Тюльпан

Блог - qisyq: Тюльпан

— Прінс әфрікандық па?
— Американский, ата.
— Мақұл, мақұл, мақұл… ТҮЛПӘӘН!

Фильмнен


“Тюльпан” фильмі – үйге “Адасқандардың” артынан келген кино. Сол баяғы екі жыл бұрын елдің емешегі езіліп көріп алған, ал мен көре алмай қалған, жұрттың аузында жүрген отандық фильмдердің бірі. Қарадым. Ой қорыттым. Енді Сіздерге арнап ревью жазып отырмын (Алда, айналайын-ай деп көзіңізді бір шылап аласыз осы жерде).

“Тюльпан”. Шыққан жылы 2008. Шығарған елдер – Германия-Қазақстан. Сонымен қатар, Ресей, Швейцария, Польша елдері де ат салысқан. Режиссері Сергей Дворцевой. Сценаристері Сергей Дворцевой, Геннадий Островский. Бюджеті €1 500 000. Басты рөлдерде: Асхат Күшеншереков, Төлепберген Байсақалов, Оңдасын Бесікбасов, Самал Еслямова, Береке Тұрғанбаева және басқалар. Ұзақтығы 100 минут.

Қысқаша мазмұны: Теңізде әскери борышын өтеген Асхат (Аса) есімді жігіт туған Бетпақдаласына оралады. Болашағынан үміті зор жігіт әпкесі Самал мен жездесі Оңдастың үйінде солардың үш баласының үстіне келіп қосылып тұрып жатады. Жеке үй, қора-жайға қол жеткізесін деген ойын “Үйлен, әйтпесе саған бір қора қой берілмейді” дейтін шарт быт-шытын шығарады. Жүздеген километр радиуста Тюльпан есімді қыздан басқа бір шүйкебас жоқ. Алайда ол “ешкі қыз” да қалқанқұлақсың деп күйеуге шығудан бас тартады. Досы Бони мен жездесі қыздың әке-шешесінің қанша асты-үстіне түссе де, қабағы қатулы ана, қырсыққан қыз оң сыңай таныта қоймайды… Асаның (Асхатты солай дейді кинода) үйдегі жағдайы да мәз емес, жездесі оны жұмысты дұрыс істемейсің деп шұқылайды да жүреді, себебі бас кейіпкер біресе қойды үркітіп алады, біресе бір нәрсені бүлдіріп алады, әйтеуір жоқ жерден бар проблема жасап жүреді. Ақыр соңында бәріне ыза болған, бәрінен көңілі қалған Асхат досының айтқанына көніп, екеуі қалаға кетпек болады, бірақ…кетіп бара жатқан жерінен қайтады.

Құрғақ ақпарат, эмоциясыз сөз осы.

Енді көңілге тиген көріністерді айтсам.

Жалпы маған бұл кино туралы өз ойларымды білдіру өте қиынға соқты. Айтайын деген сөзім бір-бірімен байланыспай, қабыспай, жабыспай, табыспай, араласпай қинады. Бастаған істі мыжғылай беретін әдетім бар еді, Сіздерге арнап бастап қойған соң, Сіздерге арнап бітірейін дедім.

“Тюльпан”, менің түсінігімде, көркем фильм стилінде түсірген документальді шығарма. Оңтүстік Қазақстан облысының Бетпақдаласында түсірілген киноның, әдеттегідей, операторлық түсіру шеберлігіне назар аудардым. Польшаның мынау деген маманы Йоланта Дылевска басқарған операторлар тобы өз жұмыстарын жақсы атқарған секілді. Кейбіреулердің “камера селкілдеді” деп таққан айыбы фильмнің ерекшелігінен, ИМХО. Германия мен Швейцарияда “әрлеу-сырлау” жұмыстары жүрген, ал Ресейден Сергей Дворцевой, Геннадий Островский, тағы басқа кино саласының өкілдері ат салысқан. Біздің жақ “отандық кино” деп кеуде соққанмен, ресейлік сайттар “Канн фестивалінде “Ерекше көзқарас” байқауында гран-при алған біздің алғашқы фильм” деп мақтанып жатты. Өйтетін де жөндері бар секілді, себебі “Тюльпанның” әлемдік 35 түрлі киножарыстарға қатысып, “ең үздік шетелдік фильм” номинациясы бойынша ең көп жүлделер жинағаны, ең бірінші, режиссер Сергей Дворцевойдың еңбегі. “Каннға” барып оны, “Токиоға” барып мұны жапырып келген шығарма шын мәнінде таңдануға тұрарлық. Рас, бұл кино Сізге ұнауы, я ұнамауы мүмкін, алайда көрген кезде бей-жай қалмасыңыз анық. Өзім ондай тұрмыста өспеген соң, алғашында “ох, әкең, мына біздің қазақтарды қалай-қалай түсірген!” деген суық ой сумаңдап-ақ еді, шөл даланың шет жағасын көрген үлкендер “мә, мына киноны көріп, жастығымды көргендей болдым-ау” дегенін естіп, бір сәт “қой-ей” дедім. Ар жағын қаузасам, әлгі сумаң ойдың астында, бүгіліп-бүгіліп басқа идеялар жатыр екен.

“О не ой, о не ой” дегенге бассаңыз, айтайын: фильм туралы мен екіұдай әсер алыппын. Соны талдап, таразылап, сараптап, саралап көрсек:

Ерекшеліктер:

Бір сұхбатында кино проюдессері Гүлнәр Сәрсенова фильмге тек бір ғана кәсіби актер (менің ойымша, Төлепберген Байсақалов. Анау ше, “Бақсыда”, “Трубадурда” ойнайтын) қатысты, ал қалғандары мұндай мамандыққа араластығы жоқ жандар мен Бетпақдаланың жергілікті тұрғындары болды дейді. Егер бұл сөз рас болса, онда шын мәнінде таңдай қағуға тұрарлық. Шынымды айтсам, өзім бұған аздап сеніңкіремеймін (жақсы мағынада). Себебі, бас кейіпкерден бастап, бұтына шыбықты ат қылып мініп, ”Ағ, аға, алмтға бармз ба?” деп жүретін балаға дейін рөлдерін тамаша алып шыққан.

Фильм кейіпкерлері екі тілде сөйлейді (“Ғашық жүректі” еске алыңыз). “Түлпәнның” әке-шешесі, Асаның жездесі, жездесінің бастығы, ветеринар, кішкентай балалар ана тілнде “общатся” етсе, Асаның өзі, әпкесі Самал, досы Бони екі тілде бірдей сайрайды. Әрине, айдаладағы жалғыз үйде ол неғылған орыс тілі деп таңдануыңыз (ұлтжанды болсаңыз, тіпті, ұрысуыңыз) мүмкін, алайда, сондай шетте (бірақ, дала емес, тау арасында) малды жерде, таза қазақтардың арасында өскен жолдасымның орысқолды екенін мысал етіп алдарыңызға тарта қойсам, айып етпессіз, себебі өмірде ондай кездеседі екен.

Пейзаж. Мә, мен анадай кадрларды сирек көріппін. Операторға Бес! Малдың өріске шығуы, түйелер, неше шақырым аумақта отырған жалғыз үйдығ тыныс-тіршілігі, құлазыған, шеті-шегі жоқ, бірақ жүрекке сондай ыстық қу дала – бәрі-бәрі керемет түсірілген. Айтқандай, фильмде қойдың қоздағанын бас-аяғына дейін толық көрсетеді.

Фильмнің мәні, мағынасы. “Тюльпан” мен көрген арт-хаус кинолардың арасындағы бірегейі болды. Сонша жыл Ресей флотында “шагайттап” келген жігіттің кейбіреулер үшін ит байласа тұрғысыз жерін сағынып, алып-ұшып жетіп, жағасының артына салынған (Әбеке, білмейсің бе, не дейді ол жерді? Матростар киетін киімнің жағасының арты) арман-суретін жүзеге асыруға деген құлышынысы, қала мен даланың біреуін таңдау кезіндегі ой арпалысы, қызға деген сезімін білдіруі өте жақсы шыққан. Арманға қол жеткізу оңай емес, бірақ шын талпынған адамға оны ойдан іске асыруғаа мүмкіндік бар – фильмнен менің түсінгенім осы.

Кейіпкерлер:

Аса – Асхат Күшеншереков. Актер емес, жұмысқа жаңа кірісіп жүрген режиссер екен. Тура мамандығы бойынша қандай деңгейге ие екенін біле алмадық, алайда әртіс ретінде өз рөлін тәп-тәуір сомдаған. Әскерден орысша сөйлеп келгендерді көріп едік, сондай адамның психологиясын Асхат әдемі шығарыпты.

Бони – Төлепберген Байсақалов. ООО, енді бұл рөл нағыз феномен! Төкеңе бас идім. Союздің кезінде өсіп, тәуелсіздікке жігіттік шағында жеткен, трактор айдайтын, онысына жалаңаш қыздардың суретін айналдыра жапсырып тастайтын (именно сол кездегі вкусының қыздары), Бони М тобын тыңдайтын (Сале! деп өлең айтып жүреді), орысша сөйлейтін, араққа кетәрі емес, өзінше қу, пысық адамның рөлі шынайы шыққандығы соншалық, фильмді тек сол үшін ғана көруге болады деп айтар едім. Рас, ол кейіпкер ретінде Сізге ұнамауы мүмкін, алайда осыған жетудің өзі актердің шеберлігіне байланысты екендігіне таласпайтын шығарсыз. Мәселен, бір эпизодта Бони жалаңаш денесіне галстук тағып көріп жүреді. Онысы жай жындылық емес, шын мәнінде сөйтетін адамның кейпінде шыққан. Шығара білген.

Самал – Самал Еслямова. Көзі ашық, көкірегі ояу, орысша айтсақ “адекватная”. Тек күйбең тұрмыстың қолынан шыға алмай қалған. Бауыры мен күйеуі ұрсысқан кезде жанын қоярға жер таппайды. Осындай кездердің бірінде жылайтын тұсы бар. “Еее-мое” дедім. Кім айтады Самады әртіс емес деп?!

Оңдас – Оңдасын Бесікбасов. Шаруасына мығым, “малмен бірге мал болған” (тым қатты түсінбеңіз, малға қарап, соның қиына араласып кеткен адамдарды осылай атаушы еді) жан. Дөкірлеу, бірақ қазақы мінезді, туыс алдындағы борышын сезінеді (Асаға қыз сұрап баратын жері бар люстрасын ұстап). Актердың рөлі аса қиын емес шығар, бірақ басқалардың қатарында өз рөлін ойдағыдай ойнап шыққанын ескерсек, тағы тамаша деуге тура келеді.

Тюльпанның әке-шешесі. Бұл кісісілердің рөлін бір мықты адамдар ойнаған екен. Тура сондай жандарды көргенім бар еді. Әкесі қызын техникумға жібергісі жоқ, күйеуге бергісі-ақ келеді, алайда қабағынан қар жауып отырған әйелі оған қарсы. Екеуінің репликалары адамды күйдіреді әрі күлдіреді. Ең бір “колоритный” кейіпкерлер.

Оңдастың бастығы, ветеринар. Бастығы экранда көп көрінбейді енді. Ал ветеринар тіпті де бір-ақ жерде бар. Бірақ ол кісі ерекше атап өтуге тұратын актер (емес). Түріне қарап, сол маңайдағы шын ветврачты әкеле салған ба дейсің (бәлкім, солай да шығар). Енесінен қашып, ботаны мотоциклдің люлкасына салып алып зытатын жері де керемет.

Оңдас пен Самалдың балалары. Үшеуіне де “Бес”:) Қыздың дауысы жақсы екен. Оның функциясы өлең айту болды. Үлкен ұлы малға болысады, “Қазақ радиосын” тыңдап, естіген жаңалықтарын әкесіне кешке сөзбе-сөз айтып береді. Айдалада, өз күндерін өздері көріп жатқан үйде, мұнай бағасына байланысты, ел үкіметіне байланысты жаңалықтардың айтылуы фильм жасаушылар тарапынантақырлық болған.

Тюльпан. Тюльпанның бір рет мұрнын, екі рет арқасын көрсетеді. Болды. Бұл да бір ерекшелік.

Ұнамағаны – киноның сұрғылттығы. Рас, даламыз сондай, фильмнің атмосферасы сондай, алайда адамның көңіліне біртүрлі әсер етеді екен.

Ал жалпы көрмесеңіз көріңіз деп кеңес беремін. Жоғарыда айтқандай немқұрайды қалмайсыз. Мақтап па, ұрсып па, әйтеуір бірдеңені осы посттың астына жазып кетесіз:)

Сурет мына жерден алынды.
Бөлісу:

8 пікір

bazuka
киноны былтыр көргем. жалпы ұнады. Төлепберген Байсақаловтың актерлігіне тәнті болдым, шынайы ойнай біледі. жәнеде қойшының балалары қатты ұнады.
nurbergen_makym
Иә, мен де бұл фильмді кешігіп көргендердің қатарынанмын (ұялып тұрған смайлшы).

Фильмді комедия жанрында делінген екен, мұқабасында. Мен үшін драма болып көрінді.
Орындалмаған, тіпті, қажет десеңіз орындалмайтын армандар туралы. Журналға шыққан қыз-қырқыннан бастап соңғы үлгідегі спутниктік тарелканың қиындысын жинап жүретін Бони да, ән айтқанды жақсы көретін, әнші болғысы келетін қыз, радиодан жаңалықтар тыңдап, әкесіне айтып беретін балада да, інісінікіндей Алматыға бару секілді бір арман бар. Арманы орындалған тек әнебір, таңертең мал өргізер шақта "әйелінің" артынан қуып жүретін есектікі-ау деймін.)))))))))))) Әйтпесе, қойды аман-сау төлдетудің өзі арман болып кете жаздады ғой, шопанға.
qisyq
Бір қызығы, Нұрберген, шетелдіктердің көпшілігінің рецензиясында бұл фильм «комедия», «керемет комедия», «міндетті түрде көру керек бұл комедияны» дегенге саятын сөздер жиі кездеседі екен. Біздің жүректі жаныштаған кадрлар, олар үшін экзотика.
Рахмет пікіріңе.
sammita
мен Оңдас пен Самалдың балаларына раззы болдым. Ал Бони әдеттегідей шынайы ойнады.
Қозыға аузынан ауа берген жері бррр
nurjanbay
маған ұнайтын кинолардың бірі. айдаладағы бір қойшының үйіне скрытый камера қойып түсірген кино сияқты шынайы шыққан. Тульпан "қалқан құлақсың" деген соң Асаның екі құлағы жіппен тартып қойып жүретін жері қызық. сарайда жүрген қыз екен деп ешкімен сөйлесіп тұратын жері қызық. қызық… көп қызық. фильм қайталанбайтын кадрлардан құралған. ең соңында Асхатты Тульпанға, немесе басқа қызға қосу керек еді. әйтеуір бір хэппи эндпен аяқтағанда. сосын біздің ауылда Бонидің тракторына ұқсайтын трактор болып еді. бір кісі табаны шынжырлы ДТ тракторына резеңке дөңгелек салып алған еді. соған ұқсайды екен.

жақсы жазыпсың. рахмет.
balzaminka
ссылка болса, ортаға, айналайын халайық
TERISKEY
Бір ұнағаны — біздің ауыл жақта түсірілгені мен ана кішкене қыздың ән айтқаны