«Астана арландары» тағы да жеңіске жетті!
Бірде автобуста келе жатып, "Қазақ радиосын" тыңдап отырсам, діни бағдарламаға қатысып отырған имам «бүгінгі күні ата-аналар ақшаның соңында жүріп, бала тәрбиесіне мән бермей кетті. Сұрасаң, «бала-шағамды асырау үшін жүрмін» деп жауап береді. Таңертең кетеді, кешке келеді. Ал балаларының теледидардан не көріп, не біліп жатқандарымен ісі жоқ, ал тәрбие негізінің бірі сонда жатыр» дейді.
Не нәрсенің елең еткізер тұстарын өз ойларыңмен ұштастыру кімнің болса да әдеті ғой, есіме тағы да балалық шағым түсті. Біздің кезімізде теледидардан көретініміз небәрі екі-ақ телеарна болатын. Газетке басылып шығатын бағдарламалардың астын қаламмен сызып қойып, ертегі, мульфильм, концерттерді сол уақыт туғанша асыға күтетінбіз. Бір қызығы әкем Қуанышбек бізге кешкі сағат 23.00-ден кейін жүретін киноларды көруге рұқсат бермейтін. Әкетіп бара жатқан бір кинолар емес қой,қазіргілермен салыстырғанда… бірақ,қарсы келмейтінбіз, соның салдарынан, күні бүгінге дейін киноға қызыға қоймаймын. Оқта-текте болмаса. Кинотеатрға да сирек барамын, оның өзі… бірсарынды жұмыс күндерінен сергу үшін ғана. Бірдің басын, бірдің аяғын айтып кетті деп сөкпеңіздер. Бекболат ағамыз айтқандай, «айтайын дегенім» басқа еді. Сол балалық күндері күндізгі бағдарламалар өз алдына, әкеммен қатар, яғни, кешкісін, тең дәрежеде отырып көретін, Жүрсін Ерманның «Айтыстары», «Терме», «Тамаша» ойын-сауық отауының қойылымдары және «Бокс» болатын. О-о-ооо, бокс сирек өтетін, оның өзі басталуы түнгі сағат 00.00-ден кейін еді ғой, естеріңізде болса. Сол мезетке дейін «барып ұйықтаңдар» деген сөзді айтпай, «көріңдер» дейтін Коля ағаға (әкем ғой) :) дән риза едік. Содан бері боксқа қызығушылығым еш төмендеген жоқ. Сан мәрте олимпиада ойындарын, әлемдік кездесулер көрсетілімін телеарналардан мүмкіндікке қарай жібермеуге тырысамын.
Ал қазір блогымда «Астана арландары» туралы аз-маз сөз қозғай кетудің сәті түсіп отырғаны. Бүкіләлемдік бокс сериясында Қазақстанның намысын көтеріп жүрген, киелі көкбөріні пір тұтқан «Астана арландары» командасының өнерін тамашалап жүргеніме де біраз уақыт болды. Өткен сенбіде Макаода өткен «Пекин аждаһаларымен» кездесулерін әдеттегідей «Ел арнадан» береді деп күтіп, теледидар алдында ұйықтап қалғаным бар еді. Кешегі шолушылардан /комментатор/ ол жекпе-жек бір себептермен көрсетілмегенін, менің осы сериядағы ең сүйікті боксшым Мерей Ақшаловтың өкінішке орай қабағы жарылып, ұрыс тоқтатылғаны болмаса, спортшыларымыздың жеңіс тұғырына көтерілгенін естідім. Ал кеше түнде Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде аждаһалармен елордада өткен кезекті ұрыс уақытынан қалмай берілді.
«Пекин аждаһаларына» қарсы шаршы алаңға бірінші болып шыққан Міржан Рахымжанов, маусым аясында қарсыластарына жеңісті бермей келе жатқан азулы Ержан Мүсәпіровтер басым түссе, жанкүйерлерінің асыға күтетін боксшысы, Бейжің олимпиадасының қола жүлдегері Қанат Сләм "өзіне сеніп қалған" бразилиялық Педро Лиманы ауыр соққыларының астына алды. Сондай-ақ, жоғары салмақ дәрежесінде Марат Молдагереев пен өзбек боксшысы Сардор Абдуллаевтар да өз қарсыластарына басымдық көрсетуге мүмкіндік бермеді. Сөйтіп, аждаһалармен кездесуде боксшыларымыздың тасы екінші мәрте өрледі. Айтпақшы, шолу жасап отырғандар тарапынан азулы арландарымызға оттың жалынымен дес бермей жүрген «Баку Файерс» командасының соңғы кездесуіндегі Марат Молдагереевтің ұрысын бүкіләлемдік бокс сериясының апелляциясы қайта қарап, 4:1 емес, 3:2 болып есепке тағы бір ұпай қосқаны айтылып өтті. Арландарымызды осы маусымда алда әлі екі кездесу күтіп тұр. Олар — оңтүстіккореялық «Посейдонс» пен «Баку Файерс» командалары. Қазір арландарымыз азия құрлығындағы командалық есепте «Баку оттарынан» кейін /5 ұпай айырмашылықпен/ екінші орында. Барлық айқастардан өткен жеңімпаз командалар Еуропа құрлығында бас түйістіріп, дара шыққандар Олимпиадаға жолдама алатын көрінеді.
Ендеше, 12 наурыз күнгі отты кездесуде арландарымызға сәттілік тілейік!
(Сурет thenews.kz-тен алынды).
Осы жеріне келгенде қарқылдап күліп жіберіппін))))
Қуанышымыз жалғаса берсін,ұзағынан болғай!
Әйтеуір жігіттерімізге рыспек!!!