Бізден бір қалған Блогкемп…



Бірнеше ай болды Блогкемптың логотипі секілді қызылды-жасылды өмір сүргенімізге. Екі күндік шара ептеп түсімізге кіріп, есімізден енді айырып бара жатыр еді, Құдай оңдап өтіп тынды. Еңбегіміз ел қатарлы сіңе қоймаса да, ертеңді-кеш тілеуін тілеп, тақымымызды қысып жүрген соң, құрылтайдың қисаймай, аман-есен өтуін шын көңілден тіледік. Тілегіміз орындалған секілді. Әйтеуір, мен сөйлескен жұрт ырза.

Әрине, анау бір жігіттің мынаған, мынау бір қыздың анаған көңілі толмай жатқаны жайлы фактілер кездесіпті, бірақ, меніңше ол заңдылық. Он адамның басын қосып туған күн өткізсең де, ертесіне ел аузынан етектей-етектей “қара пиар” материалдарды құшақтап қайтасың ғой, ал оның жанында бүтіндей бір ротаны аузы-мұрнынан шығарып, толтыра алатын адам қатысқан құрылтайда жел сөздің болуы – есі дұрыс құбылыс.

Өз басым осы шарадан бұрын-соңды болмаған, керемет әсер алдым. Алғаш рет “өзім өз, көйлегім бөз” болып презентация жасадым (дым пайдасы болмаса да). Алғаш рет старт-ап таныстырдым. Алғаш рет жалпы кемпке қатыстым. Алғаш рет өйттім… тұңғыш рет бүйттім…бірінші рет сөйттім…

Танысу

Құрылтайға қатысқандардың алған жағымды әсері ең әуелі танысулармен байланысты деп ойлаймын. Өзім аватарын көріп, жазбалары мен пікірлерін оқып жүрген көп адаммен таныстым, пікірлес болдым. Өзгелердің ойын білдім, пайдалы ақпараттар жинақтадым. Білім көкжиегін кеңітуде блогкемп көп көмектесті.

Алғашқы түн

Он сегізінші наурыз. Кешкі сағат жеті. “Тоғыз қатынның толғағы бір-ақ келіп” жұмыста езіліп отырмын. Айкона қайта-қайта телефон соғады. Футболка, қалам, блокнот, папканың әуресі ғой… Әйтеуір, ары барып, бері келіп, қателеспесем сағат ондарда КИМЭП-ке жеттім. Қуаныш батыр бастаған бір топ қыз күтіп алды.

Дайындық бөлмесі абыр-сабыр. “Құдалар келе жатыр, құдалар!!!”… Ақзере ішек-қарын аршып отыр, Қуаныш екеуміз қазан тасып, ошақ қалап, палатқа құрдық. Айкона мен Қалдықыз киіт жағын реттестіруде. Салтанат-Балғырған дастарханмен әуре. “Самаурын түбі ағып кетпесін!” деп айғайлап қояды.

Үлкен үйге құдалардың алдыңғы легі келіп те үлгеріпті. “Көрмес “Керместі” де көрмес” деп Әбіләкім айтпақшы, бізден басқа алматылықтар құрдай жорғалап сол жақта жүр екен. “Керместе” дегенім ғой. Беделдері бес түйеге жүк боларлық біраз қонақ сол шақта шай ішіп, шалқақтап отыр деген хабар бізге де жетті.

Дайындығымыздың басын қайырдық та, “Кермеске” тарттық. Ойымыз, күйеу жігіттің қонақтардың көңіл-күйін көру, тамырларын басып, жайын табу. Келсек, біраз жұрт күртешелерін киіп алыпты. “Қайтып баратырмыз, бізбен жүрсей” деп жымың-жымың етеді.

Шымкенттік кланмен біраз отырдық. Арасында Дон Қарасақал пен Дон Ербол Серікбай бар бір топ мафиозниктер қазнеттің қазіргі таңдағы проблемаларын сөз қылды. Әдейі біз түсінбейтін тілде сөйлеген соң ба, Ербол (Азанбековты айтамын) екеуміз қоңыз теріп, қаңғып кетейік дедік. Әйтеуір, бір кезде барып жігіттер қазақ тілінде сөйлесе бастады. “Уф” дедік.

Сағат түнгі бірдің айналасы. “Керместің” алдында Ербол, Қуаныш, Сағын, мен тұрмыз. Қуаныш екеуміз “презентация жасау керек еді, аяқтау керек еді” күбірлеп қоямыз. Сонда да қоймай, тағы шай іштік.

Жолда келе жатқанда, басымда “үйге барып біраз жұмыс істеп тастамасам” деген алапат ой болған, үйге келіп төсекке отыра бергенім сол еді… оянсам киініп кету керек екен, таң атыпты.

Бірінші күн

КИМЭП-тың жаңа ғимараты абыр-сабыр. Адамдар жиналып жатыр. Камера-микрофондарын құшақтап журналистер де жетіпті. Саясаткерлердің де алды көріне бастады. “Қідай жүрек” (Патик©) қыздар Ақзере, Айкона, Қалдықыз, Розатай, Анарқыз, Балжан келген елді тіркеп, сыйлықтар таратуда. Шарт-шұрт сурет, қауышып жатқан құшақтар, “сіз-біз” әңгімелер, танысулар…

“Заманымыздың заңғар блогшысы” Өркен келді. Нұрғиса Асылбек дейтін “орда бұзар” қазақ міне жүр. Анау тұрған ардагерлер Аршат, Жанна, Бекжан Толыбай… Біз сияқты блогосферааға жаңа келгендер (алты айдың айналасы) жан-жағына үрке көз тастайды. Телевизор мен газеттен көргеніміз болмаса, тірідей көру құрметіне бұрын-соңды ие болмаған тұлғалар қызыл қалы кілемнің үстінде құрмет тұтушыларымен суретке түсіп жатыр.

Бір кезде презентациялар басталды. Айхой кетті дейсің. Жамырап жұрт ана жұлдыздың сөзін тыңдайды, мына маманның шеберлігіне қол соғады. Дабұр-дұбыр сөз, талқылаулар.

Оны бір, мұны бір қарап, реттеп, қыздардың бір жағына шығып жүріп, блогкемптың бірінші күнінің қалай біткенін сезбей қалыппын. «Ал, кеттік, волейболға, ал кеттік» деп жатыр екен, ере жөнелдім. Барып біраз доп ойнадық.

Үйге жетіп жығылдым әрең дегенде. Көзімді ашсам…

Екінші күн

Тоң жібіп, мұз еріп, қарым-қатынастың қалыпқа түсе бастаған кезі. Көз қылар қонақтар қайтып, құдалармен өзіміз оңаша қалдық. Ауада бір еркіндік сезіледі, асықпай шай ішіп, шіреніп-шіреніп… шалжиып жатырмыз. «Қазақтелекомның» интернеті қолымызды босатып, Кэйселдың берген блокнотына оны-мұны түртіп, Нокиа мен НР сыйлықтарын аузымыздың суы құрып ойлап, КИМЭП-тың жаңа ғимаратында отырмыз.

Презентациямды бір пысықтадым да, екінші залға кірдім. Онбірелуге осы hall-ға жазылғанмын ғой. Бір адам келсе де жаман болмас еді деп отыр едім, біраз адам келіпті. Тек шәйнектерге дегем, бірақ…ұят-ай, арасында мені ауызға ұрып кететін блогшылар жүр.

Жиырма минуттай сөйлестік, әңгімелестік. Өзіме қызық болды. Әйтеуір, «тупо» кіріп-шыққан жоқпын.

Аршат менің kerekkino.wordpress.com дейтін сұрғылт блогымнан kino.dosym.kz дейтін қызық сайт жасап берді. Бес минутта! Рахмет, Аршат…

Түстен кейін Салтанат екеуміз үстелдерді жинап жүргенбіз. Мен «бұттан кеттім». Анығын айтсақ, Балғырған «бұттан кетірді». Үстіме шай төгіп жіберді. Айтпақшы, Салта, сол кездегі «Өлтір!» деген үнің құлақтан кетер емес :)

Түстен кейін стартап және байқау қорытындылары жарияланған соң, Әбіләкім асаба болып жатқан «Мылтық және гүл» пабына бардық. Әдемі отырдық. Ол әдемілігіміз Айсұлтанның қонақүйдегі нөмірінде жалғасын тапты. Әдемі анекдоттар айтылды…

Ұйықтап қаппын. Көзімді ашсам таңғы сағат бес. Бөлмеде Жанарбек аға отыр. Тарс-тұрс етіп, Ернар мен Айсұлтан бір кіріп, бір шығып жүр.

Ауызға «шешесс» дегеннен басқа эпитет түспей қалды.

Байқау

Байқауды «ең көп талқыланатын блог» номинациясы бойынша ұтыппын. Дауыс бергендерге рахмет. Екі күн бойы жүргізген агитациям текке кетпепті, бір риза болып қалдым:) Шынымды айтсам, жеңемін деп ойламаған едім. Енді не болса да Мегалайнның қызметін тегін бір жыл пайдаланатын болдым.

Алғыс

Қандай да бір шара ұйымдастырудың азабы мен «ғажабын» өте жақсы білемін. Жұмысым тікелей соған байланысты. Сондықтан, блогкемптың асты-үстіне түсіп жүргендердің жай-күйін түсінемін.

Қыздар, жігіттер бәрі керемет өтті. Анау-мынау кемшіліктер «ханның қызында да болады». Сондықтан, не болса соған көңілдеріңді ауыртпаңдар. Кеш те болса осылай жазып отырмын. Себебі, шын мәнінде шара жоғары деңгейде болды. Шын жүректен алғыс сендерге! Бәріңе! Өзімдік, нағыз ойым: құрылтайдың қисынды, қызықты өтуі шараның әр қатысушысына тәуелді болды.

Бәріміздің басымызды қосқан Асхат Еркімбайға ерекше рахмет! Басқамыз үлкенді-кішілі кедергілерге ұшырап, қиналып қалғанда, мұрнына су жетіп, басқа шарасы басынан асып жүрсе де, бір ауыз ақылын айтып жібергені үшін. Құрылтайдың өтуіне бірден-бір себепші фактор – қаржылық жағдайдың оң шешімін табуда қажыр көрсеткені үшін. Алла разы болсын…
Түйін

Блогкемптың өткеніне үш күн болды. Алған әсеріміз әлі таусылған жоқ. Айтар алғысымыз да сарқылар емес. Әттең, жұмысым бітпей алматылықтардың қорытынды жиналысына бара алмай қалдым.

Енді, алда болар минибарды асыға күтудемін.

Келер жылы құрылтай өтеді деп сенейік. Алматы, ырыспек саған! Құшағыңды аш, Астана!!!

Әйтпесе, сол бір абыр-дабыр шараны сағынып қалыппын. Әбіләкімнің нөмірі еске түсіп…
Бөлісу:

54 пікір

asaubota
сенімен танысқан сәтім есімде. бірінші болып мен сені көрдім, жазбай таныдым. сен сәл паузадан кейін таныған сияқтысың мені :)
qisyq
Бірден таныдым мен де, тек бақыттан көзім қарауытып, бір сәт есімнен айрылдым)))
urimtal
өй, Қисық! Садық екеуіңнің құлақтарыңды бұрап алар ма едім :)
qisyq
Не жаздық, Құдай)))
urimtal
Құдай үшін, келесі жолы Бішкек жаққа бармай-ақ қойшы :)
blackbeard
Келесі жолы Бішкекке бірге кетеміз:))))
AKY
Әдемі жазылған)))
qisyq
Рахмет!!! Блогың құтты болсын!!!
AKY
Рахмет))
AKY
Бықсып отырмын, Ай-Тишник болсам да)))))) Ертең жалғастырармын андай-мындайын. Қазір ұйықтаймын.
qisyq
Сөйт. Ұйықта. Таңертең бас жақсы істейді.
AKY
Ертен Украинадан пірәпесір шал келеді, соны аэропорттан күтіп алуым керек таңғы 6:25-те((
asaubota
ұйқы қайда, таңертең ана шал күтіп қалады ғой? мен ерініп отырмын ұйықтауға…
qisyq
Мен де ерініп отырмын.
asaubota
ертең жұмыс. бірақ сол жұмыс жайына қалатын сияқты, бәрі сайтқа келеді.
AKY
Гу-гу өсек болады деш)) Тәәк, менде уақыт болар ма екен((
AKY
Бір кісілер өте қажетті бөлмені босатпай жатыр…
AKY
Әбілдің дегеннен басқа айтарым жоқ)
asaubota
ал мен сайтта отырам деп ұйқыдан да қызықты өте қажетті бір іске де ерініп қалдым :) сөз еститін болдық енді ертең бастықтан, не өзіңнен өзіңкүліп отырсың, қыздармен сөйлесіп отырсың ба деген :))) Димаш, сіздің үйде де солай ма? :)
qisyq
ия))))
Тәртібіміз күн тәртібінде қаралады))))
asaubota
барлық әйелдер бірдей екен ғо… тек біздікі сондай ма десем :))) айтпақшы мен Алматыны көрсетем деген сөзімде тұрып, біраз авторитет жинап алдым. сондықтан бастық ертең қатты сөге қоймас деген үміттемін.
Karakyz
бармасам да, барып қатысып, басы қасында жүріп қазан ошақ реттесіп келгендей болып отырмын:)керемет пост)
qisyq
Рахмет))) Ана бір сары табағыңызды тастап кетіпсіз ғой, келесі жылы Астанаға, блогкемпке ала барармыз))))
yerbol89
Мда ол тамаша күндер қалай өтіп кеткенін байқамай қалдық. Тамаша пост, барлығын түйіндеп рет ретімен жазылған. Ана бір кез ойымнант кетер емес. Патик үшеуміз отырғанда қасымызға келіп Әбекең «Кеңк-кеңк»-деп кеткені. )))) Сізбен де танысқаныма қуаныштымыз!
qisyq
Кеңк-кеңк...)))))
Мен де қуаныштымын)
aktobe88
Мықты жазылған, Димеке! Рыспек саған. Сенің әргәнизәтірскій спасобнысыңды Медианеттен білеміз ғо, мін болмайтынына с енуге болады.
qisyq
Рахмет, балдыз)))
aktobe88
Бармасам да лек-легімен жазылып жатқан посттардан қалай өткенін болжап отырмыз. ішім ашып отыр, бармағаныма. мен міндетті түрде презентация жасау керек екен деп қалсам, онсыз да қатысуға болады екен-ак, ә?
qisyq
Асхат Еркімбайдың сөзі бар ғой: «Парыз емес, бірақ уәжіп» деген…
asaubota
презентация жасау/жасамау туралы мында бірнеше рет айтылды ғой. ең болмаса Теріскей досыңнан сұрауыңа болар еді.
TERISKEI
(ұялған смайлик) Теріскей досының өзі қызық презентация мен тәтті тамақ жағалап, презентация жасау дегенді мүлде ұмытып кетті емес пе?:)
VKM
Туууй, мен де бармағаныма өкініп отырмын. Менде блог жоқ болғасын біртүрлі сияқты болды(бірақ флудермін ғой), мамамда бар, барайық деген басында, сосын уақыты болмады.Ал менде уақыт та болған, сабақтан да сұрана салуға болар еді…
qisyq
Ұят, ұят, келу керек еді…
Abilakim
Барғандар да арманда, бармағандар да арманда…
Қисық, әдемі жазыпсың. Нөмірдің иісі мұрнымнан кетер емес.
VKM
Абилаким, сіз Блогкэмпте «герой дня» болған сияқтысыз ғой, комнатаңызда біраз детективті оқиғалар болған сияқты… жазжверіңізші)))
qisyq
Борис Акуниннің жаңа романына желі боларлық оқиғалар өтті ғой ол нөмірде)))
monti
ұйымдастырушылар үйлестірушілердің қызметі өте жоғары болды, көп рахмет сендерге!

ұқсайсың сен Салтаға, жауабын таптым! екеуің әнексің деп жүргенім сол))) витерде де реалда да :)
qisyq
Түріміз ұқсай ма сонда? А, Монти?
monti
2-де тәттісіңдер десем, жаман естілетін шығар ә)))

сосын мыкты папрация жасап жүріп, Мырзабектің суреттері жоқ ғо халайық :(
19852407
ЖҰМЫС ЖАЙЫНА ҚАЛДЫ.
ЖИНАП КОЙЫП, ЖАЗБАЛАРДЫ ОКЫП ОТЫРМЫЗ БІР ДЕММЕН
ЕҺҺҺҺ, БЛОГКЕМП! Еһһһһһ, ӘБІЛАКІМ!((((((((
АМАЛ КОТОРЫЙ!
Abilakim
Сонда СЕН МЕНІ есіңе ал…
19852407
«КЕРЕКИНФОНЫҢ» ЖАЗБАЛАРЫ СЕНІ ҰМЫТУҒА МҮМКІНДІК БЕРМЕЙАТЫР ҒОЙ))) НЕ ДЕ БОЛСА, МЫҚТЫ ПИАР-ХОД ЖАСАҒАНҒА ҮҚСАЙСЫҢ.
ҚАНЕ, ДИНАМЕН БІРГЕ ПОЙЫЗҒА МІНГЕНІҢНЕН БАСТАП, БӨЛМЕҢНЕН ҰШТЫ-КҮЙЛІ ЖОҒАЛҒАНЫҢА ДЕЙІНГІ «ДЕТЕКТИВТӘ ОҚИҒАЛАРЫҢДЫ»ЖАЙЫП САЛ!
TERISKEI
"ұрының арты қуыс" :))) ғы-ғы-ғық, Әбеке!
Abilakim
Менің артым нәрмәлній кеңк-кеңк-кеңк))) Ана қыздың бір жері ашыв отырғаны ғана мені уайымдатуда.
Abilakim
Сен күтіп отырғандай оқиға болған жоқ. Бөлмемнен жоғалмаған да секілдімін. Дана мен Дианаға келсек жақсы қыздар. Ол қыздарға қарындасым ретінде қараймын. ал, сен келгенде… мына жер жазбаға толып кетер еді…
Gastarbaiter
Сатыбалдының «Гүлфайрустың қос аяғын көтеріп қолдайтыны есіме түсіп кетті))
serjan
Блог байқауының нәтижесін қайдан білуге болар екен, ағайындар?
boztorgai
тойдың болғанынан боладысы қызық
"құдайы шүкірге" уақыт та қалмаған болар