынан емделгiсi келмейтiн қоғам қалыптастырды. Жас балалар да өскенде жемқор болуды армандайтын, коррупция ұлттық идеологияға айналған елдi емдеу өте қиын. Сондықтан билiк ауысса, сөзсiз, бастапқыда жағдай өте ауыр болады. Өйткенi көптеген жылдар бойы кеткен кемшiлiктердi түзеуге бiраз уақыт, күш керек. Бiздiң басқаша өмiр сүруге толық мүмкiншiлiгiмiз бар едi.

9. “ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӨЗ ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ЖОЛЫ БАР”
Бұл – мемлекетiмiздi, халықты дамыған демократиялық елдерден алшақтатып, елдегi авторитарлық жүйенi жасырудың амалы. Әр елдiң өз салт-дәстүрi, тағы да басқа ерекшелiктерi болуы мүмкiн. Бiрақ демократиялық құндылықтар баршаға ортақ. Бiзге шын мәнiндегi баспасөз бостандығы, әдiл сайлау, әдiл сот қажет, адам және азамат құқықтарының қорғалғаны керек. Бiзге билiк айтатын “демократизация” емес, шынайы демократияның өзi қажет! Әр мемлекет әлемдiк бiр ұйымға ел басшыларын мерзiмi 4 жылдан 2 реттен артық сайламайтындай мiндеттеме алса, ол талап орындалмаса “мәңгiлiк” басшыларға тиiстi санкциялар қолданатын ереже болса деп армандаймын. Сонда таққа деген өлермен құштарлық жоғалар едi.

10. “ОЛ КIСI БӘРIНЕН ДЕ КЕМЕҢГЕР, ДАНЫШПАН, ӨТЕ АЙЛАЛЫ”
Қолындағы билiктi пайдаланып, заңсыз жолмен негiзгi заңды өзiне икемдеп өзгертiп алу үшiн де үлкен ақылдылық керек пе? Өзiнiң билiгiн ұзарту үшiн неше түрлi бастамашыл топтар мен жалдамалы адамдар арқылы қоғамға қисық идеялар ұсынтып, ақыр соңында оларды қоғам алдында ақымақ етiп, өзi тап-таза болып шыға келу ешқандай да айла немесе ақылдылық емес, көрегендiлiк те емес, ол өлермендiк пен абыройсыздықтың, тiптi қайырымсыздықтың белгiсi болуы керек.

11. “ОЛ КIСI ЖАҚЫНДА МҰРАГЕРIН ҚАЛДЫРЫП, БИЛIКТЕН КЕТЕДI, ӘНЕ-МIНЕ ДАЙЫНДАП ЖАТЫР”
Осы алдамшы оймен өмiр сүрiп келе жатқалы да талай болды. Бұл – халықты “мүмкiн ендi жақында кетер” деген оймен алдап, әрi қарай төзе беруге, “көзкөрген адамға” шыдай тұруға үмiттендiрген саяси айла. Бұлай күтудiң бекер екенiн заңсыз сайлаулар, бiр адамға лайықталып өзгертiле беретiн Конституция дәлелдеп отыр. Бiздiң ел монархиялық ел емес. Неге бiз мұрагердi күтуiмiз керек? Неге, не үшiн бiздiң елдiң тағдыры “мұрагерлiкке” өтуi керек? Егер мұрагер тағайындалса, ол елiмiзге белгiлi отбасына жақын адамның болмасына кiм кепiл? Неге демократиялық жолмен әдiл сайлаулар өтiп, өз басшысын халық өзi таңдап алмайды? “Осы жолы сайланып алған соң ол кiсi командасын өзгертедi, әне-мiне алапат ауыс-түйiстер болады” деген “жорамал” әбден жалықтырды. Қайда көшсең де қалмайтын ескi жиһаз сияқты экраннан түспейтiн “телепузик” шенеунiктер шаршатты.

12. “ЭКОНОМИКАМЫЗ ШАРЫҚТАП ДАМЫП КЕЛЕДI”
Мұнайдың үстiнде отырып жанар-жағармайға жарымаған, ұлан-ғайыр жерде мал өсiрiп отырып, сырттан ет сатып алып, астықтың үстiнде отырып, наны қымбат, көркем табиғаты бар, бiрақ, туризмi жоқ ел бола отырып, артта қалғандардың алдындамыз деп мақтанып, байлығы жоқ, кемшiлiктерi көп дамымаған елдермен өзiмiздi салыстырамыз. Жерiнен Менде-леев таблицасындағы элементтердiң бәрi шығатын Қазақстан өзiн әлемге мойындатқан, (KZ) брендке айналған бiр тауар өндiрдi ме? Жоқ! Экономикалық цифрлардың өсiмi бар да, дамуы жоқ. Өмiр сүру қиындап, қымбаттап барады… Елiмiз шетелге 117 миллиард доллар қарыз. Жан басына шаққанда бұл қарыз өте көп. Әрбiр қазақстандық нәресте 3000 доллар қарызбен туады екен. Оның қайтарымы қалай болмақ? Тәуелсiздiкке айырбастау ма? Неге бiзде “әуелi экономика, сосын саясат” дейдi. Неге барлығы да (мәдениет, әлеумет, саясат, ұлт) бiрiншi орында емес?

13. “БIЗДIҢ ЕЛIМIЗДI ӘЛЕМ ТАНЫП, МОЙЫНДАП ОТЫР”
Ауғанстан, Тәжiкстан, Пәкiстан сияқты “стан”-дармен шатастырып ала беретiнi болмаса, Қазақстанды әлем жерi бай, елi – кедей, мұнайы да, қарызы да көп, жемқорлық пен авторитарлық жүйедегi мемлекет ретiнде таниды. Және туберкулёз, суицид (сияқты дерттерден), өздерi тауар шығармай, тек шикiзат беретiн ел екенiмiз жағынан, шетелдерге қазақ балаларын сұраусыз сату жағынан бiрiншi орында екенiмiздi мойындайды. “ОБСЕ-ге төрағалық”, “Саммит”, “Азиада” сияқты шаралар дабырайып көрiнгенiмен, әлемге танылудан гөрi, бiр кiсiнiң беделiн қалыптастыру жолындағы елдiң ырысын шашуға арналған iс (тiрлiк) екенi белгiлi. Шетел бiздiң байлық керек болғандықтан ғана арқадан қағып мақтап қоятынын кiм түсiндiрмек?

14. “МАҒАН ТИIСПЕСЕ БОЛДЫ, САЯСАТТА ЖҰМЫСЫМ ЖОҚ”
Ата-бабаларымыз елге жау шапқанда “бес ешкiм аман болсын, соғыста жұмысым жоқ” деген жоқ едi. Ал Сiз неге енжарсыз? Бiзде былықпаған сала, күйремеген жүйе бар ма? Басыңа iс түссе, қорғайтын әдiл сотың бар ма? Мүмкiн емес нәрсенi болдыратын елдер бар, бiзде оп-оңай бола салатын нәрсенi болдыртпай отыр билiк. Неге қатардағы адамға қажеттiнi, тиiс нәрсенi талап ете алмаймыз? “Көлiгiңнiң рөлi оң жақта екен” дегенде, “баспанаң заңсыз” деп күреп тастағанда, үлескер боп алданып, қысқасы, үкiмет қалтаңа түскенде ғана бас көтергенiң керек пе? “Сен саясатпен айналыспасаң, саясат сенiмен айналысады”, ал Қазақстанда үндемеген сайын айналысады.

15. “БIЗДIҢ ХАЛЫҚ ДАЙЫН ЕМЕС...”
Сонда билiктегiлер ақылды да, оны туып-өсiрген, қалтасынан төлеген салығына асырап отырған халқы ақымақ па? Әлде ұрлаған ақшаларын шетелге аударып қойған өздерiнiң кез келген сәтте қашып кетуге ыңғайланғанда, халықтың оларды ұстап қалуға дайын еместiгiн айтқысы келе ме? Егер халқы дайын болмаса, “құлдарды басқарудан шаршадым” деп кетпей ме? Мүмкiн, өркениеттi жолға түсуге билiктiң өзi дайын емес шығар? Билiк халықты жетектеуi керек, бiздiң халық кез келген даму мен гүлденуге дайын! Халықтың көзiн ашса, қалғанын өзi көредi. Мен, мысалы, адал еңбекпен қызмет етiп, игi жаңалықтарды қабылдап, жаңа өмiр бастауға, әрекетке көшуге дайынмын.
Ал сiз ше, дайынсыз ба?..
Аманбай АМАНГЕЛДIҰЛЫ.
Бөлісу:

14 пікір

asaubota
мықты жазылған. иә, иә шынымен соалй екен ғой дегенен басқа ештеңе айта алмай қалады екенсің…
Abilakim
1. “БИЛIККЕ БАСҚА АДАМ КЕЛIП, ОЛ ТОЙҒАНША...”

Бұған айтарым, ия, жемейтін адам жемейді. Соғыс жылы елімізді басқарған Нұртас Оңдасынов деген азамат болған екен.сол кісінің адалдығына тәнті боламын.Көп адамның естеліктерінде адалдығы жайлы жазылған. Кейін Атырау жақта (ол кезде Гурьев) қызмет істеп жүріп 58 жасында зейнетке шыққанында, бір топ азаматтар үйіне барған кезде осыған қол жеткіздік дейді. «Екі қабатты үйдің екінші қабатындағы үйі жұпынытын» деп есіне алыпты бір ағамыз.
edige
“БӘРI ДЕ СОЛ КIСIНIҢ АРҚАСЫ!"
180 градусқа лезде айналатын пікір. /Ой есік тақылдап қалмасын.../
saken
өте жақсы жазылған!
nurjanbay
шалдардың басы қосылғанда билік туралы мың рет айтқан әңгімесі *54
edige
*54?
nurjanbay
ол ұзақ әңгіме :)
edige
Қуған профессордың сара жолымен емес. Нақты…
nurjanbay
бұрын жастар.біз сайтына *54 деген код терсең қолымен жер сабалап күліп жатқан сымайлик шығатын. жастар.бізде осы сымайликті көп қоятынмын. сол әдетімнен әлі арыла алмай жүрмін
ken
Ерiнбей жазып шыканы ушiн + койдым. Бiрак озiнiн накты не усынатынын корсетпеген.
KILYZAMAN
15 — ші абзацтағы ұсыныс емеспе?
konvict
Мынаны бірінші рет оқып отырмын. Бір жақты жазылыпты тым