Ананың қарғысы...

Баяғы заманда атағы төрткүл дүниеге жайылған ғалым болған екен. Өкінішті жері ол ғалымның бір аяғы шолақ болғандықтан ылғи балдаққа сүйеніп өмір кешіп жатыпты. Күндердің бірінде, ел болып жиналып ғалымнан аяғының шолақ болу себебін сұрапты. Ғалым мұңайып отырыпты да, көзіне жас алып басынан өткен әңгімесін баяндапты.
Мен бала кезімде асқан сотқардың өзі едім. Басқа балаларды жәбірлеп, үлкендермен тайталасқанды әдетке айналдырғам. Сабақты жақсы оқитынмын. Сондықтан да басқаларды бойыма тоғытпайтынмын. Тіпті әке-шешеме де қарсы келетін кездерім жиі ұшырап жататын. Бір күні ашық тұрған есіктен бір торғай үйдің ішіне ұшып кірмесі бар ма? Қуанышымда шек жоқ. Есікті жаба қойдым да, торғайды қуа жөнелдім. Торғай байқұс шыр-шыр етіп терезеге бір, есікке бір соғылып жанталасты. Мен оған мәзбін. Бір уақытта торғай далаға қашып шығам деді де әйнекке соғылып жерге құлап түсті. Мен ұстап алдым. Әлі тірі екен. Жүрегінің болымсыз дүрісілін менің мейірімсіз алақаным сезіп тұр. Сөйітсем, үй маңынан жем іздеп жүрген бейшара, қаршығадан қорқып үйге пана іздеп кірген екен.

Бір аяғынан жіп байлап, далаға алып шықтым да ермек еттім. Торғайды қоя бере салам, пырылдап көкке ұшады, жіпті қайта тартып кеп қалам, үзіп кете алмай құлап түседі. Бұған мен төбем көкке жеткендей қуанам. Ошаққа нан пісіріп жүрген шешем қайтып көре қойғанын білмеймін:

— Әй, Сәбит деді алыстан айғайлап, андағы бейшараны қоя бер. Обалына қаласың? Қоя бер деймін қинама деді. Мен шешемді елең құрлы көрмей, сайқымазаққа айналдырып, ашулы бейнесін қызықтадым. Осылайша торғайды ермек қылуды жалғастыра бердім. Шешем тағы айғайлады. Мен тыңдамадым. Бірде торғай көкке қарай, бар күшін жинап ұша жөнелді. Мен жіпті тартып қалдым. Торғай кліт тоқтады да, қанаты далбырап алдыма топ ете түсті. Мен жіп үзілген екен десем, жіп емес торғайдың бір сирағы үзіліп кеткен екен. Жерде шиық-шиық етіп жанталаса тыпырлап жатыр. Мұны көрген шешем «Аяғың жұлыңғыр, бұл қай қылығың?»-деп қарғап жіберді. Бұл қарғыс менің жадымда мәңгі сақталып қалды.

Жылдар жылжып өтіп жатты. Мен ғұлама ғалым болдым. Ақ дегенім алғыс, қара дегенім қарғыс болды. Жалпақ елді аузыма қараттым. Тіпті хан екеш, ханның өзі менен жиі ақыл сұрайтын. Бірақ, шешемнің сол бір ауыз қарғысынан аса алмадым. Анамның айытқаны келіп, көп жылдан кейін мен де, сол торғайдың күйін кешіп, бір аяғымнан айырылып, мүгедек болдым да қалдым. Өмірде мұнан өткен азап жоқ екен. Сүйгеніме қосыла алмадым, достарыммен теңесе алмадым. Сыртымнан біреуі күліп, біреуі табалап жатады. Ауру азабы өз алдына әңгіме. Қатты өкінем. Аяғымның шолақ болғанына қайғырам. Қап, әттеген-ай, шешемнің тілін алсам мұндай күйге түспес едім. Ата-ананың қарғысын алған өте жаман болады екен – деп, күрсіне әңгімесін аяқтады.

Ел үнсіз қалды. Ғалым көзінің жасын сүртіп қойып балдағына сүйеніп, шойнаңдап кетіп бара жатты.

Ерболат Әбікенұлы
Бөлісу:

16 пікір

Aizhantabyn
ujas eken! Balaga kargys aitu degen endi baska konymsyz dunie! Kalai gana olai isteidi eken? ALLA saktasyn!!!
Torgaidy kinaganda bala goi, demek ata anasy durys tarbie bermegen, arine oz anan kargys aitsa, sotkar bolmai katisin! Kudai saktasyn…
KILYZAMAN
«Шешенің қарғысы оқ, әкенің қарғысы боқ»- деген бар…
Aizhantabyn
Әкенің теріс батасы ше?
Бұл жерде психологиялық жағы да бар секілді. Адам бір нәрсеге ұрынса, сол бір теріс бата не қарғыстың әсері деп қабыл алады.

Мен ойлаймын, ешкімге қарғыс айтуға болмайды. Әсіресе, өз балаңа!
Abilakim
Қилеке, мен сізбен келіспеймін.
«Шеше қарғысы боқ, әке қарғысы оқ» дұрысы. «Енесі тепкен құлынның еті ауырмас» деген де бар. іштен шыққан шұбар жыланын анасы қанша қарғаса да жаманшылыққа қимайды екен. Әкенің теріс батасы жайлы қарындасымыз тамаша еске салып кеткен екен.
Aizhantabyn
мен тек әкемнің теріс батасынан қорқам. Айтпағым, бір күні солай бола ма деп. Мінезі ауыр, бірақ қатты жақсы көрем. Бұрын бір рет, теріс батамды бергізетін қылық жасама дегені бар…
Abilakim
соншама ақылсыз қыз емес тәрізді ең...Қорқуыңа негіз жоқ деп білемін
Aizhantabyn
алды артың қаншама бақылап жүрсең де, бәрі бір сүрінетін кездер болады ғой…
Алла сақтасын))
KILYZAMAN
Қателесіп кеттім ау шамасы…
qisyq
Ия, мен де осыны естігем.
KILYZAMAN
Сонда, бұл жерде шешесінікі оқ болып тигені болды ғой…
VKM
Ауыр қарғыс екен… бірақ анасы қой дегенде қоймайтын бала, дұрыс бала емес(
Aizhantabyn
бала кінәлі бола алмайды, өйткені бәрі де тәрбиеге келіп тіреледі. Әрине, ау бастан гнилое отробье болмаса(((
asaubota
мысал тым қарапайым болып көрінді.
KILYZAMAN
Сол қарапайымдлығында емеспе, түйіні…
omarbirat
Анасының қарғысынан гөрі, құстың обалы жібермегенге ұқсайды.