Көш кері кетсе, ақсақ түйе алдыға шығады

Алдағы сенбі – бесінші наурыз Алашорда ұлттық автономиялы үкіметінің төрағасы болған Әлихан атамыздың бұ дүниеге келген күні… Биыл, міне осы мерейлі дата дөңгеленіп, 145 жылға келіп қалыпты. Кәк всегда кербақай үкіметтен қайыр жоқ қой. Тілеуің бергір Тұрсын Жұртбай, Серік Ерғалилар тұрғанда, Астана жастары саяси гедониядан сауығудың жолы деп, «Отан-Ана» монументінде еске алу рәсімін өткізбек ниетте. Әрине, Әлихан атамызды. Осы хабар жеткен астаналық жастар сенбі күні, сағат 11.00-де “Отан-Ананың” алдында тұрса дейміз тізіліп.  Біз боламыз. Бұйырса. Сіз де болыңыз. Қалтаңыз көтерсе, бір құшақ гүл аларсыз. Көтермесе, ешкім кінә тақпайды. Алаш рухын аңсайтын, Алаш идеяларының орындалуын қалайтын азаматтар бұл шарадан тыс қалмаса дейміз. Негізі айтпағым бұл емес еді.

Айтарым, жақында “Аманат” пікірсайыс клубы жиын өткізген. Бөкейхановқа қатысты біраз әңгіме айтылды. Алаш ардақтылары арман еткен қоғам ұстындарынан әлі де болса алшақтығымыз, алашшылдардың бес ұстанымының бүгінде бір де бірі толығымен орындалып отырмағанын Тұрсын ағамыз талдап берді. «Мысал керек десеңіз, жеріңіз анау – жекеменшікте, шұрайлы жердің 64-72 пайызына дейін шіренген шонжарлардың иелігіне өтіп кетті», –  дей келе, Тұрсын Жұртбай түсті металлургияның 74 пайызын Ким секілді «крутойлар» қадағалап отырғанын айтты. Қара металлургияның да 78 пайыздайы Машкевич бастаған «үштіктің» қолында тұрғанын да қаралы хабардай естіртті. Ал азаттықтың басты қорғаны – экономикалық тәуелсіздік десек, Кеден одағына кіргелі бері «Газель» мен «Жигулидің» ғана бағасы түсіп, шетел көлігінің бағасы шарықтап шыға келген… Қайтадан Ресейдің экономикасына тәуелділігіміз артып келеді екен мұнымен. Қысқасы, “қара аспанды төндірген”  Тұрсын Жұртбайдың сөзін отырыс қонағы болған, сенатор Ғарифолла Есім не қостамады, не қолпаштамады деуге болады. Cенатор: «Айналайын, енді саған Тұрсын Қайғы деген ат қойдым. Бұрын Асан Қайғы еді, енді Тұрсын Қайғы бар», –  деп, жұртты жабықтыра бермей, жадыраңқы сөз айтайық деген пәлсападан жіберді. Одан әрі сенатор: «Біз денемізде болмаса да, санамызда таңбасы бар ұрпақпыз. Енді қазақ болып тарих санасында қалуымыз үшін сапалы болуымыз керек, – деген ойларын ақтарып, тұлға мен идея турасында көп толғанған еді. Ақырында, “Мен дағдарыстың философымын. Осы дағдарыстың арқасында адам болдым. Бұл дағдарыс деген жақсы” деген мағынада сөз айтып кетті. Бізде қайбір Есімнің басындағыдай ес бар дейсіз, дағдарыстың жақсы дегеніне сәл-пәл тұшынбай әм түсінбей қалдық. Очм, осы сөзін естіген есімі өте таныс (сол үшін айтпай-ақ қояйын) зиялы ағам “Оу, онысы несі? Қазақта “Көш кері кетсе, ақсақ түйе алдыға шығады” деген сөз бар. Сонда ол ақсақ түйеге өзің теңеп отырған шығар” деп кейігендей болған. Одан кейін “Мынау Қытайдың ең жаман қарғысы “Өтпелі кезеңде өмір сүр” деген. Сондай дағдарыс, күйзелістен адам қатарына қосылсақ, жетіскен екенбіз. Жақсыдан сүйіншілемей ме?” деді. Расында, сенатор мырзаның дағдарыс-күйзелісті дәріптегеніне сол отырыста да аң таң болғанымызбен, ауыз басып кеткен болатынбыз. Қазір қарасақ, Есім екеш, Есім де “қуған” секілді ме қалай өзі?


Мынау сол отырыста айтылған сөзінен үзінді еді. Телефоныммен түсіргем.

Мақала сілтемесі: http://orkenegro.wordpress.com/2011/03/01/%d0%ba%d3%a9%d1%88-%d0%ba%d0%b5%d1%80%d1%96-%d0%ba%d0%b5%d1%82%d1%81%d0%b5-%d0%b0%d2%9b%d1%81%d0%b0%d2%9b-%d1%82%d2%af%d0%b9%d0%b5-%d0%b0%d0%bb%d0%b4%d1%8b%d2%93%d0%b0-%d1%88%d1%8b%d2%93%d0%b0%d0%b4/
Бөлісу:

1 пікір

Abilakim
Алашы ардақтамады арда ұлын. "Қарағандыдағы Ленин ескерткішін алу керек, орнына әлихан қойылсын «деген де әңгімелер өрбіген. Ленин орнынан кеткенімен орыныны Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған монумент қойылмақшы. Дұрыс та шығар, бір білгендері бар болар? Ленин көшесін сол кісінің атына береміз деп еді, шу ете қалды шұлығын жіппен байлаған жұрттар.Осылай боларын білгенде Әлекеңдер әдемі өмір сүрер ме еді кім білсін?!