"Black Swan". Матильда қу болған кез

Блог - qisyq: Black Swan. Матильда қу болған кез
Я испытала совершенство. Я постигла его.
Нина Сэйерс (Натали Портманның кейіпкері)
В каждом из нас живет маленький черный лебедь
Мила Кунис (Лилидің рөлін ойнаған актрисаның сұхбатынан)

Люк Бессонның “ Леоны” есіңізде ме? Есіңізде болса, фильмде бас кейіпкердің бірін – он екі жастағы қыздың рөлін ойнап шыққан, өзі сол кезде он үште болған Натали Портманды ұмытпаған боларсыз… Кейіпкерінің есімі – Матильда еді ғой. Жан Реноның тасасында қалып қалмай, елдің көзіне сол кезде-ақ түскен актриса болған-ды.
Кеше сол Наталиге тәнті болып қайттым. Не деген шеберлік, не деген талант… Бойыңды ысытып-суытып, бірде ызаңды келтіріп, бірде сүйсіндіріп, бірде айран-асыр, таң-тамаша қылдырып жіберетін не деген кәсібилік…
Мен балетті онша ұната бермейтінмін, оны түсіну қиынға соғатын. Оның орнына оркестрлік концертті (мейлі классикалық, мейлі этнографиялық), тіпті болмаса операны тамашалауды жөн көруші едім. Тек балетке жазылған музыкаларды қалап, тыңдайтынмын. Кеше мұндай ой/ниет/пікір/бағыт/таңдауымнан айнуға тура келді. Бір сәтке мен балетке ғашық болдым. Бәрі де Даррен Аронофски түсірген, Натали Портман бас рөлде ойнаған “Қарақу” (“Black Swan”, “ Черный лебедь”) фильмінің кесірі. Бірақ, бәрін басынан бастайық.
Осыдан он жылдай бұрын қисық кинолар түсіріп, ерекшелігімен аты шыққан (“ Реквием по мечте”, “ Пи”, “ Фонтан”) режиссер Даррен Аронофски Натали Портманмен кездесіп, ойында жүрген бір жоба туралы әңгіме-дүкен құрады және оған қатысуға шақырады. Жоба балет жайлы еді. Он екі жасына дейін осы бір асқақ өнермен айналысып, балерина болған, экранда өзін жаңа қырынан танытқысы келген Натали келісімін береді. Он жыл бойы Даррен балет әлемінің есігінен сығалап кіріп, төріне өтуге тырысады, фильмге қасықтап мәлімет, ақпарат жинайды. Наталидің өзі түсірілім жұмыстары басталардан бір жыл бұрын, нағыз балеринаның кейпіне түсу мақсатында жаттығуларды бастайды. Осындай жанкештіліктің арқасында 2010 жылдың 1 қыркүйегінде, 67-ші Венеция халықаралық кинофестивалінің ашылу туындысы болған  “Black Swan”  дүниеге келеді.
Фильмның қысқаша мазмұны: балерина болған, бірақ, қызы босанған соң, өнерді тастаған анасымен тұратын Нина Сэйерс /Натали Портман/ балетті өмірінің мәні деп ұғады. Ол әлі күнге жұмсақ ойыншықтарды жақсы көреді, алқызыл түске көмкерілген бөлмеде ұйықтайды, ертемен метроға отырып, жаттығуларға барады, кешке қайтады. Ешкіммен қақ-соғы жоқ, тынбай еңбек қылып, техникасын жетілдіреді. Еш теңдессіз балет өкілі болғысы келеді. Күндердің күнінде балет труппасының көркемдік жетекшісі Томас Лерой /Венсан Кассель/ оған прима-рөлді ұсынады, Чайковскийдің атақты “ Аққулар көлі” шығармасында аққудың да, қарақудың да бейнесін алып шығасың дейді. Қуанышы қойнына сыймаған Нина тынбай жаттығады, алайда Томас оған “ аққудың рөлі жақсы, алайда қарақудың ойынын шығара алмай жатырсың” деп кінә тағады. Жасына қарамастан, кішкентай қыздың кейпінде қалған, адамдардан саяқтау жүретін Нина жаңа бейнені шығара алмай қиналады. Осы кезде труппаға жаңа балерина – Лили келеді /Мила Кунис/. Еркін, кез келген адаммен тіл табысып кете беретін, ашық Лили бірден-ақ Томастың көзіне түседі, көркемдік жетекші жаңа қызды Нинаға үлгі қылып, көзіне шұқып көрсетеді. Анасының шектен тыс қамқорлығы, жаңа рөлдің қиындығы, Томасқа деген сезімінің түсініксіз бағытқа бұрылуы, кеш келген жасөсіпірімдік өтпелі кезең, бәсекелестің пайда болуы – осының бәрі-бәрі Нинаны ауруға шалдықтырады, көз алдына неше түрлі бейнелер келіп, галлюцинациялар пайда болады. Бірақ ақыры Натали Портманның кейіпкері өз рөлін алып шығады.
“Black Swan” Оскарға бес номинация бойынша (“Үздік фильм”, “Үздік әйел рөлі”, “Үздік монтаж”, “Үздік режиссер” және “Үздік операторлық жұмыс”) ұсынылды, сонымен қатар Алтын глобус-2011 фестивалінде төрт номинация бойынша ұсынылып, біреуінде (Натали Портман – “Үздік әйел рөлі”) жеңіске жетті. Натали Портман британдық киноакадемияның (BAFTA-2011) “үздік әйел рөлі”  номинациясы бойынша жеңіске жетті, ал жалпы фильм бұл байқауға он екі номинация бойынша ұсынылды. Бұдан бөлек, Мила Кунис Лилидің рөлі үшін Венецияда Марчелло Мастроянни атындағы сыйға қол жеткізді.
Даррен Аронофски көңілді, ойды қоқысқа емес, кино деп аталатын өнердің шын мәніндегі демалысына толтыратын туынды түсірген екен. “Black Swan” адамның жанын ширықтырып, бірде көкке әуелетіп тастаса, бірде жер қылады. Пенденің біз көп көре бермейтін, біле бермейтін нәзік сезімдерін, ішкі арпалысты, қиналысты, жан ауруын Натали Портман әдемі жеткізеді, көрсетеді, сендіреді.
Толық жетілген адам болуға, шынайы шебер болуға ұмтылған Нина  өз дегеніне жетті, бірақ қандай құрбандыққа барды – осыны түсінуге болады.  Әр адамның бойында кездесетін ақ ниет пен қара ниеттің күресі фильмде адам жанын тебірентер түрде баяндалады, бас кейіпкердің басынан кешкендері жаныңды түршіктіреді, тебірентеді, онымен бірге өзің қиналасың. Туындының қатігездігі үшін Аронофскиді жек көресің, алайда онсыз фильмнің шынайы өмірден алыстап кетерін, “ дайын асқа – тік қасық” фильмдерден аумай қалатынын сезінесің. Сезінесің де іштей “ Браво, Аронофски” дейсің…
Мистиканы ұнататындардың  ”Black Swan”-ды көз алмай қарайтынына сенімдімін. Жүрегіңді ұшыратын, селк еткізетін сәттер жетерлік (жаман голливудтық ужастар стилінде емес, дұрыс түсініңіз), ал Нинаның арқасынан құстың мамық жүнін суырып алатын, аяғының артқа сынып, қудың аяғына ұқсайтын жері, сахнаға қарақу болып шыққанда екі қолының екі қанатқа айналатын тұсы дем алдырмай тастайды, еріксіз арнайы эффект мамандарына қол соғасың.
Драма көремін деп келгендер де  ”Black Swan”-ға риза болмай қоймас: балеттегі бәсекелестік, көркемдік жетекші мен балерина арасындағы қарым-қатынас, бас кейіпкердің ішкі арпалысы, аярлық пен аңқаулық – барлығы дерлік тым шынайы түсірілген.
Романтиканы ұнататындардың да көңіліне “Black Swan” жағып қалар: жасөсіпірім мінезді үлкен қыздың ашылуы, армандаған рөліне қол жеткізуі, сол жолдағы арпалысы – біраз киноның селт еткізер сәттерін ауызға ұрып кетеді.
Бұл фильмге іштей аздаған дайындықпен бару керек секілді, IMHO. Достармен бас қосып, улап-шулап барып қайтатын кино емес бұл. Ал рухани демалысты жан-жүрегіңіз қалап тұрса баруға болады. Тек айта кететін бір ескерту:  фильмде аздап бет қызартатын жерлер бар, орынсыз жерде ұялып қалмаңыз.
Екі бейненің  - екі оттың ортасында  қалған адамды ойнап шыққан, ойында еш жамандық жоқ аққуды қызды өзінше бір әдемі, асқақ, буырқанған сезімді қарақуға әйелге айналдыра білген Натали Портман, сөз жоқ, Оскарға лайық. Венсан Кассель мен Мила Кунис, Вайнона Райдер секілді шеберлігі мықты актерлар бас кейіпкердің бейнесін ашуда таптырмас өнер көрсеткен.
Көптен бері мұндай фильм көрмеп едім. Тіпті “ Началоны” қарағанда да көңілімде бір түйткіл тұрған болатын.  ”Black Swan” сол олқылықтың орнын толтырды…

Сурет.

Мақала сілтемесі: http://qisyq.wordpress.com/2011/02/17/black-swan-%d0%bc%d0%b0%d1%82%d0%b8%d0%bb%d1%8c%d0%b4%d0%b0-%d2%9b%d1%83-%d0%b1%d0%be%d0%bb%d2%93%d0%b0%d0%bd-%d0%ba%d0%b5%d0%b7/
Бөлісу:

7 пікір

bazuka
фильм ұнады!
Тек айта кететін бір ескерту: фильмде аздап бет қызартатын жерлер бар, орынсыз жерде ұялып қалмаңыз.
ретсіз осыындай нәрселерді қоса беретін болған фильмдерге ше
qisyq
Сұрағыңызды түсінбедім.
bazuka
жоға сұрақ қойғам жоқ сізге
qisyq
ммм, «ше» дегенге қарап сұрақ екен десем.
balzaminka
Пәктіктің өмірде зұлымдыққа жеңілгені аянышты.
Грейпфруттың жарты бөлігіне қуанғанын көргенде, мақсатқа жету үшін өмірде әйтеуір бірнәрсеге шектеу болатыны жаман да деп ойлап қойдым
Zilola
маған баяғы Леон киллер ұнайТ, әлі де болса қайталап көре беремін, Наталида өнер деген қап-қабымен жатыр ғо шіркін, тума талант қыз!!!