Үйрекконтент емес, Қазконтент үшін жанталасқандар...
Блогкемпті атқарып, үш жұртты аралап болғаннан кейін «құлтемірмен» © ассалау-уағалейкімімізді бүгінге жазыпты. Күні бүгінге дейін интернет кәлимасы арқылы тәпсірленіп, сиясы кеппей жатқан пост-әсерлер — Алатау баурайындағы блогкемптің ҚазНет бенефисі болғандығының талассыз дәлелі-ау. Кіреберіске шоғырландырылған тіскебасарлардан әрірек тұрған блогкемп жұмысының «күн тәртібін», презентациялардың сағат, минутына дейін көрсетілген дәлме-дәл кестесін көргенде қазақтың «қааазір» синдромы аяққа оралып, шатақ болмас па деген ой сап ете қап еді. Тайм-менеджмент, басқа менеджмент жағының сыр бергенін байқамадым. Мазмұндық толтырылымы тәсірлі болды бәрінен бұрын. Еріктілердің өз ықтиярымен жасаған жұмыстарына бәрі ең жоғары баға беріп жатыр: шыны керек, сол кісілердің алдында әсіресе бейалматылықтар аздап ұяттымыз-ау. Қазақы қан-ген ғой, қонақтай етіп күтті, қанша жерден «бәріміз қатысарманбыз», «қонақ болу жоқ» постулаттарын шегелеп қадағансысақ та. Ақзере, Зилола, Айкона, Балғырған бастаған бір топ қыздардың қолынан тырысқан шекемізді жібітіп шай да іштік, ішінде жөн-жоралғысы бар дорбалар да алдық, тәтті-пәтті де жедік… Осылайша қыздарды кемінде бірінші күннің түскі уақытына дейінгі презентациялардан құр қалдырып қойдық. Бұл тектес әттеген-айлар келер жылғы құрылтай үшін сабақ болатын шығар.
Бұрындары керекинфоның құрылтайлары болушы еді. Алматы, Атырау қалаларында өтті. Мұндай іргелі симпозиумдарда «виртуалдан реалға» бет түзеушілер арасында кәдуілгі аға-бауыр, апалы-сіңлілі іспеттес бауырмашылдық аурасы беки түсетін. Керекинфоның ілкі бастағы армиясынан бірнеше жұп та өмірбақилық тандем ретінде түлеп ұшты. Қазіргі блогосфераға да «дауа жоқ»: Алматыда былтыр өткен блоггерлер мен журналистердің сырласуынан кейін Кәмшат екеуміз уақыт өте өзара рухани ынтызарлықпен жарасқан одағымызды Алла алдында серттесіп, отбасылық форматқа ұластырдық. Тәубә. Блогосфера тұтастай сол үшін біздің ерекше ықыласымызға ие кеңістік дер едім.
Блогкемп шеңберінде Астанада ұсынылған волейбол ойыны да шет қалмай, ол үшін қаладағы аса сапалы мекеннен алаң қарастырылғанына ризамын сосын. Бақытгүл әпкеміз бұл орайда зор көмекші болғанын сеземін. Хейлибери өте жайлы, спорт үшін қажетті керек-жарақпен қамсыздандырылған ыңғайлы мекен болды. Көптеген блогтасушыларды жаңа қырынан тани түстік волейбол торын торуылдай жүріп. Саламатты өмір салтына бой түзеушілердің бір шоғыры жатаржайларына барып, кешті салауатты әңгімемен өрбітіпті деген сөздің дақпырт емес екенін осындағы бірқатар пікірлер растағанын көрдім.
Блокгемп бәрінен бұрын жақындастыра түсті. Nokia’ның бұл шараға ұйытқы болушылардың қатарынан табылуы нақақтан-нақақ болмаса керек: құрылтайдыкі де «connecting people»…
Әмин Әдминұлы – міне ұрпақ сабақтастығының кәнігі көрінісі. КИМЭПтің жаңа ғимаратының холлында біраз блоггердің жіті қарауында болған жігіттің тұқым жейтінін, «Тобылды» жерден алып, жерге ұратынын, Бекжан Толыбайдың «Критикалық масса» деп аталған презентациясы жүріп жатқанда аудиторияға емін-еркін кіріп, презентаторды да, оны ұйып тыңдаушыларды да көзбен сүзіп, өзінше ой қорытып шыққанын «екеу білсе, үшеу білмес»…
Медияның түрлісі жарыса жазып, көрсетіп жатыр. Жаппай интернеттескен ғаламда уақыт өте қағазбастылық электронды алмасыммен ығыстырылар. Ресми дерек бойынша 4 млн. астам қазақстандық «интернеті барлар» уақыт өте Қазнеттің Рунеттен түбегейлі бөлек сегмент екенін, мұнда да коммерциялық бағыт ұстанған жоба жасақтауға болатынын ұғынар. Қарабайыр да болса байлам сол, келешек – Қазнетте. Блоггерлер — виртуалды «Болашақ» бағдарламасына көке-жәкесіз сұрыпталған энтузиасттар тобы. Бүгіннің сатыбалды, Гастарбайтер, Өркен мен Әбіләкімдері ол күннің өкшелеп қалғанын айғақтаушы «образдар». Жүзіміз әмәнда жарқын болсын, инеттес-ниеттес достар!
:)))))
Әмин, маладес… жақсы бала..:))