Байбекте бар, басқасында жоқ...
Олар мемлекет басқару жүйесіне мэйнстрим әкелуі тиіс болатын. Олар сүйіктіистиблишменттің ителгі ұшар биігіндегі иерархияның сүйегін жаңартып, сүйкімін келтіруі керек еді. Олар керек жерінде капитан, лайық деп тапса лоцман болуы тиіс болатын. Осымен, олар, олар… дегеніміз, “Құдай берген” «болашақтықтар» ғой баяғы. «Тиіс» деген етістікті естісе де, естімесе де, біразымыз «болашақтықтардан» осыны күтіп едік. Қысқасы, «айрықша ені бар» жастарымыздың жағдайы жанына батқан Сағынбек Тұрсынов осы аптада депутаттық сауалын жолдады.
Мәжілісмен Сағынбектің көтерген мәселесін қолымызды көтере отырып, қолдаймыз. Иә, бұл бағдарлама Елбасының тікелей бастамасымен өмірге келді. Аяғына енді тұрған алып елдің адымын ашатын мамандарды дайындау үлгісі болғанын да мойындаймыз. Бір ғана дерек: бағдарлама басталған 1993 жылдан бері 3 338 азамат түлеп ұшыпты. «Тамаша емес пе?» деп таңдайыңызды тақылдатпай тұрып, енді мына деректерге де көз қырын салыңыз. Қазір әлемнің ең әйдік деген университеттерінде омыртқасын майыстыра оқу тоқыған 300-дей «болашақтық» жұмыс таба алмай жүр. Бұл «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығының президенті Саясат Нұрбектің дерегі болса, депутат Сағынбек Тұрсыновтың статистикасына салсақ, бұл көрсеткіш 400 бен 600-дің арасында толқиды екен. 50-ден астамының елге оралмай, біздің құқық қорғау өкілдерінен қашып жүргені тағы бар. Бар-жоғы үш мыңнан асатын «болашақтықтар» үшін бұл «кінәрат» болса, қарапайым халық үшін қасірет дей беріңіз.
Әңгіме басында сөз еткендей, «болашақтықтардың» мемлекет басқарудағы мандайының қыртысы жазылмай, “ жолы ашылмай” келеді. Мысалы, кейінгі жылдары «Болашақты» бітіріп келген үш азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Үшеуі де вице-министр лауазымында сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген «статьямен» түрмеге тоғытылды я жазасын күтіп отыр. Бұдан кейін «Болашақтықтар» Батыстың демократиялық дәстүрлерін бойына сіңіріп, парақорлық былғаныштан пәле көргендей қашады деген сенім сейілмегенде, тұман сейіле ме? Бұның жанама себебін саясаттанушы Данияр Әшімбаев тәптіштеп түсіндіріп кеткен болатын. Яғни, «болашақтықтардың» біразы бізде қалыптасқан кландардың ұсынуымен білім алып, кейін де сол топтың мүддесі үшін тірлік етеді. Бірте-бірте алғашқы адуыны басылып, алған айлығы мен отырған креслосына шүкірлік етіп, біздегі саясаттың «өзің бас болып, бастама көтерме, тыныштық сақта, тәртіп бұзба» деген мантраларымен қайта тәрбиеленеді. Оның үстіне, «болашақтықтардың» билік дәлізіндегі шешім қабылдау «шараларына» тигізер ықпалы төмен. Неге десеңіз, көбісі сол ұлттық компаниялар мен бизнес құрылымдардағы майлы жілікке қолы жететін сарапшы, кеңесші, департамент бастығы дегендей «ортаңқол» қызметтерге жайғасқан деседі. Мемлекеттік қызметте жүргендерінің де сыбысы естілмейді… Білетініміз, сол баяғы тамаша карьера жасаған төрт-бес «болашақтықтың» фамилиясы ғана. Любендегі жоғары мектепті тауысқан Бауыржан Байбек бүгінде ҚР Президенті әкімшілігі жетекшісінің орынбасары. Мемлекеттік басқарудың неміс мектебінен дәріс алып қайтқан Ғабидолла Әбдірахимов қазір Премьер-министр кеңсесінің жетекшісі болып қызмет атқарады. Әбдірахимовты кеше телефонмен тексергем: қазақшасы да, ой-пікірі де тәуір екен. Экономикалық даму және сауда вице-министріҚуандық Бишімбаев Вашингтон университетінде білім алған болатын. Осылай деп тағы екі үш фамилияны атағанмен, ары қарайғысын ешкім білмейді де, танымайтын да болар. Сонда қалғандары алқапта соқа салып жүр ме? Әлде өздерін танытуға «өз ағалары» жол бермей, ескі жүйенің ережелеріне бейімделіп кетті ме?
Басқасы былай тұрсын, сол «болашақтықтардың» басым көпшілігі қазақ тілінде қақпаса да, ағылшын тілінде кез келгеніңді сүріндіреді. Сол шіркіндер, осы ел үшін сүйегін қалдырған арыстардың арманы, Абайдың ұлағатын түсіне ме екен, ә? Әрине, «болашақтықтарды» бұл жерде биліктің бишігін бүгін болмаса да, ертең ұстайтындар деп «есейтіп» отырмыз ғой. Оның үстіне, «болашақтықтардың» бәрі демей-ақ қоялық, көбісі ауылдың шаңын жұтпай, қазақылықтың уызына жарымай, өңір, өлкеде жастығын өткізбеген соң, аймақтық саясаттан да хабары аз десек, ағат болмайды.
Содан да, олардың Батыстың, Американың бұқарасына, діліне, дініне, қоғамдық құрылымынанегізделген басқару модельдері біздің топырақта бүршік жара бермейді. Бүршік атса да, бастамаларының пайдалы әсер коэффициенті елу пайыздан асып жығылса, табыс дей беріңіз. Демек, бұл жерде «жүйемізде толықтай кадрлық жаңару орын алды ма, саяси элитаның сапасы артты ма?», – дегенсауалдың басы ашық күйінде қалады.
ПыСЫсы. “ Болашақтықтардың” арасындағы ең беделдісі, әринеБайбек. Жұрт бірден “ о-о, оның болашағы бар дейді”… Дұрыс қой, сонда Байбекте болашақ бар да, басқа “Болашақтықтардың” болашағы жоқ па? (жаңылтпашыма кешіріңіз)
Мақала сілтемесі: http://orkenegro.wordpress.com/2011/02/10/%d0%b1%d0%b0%d0%b9%d0%b1%d0%b5%d0%ba%d1%82%d0%b5-%d0%b1%d0%b0%d1%80-%d0%b1%d0%b0%d1%81%d2%9b%d0%b0%d1%81%d1%8b%d0%bd%d0%b4%d0%b0-%d0%b6%d0%be%d2%9b/
1 пікір