Көк велосипед

Бекжан Толыбай: Көк велосипед
Мынау да баяғыда жазылғандардан..Қазір сол балалық шағыма қайта барып қайттым… Балалық шағыма саяхат жасап қайттым… Сіздермен бөліскім келді…

*****************************************************
… Мойынқұм аулына қанша кісінің жолы түсті екен білмеймін… Менің кіндік қанымның тамған жері сол Мойынқұмның Талды-Өзек ауылы болатын… Жан-жағы құм мен сексеуіл… Сол ауылда сегіз жасыма дейін тұрдым..Құдық деген нәрсе жоқ болғандықтан біздің ауылға арнайы машинамен су әкеліп ұлкен цистерналарға толтырып кететін ауыл жамағатына… балалығымның ең қызықты күндері сонда өтті…

Алдымда екі ағам бар… Шешем аудандағы орталық ауруханада қызмет істегендіктен күнде сол аудан мен ауыл арасында қатынап тұратын cары автобустың жолын кұтетінбіз..Әкем де ауыл шаруашылығы қызметкері, қойлы ауылдарды шарлайтын да тұратын… сол үйде маған күндіздері қарайтын сол екі ағам болатын.


Жаз кұндері ауылдың қасынан ағып өтетін каналда шомылуды ерік қылатын әдетіміз. Сол кей кездері үйді жауып, кілтті қалтаға салып алып кететіндіктен, уақыттың қалай өткенін байқамай қалатынбыз. Сол үшін жұмыстан шаршап келген шешеміз үйге кіре алмай сыртта қалып талай сазайымызды да берген. Содан бізге сол каналға баруға тыйым салды бір күні. Оған ауылдың қай баласы көнер дейсің, мектептен келе салып, киімдерді шешіп тастап қайта тарттық ертесі сол каналға…

Мен ол кезде жүзу білмеймін, екі ағам да шешемнен әбден сыбағалы болғандықтан мені қарауылға қойып шомылатынды шығарды. Ал мен болсам, каналдың қасындағы ауданнан келер жол көрінетін төбешіктің ұстіне шығып алып, сары автобусты күтетінмін. Сары автобус көкжиекте көзге ілінгенде “Ержан, Нұржан сары автобус” деп үйге қарай зымырай түсем, артымша екі ағам да маған қосылады. Үш ұлды отбасы болғандықтан үй жұмыстары біздің мойнымызда..Үйге келе сала апыл-ғұпыл үйді тазалап отыра қаламыз. Шешем көршілермен сәлемдесіп азын-аулақ әңгіме шертіп жеткенше үйді тап – тұйнақтай қылып жиып бауырларыммен бірге сабақ оқып отырамыз. Шешемнің қуанышында шек жоқ. Сосын тамақ дайындап бізді еркелетіп ойнап жүріп дастархан жайылған уақытта әкем келеді…

Ең қызықты сәтте сол бақытта сол ғой.

Әлі сағынам сол сәттерді, өкінішке орай сол сегіз жасымдағы жадымда қалған сәттер ешқашан жалғаспады… Сондықтан менің сегіз жасар кезім есімде ерекше орын алды да қалды…менен хабарсыз, менің қалауымсыз, менің пікірімсіз үлкендер менің ең бақытты сәттерімді қиды да жіберді…

Мектебімнің екінші класын бітірген жылдың жазында Шу өңірінде тұратын нағашы ағам келіп бізді алып кетті. Көшіп кеткеннен кейін менің ақ итім «Тұйғын» қалып қойып, нағашымды қинап қайта келгенім есімде. Содан шешем мені нағашыларымның қолына аманат етіп, екі ағаммен Алматыға жол тартты.

Ағамның жаңа алған судай жаңа көк велосипеді маған бұйырды да қалды. Ағам сол көк тұлпармен мені талай мінгестіріп алып ауылмен аудан арасын жалғайтын түп-түзу асфальт жолда талай зуылдататын. Кешкі ұясына кетіп бара жатқан күнмен жарысатынбыз ағаммен бірге. Маған «ананы қара бізден қалыспайды» деп оданда әрмен жылдамдығын арттыра түсетін. Мен оған аң-таң, «аға неге қалмайды бізден?» деймін, ал ол болса «қазір пәлем тұра тұр» деп тісін қайрап алады да тік келе жатқан жол біздің үйдің көшесіне бұрылғанда бұрыла қояды. Сосын масаттана маған қарайды да «Әне көрдің бе енді артымызда қалып қойды» деп артты меңзейді. Менде басымды бұрып шынымен ақ күннің артта қалғанын көріп ағаммен мақтана түсем. «қазір үйге жетейінші әке шешеме айтып берем ағамның батырлығын» деп үйге асыға түсем.

Мені таң қалдырғаны тек үйреткенде болмаса жекеше тебуге ешқашан рұхсат бермейтін ағам ілезде есейді де кетті. «Енді бұл сенің велосипедің» деп маған беріп кете барды. Негізі ағам сол көк велосипедін маған бергенде балалығымен қоштасып жатты. Ал мен болсам сегіз жастағы әр баладай көк велосипедке қол жеткізгеніме қуанумен айналамда болып жатқандарға еш мән бермеппін.
Сол жылдың жазын көк велосипедпен нағашымның аулындағы балалардың бәрінің көздерін қызықтырып жүріп өткіздім де, бір жыл сол ауылдың мектебінде оқыдым.

Келесі жылдың жазында шешем келіп мені Алматыға алып кетті. Ең соңғы балалық пәк қуанышым сол болған шығар. Тек қана телевизордан көріп елден естіген үлкен қалаға жол тартып бара жаттым. Негізі сол шыққан жолаушылығым маған сол балалық шаттық сәттерімнің соңы да екенін талай жасты өткізіп барып ойлануға мұрша таптым…

Сегіз жасар сол бала бейне есіме түскен сайын езуіме күлкі келіп бар сол өткендер кеше ғана болғандай көз алдымнан кетпейді..үлкендердің дұрыс деп шешкендері сегіз жасар бала, мен үшін қаншалықты дұрыс екен? Немесе жаңа алған көк велосипедінің қызығын көре алмай, ерте есеюге мәжбүр қалған ағам ұшін? Немесе әп сәтте тиылған сол балалық үшін?
Білмедім… біле алмадым…
Бөлісу:

40 пікір

TOTY
Мынау жазбанды кезінде блогыңнан оқып едім. «Негізі ағам сол көк велосипедін маған бергенде балалығымен қоштасып жатты...». Осынау қарапайым ғана сөйлемде қаншама терең ой жатыр десеңші.
Мен «Мәссаған» порталы арқылы қазақ блогтарына ең алғаш бас сұққан жылдары, әр нәрсенің қыр-сырына, тірліктің әрбір бедеріне мән беріп, бақылап, ой қорытып отыратын Бекжан мен Ақзеренің блогтарындағы жарияланып отыратын жазбаларды жібермей оқитынмын. Блог жүргізуге қызығушылық оятқан да осы блогтар еді.
Bekjan
Рахмет Тоты, мен де кеше осыны оқып отырып біпвз толқып қалдым… Білмеймін бұрын жазып іле салғанда көп мән бермеген екенмін..Қазір сол кездегі ішкі толғанысымды оқып екітүрлі күй кештім…

Көк велосипед, сол үзілген балалықтың символы ғой… Алданыштың да..Өмірдің сол кездеріне қарасам қатты ойға кетем… Бүгін мысалға сол шақтар менің өмірімнен емес, басқа біреудің өмірінен үзінді сияқты болып көрінеді… Басқа бір Бекжаннын хикаясы…
Nurgisa
Бәке, анау — қалаға апарам деп аудан орталығына қыдырыстап қайтатын қызығыңыз бар еді ғой, шығарсаңызшы тәтті-пәттілерді қане ;)
Bekjan
Тәттілер сосын шаймен бірге келеді :))
monti
да жууу романтиксіз шын айтам жерлес! :)

каналға барлық ауыл баллары құмар ғо деймін а))) кезінде бізді де үйдегілер ұрсып жазалаушы еді((((
Bekjan
жаздын ермегі сол каналдардағы су гой бала үшін..:))) шомылу білмесек те ол кезде, сол шуылдактардан калмаушы едік…

Мен негізі суға шомылуды 24 жасымда үйрендім :)
ken
«жүзуді» дегің келген болар?
Bekjan
иә, солай ғой, біз жаққа екеуі синоним болып кетеді кейде… ренжімендер..:)
sammita
бәлкім «суға жуынуды» шығар;)
bazuka
балалық шағым есіме түсіп кетті ғой. Бекжан жазбаңыз үшін көп рахмет.
Abilakim
Тамаша әсер қалдыратын жазба екен.
Nurkoke
Балалық шақты еске түсіреді екен.Жүгіргенде жалаңаяқ, аяққа тікен кірмейтін.
Bekjan
Тіке кірсе де елемейтін… Есімде бір кездері достарыммен атыспақ ойнап жүріп яғымды жерде жатқан бөтелкенің сынық түбіне кесіп алдым оңдырмай… Бірақ оған қарап жатқан мен жоқ, ойын қызық кеткен тоқтауға болмайды, жүгіріп барып далада жайылып жатқан киіздің бір бұрышына қатты басып, аққан қанды тоқтатудың амалын жасап, ойынға жалғастырып кете бергенбіз… ол кезде бірінші сыныпты жаңа бітірген кезім ғой… Сонда сол туралы үйдегі үлкендерден ешкім білмеген сияқты..:)) Қазіргі балалар түшкірсең ауырып қалады..:))
Nurgisa
ойынға жалғастырып

;)
Bekjan
йә, Нұреке «ойынды жалғастырады»..:))
sammita
күшті жазылған! Қазіргі балалар ержеткенде балалық шағын дәл осылай еске түсіре алар ма екен. Асық, доп, ләңгі, тығылыспақ, «резеңке», мак ойнамай, жалаң аяқ жүгірмей өскендер(((
«Сол кей кездері үйді жауып, кілтті қалтаға салып алып кететіндіктен, уақыттың қалай өткенін байқамай қалатынбыз. Сол үшін жұмыстан шаршап келген шешеміз үйге кіре алмай сыртта қалып талай сазайымызды да берген».
Кішірек кезімде кілтті жасырып, есікке «Кілт шелектің астында» деп мамама записка қалдырып кеткенмін:))
omarbirat
Белесебет тебуді бесінші класта бір-ақ үйрендім. Үйрене алмай жүргенде, ағам мазақтап, кейде боқтап та алатын. Үйренгесін де боқтағанынан құтыла алмадым. Енді ше, күнде таң атпай мініп кеткеннен қаңғырып-қаңғырып, кешке бір-ақ қайтып келесің үйге. Братандарды жаяу қалдырып :)
omarbirat
Көк белесебетімнен кейін жасыл матсекілім болып еді. Екеуі де — «Урал» :)
Nurkoke
Велосипедті төртінші класта үйрендім, жүзуді де.Ойын деген көп болды ғой,„дырт„ ойнайтынбыз, дырт дегенде оқ тиіп құлап түседі ғой.„Тығылмаш„ ойнайтынбыз, киім ауыстырып алғанда, сені шатыстырып қате айтса, триконода бадит, триконода бадит!-деп айқайлап, ойыннан жеңілгенін білдіретінбіз, ол несөз екенін құдай білсін.Концерт қоятынбыз, бүкіл аула балалары қол соғып тыңдайтын.Көрші үй өте кең адамдар еді, соның шифонерінен апасының,әжесінің барлық киімдерін сахнаға киетінбіз.Мынадай әндер айтатынбыз: Жыла тамтыгда, жыла тамтыгда, конопая кавказа, кавказа деп.Қазір ойлаймын Жила конопатая болу керек.Сосын мынадай әнсымақ: Торади торади сим сим гану кипидос бромде, салфем погиб табаны сури сури деп.Осы әнді көп айтқан қыз қазір ағылшынша аудармашы болып істейді.Мен өзім осыған ұқсас ән естіген емеспін. „Золотая ворота деген ойын бар болатын, сондағы айтатын сөздер түгел қате екен.Былай дейтінбіз: Золотые ворота, пропустика ты меня, а я сам пройду, иди сам пройду„деп әндетіп.Ұлдар ләңгі ойнағанда, етіктері қисайғанша ойнайтын.„Дыртты„,Қызыл жұмыртқа„т.б. бірге ойнайтынбыз.Күрес те бар.
sammita
;)) қай өңірде өтті балалығыңыз? Ана әндер тамаша екен:))
Nurkoke
Шығыс Қазақстан Облысынанмын.Жалпы Торади деген ән бар ма екен?-деп ойлаймын.
sammita
мына ән емес пе тыңдап көріңізші
musiclist.org.ua/song/353930.html
Nurkoke
Көп рахмет, Саммита! Дәл өзі, осы ән!Қандай керемет ән!!! Балалықтың бал дәурені-ай! Балалық армандар-ай!!! Торади әні мені жұбатты,қайтесің,өмір солай қатігез, тым тым қатты, бірақ сен мойыма, деп.Ән сұмдық әсер берді!
sammita
тыңдай алмай қор болып отырмын, қызықтырып қойдың:)) Дегенмен, қазақша емес, «шетелдік» әндер шырқайтын балалардың қылығына әлі жымиып отырмын;))
Nurkoke
Біз СССР баласы болдық, шалғай қазақ ауылына қалай келіп жүр десеңші! Ол кезде теледидар да жоқ болатын, радио тыңдағанға ойыннан қол тимейтін.Мен жымиып отырғам жоқ, көзіме жас келді, бәрі мені жыламайтын қатты адам деуші еді, масқара! Бала кезде қандай қазақша әндер айттық,үйімізде төрімізде портретте тұрған кім, бұл Ленин бабамыз, бұл Ленин данамыз т.б.Домбыра тартатынбыз Кеңес күйін.Бәрі көк велосипедтен басталып кетті ғой.
sammita
Мынау кәріс әні екен ғой. Тыңдап көрдім. Балалығыңыз бақытты өткен екен:)) Мағынасын, мазмұнын қайдан түсініп жүрсіз кіп-кішкене боп:)
Abilakim
Менің әпкемде «миллион, миллион алых роз, түглүглен, түглүглен изишти» деп әндететін
Nurkoke
Заман солай болды, тілімізді бұрап өссек те,қазақы тәрбие алдық.
sammita
мені кішкене кезімде бәрі Миллион дейтін. Орындықтың үстіне шығып ап қоймай айтады екем. Пластинкадан жаттап алғам ғой, мағынасы не жайлы екенін де білмейміз сонда.
asaubota
Миллион алых роз бен Учкудук три колодца менің репертуарымда да болған әндер. әкем лентаға жазып қойыпты :)
monti
нандай(суреттегі) великті мен әл тебе алмайм :) бірақ өмір алда ғо. үйреніп кетермін ;)
алматтың әкімі жақс бастама жасады. өткен жылдар прям әр сенбілікте веложарстар ұйымдастырып, оқып/көріп мәз боуч едім.
sammita
monti, тіліңді сындырғым келеді сені көрсем;))
monti
неге ибай? :)
Nurgisa
монти, саммита дұрыс айтады.
sammita
қазақта тіл сындыру деген жақсы бір дүния бар. Үйретеміз, үйренесің.
Nurgisa
Жалпы, қазата сындыру деген бір дүния бар. Жақсы, жаманын қыздар бағамдасын.
Gastarbaiter
bikemaster.kiev.ua/img/salut_men.jpg — мынадай Салют велик бар үйде. Анда санда теуіп тұрамын