Мұқағалидің 80 жылдығы Жазушылар Одағында қалай тойланды?..

Блог - ushkin: Мұқағалидің 80 жылдығы Жазушылар Одағында қалай тойланды?..
Бүгін, 9-ақпан қазақ әдебиеті, қазақ поэзиясы үшін ерекше күн…Ақиық Мұқағалидің туған күні екені әмбеге аян.

Осы керемет күнді қазақ қайтіп тойлады? Қайтіп мерекеледі? Ол жағын өнер, өлең ордасы Жазушылар Одағында өткен кеш салмағынан да аңғаруға болатын шығар.
Мұқағали ақынның 80 жылдығына орай жоғарыда аталған шаңырақ ән-жыр кешін өткізді. Кеш түндігі Мұқағалидің өз даусымен оқылған өлеңмен ашылды.Одан әрі арнайы дайындалған сюжет көрсетілді. Сюжетте Мұқаңның табиғат қашаған тас мүсіні де бейнеленген. Осы тұста жүргізуші Бақыт Беделхан бұл сюжеттің асығыс дайындалғанын атап өтті. Көрермен ретінде көкейімде бір сұрақтың ұшы қылт ете қалды: «Осынау біртуар ақынның 80жылдығына арналған сюжеттің атүсті әзірленгені қалай?»

Әрі қарай Н.Оразалин сөз сөйледі. Одан кейін О.Асқар ақын жайлы біраз естеліктің жібін тарқатты. Б.Жақып, Р.Ниязбек ағаларымыз да өлең оқып, жырсүйер қауымды бір желпінтіп тастағандай болды. Кеш әсерлі ән, өршіл өлеңдермен өріліп жатты.

Дегенмен, мерейтойдың мықты дайындықсыз көрермен назарына ұсынылғанын айқындайтын тұстары да болмай қалған жоқ.

Алдымен, Мұқағали өлеңдерінің аз оқылғанын айтуға болатын шығар. Ақын кеші болғандықтан, оның өз өлеңдері көптеп оқылғаны дұрыс болар еді. Сөз алған азаматтарда Мұқаңды дәріптеуден бұрын өзін-өзі көрсетіп қалу басым боп жатты. “Өз өлеңім” деп қара сөзден айырмасы жоқ, өлең деуге келіңкіремейтін дүниелерімен сахнаның берекесін қашырған атпал ағаларымыз үшін біз ұялдық…

Көп кештерден еш айырмашылық алмай бұл кеш те өз шымылдығын жаба берді. Жүргізуші: “Сөйлеймін” деген еріктілер болса, сахна ашық”,- дегенді айта бергенде, залдың тең жартысынан астамы тарап та үлгерді. Хош… Мүмкін, біреу-міреу Мұқағалидің осы кеште оқылуы тиіс жауһар өлеңдерінің бірін оқып қалар деген үмітпен жартысы қаңырап бос қалған залда қала бердік. Сахнаға шыққан «еріктілер» бірі өз өлеңін оқып, бірі дауысы болмаса да ән айтып киелі жерді репетиция залына айналдырып жібергендей болды. Мұқағалидің өлеңін жатқа оқыған бір-екі адамға ғана іштей алғыс жаудырып отырғанда сахна төріне Құл-Керім Елемес ағамыз шықты. Төрде топырлаған жастар бірінен соң бірі кезек алып таудай ағамызға ешбірі сөз берер болмады. Әйтеуір бәрі сөйлеп бітті-ау дегенде сөз алған Құлкерім ағамыз «Мен сахнаға бір-ақ нәрсе айтуға шықтым»деді. «Ол – Мұқағалидің Аллаһты сүйген ақын екені…» Одан әрі Аллаһқа айтылған мадақ… Жаратушы әркімнің жүрегіндегі мөлдір сыр болса, киелі сахнада не айтар екен деп елеңдеп отырған жұртқа шыға беріп уағыз айтудың не қажеті бар деген ойға қалдық…

П.С: Мұқаңның тойы Одақта осылай өтті. Төрде ілініп тұрған Ақынның жансыз суреті жалпақ жұртқа күрсіне көз тастап тұрғандай…
П.С.С: Көрермен ретіндегі жеке пікірім екенін ескертіп қояйын..

Түпнұсқа мында: ushkin1.wordpress.com
Бөлісу:

1 пікір